Ілияс Жансүгіров. Құлагер

31296

(Поэмадан үзінді)

Қайырып қыстай баптап Құлагерді,
Осы астың дақпыртына Ақан келді.
Мінгізіп бәйге бала жайтаңдатып,
Аулына ас бергеннің тақау келді.

Араға алты қонып, алыс жерді,
Алып ед жайлап жүріп Ақан сері.
Хабары Құлагердің осы жаққа,
Келуші ед еміс-еміс көптен бері.

Көз тігіп, тұрған күтіп Көкшетауға,
Даяшы шапты алдынан қарсылауға.
«Қош келдің, сері!» деген сәлемменен,
Түсірді Ақанды әкеп ақ отауға.

Дегендей; шешен — дауға, батыр — жауға,
Жүйрікті — бәйгеге деп бағалауда.
«Дүлдүлі Көкшетаудың келді — десті, —
Топ жарған, талай елге салған сауға».

Кермеге қойды байлап Құлагерді,
«Маңайдан жан жүрмесін» деді Сері.
Көзінен неге таса қылсын Ақан,
Іргені ат жақтағы түргіздірді.

Дегене «Көкшетаудан Құла келді»,
Көруге ынтызар боп ел жүгірді.
«Біреудің тіл мен көзі тимесін»-деп,
Дұға оқып, Ақан жерге түкірінді.

Дабысы бұрын жеткен Керқұланың,
Дегенде «Келді» түрді ел құлағын.
Ас тегіс алды, артына қалды үймелеп,
Көруге Көкшетаудың Кер пырағын.

Жиылған Арғын, Керей жан-жағына,
Кермеде қалғып тұрды арда Құла.
Не сыншы, не қырағы-жиылған жан,
Көздерің қалды сүзіп саңлағына.

Салбырап тұр Құлагер байлауында,
Қарасып Құланың бас, аяғына:
— Осы ма, Құлагерің?-деседі жұрт,
— Жүйрігі жануардың қай жағында?

— Салпы ерін, сала сүйек, салбыр тірсек.
— Қатыбас, қаншыр мойын, ит өндіршек.
— Бітімі ойқы-шойқы, орда шорқы,
— Пішкендей жануарды олақ өлшеп.

— Алмайды мынау бәйге жылқы көрсек,
Көк еті кедір-бұдыр, бөлшек-бөлшек.
— Көкшетау шолағын да мақтайтын ел,
Осыған ит болайық бәйге берсек.

— Құлаға мініп қоян атар едім.
— Мен мұны жүргіншіге сатар едім.
— Болғанша асқа күлкі « ат қостым» деп,
Үйімде тыныш қана жатар едім.

— Қойшыға мен мінгізіп қояр едім.
— Семіртіп мен соғымға сояр едім.
— Кемпірдің азасына әкеп салып,
Бата оқып, ет, қымызға тояр едім.

— Сүйегі-сиыр сүйек, қиқы-жиқы,
Сал бөксе, жазық бауыр, ұзын тұрқы…
— Осы ма даңқы шыққан Құлагер?-деп,
Ас тегіс Ақан атын қылды күлкі.

Сыншының келіп көрді отыз-қырқы,
Күреңбай көріп деді: «Жаман сұрқы.
Алдынан ұмтылғанда аң құтылмас,
Артынан жөнелгенде жетпес жылқы!»

Сөзіне Күреңбайдың жұрт таң қалды,
Не сыншы, не сұңғыла ортаға алды.
Жылқының қырағысы, шежіресі-
Күреңбай көзін сүзіп тұрып қалды.

Күреңбай көзі тұнып көп қадалды,
Айналып алды-артына көзін салды.
Естуге Күреңбайдың байлау сөзін,
Тарқамай көптің тобы тұрып қалды.

Күреңбай көріп тұрып артын, алдын:
«Жануар жүйрігі екен жылқы малдың,
Жері ұзақ, күші алдында өрен жүйрік,
Бітімі өзі айтып тұр жануардың.

Келіскен кескін мынау, омыраудың,
Өзі айтар: қаратам, — деп — қазақ қаумын.
Сом аяқ, быртық бақай, болат тұяқ,
Тасындай шұбар ала Көкшетаудың.

Тәует бас, қамыс құлақ, қуарған жақ,
Құлан жал, бұлан мойын, қой жұтқыншақ,
Қоян жон, жазық жая, жауырынды,
Құс топшы, қос шынтағы қалқыңқырақ.

Сіңірлі, жер соғарлы, аяғы тік,
Түлкі төс, тазы тізе, ит жіліншік,
Шашақты, шақпақ етті, аласа ұршық;
Құндыздық қалай біткен құйрыққа дүп?

Қоқанның жібегіндей жеңіл құйрық,
Не қою, не болмаса емес сұйық!
Бұтының арасынан ел көшкендей,
Жамбастың басы делдек, қуыс қолтық.

Шүйделі, шоқтығы өргек, шідерлігі,
Серке сан, желмаядай тілерсегі;
Тау желін тартса жұтқан талыс танау,
Тынысты кеңде жатыр кеңірдегі.

Жүрсе де жаздай құры болмайды тоқ,
Кез жарым кесер баста кесім ет жоқ.
Қақпан бел, қалбағайлы, үңгір сағақ,
Шапса жел, мінсе жайсаң, тұрса селсоқ.

Қанында шығысың мен батысың жоқ,
Ағылшын арғымақтың шатысы жоқ.
Қашаннан қазағымның қолтумасы,
Араптың дүлдүлінің қатысы жоқ.

Маңғұлдың мес аты емес тұқырынған,
Бұл таза швед, шотлан тұқымынан.
Жануар шапса жүйрік, мінсе берік,
Озбайды жүгіргенде жылқы мұнан.

Сүйегі жануардың жылқыдан жат,
Бұл емес текежаумыт, не қазанат.
Күйкиіп көзге қораш көрінсе де,
Шапқанда шалдырмастай бітер қанат.

Екпіні үй соққындай пысқырғанда,
Шалдырмас көктен құсқа, жерден аңға.
Жықпаса жалғыз қазық жануарды,
Бұл әзір жеткізбей тұр жылқы малға.

Бұл тұлпар келіп тұрған әбден бабы,
Салбырап тұрғанына деме «жабы».
Маңдайы жарқырап тұр жануардың,
Ашылып тұр осы аста мұның бағы.

Көзімнің көбеймесе бүгін ағы,
Есімнен жаңылтпаса сайтан тағы.
Егер де шын жылқыны мен танысам,
Хақ мұның қырып-жойып бәйге алмағы!»

— Пәлі! Ат таныдың!
— Таптың, сөз-ақ!-
Деп оны өзге қазақ етті мазақ.
— Көмбеде көрісерміз, асықпаңдар!
Сол күні Құлагердің сөйлер өзі-ақ!

Сол күні Құлагердің айтар өзі-ақ,
Қайтейін онан бері сөзді қозғап.
Қазақы қолдың жүйрік жылқысы осы,
Сау емес танымаған мұны — көзі ақ.

Соны айтып кете барды сол Күреңбай.
Ақанды ортаға алып би менен бай:
— Жарқыным, жалғызбысың?
— Елің қайда? —
Деп жатыр жабырласып жөнін сұрай.

— Еліңе сауын айттық біздер ұдай,
Тоймадық келісіңе сенің мұндай.
Жетелеп жалғыз атты жеке кепсің,
Ешкімді Қарауылдан жолдас қылмай.

«Елі емес, Көкшетаудың аты келді,
Не керек онан басқа? — деді Сері.
Құлагер қосатыным, атым — Ақан,
Таратсын, жаршы қайда, шақыр бері!»

Ақанның айтуымен жаршы келді,
Ол да бір зар қақсаған арсыз еді;
Атының жайын Ақан айтып беріп,
«Осыны жұртқа хабар салшы!»-деді.

Көктұйғын тыйған жүйрік осы жақты,
Берместен бес жыл бәйге келе жатты.
Жиында неше дуан жүйрік жиған,
«Шаппай бер, бәйгемді!»-деп талай айтты.

Жар салып шауып жүріп шартарапты,
Құлагер келгендігін жар таратты.
Құлағы Құлагерге қанық шіркін —
Иесі Көктұйғынның ішін тартты.

Алтайда ұрпағы бар Бегайдардың,
Бұлар да бір биігі біткен нардың.
Баласы Бегайдардың Батыраш бар —
Өр көңіл, жуан кеуде, бірі аусардың.

Атты айттық жоғарыда бір Көктұйғын,
Әкелген асқа Батыраш сол жүйрігін.
Қағатын қанаттыны өрен жүйрік,
Қоймаған қырдан жылқы бұл бір қырғын.

Берместен келе жатқан жанға бәйге,
Бәйге алған кейде жетім, кейде түйе.
Сілтідей Сарыарқаны тыйған тұлпар,
Бәйгені бұл аста да берем-дей ме?

Иесі Батыраш бір кеппе кеуде,
Ұр-көппе, томырық мінез, намыс берме;
Осы аста сағы сынып, бағы тайса,
Ол өзін дап-дайын тұр «өлдім» деуге.

Шулатқан арғын елін, Арқа халқын,
Естіген Батыраш та Құла даңқын.
Сатылап сұрап еді кісі салып,
Қолына түсіруге Ақан атын.

Жамбыға, жесір, малға шағып нарқын;
«Болам – деп – құда, тамыр көңіл жақын».
Қызығып Құлагерге неше жылдай,
Жіберіп Жексенбайды қолқалайтын.

Жүрегі жаралған ер жүйрікпенен,
Сері Ақан сұрауына илікпеген.
Сонан соң кегін сақтап кеткен Батыраш,
Үкілеп Көктұйғынын «жүйрік» деген.

Көк, Құла — екі арыс та жүйрік деген,
Дәл мұндай өзге жерде килікпеген.
«Келіпті Құлагер ат» дегенінде,
Мәні сол Батыраштың күйбіктеген.

Өлгенде Сағынай шал ел шулатқан,
Көктұйғын сонан бері ішін тартқан.
Сұлы жеп, сүт сіміріп мәпеленіп,
Белдеуде осы Көк ат қыстай қатқан.

Көктұйғын күңірентіп талай шапқан,
Бәйге алып шапқан сайын алғыстатқан;
Осы аста бас бәйгені оймен алып,
Батыраш көптен бері үйде жатқан.

Ниетпен дәл осындай Көк ат келген,
Қашаннан «қап»! — деп азу басып жүрген.
Құлагер Көкшетаудан кеп қалған соң,
Қызғанып Батыраштың іші өртенген.

Елі шет, руы жат, жалғыз елден,
Асқа Ақан ат қосып тұр алыс жерден –
Барлығы Батырашқа болды толғақ,
Қауіп илеп ажалындай Құлагерден.

Zhansugirov-IlyasІлияс Жансүгіров

1 comment

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.

error: Content is protected !!