Қаржаубай САРТҚОЖАҰЛЫ, Қадыл АЙДАУБАЙҰЛЫ. Атты жарату тәсілдері

22226

Ат жаратуды бірыңғай арықтату, немесе терлету деп ұғатындар да бар. Ол мейлінше жаңсақ ұғым. Ат жарату түптеп келгенде атты шынықтыру деген сөз. Сондықтан да арықтатамын деп жиі-жиі таң асырып, немесе суға салып тоңдыруға әсте болмайды. Терлесін деп орынсыз шақпылаудан да сақ болған жөн. Әуелі атты аяңдатып, желдіріп, жүгіртіп, жарату ең алдымен тынысының кенеюіне, бұлшық еттерінің ширауына, сіңірінің бекуіне, тұла бойын ауырлатқан ащы терінің шығуына себепші. Қазақ жылқысына зоотехникалық шаралар қолданылмай, басқа тұқымдармен араласпай таза өскен жергілікті тұқым. Ол ахалетке сияқты сымбатты сұлу емес. Ол сызған сурет сияқты немесе бір қалыпқа құйып қойғандай біркелкі болып келетін жасанды-мәдени тұқым емес. Сондықтан да әр түрлі жаратуды сүйетін әр алуан жүйріктер болатынын ескерген жөн. Бірі тоқжарау күйінде жақсы жүгірсе, енді бірі әбден жеңілдеп жарағанда ғана жақсы жүгіреді. Қайсы бірі қабырғасының жігі білінбей, жаңбырлығы осылмай семіз қалпында жүгірсе, кейбіреулері әбден арып, арса-арса болғанда қабырғасы тыржиып, өзі әбден арығанда жүгіреді. «Аттың сыры иесіне мәлім» дегендей нағыз атбегілер қолындағы сәйгүліктің тілін білуге тиіс. Аттың өзінің табиғатына, сынына байланысты оны жарату, баптау әдістері әр алуан болады. Бір атты баптау әдіспен екінші атты дәл солай баптауға болмайды. Өйткені, әрбір ат өзі бір әлем. Оның табиғи мінезі бап тілеу ерекшелігі бір біріне ұқсамайды.

Сондықтан қазақтың атбегілерінің ат баптау өнерінің жалпыға тән негізгі ерекшеліктерінен оқырманды таныстыруға көңіл бөліп отырмыз: Бапкерлер жаратар атының қара еттілігін, май еттілігін жазбай танитын атбегінің қапысыз танымы қажет. Жаясы жалпайып, жоны тырсиып тұратын құлын сауыр қара етті жүйріктерді жаратып, арытамын деп жілік майын үзіп алу, немесе олпы-солпы болып тұратын арқасы арбиған, қабырғасы тыржиып өң-беті жұпыны болып тұрғанымен ішкі майынан арылмаған жануарды арып кеткен екен деп кем жаратып алу оп-оңай. Денесі кішкентай құлын сауыр жүйріктер етке сүйеніп жүгіретіндіктен әркез семіздікті сүйеді. Бұларды 15-20 күн жаратып 4 рет терлетіп, таң асырса жетіп жатыр.

Ал етке тұтқыр, қол аяғы бір-бір діңгектей сабаздарды кемінде 30-35 күн жаратып, 7-8 рет қаражарысқа 6 сағат салып терлетіп, таң асыру керек. Бәйге атын жаз маусымында жұлдыз шыға 22 сағатта отқа қойып, күн тау басын шалған кезде 6 сағатта байлайды. Ал таң асатын ат 9-10 сағат суытылып таң қылаң берген кезде (4 сағат) отқа қойылады да 8 сағат жайылған соң түс әлетінде (12 сағатта) байланып, ымыртта (22 сағатта) отқа қояды.

Жүйріктерді алғаш ұстап алысымен балаға мінгізіп 10 км, жолға аяңдап жүріп «арам» боғын тастатып, 5 сағат суытып отқа қою керек. Ертеңінде ертемен (күн түспей) ұстап, түс ауған кезде шабандоз балаға мінгізіп 10 км. жолдың жартысына дейін аяңдап жүріп, жартысын желіп жорытып жүріп бусандырып 5-6 сағат суытылады. Суытқан соң ноқтасын алып, арқандаулы үйір атының қасына бос жіберілсін. Үшінші күні 10 км жолды аяңдап желдіріп, жүгіртіп деген сияқты үш түрлі жүрісін тең шығара жүріп терлетеді. Желге қарсы жетелеп терін қырмай, сүртпей денесіне кептіріп 6-7 сағат суытып отқа қойған жөн. Жаттықтыру (жарату) кезінде атты арқандап ашықтыруға болмайды. «Шабар аттың тоғы игі» дейді емес пе халқымыз. Олай болса, атты мейлінше тоқ қосу керек. Аш ат тығылып қартасы түйіліп, өліп кетуі ықтимал. Ал тоқ қосылған ат өлмейді. Жаратқан атты сортаң жерге жайылтуға болмайды.

Төртінші күні 10 км. жолдың ортасына дейін желдіріп, орта бөлігінен кейін шабысқа салып терлетіп, таң асыру керек. Таң асқан күні 8 сағат жайылтып түскі 12 сағат кезінде байлау керек. Ертеңінде өз еркімен байлап, қаражарысқа салып, терлету қамына кіріседі.

9f1a8f7afabf8d5c03eccab2e7d0f2b3Қаржаубай Сартқожаұлы,

IMG_1675Қадыл Айдаубайұлы

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.

error: Content is protected !!