Жылқыға байланысты әдет-ғұрыптар

6385

Жал-құйрығы

Жылқының құйрық-жалы жын-шайтаннан, қауіп-қатерден сақтайды деген сенім болған. Бесіктің арқалығына жылқының жал-құйрығынан алып байлайды. Баланың мойнына аттың жалынан, кекілінен қыл жұлып алып, шүберекке тігіп тұмар етіп тағып қояды. Кекіл қылын туатын, толғағы ұстаған әйелдерге иіскеткенде, жылқының өзі келіп, көмектеседі деп жориды. Бұл мифтік жоралғы фольклорда да анық көрінеді. Қозы Көрпеш — Баян сұлу жырындағы Қозының атына тіл бітіп айтқаны:
Кекілімнен бір қылды тұтатқанда,
Сонда пайда болармын мен өзіңе.
«…Аттың құйрығынан және жалынан жұлып алынған қыл әртүрлі сенімдік ұстанымдарға пайдаланылады. Ештеңесіз құр қылды отқа тамызғанда, қылға дұға оқығанда сол сәтінде атқа айналады…» деп көрсетеді, түркі-моңғол эпосындағы батыр мен оның атының образын зерттеуші Р.С.Липец. Бала апыл-тапыл аяғын баса бастағанда, баланың аяғын жылқыныңы қылымен байлап, ауылдағы белгілі бір жақсы адамға қайшымен кескізеді. Бұл «тұсаукесер» деп аталады. Тұсау кескен адам: «Тұлпардай жүйрік бол, Сұңқардай ұшқыр бол!» — деп бата береді. Бата берген адамға сыйлық беріп, тілеу жасайды. Екі жастан аса бастағанда ер бала шыбықты ат қылып мініп, өзі қатар балалармен атша кісінеп ойнай бастайды. Одан әрі әкесі, не атасы баланы ердің алдына алып, салт атпен жүргізе бастайды, ауылды аралатады, қонаққа барады. Құр шыбықты ат қылып жүрген бала, енді ердің үстіне мініп маңайындағы әлемді көргенде көңілі өсіп, көтеріліп, талпынып, «шүу-шүу» дегендей болады, біреу-міреу атқа мінсе, жылап, өзін аттың алдына алуын өтінеді. Созақ елінде жомарттығымен аты шыққан Ерубай бай баласы Көшектің бәйге атын бір досына беріп жіберіп, Көшек әкесіне ренжіп, көрмейтіндей болады. «…Бірде суаттың басындағы киіз үйдің көлеңкесінде кемпірімен отырған Ерубайдың Бегұлы деген баласын алдына мінгізіп, суатқа келген жылқыны қайырған Көшекке көзі түседі. Сонда Ерубай әдейі дауысын көтеріңкіреп сөйлеп, кемпіріне: «Суат басында жүрген кім?» — деп сұрағанда кемпірі: «Көзің көрмей ме, алдына немерең Бегұлыны мінгізген Көшек балаң ғой», — деген кезде Ерубай: «Бұл неменің өзін де біреу алдына мінгізген бе екен?» — деген екен. Мұны естіген Көшек өзінің қателескендігін сезіп, аттан домалап түсіп, әкесінің аяғына келіп жығылып, жылап кешірім сұраған көрінеді…»

Безимени-6Ахмет Тоқтабай, «Қазақ жылқысының тарихы»
(Жалғасы бар) (Суретті түсірген Асылбек Әбдінәби, «Балқараға» демалыс орны)

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.

error: Content is protected !!