Әлбатыр ӘБIЛАҚАНҰЛЫ. Халқымыздың жылқыға қажеттi әбзелдері және оның жасалуы

15342

Қазақ халқы Қамбар ата заманынан жылқыны қолға үйретiп, мiніске пайдаланғаннан бастап, жылқыны жайдақ мiнсе аттың тез жауыр болатындығын, оның мiнген адамға да қолайсыз болатындығын бiлгеннен кейiн, жылқыны ерттеп мінуді тапқан. Оны бiрте-бiрте айыл-тұрманымен толықтап, атты ат жабдықтармен айыл-тұрманмен жабдықтап, «жiгiттiң төрт тұрманын түгендеп, бес қаруын толықтап» ат мiнген. Төменде бiз осы ат жабдықтары және оның жасалу жолдары мен жылқының қымызын аштатын, сақтайтын, таситын саба, тұлып, торсықтар туралы қысқаша тоқталып өтпекпiз.

1403598_768843529854293_7169331229961210170_o1. Ер-тұрман: Халқымыз атты ерттеп мінуді меңгергеннен кейiн, қайыңынан, теректен, қарағайдан ер шауып соны пайдаланған. Халқымызда ердiң — жалпақ қас ер, құсбас ер, күмiстеген ер және балаларға арналған ашамай сяқты түрлерi бар.

Ердiң екi қасын, ұңғысын, қапталын бөлек-бөлек қайың, қарағайдан шауып алып, оны құрастырып, ағаш желiммен немесе таспамен тiгiп, бiрiктiрiп жасайтын қазақи ер түрiн — жалпақ қас ер деймiз. Оның алдыңғы-артқы қасын күмiстелген темiрмен қаптап жасаса, оны күмiс ер деймiз. Ал, қайың, теректерден бiр тұтас шауып, алдынғы қасын құс басына ұқсатып, сорайтып шығарып, басын екi ашалап сыртын былғары мен қаптап, қайып жасайтын түрін — құсбас ер деп атайды. Оның артқы қасы кең де жалпақ әрi артқа шалқақ болып, отыруға өте қолайлы болады. Ердiң бұдан басқада қалақша қас ер деген түрлерi де бар.
Ендi бiз балаларға арналып жасалатын ашамай туралы айтар болсақ, ашамайдың ұңғысын жалпақ бас ердiң ұңғысына ұқсатып кішiрек жасайды да, оның алдынғы-артқы қастары айқастырылған екi жалпақ ағаштан жасалады. Ашамайдың екi қапталының үстiнен баланың екi санын бастыратын екi бастырық балдақ ағаш (қолтырмаш деп аталады) бектiлiп, бала атқа (тайға) мiнгiзiлiп болған соң, жаңағы екi бастырық ағашты санды бастырып бектiп, баланың аттан (тайдан) жығылып қалуының алдын алады. Ашамайдың баланың екi аяғын салып қоятын кiшкене қоржынын тепкiшек дейдi.
Атты ертеп мiнуде халқымыз ер-тұрманға қажеттi көптеген әбзелдерді ойлап тапқан. Соның ең алдымен тапқаны — ерге мiнуге, яғни атқа мiнуге және онда жайлы отыруға қолайлы үзенгi. Алғаш үзенгiнi берiк ағаштардан ойып жасап, оны үзенгi бау арқылы ерге бекіткен. Кейiн ұсталарға арнаулы темiрден соқтыратын болған. Оның да жалпақ табан, жiңiшке табан, күмiстелген үзенгi деген түрлерi бар.
Ердi аттың арқасына сол қалпы ертеуге болмайтындығын бiлген халқымыз тоқымды қажет еткен. Атты ерттегенде ең астына салынатын жұмсақ шүпiректен жасалған төсенішті iшкiлiк немесе терлік десе, аң терiлерiнен көбінесе елiк терсiнен төселетiнiн өң деп атаған. Оңның (iшклiктiң) үстiнен салатын екiншi киiздi киiз тоқым, ең үстiнен төселетін тоқымды былғары тоқым деп атаған.
Былғары тоқым иленген мал терсiн алдымен тал қабығын қайнату арқылы алынған бояумен қызыл түске бояп, одан кейін суға салып, шығарған темiрдiң тотымен бояу арқылы қатайтады да, киiзден пішіп дайындаған тоқымды дайын болған былғары мен қаптап, өрнек салып қайып тігеді. Өрнегiн қаю барсында тарта шаншып қайып тігу арқылы дөңес шығарады.
Ал аттың айыл-тұрманын бұрын көк қайспен (иленбеген тері) жасаған. Оның суға тисе, аттың терiне тисе шылғи қайыс болып, ұзарып кететiнiн әрi күнге тисе қатып, сынып кететiнiн әрi аттың бауырын, құймышағын, төсін қиып кететiнiн бiлгенiнен кейiн, теріні илеп, терiден жалпақтап өрiп жасауды тапқырлаған. Осылай болғанда, ер-тоқымды мықты ұстатүдың ең жақсы амалы әрi аттың денесiн қимайтын болған. Мұнда жылқыны ұстап байлау үшiн алдымен қайыс ноқта, өрме ноқта жасап, оны қайыс шылбырмен немесе қыл шылбырмен мама ағаштарға байлайтын.

Оспан батырдың қызынан қалған жәдігер

Оспан батырдың қызынан қалған жәдігер

Ал атты ерттеп мiнген соң оны бет алған жаққа бұру үшiн ауыздығы бар жүгендi ойлап тауып, соны тізгін арқылы пайдаланған. Ер-тоқымның ат белiне берiк тұру үшiн, төстеп тартатын және шаптап тартатын төс айыл және шап айылды өрiп iстеген. Ер-тоқымның еңiсте ат мойынына кетiп қалмауы үшiн құйысқан, өрге шыққанда ер-тоқымның ат құйырығына жылжып кетуiнiң алдын алу үшiн өмiлдiрiк өрiп пайдаланған. Ал, төс тартпа орнына кейiн ат көрпенi бастырып тартатын пыстан деген ат әбзелін пайдалана бастады.
Жоғарыда айтылған жүген, ноқта, пыстан, құйысқан, өмiлдiрiктер негiзiнен екi түрлі жасалады. Оның бiрi иленген, жалпақ қайыстан тiлiп, бетiне былғары қабатталып қайып тігіліп, әр жерiне күмiс түймешiк, күмiстелген кiшкене темiр өрнектер бектiлiп жасалатын, жалпақ қайыс. Ал ендi бiрi қайыстан таспалап өрiлiп жасалады.
Өрме айыл-тұрман өріліп болған соң күмiстелген темiрлермен шегеленiп ауыздық, сағалық, айылбас, бастырық, сағалдырық, айналсоқ қатарлы бөліктермен толықтанып, күмiспен күптелiп жасалады. Үзенгi ерге бекітетін былғары бауды үзеңгібау немесе таралғы дейдi.
Таралғының астына киiз келтiрiлiп, бетi былғарымен қапталып, қайып тiгiлiп, бетiне күмiс түймешктер, күмiс құймалар шегеленiп тебiнгi салынады. Бұл үзеңгі аттың денесін қажап, жарақаттап кетуден сақтайды.
Жылқыны жуасытып мiнгенiнен кейiн, оны тездетiп жүргiзу, басасауы бар болса, көздеген бағытқа қарай жасқап, бұру үшiн қамшы қолданған. Халқымыз қамшыны ең алғаш алты таспадан өрiп, тобылғымен саптап пайдаланған. Мiне содан халқымызда «алты таспа бұзау тіс, былжырамай аттан түс» дейтiн батырлардың сенiм сөзi болған.
Қамшы сабының материалына қарай тобылғы сапты қамшы, кейiн келе мыс сапты қамшы, доқабамен қапталған қыз-келiншек қамшсы өрнектелiп, күмiс шегелер, күмiс құймалар қағылған күмiстелген қамшы сияқты қамшы түрлерi бар. Ал өрмесiне қарай алты таспа, бұзау тіс, алты қырлы он екi таспа, өзек салынған сегiз таспа, жиырма төрт таспа өрiмдерi болған. Өзек салынған өрме қамшы жұмыр болып келген.
Халқымыз жылқыны жуастып, мiнске, көш қонға (жүк артарға) пайдаланғанда оны алысқа кетiп қалмауы үшiн, оны тұсау, шiдерлеу, арқандау жолдарымен қолға ұстаған. Мұндағы тұсау, шiдер, арқандар көбнесе қайыстан екi түрлі жолмен жасалады. Бiрi өрімшiлiк жолымен жұмырлап өрiлiп жасалса, ендi бiрi қайыстан жалпақтап тiгiлiп жасалады. Ал арқан үш тiл қайыстан ширатылып та, жұмырлап 12 таспадан жоғары қайыстан өріліп те, қылдан есiлiп қыл арқан деп те жасалады.
Тұсамыс алдынғы екi аяқтың жiлiншiгiне салынып тиек арқылы бектiлiп қойылады. Бұлай бекітілген атты тұсаулы ат деймiз. Ол қарғуылдап жүредi. Ал, шiдер салған аттың алдынғы екi аяғы тұсалу мен бiрге артқы оң жақ аяғының тiлерсегiнен жалғанып, бектiлiсе оны шідерлеулі ат деймiз.
Шiдердiң алдынғы тұсауын аттың алдынғы оң аяғының жiлiншгiне екуiн де бектiп, артқы бөлегiн оң аяқтың тiлерсегiне бектiп қоюды өрелеу деймiз. Өрелеген ат көбінесе жорға жүрiске жаттығады.
Өрмелі арқан, ширатпа арқан, қыл арқандар негiзiнен асауды ұстауда шалма салуға пайдаланумен бiрге асауды ертеп, мiнске пайдаланатын атты және жарататын жүйрiктi үй маңына арқандауға және жүк артуға қолданылады.
Халқымыз атты жаратуда, сәндеп мiнуде, аттың терiн алуда, атты суықта жылылауда аткежiм немесе атжабуды пайдаланған. Аткежiм аттың мойынан құймышағына дейiн, белiнен сауырына дейiн жауып тұрады. Ол ерттеулi ат болса, ердiң астынан жабылады. Жайдақ атқа ат денесiне тiке жабылып, мойынан, құймұшақтан, ат бауырынан жұмсақ баулармен бектiлiп қойылады. Аткежiм екi түрлі жасалады. Бiрi өрмек құрып түрлі жiппен тоқылып, екi бауыры шашақталып жасалады. Ал ендi бiрi шүпiректен өрнектелiп, кестеленiп асты матамен астарланып жасалады.

10608588_640992185999151_3981761136248197378_o2. Өрімшілiк: Халқымыз ат жабдықтарын дайындау үшiн ең алдымен iрiқараның терсiн илеп, оны талқыға салып жұмсатып етiн шығарып, таспалап созып, ең сүрлеу шегiне дейiн созып тоқтатқанынан кейiн өрімшiлiк өнерi арқылы ат әбзелдерін дайындайды.
Иленбеген терi суға тисе шылғи қайыс болып созылып, күнге тисе қатып сынып кететiндiктен арнайы дайындалған иге салынған қайыстардың шыдамды әрi жұмсақ болатындығын ерте бiлген ата-бабаларымыз iрi қараның терсiн, әсiресе құнажын сиырдың терісiн айыран, ұн, кебек, құрт талқаны сияқтыларды қосып ағаш күбіге ашытып, соған он күн мөлшерiнде салып, иi әбден сiңгенде шығарып, үлкен терiге бiр кесе, кiшi терi болса жарты кесе тұз сеуіп, күбіге қайта салады. Тұз сіңді-ау дегенде алып шығып, иiн әбден қырып-жонып тазалайды. Одан кейін көлеңке жерде кептiріп, қайыс иіретін аспап – талқыға салып жібітіп, керiп қойып, құрғасымен шетiнен кесiп алып, таспалап, тiлiп пайдалана беруге болады.
Таспа тілгенде арнайы өлшемдi ағаш сыдырғышпен де, бармақпен теңшеп тiлуге де болады. Таспаны сыдырғы ағаш арқылы бiркелкi етiп тiледi. Әрi созылу шегiне дейiн созып, сыдырғышқа салып тегiстеуге болады. Бейне ақын Мұқағали Мақатаев жырлағанындай:
«Түзу-түзу тiлiнген таспадайын,
Қамшы өремiн таспадан басқадайын.
Қаламасаң қамшымды аулақ жүргiн,
Қараша үйдің есiгiн ашпа, ағайын» — демекшi, еңбекшi халқымыз осы бiркелкi «таспадай тартылған» деп айтатын бiртегiс тiлiнген таспадан әр алуан айыл-тұрман, жүген, құйысқан, өмiлдiрiк, ноқта, қамшы, бишiк, тiзгiн, арқан, шылбыр, үзенгi бау, шiдер, тұсамыс, бастырма, айыл сияқтыларды өрген. Осы өнерлерiмiздiң майталман мұрагерi — Өртекестегi Сарқобы ауылына қарасты Мойнсаң мектебiнiң зейнеткерi Оралбек Аятұлының айтуынша өрімшiлiк үштен жоғары таспалардан өрiледi. Алты таспаны жұмырлап қамшыны өру мен өзектеп қамшы өру, алты таспаны жазық бауырлап өру айыл-тұрман жасауда ең көп қолданылады. Төрт қырлы сегiз таспа, алты қырлы он екi таспа және жазық беттi он екi таспа сияқты өрiм түрлерi болады. Қамшы өрімінің тақ таспалардан жиектеп өретiн және шалып өретiн түрлерi де бар.
Жазық беттi айыл-тұрман өруде екi өрнектi айыл — он екi таспадан, үш өрнектi айыл — 24 таспадан өрiледi.
Ноқыра өрiм 12 таспадан болып екi өрiмнiң үстiне бiр өрiм түсіп екеуiнiң үстiне бiрқабатталған форма қалыптасады. Бедері көз тартарлық болады. Айыл-тұрманның өрiмi төрт таспадан 44 таспаға дейiн, алуан формалы болады.
Айыл (тартпа) көбiнесе 5,7,9 таспадан, кейде 12 таспадан өрiледi. 20 таспадан үш өрнек етiп жалпақ өрiп, төс айыл қылуға болады.
Бастырма тартпа 20 таспадан үш өрнекпен өрiледi. Екi шетi сегiз таспадан екi өрнек болса, ортасы төрт таспадан бiр өрнек болып шығады. Егер осы бастырма тартпаны ғана тағып, жалғыз айымен жүре беруге де болады. Халқымыз ертеде өрімшiлiк өнерiмен 150 ден жоғары таспадан саба өрiп, оны ыстаған соң қымыз аштуға пайдаланған. Өрме саба үлкен болса 200-ден артық таспадан өрiлiп, бiр биенiң терiсiнiң ортасындағы бөлегi тұтас кетiп, тек пұшпақтары ғана қалады. 50-ден астам таспадан торсық өрiп, сусын құйып, ат қанжығасына байлап, аузына ағаш тығын бекiткен.

Ахмет Тоқтабайдың "Қазақ жылқысының тарихы" кітабынан

Ахмет Тоқтабайдың «Қазақ жылқысының тарихы» кітабынан

3. Саба, тұлып (мес) торсық жасау: Халқымыз нәрлi де дәрi сусын — қымыз ашту техникасын тапқан соң, оны ашту, сақтауға жылқының өз терсiнен ыдыс жасаған. Жылқы терiсi саба, торсықтың ең жақсы материалы. Жылқы терісiн жастай қыртысын кетiрмей жөндеп керiп, ала құрғақ болған кезде, ыс үй, көбiнесе жер кепе қазып ыстайды. Ыс ағаш кебегi (үгінді) қарағай бопыры, бүрi, ұрығы сияқтыларды бықсытып жағу арқылы ысталады. Қарапайым жерден қазып жасаған ыспен бiр терiнi ыстаса арнаулы ыс үйде оншақты терi-тұлпты бiрық ыстауға болады.
Терi бiр ай шамасында күнiге бықсық салу арқылы ысталады. Оттың лаулап жанып кетуiне болмайды. Олай болса терi күйiп бырысып қалады. Сондықтан ыс жаққан жер мен терi қойған жердiң арасы алыс болып, тұтын көлденең моржа (түтік) арқылы жеткiзiлуi керек. Үлкен жылқы терсiнен екi саба, кiшкене терiден бiр саба тiгiледi. Ысталған жылқы терісiн үлiгiге салып пішіп алған соң, түйенiң шуда жібiмен жиегi тiгiледi.
Саба — төрт бұрышты, асты түптелген аузы тар, байырғы саба және түбі түптелген силиндр формалы дүңгiршек саба деген түрлерде болады. Осыдан тiлiмiзде «бес биенiң сабасындай» деген теңеу сөз қалыптасқан.
Торсық — осы жылқы терiлерiнiң саба жасаудан қалған қиындыларынан, пұшпақтарынан дөңгелек торсық, ұзыншақ торсық етiп тiгуге болады. Жылқы тiлерсегiнен екi тiрсектi беттестiрiп тiгүге де, қошқар мүйізді иық шығарып, мойнын ұзын етiп, қос мойын, қошқар мүйіз үлкен торсық етiп көркем де кең болдырып тiгуге де болады.
Тiлiмiздегi «толған торсықтай» деген теңеу, осы торсықтардың әрi қызыл әрi бүйiрлiгiнен шыққан.
Ал тұлып (бiреулер мес деп те атайды) ешкi, серке терiлерiнен бiтеу сойылып, қыртысына тигiзбей жүнделген соң ысталып, мойын, сирақтарның аузы түйе жүн жiппен тiгiлген соң, қымыз сақтау, қымыз тас,да қолданылады.
Ысталған саба, тұлып, торсықтардың iшiндегi қымызды бұзбай сақтайтын, суықтан iрітпей, ыстықтан ашытпай, дәмін бұзбай сақтайтын ерекше рөлі бар екенiн бүгiнгi ғылым мойындап отыр. Сондықтан Өртекестегi, Ағяздағы жолболды елiнiң саба, тұлып қымызының атағы жалпақ жұртқа аян. Отырықтанып, қалалық бола бастаған, жаппай моторлы көлiкке жүгінген бүгінгi зымыран заманда халқымыздың ат әбзелдерін, қасиеттi асымыз қымыздың аштылатын ыдыстары мен сақталатын ыдыстарын қанық бiлейiк. Ардақтайық, ұрпақтан-ұрпаққа жалғастырып, ұлттық ат өнерiмiз бен ұлттық асымыз – қымыздың қадірін асырып, ұлттық жылқы мәдениетiмiз бен ас-суымызды дамып бара жатқан саяхат кәсібiнiң мерейiн арттыруға қызмет еттiрейiк. Қасиеттi қандастарым, аяулы ағайындар!

Әлбатыр Әбілақанұлы, ҚХР.
kazakcnr.com

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.

error: Content is protected !!