Ерболат БАЯТҰЛЫ. Жылқы жыр

10656294_276620359197560_430662127_n

Баласы едік анау елдің жылқы мінген ат қарап,
Түскен талай додаларға, дүбірлеткен топқа нақ.
Құлын едім құба жонда құйрығын шаншыған,
Алды сосын балалығым қиялымен ноқталап.

Қарагердің үйірі ме, ойқастайтын кілең көк,
Талпынатын тақым созып қара көкті мінем деп.
Құнан едім жер тарпыған құрық көрсе қашатын,
Алды сосын жігіттігім арманымен жүгендеп.

Биік тауға асылатын күрең қасқа Күн өрлеп,
Тіршілікте тілерсегім майыспаған тізерлеп.
Бесті болдым белі мықты күн түбіне жортатын,
Алды сосын өмір өзі білдіртпей-ақ жүгендеп.

Көңіліме қайдан келді өкініш пен құсалық,
Арман, Үміт, Махаббат па — көтеретін үш алып?!
Ауыздықпен алысам деп арпалысып жүргенде,
Қалдым сосын тағдырыма тас байланып тұсалып.

Ақ боз атым озған бір күн, көрген екен қалып та,
Ипподром керек емес, шабу керек жазықта.
Аламанды аңсап жүрген ал қара көк шағымда,
Байлануға шақ қалыппын арқандалып қазыққа.

Сәуегейің мен емеспін сезіп білер күн бұрын,
Естілерге есті екенмін, жындыларға жындымын.
Тізгініме жармасам деп жан ұшырып жүргенде,
Кетіп қала жаздапты ғой біреулерде шылбырым.

Мықты болсаң шідеріңді, арқаныңды үз бүгін,
Жылқы мінез қазақ қайда, өрелеген сізді кім?!
Өмір деген өрге қарай салған кезде тұлпарды,
Қос қолымнан шығып кетіп жүрмесе екен тізгінім!

10275339_1495330147400403_5554989321938345366_oБаятұлы Ерболат. 07.12.2014

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Please Do the Math      
 

Можно использовать следующие HTML-теги и атрибуты: <a href="" title=""> <abbr title=""> <acronym title=""> <b> <blockquote cite=""> <cite> <code> <del datetime=""> <em> <i> <q cite=""> <strike> <strong>