Батыржан МАНСҰРОВ. Қазақ мақал-мәтелдері мен Пайғамбар хадистеріндегі жылқы символикасы

20663

Қазақ халқының салт-дәстүрінде, ырымдары мен әдет-ғұрпында жан-жануарлардың да рөлі ерекше. Халық оларды қажет кезінде киетін киімі, жейтін тағамы, үй және басқа да шаруалары үшін мінетін көлігі ретінде де тиімді пайдалана білген. Сондықтан халық жан-жануарларды қастер тұтып, оларға қатысты ырымдар қалыптастырып, нақылға, өсиетке айналдырып, мақалдатып айтып отырған. Әсіресе, төрт түлікке қатысты айтылған мақал-мәтелдер мен тіркестер өте көп. Бұған қатысты мәліметтерді қазақ зиялылары сонау ерте заманнан бері жан-жақты талдау жүргізе отырып зерттеді және әлі де зерттелу үстінде. Жан-жануарлардың халық фольклорынан орын алуы, мақал-мәтелдер арқылы оңай, әрі жеңіл түсіндірілуінен болса керек. Өйткені, кез келген оқиға мақал-мәтелдер арқылы тез жетеді. Бір ғана мысал бере кетейік, «Сырын білмеген аттың сыртынан жүрме» деген мақалдан жылқы мінезінің асау келетіндігі бірден түсінікті болып отыр. Дана халқымыз айтқан әрбір мақал-мәтелдерден осы сынды нақты, тап басып айтылған сөз орамдарын көптеп кездестіруге болады. Осындай мысалдарға қарай отырып, халқымыздың әлеуметтік тіршілігі мен күн көрісінде жан-жануарлардың маңызы қандай болғанын аңғару қиын емес. Расында да төрт түлік малдың қазақ танымында алар орны биік. Бұған халқымыздың сонау ертеден келе жатқан ата кәсібі мал шаруашылығының ықпалы зор болды. Бұл жайында кезінде қазақтың ағартушысы, этнограф ғалым Ш. Уәлихановтың: «Қазақтың көрісіп, амандасқан кезде ең алдымен айтар сөзі: «Мал-жан аман ба?» – дан басталады», – деп айтқан сөзін келтірсек орынды болар. Қазақ халқы үшін жылқы киелі, таза, қасиетті малдың бірі. Жылқы жануарының түрі мен түсіне, жынысы мен мінезіне қарай халық тілінде 50-ден аса атауы бар екен. Тіпті, қазақ жылқыны өз мінезіне қарай қалай баптау керек екендігін де жақсы білген. Жылқы малына қатысты айтылған ырымдардың өзі қаншама. Жылқы малы қазақ дәстүрінде сый-сыяпаттың символы ретінде де жүреді. Айталық, кәделі, бағалы орындарда қазақ сыйлы қонақтарына ат мінгізіп, иығына шапан жапқан.

Енді жылқы малына қатысты айтылған мақал-мәтелдерге тоқталар болсақ, оның түрі мен жас ерекшеліктеріне қарай сан түрлі мақал-мәтелдер бар.

Төрт түлік мал ішінде киелі, қасиетті деген ұғымда: «Жылқы – малдың патшасы, түйе – малдың қасқасы»;

Адамның тез тіл табысу қасиетін айтқанда, жылқы малын да осыған ұқсатып: «Адам сөйлескенше, жылқы кісінескенше»;

Би шешендер өзара дауға түскенде: «Ердің құны – жүз жылқы, ары – мың жылқы»;

Ал ат сөзіне қатысты қажырлық пен қайраттылықтың символы ретінде: «Ер қанаты – ат»; «Ант ұрмай, ат жығылмас»;

Ақыл-кеңес ретінде: «Ат сатсаң, ауылыңмен ақылдас»;

Тіршілікте қолы қысқа, шарасыз қалып қойғанда: «Атсыздың атасы құнсыз кетеді»;

Ұлан-ғайыр ас пен дүбірлі тойларда шабылатын аламан бәйгенің бағын сынарда: «Ат жүйрігі – асқа, тіл жүйрігі – басқа»;

Аттың мінезі өз баптаушысына тән: «Атының сыры иесіне мәлім»;

Ат үйірін қорғаушы келеді: «Байсалды айғыр үйірін ат жақтайды», т.б.,

Ал мінез-құлқына қатысты: «Жақсы атқа бір қамшы, жаман атқа мың қамшы»; «Жаман атқа жал бітсе, жанына торсық байлатпас, жаман адамға мал бітсе, жанына қоңсы қондырмас»; «Ат айналып қазығын табар, су айналып жазығын табар»; «Ит қаппас деме, ат теппес деме»; «Тістейтін жылқы тісін көрсетпейді», т.б. мақал-мәтелдер бар.

Ал жылқы малының тегі мен табиғи ерекшелігіне байланысты айтар болсақ: «Жапалақ сипағанмен сұңқар болмас, жабыны мақтағанмен тұлпар болмас»; «Арғымақ аттың баласы, аз оттап, көп жусайды, Асыл ердің баласы, аз сөйлеп, көп тыңдайды»; «Жүйрік ат аяғынан қалады»; «Жүзден – жүйрік, мыңнан – тұлпар»; «Тұлпардың өз тұяғы өзіне ем»; «Шабан ат – өршіл, жаман адам – төршіл»;

Жылқы малын баптағанда: «Ат болатын құлынның, бауыры жазық келер, адам болар баланың, маңдайы жазық келер»; «Ат шаба ма, бақ шаба ма, бап шаба ма?»; «Ат болар тай саяққа үйір, адам болар бала қонаққа үйір»; «Атты қамшымен айдама, жеммен айда» және т.б.

Ал Құран аяттары мен Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбардың хадистерінде жан-жануарлардың орны, олардың жаратылысы туралы айтылған мәліметтер мейлінше көп. Өйткені Құран және хадистерде жан-жануарлар адамзат баласына бағынышты етіп берілген нығмет екендігі, яғни адам үшін жесе тағам, мінсе көлік ретінде берілгендігі жайында тоқталған. Мұнымен қоса, араб халқының күн көріс шаруашылығында да жан-жануарлардың өзіндік орны болған. Айталық, араб халқы жылқы малын жақсы көреді. Олар өздерінің ертедегі жырлары мен дастандарында атты зымыраған желдей, жарқыраған найзағайдай жылдам деп сипаттаған. Соның ықпалы болса керек, Исламнан кейінгі дәуірде де арабтар жылқыны көркем сипаттармен атап, оны қасиет тұтқан. Тіпті, жылқы малының жаратылысы мен түр-түсі, олардың қасиеттері Құран аяттары мен Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбардың хадистерінде көп айтылған. Біз мұнда кейбіреулеріне ғана тоқталып отырмыз. Мысалы, аттың осындай сипаттарының бірі – «дүлей дауылдай жылдамдық». Төмендегі хадисте Пайғамбар (с.ғ.с.) халыққа түсінікті болуы үшін қиямет күніндегі есеп-қисаптан өтетін жылдамдықты түсіндіргенде табиғат құбылыстарын атап, солардың ішінде жылқы малын көрсетеді: «Адамдар отқа айдалады. Кейін ол жерден амалдарына сәйкес шығады: олардың әуелгілері найзағай жылдамдықпен, кейін (дауыл) желдей, кейін шапқан аттай, сосын жүгірген адамдай, сосын жылдам жүріспен, сосын жай жүріс жылдамдықпен шығады». Бұл хадисте «шапқан аттың жылдамдығындай» деп аттың күші мен жылдамдығы айтылып отыр. Тағы бір хадисте былай делінген: «Аттың жалынына жақсылық байланған, ол қиямет күніне дейін жүріп тұрады. Аттың үш түрлі жақсылығы бар: ат – ер жігіттің сыйы; ат – ер жігіттің абыройы; ат – ер жігіттің ауыртпалығын көтереді. Ал жақсылық (марапат) жазылатын ат – Алланың жолына шыққан ат. Бұл аттың сауабы оның иесіне жазылады. Бұл сауаптың ешбірі жоғалмайды. Оның барлығын Алла жазып қояды». Бұл хадистегі аттың бейнесін бірнеше жағдаймен салыстырып қарауға болады.

Біріншісі, ат – береке. Оның жалынында жақ-сылық бар. Ол жақсылық өзінің иесіне қиямет күніне дейін сауап пен береке әкеледі.

Екіншісі, ат – ер жігіттің сәні мен сыйы.

Үшіншісі, ат – ер жігіттің абыройы. Ер жігіт атқа мінгенде бойын түзеп, көкірегін керіп өзін абыройлы сезінген. Аты бар жігіттің әлеуметтік жағдайы да жақсы дегенді білдірген. Төртіншісі, ат – ер жігіттің ыстығын да, суығын да көтеретін қасиетті жануар. Қасындағы сенімді серігі, арқа сүйер досы десек, артық айтқан болмаймыз. Ал мына хадисте жылқы малының сұлулық символикасы білдірілген. Хадисте: «Аттың сұлуы – сарғылт түсті болуы». Пайғамбар (с.ғ.с.) аттың түсін сұлулықпен теңейді. Араб тайпаларының арасында ең қымбат түйе – қызыл түйе болып табылады. Сол секілді бұл хадиске сәйкес аттың әдемісі – сарғылт түсті ат екенін білеміз. Бұл жерден атқа кез келген адамның қолы жете бермейтін нығмет, байлық екенін көреміз. Себебі, хадисте келген бірінші «юмну» сөзі қазақ тілінде «неткен керемет!» деген мағынаны да білдіреді. Демек, сарғылт түсті атқа – «неткен керемет» деп айта аламыз. Келесі хадисте пайғамбар жылқы малының тегін құртпауға бұйырады: «Алланың Елшісі (с.ғ.с.) бізге дәретті дұрыс алуға, садақаны жемеуге және есек пен атты будандастырмауға бұйырды». Жоғарыдағы хадис аттың тектілігін көрсетеді. Қазақ халқы да жылқыны таза, сұлу, текті деп біледі. Жылқыны малдың асылы санайды. Хадисте Пайғамбар (с.ғ.с.) жылқының тектілігін бұзбас үшін қасындағы сахабаларына мұндай әрекеттен сақ болуға бұйырған. Бір сөзбен айтар болсақ, жылқы малының символикасы кей хадистерде жылдамдық пен күштілікке теңелсе, басқа хадистерде оның тазалығы мен сұлулығына ишара етілген. Дегенмен, мына хадисті де келтіре кетсек орынды болар. Өйткені бұл хадисте жылқы етінің желінуі жайында мысал берілген. «Алланың Елшісі (с.ғ.с.) бізге жылқының етін берді, есектің етін жеуге тыйым салды»6. Хадисте жылқы етін жеуге шариғатта рұқсат берілгенін және жылқы мінсе көлік, жесе азық болатынын көреміз. Мұны келтіруіміздің себебі, бірқатар мұсылман халықтар, мысалы, араб, түрік, әзербайжан және т.б. жылқының етін жеген дұрыс емес деген пікірді ұстанады. Бұл хадис жылқы етінің адал екеніне анық дәлел.

Сілтемелер:
Уәлиханов Ш. Таңдамалы. – Алматы, 1985. – 208-б.
Ат-Тирмизи. әл-Жамиғу ас-сахиху сунан ат-Тирмизи. Баспаға әзірлеген Ахмад Мухаммад Шакир. – Бейрут:
Дәр ихия ат-турас әл-араби, 1962. V т. – 317-б. (№ 3159 х.) Жалпы: 735-бет.
Ат-Тирмизи. әл-Жамиғу ас-сахиху сунан ат-Тирмизи. Баспаға әзірлеген Ахмад Мухаммад Шакир. Бейрут:
Дәр ихия ат-турас әл-араби, 1962. IV т. – 173-б. (№ 1636 х.) Жалпы: 717-бет.
Ат-Тирмизи. әл-Жамиғу ас-сахиху сунан ат-Тирмизи. Баспаға әзірлеген Ахмад Мухаммад Шакир. Бейрут:
Дәр ихия ат-турас әл-араби, 1962. IV т. – 203-б. (№ 1695 х.) Жалпы: 717-бет.
Ат-Тирмизи. әл-Жамиғу ас-сахиху сунан ат-Тирмизи. Баспаға әзірлеген Ахмад Мухаммад Шакир. Бейрут:
Дәр ихия ат-турас әл-араби, 1962. IV т. – 205-б. (№ 1701 х.) Жалпы: 717-бет.
Ат-Тирмизи. әл-Жамиғу ас-сахиху сунан ат-Тирмизи. Баспаға әзірлеген Ахмад Мухаммад Шакир. Бейрут:
Дәр ихия ат-турас әл-араби, 1962. IV т. – 253-б. (№ 1793 х.) Жалпы: 717-бет.

sgdjhtБатыржан Мансұров, islam-orkeniet.kz

ҚМДБ-ның Атырау облысы бойынша өкілі және «Иманғали» орталық мешітінің бас имамы

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.

error: Content is protected !!