Солдатхан ОРАЙХАНҰЛЫ. Шыңғыс ханның қос тұлпары туралы жыр (Соңы)

10953

* * *

Ізге түсіп санасып,
Ізшілерді жарысқан.
Қадағалап ағасы,
Қарап тұрған алыстан:

Аға тұлпар:Hostulfar

— Керек десең мінеки,
Келді емес пе айтқаным.
Рұқсатымды алдағы,
Райыңнан қайт, жаным!

Әйтпегенде патшаның,
Әмірінен көреміз.
Желік берген жендеттің,
Жебесінен өлеміз! —

Деп жалынды ағасы,
Демігіңкі тынысы.
Талықса да таласып,
Тарықпастан інісі:

Іні тұлпар:

— Тай-таласта қалды бап,
Тайма бекер сертіңнен.
Жер көксеген арғымақ,
Жеткен дұрыс еркіңмен.

Уәжің жөн болса да,
Уайымға салынба.
Шабандозы Шыңғыстың,
Шақ келмейді шалымға.

Тепсеңі көп Алтайдың,
Теріскейін орғытып.
Көдесі көп Көкейдің,
Күнгейімен қарғытып.

Құлжасы мен арқарын,
Қуырдақ қып, «Төрлет!», — деп,
Бұланы мен бұғысын,
Бұғалықтап бермеп пе ек?!

Қарайғанға қадалып,
Қаратпаймын маңымды.
Қадалғанға бадалып,
Қаптырмаймын шаңымды.

Шімірікпей өтемін,
Ширегінен төтенің.
Үш айлық, Үшшағылға,
Ұшқан құстай жетемін.

Қалтырақтап шағыңды,
Қайтармашы бағыңды.
Сылбырлық іс танытып,
Сындырмашы сағыңды.

Жеңілсем де мен көпке,
Жетпесе де енді өкпе.
Жеткізбеймін жемеңқор,
Желіктірген жендетке! —

Деген сөзі зілденген,
Демеу беріп қолдады.
Ер інісін білген жөн,
Ермеске енді болмады.

Түссе де арам теріне,
Түңілсе де жүрегі.
Жерік болған жеріне,
Жетіп табан тіреді…

Тапты құшты неғұрлым,
Таңсық еткен мұратын.
Шарықтап Үшшағылдың,
Шолып шықты шұратын.

Үшшағылға тыртақтап,
Ұршықтаған ағасы.
Келген бетте сырқаттап,
Кете берді бағасы.

«Әр шағында қамымен,
Әлпештейтін жаны ашып.
Қадірлеген хан ием,
Қасиетті, — Анашым», —

Деп уылжып тосырқап,
Делдал қалып жылады.
Табанынан тасырқап,
Тастан тайып құлады!

Елегізіп сабылып,
Ел мен жерін ішінен.
Шырқы кетіп сағынып,
Шықпады еш түсінен.

* * *

Бастырмалап әмірші,
Батсадағы жанына.
Іздесе де әмірсіз,
Ілеспеді шаңына.

Тұлдансыған алыстан,
Тұлпарларға қарысқан.
Өкінішпен жетпеген,
Өртенді де намыстан.

Асқындырған істің не,
Асқақтықтан болғанын.
Көкшағылдың үстінде,
Көп ойланды толғанып.

Аялдаған Шыңғысхан,
Ақтарып сыр мойындап.
Баяндаған тым қысқа,
Былай ғана пайымдап:

Шыңғыс хан:830d52403a6e75766160573235dce2d4

— Есіл ердің жолымен,
Еркін өсіп толып ем.
Алғысымен әкенің,
Атақты хан болып ем.

Тайғаны ма бағымның,
Талғаны ма жағымның.
Сырына көз жетпеді,
Сынғаның-ай сағымның!

Айналайын тұлпарым,
Анаңа да қарамай.
Сетерлеген сұңқарым,
Сеніміме жарамай.

Кекілдерің желбіреп,
Кетіпсіңдер жыраққа.
Жеріп жерден дебдірек,
Жетпес сірә, мұратқа.

Ізетімді дұрыстап,
Іздеп қайдан қарайын.
Жүгенімді құр ұстап,
Жүздеп қайда барайын.

Қанатымнан қайырылып,
Қалғанымды байқадым.
Ер-тұрманымды арқалап,
Ел-жұртқа не айтамын.

Тоқпаққа сап құл етіп,
Торықтырған жоқ едім.
Зор көрсетіп жүдетіп,
Зорықтырған жоқ едім.

Шыңға асырып қалаған,
Шынықтырған мен едім.
Құлан аулап даладан,
Құнықтырсам деп едім!

Жақсылықты ақтамай,
Жасадым ба астамдық.
Ар-намысты жоқтамай,
Асырдым ба мастандық?

Дандайсынып басынған,
Дауда немен сақтанам?
Жасақталған тосыннан,
Жауға немен аттанам?

Басымды иіп бабамның,
Батасын бек құптаушы ем.
Алыс жолға анамнан,
Алғыс алмай шықпаушы ем!

Қайтып ашар есікті,
Қатты серпіп жаппас-ты.
Туған жердей — бесікті,
Тұрақсыз ер таппас-ты! —

Қапаланып Шыңғыс хан,
Қайта-қайта тоқтады.
Азаланып тым қысқан,
Асқа зауқы соқпады.

Қотарылып жын қысқан,
Қос тұлпарын жоқтады.
Қордаланып мұң құсқан,
Қорлық зарын таптады.

Опасыздар безініп,
Одан арман жоғалды.
Ойран болып езіліп,
Ордасына оралды.

* * *

Ұшқан құстай қос тұлпар,
Үшшағылға жетті кеп.
«Қос аяғын бос қырқар,
Қойдым берік», деп тіреп.

Қашып-пысып өлесі,
Қайысса да бұрақтап.
Төрін тауып төресіп,
Төрт жыл тұрды тұрақтап.

Жылдан-жылға семіріп,
Жылтырады-ай інісі.
Асқынып дерт кеміріп,
Аға арыды құнысып.

Құлқы соқпай ойынға,
Құлағын да қақпады.
Жеген асы бойына,
Желімделіп жақпады.

Тамағынан арылып,
Тарылады тынысы.
Көптен бері тарығып,
Көріп білген інісі:

Іні тұлпар:gallery_11189_633_60597

— Асыл ағатайым-ай,
Азып неден барасың?
Қорқынышты жайың-ай!
Қолданайын шарасын.

Таңсық еткен суымнан,
Татқан сайын оңбадың.
Жеңсік еткен нуымнан,
Жесеңдағы қонбады.

Жағдайыңа жақсы аға,
Жақпады-ау бұл тұрағым?
Қоя салды деп қана,
Қопалақтау сұрағын.

Сабыр сақтап ағасы,
Сауалына «сайқалдың».
Буырқанбай тобасын,
Бұлтармайтын қайтарды.

Аға тұлпар:

-Талықпайтын жүректі,
Талғай білмейді екенсің.
Тарықпайтын тілекті,
Талдай білмейді екенсің.

Тағылымды данаға,
Табынбауға алайда.
Сағым қуған далаға,
Сағынбауға жарай ма?

Туған анамды ойласам,
Тұрақтағым келмейді.
Есерлікті қоймасаң,
Ешкім зорлап телмейді.

Туған жұртта жұпталып,
Тұрған шаққа жетер ме?
Боздағым-ай, ұқпадың,
Бой тасалап бекерге!

…Ауыр сөзге жығылып,
Аға алдына құлады.
Орап солға тығылып,
Оңға қарап жылады.

Іні тұлпар:

— Сағынышқа сарғайып,
Сабылмайық санаға,
Кесапатқа қалмайық,
Кешір мені, жан аға!

Құлдық, қойдым ырқыңа,
Қуратпайын сірідей.
Атамекен жұртыңа,
Апарайын тірідей! —

Деген сөзге марқайып,
Делебесі кенелді.
Денедегі ортайып,
Дерттен серги жөнелді.

Сонда інісі тағы да,
Соңғы тілек жалғады.
— Сәтті болсын бағыңа,
Сапарымыз алдағы!

Алла жолын оңдаса,
Аттанамыз төте біз.
Үш айлық жолды оңға сап,
Үш жұмада-ақ жетеміз.

Күні-түні зарығып,
Күтіп отыр анашым.
Алдымнан ақ жарылып,
Алқасын ел жаны ашып.

Жақсылыққа бас ұрып,
Жарасатын арамыз.
Ажарымыз ашылып,
Атажұртқа барамыз.

Сәт тілейік! — десті де,
Сапарға бел байлады.
Ақылдасып шешті де,
Алға қарай айдады.

Ескен желдей үйіріп,
Еселетіп шабысты.
Үш жұмада шүйіліп,
Үйірімен табысты.

***

Берекесіз жол көріп,
Берседағы тұңғыш мән.
Азғындарға қол беріп,
Адаспаған Шыңғысхан.

Жарастықты талдаған,
Жасампаздық ісінде.
Аян алған Алладан,
Аса ғажап түсінде.

От пен судан аянып,
Ойламаған жан күшін.
Атқан таңмен оянып,
Айта тұрды хан түсін.

«Қос тұлпарым қанатым,
Қолымда өскен ерікті.
Арда емген жаннәтін,
Аңсап қайтып келіпті.

Кірме болған бұлтарып,
Кімге жағып сый апты.
Егіз туған тұлпарым,
Елін тапқан сияқты.

Барлау жасап сыртынан,
Барсаңдаршы!» — деді хан.
Анық хабар жылқыдан,
Алғанынша жеді қам.

Жыртып ханның жыртысын,
Жылқышылар саралап.
Түгендеді түр түсін,
Түгін қоймай аралап.

Әспенсіген жырынды,
Әптігімен басылған.
Қатарына бұрынғы,
Қайта оралып қосылған.

«Болатыны тиіс, — деп,
Бостандықтың таласы».
Бұрын барған иіскеп,
Бурыл айғыр баласын.

Көл-көсір боп Бозбие,
Көздің жасын бұлапты.
Қос құлыны безбүйрек,
Құлдық ұрып құлапты.

Ұстамаққа ұмтылып,
Ұрынса да құр қаптап.
Барған тұста ынтығып,
Бастыртпаған сырғақтап.

Желікпелер жұлқынып,
Жебеулерін үйірді.
Айғырлы үйір жылқыны,
Айдап келіп иірді.

Сұмдық сырды бірегей,
Сұрамаққа мықтыдан.
Сабыр сақтап түбегей,
Сарайынан шықты хан.

— Берейінші ал кезекті,
Беталдына кезетін.
Екеуіңе не жетті,
Ес-ақылсыз безетін?

Жебе жетпес шетке кеп,
Жеке шыққан шуаққа.
Іні тұлпар бетпе-бет,
Іркілместен сұраққа. —

— Еркін елді егемен,
Есенбісің, тақсыр-ау!
Есіркемеу деген ең,
Емес екен жақсы дау.

Жақсылыққа жанашыр,
Жарылқай гөр Хан ием.
Айтсам ашып жаңа сыр,
Ақтарылып жан жүйем.

Талықсытып тарланды,
Таңсық дәмі қолдады.
Сая бағым орманды,
Сағынбауға болмады.

Тасқа тиіп табаны,
Талабына толмады.
Жеңсігіне ағаны,
Жеткізбеске болмады.

— Желіктірмей жүрсеңде,
Жетпес пе еді несібе?
Жер мен судан бүрсеңдеп,
Жерідіңдер несіне?

Емес пе едік майыспас,
Емен терек, нар қамыс.
Қайсар тұлға қайыспас,
Қайда қалды ар-намыс?

Бақыт құсын бармақтай,
Баптамаған шығармын.
Алақанға ардақтай,
Ақтамаған шығармын.

Іні тұлпар:8638

— Тақсырым-ай, тарыққан,
Талабым бар тыңдаңыз.
Ар-намысын сарыққан,
Асылдықта тұр маңыз.

Жақсыға тән немесе,
Жалпыға ортақ іс дей ме?
Халқына қам жемесе,
Хан беделі түспей ме?

Бұлынғырлы заманда,
Бұлданып кім тежетсін?
Атажұртты әр қадамда,
Аңсағанға не жетсін!

Шыңғыс хан:

— Тұманданған қоғамда,
Тұлданып не таппақсың?
Кірбің шалған заманда,
Кімге кінә тақпақсың?

Іні тұлпар:

— Бірікпесе береке,
Бітіспей ме шекісіп?
Додаласқан ер екен,
Достаспай ма бекісіп?!

Асқақтаған шағыңда,
Аспадым де аспаққа.
Салиқалы тағыңда,
Салмадым де тастаққа.

Құлынымнан құмар боп,
Құлақтатып қаптатып.
Тайымызда тұмарлап,
Тартып айыл шаптатып.

Дөнен шыға әбзелдеп,
Дөңес қырды таптадық.
Бестімізден көлбеңдеп,
Белес қоймай аттадық.

Аяулы хан, әулие,
Айтсам өкпе-назымды.
Қайда жатыр әңгіме,
Қайнап іштей жазылды.

Аттап алғаш Алтайға,
Аралатып серуенде.
Қуырдағын құлжаның,
Қуыртқызып бергенде.

Қабағынан жабырқап,
Қалмасын деп жиі атап.
«Жарайсың», — деп жарылқап,
Жасадың ба сияпат?

Асқақтатып Көкейдің,
Арландарын аулатып.
Аю, барыс жыртқышын,
Атқылатып жаулатып.

Барымталай шапқанда,
Бағаланып көрдім бе?
Тасырқалап жатқанда,
Тағалатып бердің бе?

Кенерелеп Кентайға,
Кезек-кезек сауырлап.
Қалауынша оңтайлап,
Қалдым қанша жауырлап?

Шұрқыраған Ононның,
Шұратына сайрандап.
Кенелдіріп жанымды,
Келтіргенде жайраңдап.

Кәркестеніп жан серік,
Қадір тұтпай бір күнде.
Мәселе етіп мән беріп,
Мәртебелей білдің бе?

Қатыгездікке ұрынып,
Қақпаған соң арқадан.
Тәкәппар хан бұрылып,
Таппаған соң марқадам.

Керек болса кек сақтап,
Кезіп бердік егесіп.
Бет алдына шет жаққа,
Безіп келдік кеңесіп.

Ұзап шыға селтектеп,1ef0c9b1133b636big
Ұнатпадық ақталып.
Ұшырастық тәлкекке,
Ұшқан құсқа тап болып.

Керімсалға мақталып,
Келер кейде күлкім де.
Шыңдалатын ақталып,
Шындық бар ма бұл күнде?

Торыққанның арманын,
Тарыққанда түсіндім.
Зорыққанның зардабын,
Зарыққанда түсіндім.

Аяқтанған есігін,
Айналып ер қақпай ма?
Адассақ да несі мін,
Ат қазығын таппай ма?!

Айқындалып денеміз,
Ана сүтінен нәр алдық
Туған жерге неге біз,
Тұлпар болып жаралдық.

Ар-намысқа сенеміз,
Адалдықтан таралдық.
Кінәлап қам жемеңіз,
Кіндік жұртқа оралдық! — деп

Айтты тұлпар қасқайып,
Ащы да, ашық ойын нақ.
Қаған жөнге жүгінді,
Қателігін пайымдап.

Тоқтамды аға інісін,
Тоқыратты, — Жетті! –деп,
Әміршіге бұрылып,
Әдеппенен шек тілеп,

— Қадірменді Хан ием,
Қалауымды тартпаған,
Жадырасын жан жүйем,
Жарлығыңды арт маған.

Сертімді іске асырып,
Сеніміңді ақтайын.
Жамандықты жасырып,
Жақсылығыңды жақтайын!-

Дегенде аға тұлпарға,
Дана ағынан жарылды.
Күпті болған іштегі,
Күдігінен арылды.

Еркін алған тынысын,
Ер Шыңғысхан жігерлі.
Сетерлетіп інісін,
Сегіз жылға жіберді.

Аға тұлпарды еріттеп,
Алтын күзге баптады.
Алдына ұстап сұңқарын,
Алтай тауын таптады.

Көрген жерден арындап,
Көздің жасын парлатты.
Тарландардың барында,
Талай ауқат жалғапты.

Көз тартарлық көрікті,
Көкей тауын шарлады.
Көнбелерден тұрғылап,
Көкжалдарын аулады.

Өркеш-өркеш шайқалған,
Өзендерден жалдады.
Тарланбозға тайпалған,
Таңданбаған қалмады.

Кермаралды Кентайдың,
Кенересін түгесті.
Қан сасытып иен таудың,
Қаншама аңын үлесті.

Табысының тасыған,
Тарта түсті салмағы.
Таңдай қағып осыған,
Тамсанбаған болмады.

Онон бойын арылтып,
Ойып асап шұратты.
Жылға, жарын тарылтып,
Жыртқыштарын сұлатты.

Мақсаттарын алдағы,
Марапаттап талдады.
Алқамаған жолдағы,
Ақсақалдар қалмады.

Қос тұлпардың тәмсілі,
Қалың жұртқа тарады.
Бекемдікке куә боп,
Берекеге жарады.

Мызғымастық бірлікті,
Мирас тұтып бағамдап.
Қайсар тұлға тірлікті,
Қастерледі қаған нақ.

Әділдікті анықтап,
Әбестікті кешіртіп.
Марапаттап халыққа,
Мәртебесін өсіртіп.

Өрен егіз тұлпарын,
Өзі ардақтап тойлатты.
Тұлымшағын өргізіп,
Тұмаршағын байлатты…

Асып тұрған санасы,
Арман қуған данасы-ай!
Асыл туған баласы,
Адамзаттың анасы-ай!

Тағылымды мұрағат,
Тамылжыған жан ізгі.
Тәмамдайық жамағат,
Таңғажайып аңызды!

Soldatxan11169707_414529275393109_6004721209024503719_oМоңғол тілінен тәржімалаған
Қазақстан жазушылар одағының
мүшесі, ақын Солдатхан Орайханұлы (Соңы)
1999-2002 жыл
Қарағанды қаласы. (Дастанның басы мына жерде)

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.

error: Content is protected !!