Ат әбзелдері мен қару-жарақтар

11169986_664872940324946_2419315177602251988_n

Қазақ халқының мал шаруашылық өмірінде, әсіресе ат үсті қимылдары мен ойындарында жылқыдан қалса – қару-жарақ, сауыт-сайман, ер-тұрман, жүген-құрық, арқан-жіп кем боллса болмайтын маңызды құралдар есептеледі. «Жайдақ мінгеннің жаны әлсіз», «Ерге мінген жігітке – он кісілік күш бітеді», «Қарусыз батыр қапыда кетеді», «Қылышты жігітті көргенде, жүз қорқақтың құты қашады», «Арқансыз жылқышы – ерін жаяу арқалайды», «Жүгнсіз ат міңгеннің жүрегі қобалжиды», «Қамшысыз жігітте қатын құрлы айбар болмайды», «Қырық кісіден – бір құрал күшті» деп күнделік тыныс-тіршіліктері мен ат үсті ойындарында ат әбзелдері мен қару-жараққа ерекше мән береді, әрі оны табыс пен сәтсіздіктің, жеңіс пен жеңілістің кілті деп қарайды.
Тарихқа көз жіберер болсақ, қазақ халқының мал шаруашылығына әсіресе, жылқы мен ат үсті ойындарына арнап тапқырлаған қару-жарақ, сауыт-сайман, ер-тұрмандары өте көп. Еліміздің тарихи жазбалары: Сақ, Ғұн, Үйсін, Қаңлы, Алан елдері жаңа эрадан жеті ғасыр бұрын ер-тұрман, күйме, арба, арқан-жіп, қару-жарақ, сауыт-сайман жасап қолданғанын; қару жасайтын ағаш өңдеу, тері мәнерлеу шеберханалары, теміршілік, зергерлік дүкендерін құрғанын дәлелдейді. Бұған еліміз археологтары Ган Су, Тұрпан, Алтай, Санжы, Іле алқаптарындағы сақ, үйсін тұрақтарынан тапқан атқа міңген шабандоз, ерттеулі ат, жүген, ауыздық, үзеңгі қатарлы заттар айғақ бола алады. Бұрынғы Совет одағы археологтары Сақ, Ғұн, Үйсін, Алан тұрақтарынан ердің қасына жүген, құйысқан, пыстан үзбелеріне салынған еріттелген ат пен жүгенделген ат суреттерін тапқан. Сонымен бірге, Сақ, Ғұн, Үйсін заманында метал құю, қақтау, қырнау, безеу өнерлерін биік деңгейде меңгергенін, алтынмен аптап, күміспен күптеп жасаған ер-тұрмандар бетіне алуан түрлі асыл тас, маржан көз орнату өнерін жетік игергенін дәлелдеді.
Жаңа эраның IV ғасырынан бастап қазақ халқы, метал құю және оны қақтау, булау, қыру, жұмырлау, қырлау, ию өнерін онан ары дамытып, алыс-жақынға бір топ зергер, құюшы, безеуші, қашаушы, мүсінші, сәулетші шеберлерді жетілдірген. Олар түрлі металдардан сауыт-сайман, қару-жарақтар жасап, алтын-күміспен өрнектелген үй жиһаздарын, әсіресе, атқа қажетті ер, жүген, үзеңгі, таралғы, өмілдірік, құйысқан, пыстан жасап, атқа міну мен ат үсті ойындарының сән-салтанатын асыра түскен…

Шалма арқан

1974291_450442611767981_7600298203358321053_oШалма арқан – жылқы ұстауға пайдаланатын құрал. Әдетте шалма арқан екі түрлі болады. Бірі қайыстан, бірі жылқының қылынан жасалады. Жылқышылар үнемі жандарынан тастамай қанжығаларына байлап жүреді. Қайыс арқан түйенің, сиырдың илеген терілерінен жасалады. Ұзындығы 12-15 м болады. Ал, қыл арқан жабағылардың жал-құйрығынан үш тілді етіп есіліп, үш тілін бұрап ширатып, біріктіріп, бұрап жасайды. Оны ат ұстауға, жылқы күзеуге, қысырақ матауға, бие байлауға, жылқыға ен-таңба салуға пайдаланады. Ертедегі жаугершілік заманда шалма арқан жауға қарсы құрал ретінде де істетілген.

Құрық

Құрық – жылқышылардың жылқы жию, құлын ұстап, бие саууға пайдаланатын құралы. Құрық көбінде қайың сияқты мықты ағаштардың түзу әрі ұзынынан дайындалады. Жастай қабығын аршып, көлеңке жерге кептіріп, әбден майдалап жонып, басына мықты жіп байлап істетеді. Ұзындығы 4-6 м шамасында болады.

Бұғалық

Бұғалық – жылқышылардың жылқы ұстауға пайдаланатын тамаша құралы. Қыл бұғалық және қайыс бұғалық деп екі түрге бөлінеді. Әдетте бұқғалыққа жұмсалатын арқанның ұзындығы 12-15 м болады. Оның бір ұшын күрмеп тұзақ жасайды немесе темірден кішкене шығырық бекітіп, бұғалық арқанның екі ұшын сол тұзақ не шығырықтан өткізіп, одан үлкен жылжымалы тұзақ жасайды. Осы үлкен-кіші тұзақтан құрықтың басын өткізіп, ұшын арқан арасына түйреп, құрық бұғалығын жасап ат-көлікке, асау жылқыларға салып ұстайды. Бұл құрал да, қысырақ матау, ат ұстау, жылқы күзеу, ен-таңба салу сықылды жұмыстарға пайдаланылады.

Ноқта

Ноқта – арқан, бұғалық салып ұсталған ат-көлікке ең алғаш кигізіледі, ауыздық болмайды, шылбыр тағылады. Оны аттың басына салып, жетелеп жүруге, байлап қоюға істетеді. Негізінен қайыстан өріп, түйіп жасалады. Мырзалар ат шұлғып басқанда шылдырлап әсем дауысын шығару үшін, оның жақтауына сылдырлап тұратын шығырықтар бекітіп қояды.
Ноқта Сақ, Ғұн, Үйсін дәуірлерінде тапқырланған. Алғашында жіптен, құрдан, одан соң шылғи қайыстан жасап, ең соңында илеген сапалы терілерден неше түрлі ғып түйіп, өріп жасайтын болған.

Жүген

_DSC1456Жүген – мініс аттардың аузын ашқызып, ауыздығын тістетіп, басына кигізе салынатын (құдды машинаның рөлі сияқты) атты барып-келетін бағытқа салып отыратын ең маңызды құрал. Заманымыздан бұрынғы 3-4-ғасырларда (Сақтар заманында) тапқырланған. Көбінде иленген сапалы теріден өріп жасалынады. Оған аттың аузына салатын темірден ауыздық бекітіледі. Жүгеннің екі жақтауы мен ауыздығын екі сулық жалғап тұрады. Жүген негізінен өрме жүген, алтын жүген, күміс жүген деп үш түрге бөлінеді.

Алтын жүген

Алтын жүген деп – жақсы иленген сапалы қайыс пен былғарыдан жасалған жүгенге лайықтап, алуан түрлі етіп бекітілген металдардың бетіне алтын құйып немесе алтын жалатып, асыл тастардан әдемі көз орнатып жасалған жүгенді айтады. Алтын жүген негізінен алтындаған ер қандай жасалса, соған сәйкес өрнектеп жасалады. Алуан түрлі үзбе, беттік, маңдайлық, самайлық, көздіктерін барынша безейді.

Күміс жүген

Күміс жүген ерлерше, әйелдерше деп екі түрге бөлінеді. Ерлердікіне қарағанда, әйелдерге арналған күміс жүген тіпті де әсем, тіпті де әдемі болады. Салпыншақ пен құйма оймалары мол болады. Сулық, үзбелеріне, кеңсірік үзбе, беттік салпыншақтарына, маңдайлықтарына, самайлық салпыншақтарына; көзқағар, сулық үзбелеріне әдемі ою-өрнектер нақышталып, аралары дөңгелек тұмаршаларымен, ұзын төртбұрыш құймаларымен безендіріледі. Үзбе, маңдайлық, кекілдік, сулық, самайлық беттеріне күмістен ширатылған ою-өрнек салынып, асыл тастан су жүргізіледі. Әр үзбеге үлкенді-кішілі меруерт немесе лағыл-маржан көздер орнатылады.

Тізгін

Жүгеннің екі сулығына екі ұшы бекітілген, ортасы тұйық немесе түйілген, аттың басын қалаған жаққа бұруға, тоқтатуға, жүруге, жем-шөп, су ішкізбей қаңтарып байлап қоюға пайдаланылатын құрал. Ол негізінен иленген жұмсақ теріден немесе ызылған құрдан жасалады.

Шылбыр

Шылбыр – жүгеннің сулығына, ноқтаның екі жақтауына қосып тағылған 2-3 м шамасындағы ат байлап, ат жетелегенде пайдаланылатын жіп. Ол көбінде, жылқының майда қылынан және иленген сапалы қайыстан жасалады. Арқаннан жіңішке, әдеттегі есілген жіптерден жуан болады.

Ер-тұрман

_DSC1451Ер-тұрман мал шаруашылығында, әсіресе әр түрлі ат үсті қимылдарында кем болса болмайтын, ең маңызды құралдардың бірі. Қазақ халқы атқа мінуге пайдаланылатын жабдықтардың барлығын «ер-тұрман» немесе «ертоқым» деп атайды. Жалпы ер-тұрманға – ер, терлік, ішкілік, тебінгі, тоқым, үзеңгі, айыл, пыстан, өмілдірік, құйысқан, ноқта, жүген, шылбыр, тізгін, қанжыға, шеттік, көпшік, ат көрпе, кежім, қамшы, шідер, кісен қатарлылар жатады.

Ер

Ер дегеніміз – аттың арқасына еріттеп мінетін ағаш немесе темірден жасалатын құрал. Заманымыздан бұрынғы ІІІ, IV ғасырларда Cақ, Ғұн, Үйсін елдері тапқырлаған. Бұны қазақ даласындағы жартастарға сызылған ерттеулі ат суреттері; қазбалардан табылған ер-тұрмандар; Байқал көлі, Хуаңхы аңғары, Каспий маңайы, Дунай өзені алқабы, Алшын тауы, Тілеу тауы қойнауларынан қазып алынған ер-тұрман жасау шеберханалары дәлелдеп отыр.
Ер негізінен ағаш ер, темір ер, алтын ер, күміс ер, әйелдер ері, еркектер ері және ашамай (балалар ері) деп бөлінеді. Ойма ер – ағаштың тошынынан бітеу шабылып жасалса; Құрама ер – екі қас (алдыңғы, артқы), екі қапталдан құралып жасалады.

Ағаш ер

Ерде алдыңғы қас (бас), артқы қас, екі қаптал болады. Алдыңғы қасы артқы қастан биіктеу әрі тікше болады. Артқы қас артына қарай жатынқы, отыруға ыңғайлы болады. Қайыңның тошынынан (шорынан, безінен) әдемілеп шауып алған екі қасты тарамыс немесе шылғи қайыспен екі қапталға мықтап бекітіп, аттық (отыратын жер) шығарып жасайды. (темірден қарғашалап, шылғи терімен қаптап та жасай беруге болады). Қапталының ортасынан үзеңгібау өткізетін «үзеңгілік», алдыңғы, артқы екі қапталынан қанжығалық, шеттік, (құйысқан байлайтын бүлдірге) тесік тесіп қояды.

Алтын ер

10885414_1014005538626599_4010199506561721848_nАлтын ер деп – алтынмен апталып жасалған ерді айтады. Ол тұтынушылардың талап-тілегіне сай алуан түрлі етіп безендіріліп, нақышталып жасалады. Түрі де біршама көп болады. Солайда, көбі ердің алдыңғы, артқы қасы мен қапталдарына жапсырылған қызыл немесе жасыл манат немесе күміс жалатылған жұқа темірдің бетіне алтын құйып және алтын жалатып жасайды. Сондай-ақ, әр түрлі асыл тастардан су жүгіртіп, көз орнатылады. Маңдайлық қағып безендіреді.

Күміс ер

Күміс ер деп – күміспен күптеліп, қымбат бағалы маржан және асыл тастардан көз орнатып жасалған ерді айтады. Күміс ердің де алдыңғы, артқы қастары мен қапталдарына қызыл, жасыл манат немесе қақталған жұқа темір жапсырылып, оның бетіне күміс құйылып, күміс шегелер қағылып, алдыңғы қасының ортасына маңдайлық қағып (айшық), асыл тастардан әдемі көз орнатып жасалады.

Темір ер

Темір ерді көбінде соғыстарда, көкпарда мінеді. Темір ерді жасауда, алдымен темірден ердің алдыңғы және артқы екі қасын жасап алып, оны арнайы шауып дайындаған екі қасқа шегелеп орнатады. Қасынан үзеңгілік, қанжыға, шеттік тағатын тесіктер тесіп, иленген теріден немесе сапалы былғарыдан аттық жасап мінеді.

Ашамай

OLYMPUS DIGITAL CAMERAАшамай әдетте дербес мініп жүре алмайтын жас балаларға арналған қарапайым ер. Екі қасы ұқсас, әрі бірдей биік келеді. Қапталының арасын қайыспен шандып, үстіне көпшік немесе бөстек төсеп қояды. Әрі екі қасының үстіңгі жақтарында қолбау таяғын бекітетін екіден төрт тесігі болады. Балалар қызығарлықтай етіп қастарына өрнек салып, күмістеп көз орнатып, маңдайлық қағып айшық орнатып, үзеңгі орнына құрдан, жіптен тепкішек байлап қояды. Кейде тепкішекті былғарыдан жасап күмістеп, киізден жасап оюлап тастайды.

Қанжыға

Қанжыға атқа мінген адам үшін ең қажетті. Ол көріністе қарапайым көрінгенімен оның атқаратын рөлі өте зор.
Әдетте, қанжыға жақсы иленген сапалы терілерден тіліп мәнерлеп, өңдеп, ердің екі қасындағы қанжығалық тесіктен өткізіліп қояды. Онымен жорыққа аттанғанда батырлар қару-жарақтарын байласа, ал, жолаушылар азық-түлік, киім-кешектерін бөктереді.

Тұсамыс

Мінген атты өз маңайынан ұзатпай, қолдан шығарып қашырып алмау үшін алдыңғы екі аяғын тұсап қоятын маңызды құралдарының бірі. Тұсамысты жіп және қайыстан жасайды.
Жіп тұсамыс көбінде қой, ешкі жүндері мен жылқының жал құйрығынан есіліп, оның бір ұшы тұйықталып, екінші ұшына шоқпарлы түйін түйіліп жасалады. Ал, қайыс тұсамыс болса, иі қанған сиыр, жылқы, түйе терілерінен өріп және түйіп жасалады. Ол екі алақан, екі ілмек бұтақ аралық сабақ деген бөлектерден құралады.

Үзеңгі

_DSC1452Үзеңгі ер қапталына тағылатын, адамдар атқа мінгенде аяғын салып мініп, аттан түскенде аяғын салып түсетін маңызды ер әбзелдерінің бірі. Ерге үзеңгі тақпаса адам атқа оңай мініп, оңай түсе алмайды. Тіпті атқа мінген күннің өзінде де аяғын үзеңгіге салып отырмаса атқа орнықты отыра алмайды. Сондықтан үзеңгіні ат әбзелдері ішіндегі маңызды құралдарының бірі деп есептеледі.
Үзеңгі көбінде темір, мыс секілді металдардан жасалады. Сырты алтындап, күмістеп жасалатын түрлері де болады. Және ерлер үзеңгісі, әйелдер үзеңгісі деп бөлінеді.

Шеттік

Шеттік ердің артқы екі қапталына қанжығалық тесіктің артындағы шеттік тесікке өткізіп қойылатын мықты қайыс бүлдірге. Оған құйысқанның екі жырым байланады, ол ат еңіске жүргенде құйысқанды тартып жібермей, ерді ат мойнында кетірмей ұстап тұрады.

Тоқым

Ердің астынан тоқым аттың арқасына түсетін екі қабатты жұмсақ киізден ойып, манат, барқыт, секілді асыл кездемелермен қиюлап жасалған, аттың арқасына ерді батырмай қорғап тұратын зат. Әдетте, тоқымның алды түзу арты дөңгелек етекті келеді.

Ішкілік 

Ішкілік- жұмсақ талдырма киізден жасалып, тоқымның астына салынатын ер жабдығы. Тоқымнан артқы етегі мен екі қапталы төрт елідей асып тұрады. Алды артын бағалы кездемелермен қиюлап қояды.

Терлік (Ішпек)

Терлік аттың арқасына тіке салынатын, аттың арқасын қорғап, шыққан терді тоқымға өткізбей тұратын ер жабдығы. Көбінде, иленген лақ, елік, қарақұйрық терілері мен қойдың жұмсақ жабағысынан жасалады.

Тебінгі

Тебінгі – аттың тері балаққа өтіп, үзеңгі баудың балақты қырқымауы үшін және үзеңгі таралғысының ат қабырғасын қажап, жаралауынан қорғап, ат қабырғасы мен үзеңгіні айырып тұрады. Ол былғарыдан пішіп, астарлап қайып, бетіне өрнек салып жаласады. Төрт бұрышына әдемі айшық қағылып, оны алтынмен аптап, күміспен күптейді. Тұмарша, қиықша, сопақша, төрт бұрыш күміс құймалар қағылып, көз жауын аралықтардай етіп безендірілді.

Ат көрпе

Ат көрпе – ерттелген ер үсітіне салып мінетін түйе, қой, жүндерін тартып, сыртын бал барқыт, манат сияқты кездемелерімен тыстап, бидайлап, астарлап жасаған жұмсақ көрпеше. Оның үш еселеп ерге салғанда көрініп тұратын жерлеріне көз жауын аралықтай әдемі кесте тігіледі немесе ою-өрнек бастырылады.

Ат көпшік

Ат көпшік – ауыл арасында мал қайырғанда, олай-бұлай ат мініп жүргенде ердің үстіне төсеп мінетін киізден, теріден жасалатын жұмсақ зат. Кейде көпшік ішіне жүн тартып барқыт, былғары секілді заттардан да жасала береді.

Ауыздық

_DSC1458Ауыздық – аттың аузына салып, ат басын меңгеру үшін темірден жасалады. Ол алғашында сонау сақ заманында сіріден жасалып, екі ұшы сулығындағы сүйектен жасалған шығырыққа бекітілген. Қола дәуіріне келгенде, қола шығырықты үзбелі ауыздық жасалған. Мұны заманымыздан 6 ғасыр бұрын жер астына көміліп қалған ежелгі сақ, үйсін тұрағы Жетісудағы Есік қазынасынан табылған ауыздық дәлелдейді. Жаңа эраның ҮІ, ҮІІ ғасырларында темір шығырықты үзбелі ауыздық кең көлемде тарала бастады. Мұны байырғы түрік молалары дәлелдеп отыр.

Пыстан

Пыстан- ерге салған ат көрпенің екі шеті, екі қапталы ер үстінде жылжымай тұруы үшін көрпе үстінен салып, бастыра тартатын зат. Ол ерлер пыстаны, әйелдер пыстаны деп екі түрге; айылдық пыстан, өткермелі пыстан деп екі үлгіге жіктеледі. Ат көрпенің алды-артымен екі жанын басып тұратын баутағары, аттығын басып тұратын жалпақ, алтынмен апталып, күміспен күптелген асыл тастармен су жүргізіп, көз орнатқан бастырмасы болады.

Өмілдірік

Ат үстіндегі ерді артқа сырғытпай бір орнында ұстап тұру үшін ат кеудесімен ер басына жалғай салынатын затты – өмілдірік дейді. Ерте заманда өмілдірік құрдан, қайыстан жасалып, аттың екі топшысына келетін жері мен төсіне келтін жеріне қарапайым салпыншақ орнатып жасаған. Қазір өмілдіріктерді сапалы терілерден тігіп, өріп мінер жақ басына айылбас бекітіп алтынмен аптап, күміспен күптеп жасайтын болды.
Өмілдірік те әдетте ерлерше, әйелдерше деп екі түрге бөлінеді. Оның екі жақтауына алтын-күміс құймалар қағылып, кеуделігіне дөңгелек көз орнатып салпыншақтарын барынша безедіріп жасайды.

Құйысқан

_DSC1461Құйысқан – атқа ерттелген ертоқымды ат мойнына жібермей тұру үшін бір жағын ердің шеттігіне байлап, бір жағын ат құйрығына іліп қоятын құрал. Құйысқан негізінен екі жақтау, екі жырым, бір боқтық, бір сауырлық үзбе, екі сауырлық салпыншақ, екі жаңбырлық үзбе, екі жаңбырлық салпыншақ сынды бірнеше бөлімнен құралып, ерлерше құйысқан, әйелдерше құйысқан деп екі түрге бөлінеді де, әйледер құйысқаны алтын-күміс, асыл тастармен ерекше безедіріліп жасалады.

Айыл

Айыл атқа ерттелген ертоқымды ат үстінде жылжытпай ұстап тұру үшін аттың бауырын орай тартатын екі елідей жалпақ тартпа. Ол ердің ең маңызды жабдықтарының бірі.
Айыл ер мен бірге ертедегі Сақ заманында тапқырланып, алғашында жіптен, қайыстан жасалған. Айылбас пен тоғасы болмаған. Бір ұшын күрмеп, тұйықтап, екінші ұшын содан өткізіп байлаған. Кейінгі дәуірлерге келгенде темірден тоға бекітуді тапқырлаған.
Айыл орнымен рөліне қарай төс айыл, шаб айыл деп екі түрге бөлініп, жырым, алақан, тоға, айылбас қатарлы бірнеше бөлшектен құралады.

Шідер

11150174_816588401782677_4338356112433568790_nШідер – аттың алдыңғы екі аяғы мен артқы бір аяғына салу үшін қайыстан, жіптен жасалады. Ол көбінде аттарды отқа қойғанда, аттың ұзаққа кетіп қалмауы үшін аттың үш аяғына салынады. Шідер көбінде, иленген сапалы теріден өріліп, есіліп алақан, тиек, тиеккөз шығарып жасалатын маңызды әбзелдердің бірі.

Кісен

Ксіен – ат аяғына салынып, атты ұры-қарыдан сақтау құралы. Қазақ халқы өздерінің өмір тәжірибесі арқылы жақсы ат, маңдайға басқан тұлпарларын ұрылардың алып кетпеуі үшін темірден «кісен» деп аталатын осы бір құралды жасап, ғасырлар бойы пайдаланып келген. Көбінде, аттың алдыңғы екі аяғына салынады. Екі басы бірдей құлыпты болып, екі кілті бір-бірін ашпайтын етіп жасалады. Аттың аяғын қиып кетпеуі үшін білезіктеріне жұмсақ киіз немесе жүні қалың иленген жұмсақ мал мен аңның терісін орап қояды.

 

Кежім

Kaska atКежім – бәйге аттар мен тұлпар, дүлдүлдерді өзгелердің көз сұғынан қорғау үшін және жаңа түскен келін, танысқан қыздардың атын сәндеу үшін ат сыртынан жабатын әдемі жабу. Ол бал барқыттан, манаттан, пүлістен атқа өлшеп арнайы жасалады. Әрі астарланып төңірегіне қызыл-жасыл шашақтар салады. Сауырына, екі жанына ою-өрнек немес шым кесте тігіледі. Сондай-ақ шым кестелердің арасына алтын-күміспен безендірілген алуан түрлі құймалар тағылады.

Ат сауыты

Қазақ халқы соғысқа мініп шығатын атты қорғап, жауып тұратын темірден жасалған құрсауды – «ат сауыты» деп атайды. Ат сауыты мынадай бірнеше түрлерден құралады. 1. Темір томаға; 2. Сауыт мойыны; 3. Кежім сауыры; 4. Құйысқандық; 5. Қаптал арты; 6. Кежім қапталы; 7. Кежім шашағы; 8. Астыңғы жабу; 9. Кеуделік.
Ат сауыты: Береңгілі сауыт, зере сауыт, көбе сауыт, қаттама сауыт, қияқ сауыт қатарлы бірнеше түрге бөлінеді.

Шоқпар

Шоқпар – өте ерте замандағы алғашқы ат үсті сайыс құралдарының бірі. Ол байырғы заман ат үсті ойындарымен, ат үсті соғыстарында маңызды рөлдер ойнағандықтан, шоқпарлар дамытылып оның алуан түрлі формалары тапқырланып, күрзі, боздыған, дойыр, сойыл қатарлы бірнеше түрге көбейтілген.

Қамшы

_DSC1465Қамшы-жақсы иленген сиыр терісін тіліп, сыдырып мәнерлеп алған соң, мұқият өріп ағашқа (қатқан тобылғыға) саптап алып пайдаланатын ат үсті құралдарының бірі. Оның ең қатты тиген жерін тіліп түсетін түрін- «дырау» деп атайды.
Қамшылар өрілуіне қарай- алты, сегіз, он, он екі таспалы өзексіз, жұмыр өрімді қамшы; алты, сегіз, он, он екі, он төрт, он алты, он сегіз, жиырма төрт және қырық сегіз таспадан өрілетін өзекті қамшы түрлеріне; саптауына және безендірілуіне қарай- тобылғы сапты, темір сапты, жез сапты, барқыт қапты, пүліш қапты қамшы; алтындаған, күмістеген қамшы деп бөлінеді. Ол бейбіт күнде сәндік бұйым ретінде, жаугершілік заманында ұру-соғу құралы болған.
Қамшы Сақ дәуірінде тапқырланған. Оған Сақ әскерлерінің моласынан табылған алтын таспамен көмкерілген, сапты қамшы дәлел болады. Заманымыздың ҮІ ғасырынан кейін қазақта қамшы жасау және оны өрнектеп безедіру өнері жаңа бір белеске көтеріліп, қамшы саптарына құстардың, аңдардың суреттерін түсіріп безендірген. Сабына киік, таутеке сияқты аңдардың сирағын, мүйізін пайдаланған. Алақандары мен саптарын алтынмен аптап, күміспен күптеген т.б.

Садақ

Садақ- (жақ деп те аталады) ағаштан иіп, адырна байлап жасалатын жебе ату құралы. Садақты қазақ халқы бейбіт кезде аң аулауға, өзара қара атып машықтануға, мергендіктерін сынап бәсекелесуге; соғыс мезгілдерінде жауды атып, жайратуға пайданалған.

Жебе

Жебе – садақтың адырнасына артын тіреп, адырнаны шірей тартып ататын садақ масағы (оғы). Оның сабы қанатты және «сауыт бұзар», «қозы жауырын» дейтін болаттан жасалған ұштары болады.

Балта

CA5JTS77Ерте заманда қазақ халқы балтаны тастамай қайда барса да қанжығасына байлап өзімен бірге алып жүрген. Оның бейбіт күндерде отын алу, ағаш мәнерлеу сияқты жұмыстарға істетсе; ал соғыс кездерінде оны жауға қарсы мықты құрал ретінде пайдаланған. Және олардың қасиетіне қарай отын жарар, айбалта, екі басты балта деп бірнеше түрге бөлген.

Қылыш

Қылыш – ертедегі жаугершілік замандарда қазақ халқының ат үстіндегі айқастарда жүзі болаттан істелген кесу, турау қаруы. Оған арнаулы қынап жасап алып, соған салып, қайда барса да жанынан тастамай алып жүрген.

Семсер

Семсер – қазақ халқының байырғы замандардағы болаттан жасалған екі жүзді соғыс қаруы. Оның шағындау жалғыз жүзі бар түрін- «сапы» деп атаса; жалпақтау келген жалғыз жүзді қайқы түрін «алдаспан» деп атайды.

Найза

Найза – басында үшкір темірі, ұзын сапты түйрейтін, шаншитын, сұғатын байырғы заманғы қазақ батырларының соғыс құралы. Оның екі басы, ортасы сапты түрін- «сүңгі» деп атайды. Ал олардың сабына, сабына таққан заттарына қарай: жалаулы найза, шашақты найза, қоңыраулы найза деп үш түрге бөледі.

Қалқан

1zal5-sҚалқан – қазақ халқының ат үстінде қолына ұстап жүріп жауымен найзаласып, қылыштасып соғысқанда өзін қорғау үшін пайдаланатын болаттан жасалған дөңгелек құрал. Ішкі бетінде қолға емін-еркін ұстайтын болат немесе қайыс тұтқасы болады.

Жеңсе

Жеңсе – байырғы заман қазақ батырларының найзаласып-қылыштасқанда қолдарына киіп алып, қолдарын қорғайтын темір қолғап. Ішін илеген жұмсақ аң терісі немесе талдырған жұмсақ киізбен астарлап қояды. Шынтақ, бау, білезік, алақан қатарлы төрт бөліктен құралады.

Сауыт

Сауыт – ерте замандардағы қанды шайқастарда қазақ батырлары киген темірден тоқылған қорғаныс киімі. Оны жебе өтпейтін, қылыш кеспейтіндей етіп сапалы металдардан арнаулы тоқиды.
Сауыттар сапасына және тоқылу ерекшеліктеріне қарай – көбе, кіреуке, жалаңқат, торғауыт, қаттама, зере, берен, бадана деген бірнеше түрге бөлінеді.

Айып Нүсіпоқасұлы,
Темірбай Смағұлұлы,

«Қазақтың дәстүрлі ат үсті ойындары» кітабынан
(Төте жазудан крилицаға түсірген Жаубай Ержан)

4 пікір

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Please Do the Math      
 

Можно использовать следующие HTML-теги и атрибуты: <a href="" title=""> <abbr title=""> <acronym title=""> <b> <blockquote cite=""> <cite> <code> <del datetime=""> <em> <i> <q cite=""> <strike> <strong>