Көкқасқаның соңғы шабысы

8782

…Қанша қиялдаса да Жұмат бірінің үстіне бірі мінгескен он Қоянды тауын көз алдына келтіре алмай қойды. Олай болған күнде, жарты аспан жабылып, дүние қараңғыланып қалатын сияқтанды.
Құдайберген:
— Албан елі аспан зәулім, төбесі көк тіреген тауларды мекендейді. Биік-биік шыңды таулар көмкеріп тұрған дәл осы Қояндының жазығы секілді ғажап жайлаулары бар. Қысы-жазы ерімейтін мәңгі мұзының бауырынан жаратылған бұлақтары лақша секіріп отырып, біріне-бірі қосылып, өгізше өкірген өзендерге айналады. Ол өзендер ашуланған кезде, осы өзіміз отырған киіз үйдей тастарды оймақтай лақтырып, допша домалатады, -деген кезде үш бала пейілмен тыңдап отырды.
«Неткен бөспе, мақтаншақ едің» деді іштей Бақтияр.
Әміренің құлағына өгізше өкірген өзеннің дауысы келді.
Алпысбай нағашысы айтушы еді «Ақыр заман болғанда, таулар құлап құмға айналады, шөлдер төңкеріліп теңіз толқиды». Мынау сондай сурет шығар деп топшылады Жұмат.
— Алты ай қыста қалың қар түсіп, асуларды жауып, жолдар кесіліп, ауыл мен ауылдың арасы қатынаса алмай қалады, — деді Құдайберген қымыздан тағы бір жұтып қойып. – Малды мал, адамды адам сағынады. Сонда жаз жайлауда шұрқырап қосылып, қимай айырылысады. Ат жарыстырады, палуан күрестіреді. Жүйріктің аты, жігіттің даңқы шығады. Бір озған ат тағы озса, бір жыққан жігіт әмсе жықса деп тілейді. Аттың тұяғы тозады, батырдың буыны босайды, — өмір бір орнында тұрар ма? Бірақ пенде шіркіннің қанағат, тәубасы аз ғой. Болған үстіне бола берсін, және бәрі менікі болсын дейді ғой.
Хош, бәйге ат жөнінде әңгімені айтам деп отырып, басқа сарынға түсіп барамын.
Кім дәл айтсын, сірә, осыдан жүз жыл шамасы әріде Дәурен деген бай өтіпті. Дәулеті – ылғи көк ала жылқы екен. Басқа түсті малды өзгеге беріп жібереді, не сойысқа салады. Айғырлары үйірінен шығын бермейді, аузын айға білеген көкжал қасқырларды тепкілеп отырып, қуып тастайды екен. Бақ қонғанда, оны күзететін ырыс, береке, бірлік қоса бітпей ме?
Сол Дәурен асарын асап, көрерін көріп, жасарын жасап, жасы тоқсанға іліккенде: «Бұл ғұмырда арманым жоқ. Тәңірім тілегімді қабыл алып, сұрадым – мал берді, сұрадым – нәсіл, ұрпақ берді, ұлым – Ұрымда, қызым – Қырымда отыр. Қыран құс, жүйрік тазы, бәйге ат – тіршіліктегі көз қуаныш, көңіл жұбанышым болып еді. Үш жүзге сауын айтып, хабар беріңдер. Биыл жазда Ақ саздың жайлауында тіршіліктегі соңғы қызығымды көрейін. Ат жарыссын, палуан күрессін», — дейді.
Осы тұста Ақтамақ:
— Пой, жарықтық-ай, — деп қалды. Қашан қуырып үлгергені белгісіз, ащы, қара қуырдақ алып келді:
— Қаймаққа қуырғансыз ба, тіл үйіріп барады, — деді Бақтияр.
— Ас болсын, қарбытып алыңдар, — деген Ақтамақтың өңінде жадыраған, жылы шырай бар. – Өй, ұлдар, қысылмаңдар. Әңгімені тамаққа тойып алып, тыңдаған жөн болады.
Қуырдақты жеп, қымызды іше отырып, Құдайбарген әңгімесін жалғастыра берді:
— Содан, жарықтықтың соңғы тілегін орындау қамына кіріседі. Бірталай өңірге хабар жеткен соң, Дәурен ақсақалдың екінші кесігін жариялап, тағы шапқыншы кетеді: «Жеті жүйрікке бәйге бар: бірінші келгенге – жүз жылқы, екіншіге – жетпіс бес жылқы, үшіншіге – елу жылқы, төртіншіге – отыз жылқы, бесіншіге – жиырма жылқы, алтыншыға – он бес жылқы, жетіншіге – он жылқы. Барлығы жүлдеге үш жүз жылқы тігіледі. Бәйгеге үш жүз жүйрік ұрықсат».
Дәурен ұрпағы өскен, немере-шөберелерінің өзі жеке-жеке ауыл болып кеткен, қордалы, жан-жақты тамырын тереңге жайған кісі екен. Мына хабар шар-тарапқа мәлім болғанда, кейбір балалары қабақ шытып: «Әкеміз қартайғанда ел-жұртқа, алты алаштың баласына күлкі болайын деді ме? Қасықтап жинаған дәулетін, о дүниеге аттанайын деп отырып, ұрпағы, нәсілі, мұрагері жоқ кісіше желге шашып жіберейін дегені не қылғаны екен», — десіп, ақырында іштеріндегі бас көтерер, сөз ұстаған үлкенін әкелеріне жіберіпті. Оның айтқаны: «Әке сауын айтыңдар, бәйге берем дедің, айтқаныңа көндік. Келген-кеткен қонақты күту, ат-шапан, сойыс – бұлардың өзіне талай мал кетейін деп отыр. Оның үстіне өзімізден шығарып, қосатын қылқұйрық жоқ; ылғи сенімсіз, көздің үмітін ғана қытықтап жүрген, сапасы беймәлім, санда ғана жүрген жүйріктермен үш жүздің басы қосылатын ұлы дүбірге барып, масқара боламыз, әке. Мынадай бұрын естімеген көп жүлде үшін кімнің көзі қызықпайды дейсіз. Табаны қызса тай озар, арқасы қызса, ат озар, тегіне тартса, тұлпар озар, небір сәйгүлік дүрілдеп шыққанда, масқара болып, жерге қарап қаламыз ғой, әке. Әйтпесе, тәйірі, үш жүз жылқыны бір боранда бір сайда бір ұялас қасқыр да қырып салушы еді ғой. Балаларыңның сәлемі осы». Сонда Дәурен айтты дейді:
— Тоқ етері, сендерді қинайтын намыс па, мал ма? Аларда алмаң-жалмаң, берерде безгек-түйнек боп отырсыңдар ма?
— Айттым ғой, намыс деп.
— Ендеше, Көкқасқа атты әкеліңдер жылқыдан.
— Ойбай-ау, әке-әу, қартайды ғой, лақса-лақса.
— Әкеліңдер дедім, әкеліңдер. Өзім жаратам. Екеуіміздің ең соңғы қызығымыз да, мазағымыз да осы шығар!
Сөйтіп, сөз тамам болады.
Әкелерінің айтса бір бетінен қайтпайтыны белгілі. Әрі ойлап, бері ойлап, ақыры шешкендері: Көкқасқаны әкесінің қолына әкеп табыс етеді, өз беттерімен Дәурен ұрпағы болып жеті атты және жарата бастайды.
Ал Дәурен болса, қасына үзеңгілес ескі көз, үш досын ертіп, Алатаудың жан баспайтын терең сайына көшіп барып, Көкқасқаны баптаудың қамына кіріседі. Дәурен айтыпты:
-Көкқасқаның суып қалған қанын қыздырып, жақсы күндеріндегідей жүрегін соқтыру сенің мойныңдағы парыз, — депті қаршығадай ғана кішкентайлығы үшін «Бармақ шал» атанған досына.
Дәурен айтыпты:
-Көкқасқаның жарыла бастаған тұяғын қорғасын құйғандай бәйгелі күндеріндей етіп шығару сенің мойныңдағы парыз, — депті іліп түсер өткірлігі үшін «Қармақ шал» атанған досына.
Дәурен айтыпты:
— Көкқасқа шапқан кезде үстінде отырған бала соққан желден жаурап кететін болсын. Сол сенің мойныңда парыз, — депті қолды-аяққа тұрмайтын шапшаң жүрісі үшін «Қаңбақ шал» аталған досына.
Төртеулеп жүріп, Көкқасқаға тамыр шөп жегізіп, ақ биенің сүтін ішкізіп, бас бұлауға түсіріп жаратыпты. Бұл кездерде тамақ істеп беретін бақыршыдан өзге тірі жан бұларды көрмепті.
«Шіркін-ай, деп ойлады Жұмат. Желжиренге осыларды жасар ма еді. Тамыр шөп деген немене екен? Біздің жерде ол өсе ме? Құдайберген ағадан сұраса, әңгімені бөлдің деп ренжиді ғой. Неге ақ биенің сүтін береді? Белдері құяң болғанда кеншілер тасты қайнатып, пора-пора терлеуші еді. Атты да солай терлететін болған-ау, шамасы».
Бақтияр ойлайды: «Барлық шабатыны үш жүз ат. Тігілген бәйге үш жүз ат. Жеті атқа дейін жүлде беріледі. Дәулеттің үш досы бар. Үш, жеті, үш жүз – басқа санды неге таңдамаған».
«Үш жүз ат бірден жөнелгенде қандай жолға сияды, қандай шаң көтеріледі, қандай дыбыс шығады», — деп ойлады Әміре.
— Сонда, — деп дауысын кенеді Құдайберген, — айы, күні толып, уәделі мерзім жетеді. Ақсаздың жан-жағын мәңгі мұздан дулыға киген таулар қоршаған салқын жайлауында ұлы дүбір басталады. Дәл осы Қояндының жәрмеңкесі секілді болса керек. Жағалай тігілген ақшаңқан үй, тау-тау желінген ет, өзен болып аққан қымыз, гу-гу әңгіме. Жұлдызшы аспанға қарап, зу етіп аға жөнелген жұлдызды нұсқап: «Кеңтанау озады деген осы», — деп күбір-күбір етеді. Жауырыншы жаңа ғана сойылған қара қойдың жауырынына тіс тигізбей, етін сыдырып алып, «Заулап келе жатқан Ақтабан сенікі ғой, тәңірім кесапаттан, қырсықтан сақтаса, жүлдеге ілінді», — деп түсі бұзылып сарнап отыр.
Құмалақшы құмалақты шашып жіберіп, тесіле қарап «Айттым ғой, саған, алғашқы топта Шалқұйрығың. Мынау соның дәл өзі, алды ашық, құйысқаны берік, айылы тартулы. Тойға дайындала бер», — деп төндіріп, сендіріп айтады.
Әр атыраптан келген неше түрлі дәмелі, атақты жүйріктерді көріп кел, сыншы атанған білгір адамдар сынап жатыр. Жылқының алды-артын бір айналып шығуы мұң, сөйлеп қоя береді. Жасы қаншада, неше рет бәйгеге шапты, қанша жүлде алды, неше шақырымға жарайды, кемістігі неде, қалай жаратылған, — осының бәрін қолмен ұстап, көзбен көргендей етіп айтып береді.
Кейбір аузы ауыр, тұңғиық кісілер екі-үш айналып шықса да тіс жармайды, бар болғаны не сәл қабақ шытады, не сәл жымияды. Жаратқаны қайсы, жаратпағаны қайсы – белгісіз. Тек өз оратсына барғанда ғана не «қауіпті екен, не одан қорықпаңдар» дейді. Бәсеке, ерегес ауылдар бұл сөздердің астарындағы мағынаны езбелемей-ақ түсіне қояды.
Бәйге аттарға жабу, кілем жауып, кекіліне, құйрығына қызыл байлап, алаңға шығара бастайды. Үстіндегі балалардың басын орамалмен тарта байлап, белдерін қынап қойған. Қаншырдай қатқан, мейіздей кепкен жүйріктер оқ жыландай сусылдап, ойқастап жүр.
Лапастың астында, көлеңкеде тұрған Көкқасқа аттың бәйгеге қосылатынын соңғы сәтке дейін Дәуреннің өзі және үш досы, жеті ұлынан басқа ешкім білген жоқ. Жарысқа түсетін аттарды түгел көріп, бәрінің сырын алған, қайсысын не тосып тұрғанын сайратып бере алатын, бірақ ләм-мим деп, ешкімге тіл қатпаған Жауырыншы төменгі ерні салбырап, алқам-салқам болып тұрған Көкқасқа атты көргенде, көзі жайнап, бетіне нұр ойнап шығып:
— А-а, мұнда тұр екенсің ғой, тұлпарым. Кәрілігіңнен басқа мінің жоқ. Мүсініңе болайын. Жаратушыңа болайын. Тіфа-тіфа, тілім тасқа, иеңді абыройға бөлеп, қарақшыдан өтіп барып, жығыларсың-ау, — дегенін байқамай қалды.
— Әй, сен не дедің? – Көкқасқаның жанында тұрған тоқсандағы Дәуреннің мына сөздері Жауырыншыға атқан оқтай қадалды. «Әлгі сөздер аузымнан қалай шығып кетті, мал иесін шошындырдым-ау, кием соғар ма екен», — деп тіксініп қалды. Түк естімеген адамша кете бермек еді, Дәурен кес-кестеп, жолын бөгеді.
— Қырықтың бірі – Қызыр деген. Жақсыдан – шарапат, жаманнан кесапат. Көзіңнен де, сөзіңнен де қорықтым ғой. Сен не дедің, бәтір-ау?
— Бөтен адам, көлденең көк атты құлағы шалған жоқ. Мал иесі сіз бе едіңіз? Айыпқа бұйырмаңыз.
— Жақсы сөз – жарым ырыс. Көкқасқаның соңғы бәйгесінің Құдай айдап келген адал тілеуқоры сен екенсің. Ат мініп, шапан киесің. Қазір үйге жүріп ет жеп, қымыз ішесің, — деп Дәурен ұлдарының біреуін айқайлап шақырып алды. – мына кісіні бөлек, таза үйге түсір. Жақсылап күтіңдер. Бейсауат ешкім кірмейтін болсын.
Үнсіз ғана бас изесіп, екі қарт екі жаққа кетті.
Осынау ұлан-ғайыр той иесі Дәурен айтқаны қате кетіп көрмеген Сарыарқаның әйгілі жауырыншысы Жүгіней мына арық, ұзын қара екенін дәл сол сәтте білген жоқ.
Аттарды алпыс шақырым жерден жіберген екен дейді. Бағана айттым, үш жүз сәйгүлік. Алғашқыда атқан оқтай заулап, небір ұшқырлар суырылып алға шығады. Біреу – өрге жақсы, біреу –еңіске жақсы. Мың екі жүз тұяқтан шыққан дыбыс дүниені көшіріп жіберердей болады. Әбден тіс қаққан, неше түрлі қу балалар сан – алуан айла жасап, біріне-бірі бөгет қылып, кедергі келтіреді. Осы дәмелі деген аттарды ортаға алып, қамшылап өкпесін өшіреді. Кейбіреулер бәйге алу үшін емес, осындай қастандық, қиянат жасау үшін қосылған. Жиырма-отыз шақырымнан кейін талай мақтаулы аттардың төрт аяғы төрт жаққа кетіп, өне бойын тер басып, тезек теріп қалады. Түйдек-түйдек топтар енді шашылып, бесеу ара, үшеу ара тайталас, бірін-бірі титықтатып құрту бәсекесі шығады.
Алғашқыда бел ортада отырған Көкқасқа бірте-бірте үдей түсті. Екпінге екпін қосып, тынысы кеңейді. Өмірбақи шауып келе жатқан секілді көрінді өзіне өзі. Мынау дөңгеленіп аяқ астында қалып жатқан төбе-белдер, атырап-жазықтар таусылмай созыла түсер ме еді дегендей. Алдында кімдер бар, артында қалғандары қайсы, бұларда ешқандай мән жоқ деп ойлады Көкқасқа. Қызық, рахат, ләззат – бір қалыппен, бір ырғақпен үдей түсіп, кең көсіліп шабу. Буын-буыны балқып, сүйек-сүйегі ері, кең жойқын, шетсіз-шексіз дария-теңізде жүзіп келе жатқандай. Көкжиекте жібек шымылдықтай судырап тұрған сағымның ішіне енді бір ырғыса еніп кететін шығар. Ең алғаш бәйге алғаны есіне түсті.
Жылқышы тақымында жүрген кезінде ылғи көкпарға барып, ылғи қасқыр қуып, күн демей, түн демей, алқын жұлқын тірлік кешті. Бесті жасы болатын. Алатаудың қыр арқасында қазақтар Көкқайрақ, қырғыздар Көкойрақ дейтін арыстандай гүрілдеп ағып жататын тау өзенінің екі жағасына екі ел жаз жайлауда қатар қонатын еді.
Күнде қонақ, күнде кәде. Ұлдың сүндеті, шілдехана, келін түсіру – осылардың бәрінде көкпар тартады, ат жарысады, палуан күреседі, мал сойылады, табақ тартылады. Адам түгіл, мал денесін тигізсе, шілденің күні айналып жерге түскен ыстық күнінде мұздай суы қарып түсетін Көкқайрақтың суын Көкқасқа емін-еркін кешіп жүрді. Жасында сезбепті, кейін аяғының сырқырағанын сол жүрістерден көреді.
Өңкей атан жілік, піл сауырлы жігіттер бірін-бірі ала алмай, тартысып келе жатып, өлерменге жеткенде, көкпардың лағын Көкқайрақтың тас жұтып, мұз түкіріп жатқан суына лақтырып жіберді. Басқалар батпай, шегініп-шегініп тұрып қалғанда, Көкқасқа ырғып түсіп кетуші еді ғой.
Көкпардан зәтте болған соң. Темірқұл деген намысты қырғыз жігіті талай жүлде алған астындағы әйгілі Шұбар атын нұсқап тұрып: «Әй, қазақ бауырларым. Дәл қазір қырық шақырымға жарысамыз. Сендер озсаңдар қырғыздан қосылған он бес ат басы Шұбар қылып әкете беріңдер. Біз озсақ, қазақтан қосылған он бес ат басы Көкқасқа қылып біздікі».
Айтылған сөз – атылған оқ. Ерегеспен, сертпен айтылған сөз — улы жебе. Қолды-аяққа тұрғызбай шаба-шаба жөнелген. Алғашқы он шақырым Көкқасқа үшін ойыншық еді, қаңбақтай домалап кеткен. Жиырма шақырымға айналғанда, терге малышынып, өкпесі өшіп, аяқтары дірілдеп, әбден берекесі қашты. Озып жүлде алмақ түгіл, ең артта қалып, мазаққа ұшырамаудың өзі мұң болды. енді құладым-біттім, соңғы күшім сарқылды дегенде, қайдан келгенін кім білсін, жан дүниесіндегі тірі тамшылар ояна бастап, көзінің тері кеуіп, айнала қайтадана айқындалғандай болды. Тыпыр-тыпыр, арсыл-гүлсіл қолайсыз дыбыстар азайып, тұяқтың ырғақпен топ-топ өткізіп, жақсы әуен шертуге келіп қалғанын құлағы шалды. Шұбар атты басып озып, заулап өтіп кеткен кездегі рахат, мақтаныш әлі есінде. Көкқасқаның сол өнерін екі ел болып тамашалаған. Неше түрлі көрсеқызарлар келді: «айғыр үйіріне айырбаста», «қыз ал, құда болайық», «бәрібір саған бұйыртпаймыз» дегендер шықты.
Одан кейін де қанша жарысқа түсіп, не хикметті бастан кешірмеді, жаулас адамдар тұяғына, жауырынына шеге қағып жіберді, құлақ шекеден таспен ұрды, у, дәрі ішкізді. Зорлық, қастандықпен нелер қиянат көрсетпеді, бәрібір жүйрік шіркін бұйрықты, көрешек дүниесін түгел өткізеді екен. Енді болды, бәрі бітті деп, шала ұйқы, шала ояудың арасында, ескі күндердің елесіне мас болып, тай-құнандардың жастық қызығын сырттай тамашалап жүргенде, қайтаданан бәйге жүген кигізгенде «осылар мені басқамен шатастырған жоқ па?» — деп ойлаған. Бәйге ерді көргенде, Көкқасқа көзінен мөлт-мөлт жас ағызып жылаған. Ұмытқан нәрсені еске түсіру, қатып, семіп кеткен сүйекті қайта балқытып, жарату азабына көну – әй, Көкқасқаның қалай азап шегіп, қиналғанын білсе, жалғыз Дәурен білер.
Үш жүз атты мәрелі жерге қоналқаға айдап бара жатқанда да Көкқасқа шабатынына сенген жоқ, көп сапардың біріндей ғана көрді.
Үш жүз атты қатар тізіп ат айдаушы «Шабыңдар! Жолдарың болсын!» — деп қолын сілтеп қалғанда, жүрегі дүрсілдеп қоя берді, басына ыстық толқын қан атқып шыққандай көрінді. Бір сәт көзі қырауытып, аңырып тұрып қалып, жан-жағынан мылтық атылғандай, жүйріктер заулап өтіп жатқанда, өзі де суырыла жөнелді. Сондайлық жеңіл, тез қозғалды. Алғашқы шақырымдар түс пен өңнің арасы секілді нәрсе еді. Келе-келе жүйріктердің мүсінін, үстіндегі баларды анық көрді, бірте-бірте қайсысының қаншалықты қауқары барлығын таныды, көсіле-көсіле бәйге алатын сәйгүліктерді анықтады.
Құр дабырамен, дақпырт үшін қосылған аттардың көздеріндегі өлермендік алысқа бармай сөнетіндігін бұрыннан біледі. Жаратуы әбден келіскен, бір қырым арам ет жоқ, бір тамшы артық тер жоқ, тарамыстай тартылған нелер жүйріктің табиғи бітіміндегі олқылық, тәңірі бермеген қасиет олардың таудай талабын зая кетіріп, есіл еңбекті құмға сіңген судай жұтып қояды. Шабыс үшін жаратылған, аламан бәсекеге түсетін өнерді табиғаттың өзінен еншілеп алған сәйгүліктердің бабы келіспей, қыстығып, азапқа түсіп келе жатқанын көріп Көкқасқаның іші удай ашыды. Әрі бапты, әрі текті тұлпарлардың бір талайы қартайып қалған, қанша есеппен, айламен шапса да, қарақшыға бұрын жете алмас. Озбайтын жерде озған, көрінбейтін жерде көрінген жас саңлақтар дәл бұл жарыста даңққа бөленбейді, қайта заулау үшін мол қайрат керек.
Елу шақырымды артқа тастап, соңғы белестер қалғанда Көкқасқа тебіреніп, толғанды дейді.
Әңгіменің осы тұсына келгенде, Құдайбергеннің дауысы да, өңі де өзгеріп, бейнебір Көкқасқа емес, аламан бәйгеде өзі шауып келе жатқандай болып көрінді.
Үш бала – Бақтияр, Жұмат, Әміре – ауыздарынан суы ағып, көздері бақырайып, демдерін ішіне тартып, басқа дүниені тегіс ұмытып, қазықтай қатып тыңдап қалған. Ақтамақ қана орнынан тез тұрып, ши ішінен тағы да суыған ет, бауырсақ әкеліп, қымызды еселеп, асығыс сапырып:
— Шаршадың ғой, Құдайберген. Ал, тамақ алшы, — деп құрақ ұшып жүр. Көбірек бөгелсе, Құдайберген суып, шабысынан айырылып қалатындай көрді ме, немене:
— Содан, иә, содан кейін не болды екен? – деп қолқа салғандай болды.
— Бәрінен оздым, екі жүз тоқсан тоғыз аттың алдына шықтым деп ойлаған Көкқасқа. Үстінде отырған бойы бір қарыс, мысқал салмағы бар бала да қуанып, жүрегі кеудесіне сыймай дүрсілдей бастаған. Тасты жолдар артта қалып, енді былқ-былқ еткен, табанған жұмсақ, шымды беткеймен зырлап келе жатыр еді. Кәрі санасы қателескенін біліп, Көкқасқа санын бір-ақ соқты: маңдай алдында, садақ оғы жетер-жетпесте Сүйрікқара жұлдыздай ағып барады ғой. Шыққыр көзі нені көріп, алжыған миы нені санаған? Барлық сәйгүліктің дәмелі-дәмелі дегенін ат айдаушы аяңдатып, желдіріп әкеле жатқанда есепке алмап па еді, ақырғы рет қатар тұрғызып қойып, дәрет сындыртып, айылдарын тартып, балаларға суын бергенде, тағы да бәсекелестерін бір-бір көзден өткізіп, пысықтап шыққаны кәні.
Сүйрікқараның мына зауласы – алдында бәйге төбе тұрғанын білетін, даңқ ләззатын енді татам деп келе жатқан астам көңілмен арттан қуып жететін ешкім жоқ деген кекірт бейқамдық аралас паң, асқақ, өр көкірек шабыс екенін Көкқасқа ұқты; өйткені өз басынан жастықта талай өткерген хал ғой.
Әрине, күш тең емес. Айла, тәсіл, тәжірибені қатар салып отырып, ескіден қалған қасиетті шым-шымдап қосып, алға шықтым ба дегені қате болды, енді қайтпек керек? Қалайша қателесті екен? Неге қана көрмеді? Жаңа ғана есіне түсті. Бірінен-бірі айнамайтын Сүйрікқара екеу екен. Қабы да, сабы да бір – тегі бір. Бағана, артта қалдырған Сүйрікқара төртпақ, кебеже қарын болатын, алтыншы, жетінші жүлдеге ілінер, сірә. Мына екеуі бір биенің құлыны, не бір айғырдың нәсілі. Бір тұқымнан екі жүйрік қатар шауып, қатар озып жүргені қандай жақсы. Көкқасқаның есіне жалғыздығы түскенде, ылғи мұңаюшы еді. Ойбай-ау, нелерді ойлап кетті, сорлы.
Сызып барады Сүйрікқара, аспан-көк, жер-жасыл, екі ортада қара ноқат заулайды. Сүйрікқара алдыға шыққалы көп уақыт өтті. Бір қалыпты шабысқа бойы үйреніп, тұяқтары, жүрегі бір ырғаққа түскен шығар. Ең бастысы қауіп келер деген күдік сөнген оның ойында. Үміт оты осы тұста ғана жылт еткен секілді.
Қарақшыға көп қалған жоқ. Көкқасқа неде болса, Сүйрікқараны қуып жетсем деп ойлады. Оған шамасы бар сияқты. Қатарлас шабыс басталады. Қапыда келген дұшпаннан сескеніп қалған Сүйрікқара қапелімде бойын жинай алмай, кідіріп, екіпінін азайтуы мүмкін. Содан кейін! Содан кейін жас денені жас намыс, жас жігер қарамай ма? Оған төтеп берер қандай кәрілік? Тәжірибең, айлаң, тәсілің – бәрі адыра. Көкқасқа көзіне жас үйірілгенін сезді. Үстіндегі балаға қандай өкпе бар, тебініп қояды, қамшы да сілтеп жіберді, «Аруақ!» деп айқайлайды.
Жол тосқандар көріне бастады. Апыр-ай, қарулы азаматтар қазір андыздап кеп қосылып, Сүйрікқараны сүйрей жөнелер ме екен? Жігіттер ұрандап, екі қапталдан аңыратып, аруақтап шыққанда, кеудесінде шыбын жаны бар жылқы қайтадан тіліріп кетеді. Кей тұста кірпігі әрең қимылдап, ілбіп келе жатқан жылқыны демеп, тізгінін, құйысқаннан, жалдан, құйрықтан тартып көтеріп, ұшырып ала жөнеледі. Ондай көмектің Сүйрікқараға қажеті жоқ, әлі тың. Тек қиқу естілсе, атылды дей беріңіз. Көкқасқаның бойы мұздап кеткендей болды. Өмірбақи далақтап бекерге шапқан-ау шамасы, биік таудан басталып, кең даланы жарып өтіп, жойқын дарияға айналып, ақыры құмға сіңіп жоғалатын шулы өзендер болушы еді, неге екені белгісіз, солар есіне түсті. Аузына бәйгеден келіп, қазақ, қырғыздың аузына ілінген күні көз алдына келді. Кенет құлағы шулап қоя берді; Бүкіл дүние «Көкқасқа! Көкқасқа!» деп айғайлаған секілді.
Ырғып жөнелгенде Көкқасқаның үстіндегі бала ұшып кете жаздады. Көзді ашып-жұмғанша Сүйрікқарамен қатарласып қалды. Көкқасқа сәл ертерек қимылдадым-ау деп өкінді. Бұл болжағаннан гөрі қарақшы әріректе екен, күші жетер ме, жетпес пе? Төрт тұяғы төрт жақта қалып, жүрегі аузынан шығып кететін сияқты, шыбын жаны, миы ғана қарақшыға бара ма, немене? Сүйек-сүйегі балқып, еріп кететін шығар. Қарға адым жер дүниенің түбіндей созылып, жеткізбей қойды.
Сүйрікқара шошып кетті. Жерден шықты ма, аспаннан түсті ме, мына лақса, кәрі сүйек қай тағдырдың атқан оғы! Әттең, қарақшыға таяп қалғандарын қарашы, енді он шақырым жер болса, біресе озып, біресе әдейі артта қалып, әбден мазақтап сілікпесін шығарып, пышаққа іліндірер еді. Пышаққа! Кішкене тайраңдасын алжыған, пәруайсыз, кәрі сайтан. Семіртіп соғымға союдың орнына, бәйгеге қосқан. Жастардың қызығын тамашалау орнына тойымсыз көңілмен, мынадай күймен жарысқа түскен неткен қанағатсыз хайуан, кәрі қақбас едің?! Мал иесі неткен тойымсыз пенде. Шіркін-ай, қазіргі шалымы мынау, менің жасымда қалай сілтеді екен. Сүйрікқараның өзі онға келген, оймақтай жері қалмай толған. Құлынында лақша секіріп жүрді, басқалардай тамағының асты іріңдеп, сақау шыққан жоқ. Иесі тайында балаларға тасқа байлатып мінгізді, аямады. Дөненінде тістеп, жаңа тіс шыққан кезде, осал еді, соны сезді білем, ол тұста желе жортып дөңге де шыққан жоқ. Бестісінде бет қаратпады. Байқап келеді, Көкқасқа мұның ғұмырын екі рет жасаған, кем салғанда жиырмада. Тектісін-ай сабаздың, өзгелер бұл тұста тарлан тартып, бозарып, жүнжіп кетеді, тістен-тіс қалмай мүжіліп, сарқайраққа айналады, көзі былшықтанып көрмейді. Ботакөз жылқының бәрі жүйрік, қырғи көз жылқынгың бірі жүйрік деуші еді. Сол мыңнан бір шығатын қырғи көз осы болмасын. Көзіне ақ түскір, жерге кіргір кәрі қақпас қайдан шықты? Сүйрікқара қарақшыға таяп қалғанын сезіп сілтей жөнелді. Көкқасқа соңғы тамшылары төгіліп бара жатқан жыртық көнек секілді. Біреу Көкқасқаны орып жібергендей, қансырап бара жатыр. Екпіні бәсеңдей бастады. Тынысы тарылып, өкпесі өшіп барады, шыбын жаны енді-енді ұшып кететіндей, тұншығып, қыстығып, үзіліп барады.
Сүйрікқара енді толтыра бастаған мес саба секілді. Ыстық қан алпыс екі тамырды тепкілеп ағып, өне бойын қыздырып, екі қолтығына қанат бітіріп, ұшырып әкетті. Ай қанатты арғымақ-ай!
Қарақшыға ілінгенде Көкқасқаның көзінің оты соңғы рет жарқ етіп, тіршілік сәулесі сөніп бара жатты. Әйтеуір оздым-ау деп ойлады. Кісінеп жіберді. Көкқасқаның мұрттай ұшып құлағанын көргенде шошып кеткен Сүйрікқара табандап тұрып қалған.
Әңгіме осы жерге жеткенде, Әзиздің көзінен жас мөлдіреп ағып қоя берді. Егіліп, сел-сел жылап отыр. Жұматтың буын-буыны босап кетті. Сұп-сұр Бақтияр:
— Аға, сонымен бірінші бәйгені кімге берді? – деді абыржыған үнмен.
— Ойбүй, шырағым-ай, — деді Құдайберген жақтырмағандай. – Ат шауып, жарыс біткенде бәйге берілмей қалушы ма еді?
— Содан? — деді Ақтамақ өңі қуарып.
— Содан дейсіңдер ме? – Құдайберген қымыздан жұтып қойып, тамағын кенеп алып әңгіменің аяғын жалғастырды.
— Содан не болушы еді? Жер де қиқу, аспан да қиқу. Ұрандаған, аруақ шақырған ел. Біреуді біреу біліп болмайды. Уласып-шуласып жүріп, қашан соңғы ат келгенше, жөн жосықты аңғару мүмкін емес. Жарысқа түскен сәйгүліктертің бас-аяғы түгелденген соң, желдей ескен ұзын құлақ, осынау аламан бәйгде топ жарып, үш жүз жүйріктен озған, жүлде берілген жеті тұлпардың атын, кім қосқанын, қай елдікі екенін қазақтың ұлы атырабының тау-тасына, өзен-көліне, құм-беліне таратып ала жөнелді:
— Көкқасқа! Бәйгесі жүз жылқы!
— Сүйрікқара! Бәйгесі жетпіс бес жылқы!
— Ардакүрең! Бәйгесі елу жылқы!
— Шалқұйрық! Бәйгесі отыз жылқы!
— Ақтабан! Бәйгесі жиырма жылқы!
— Кеңтанау! Бәйгесі он жылқы!
— Тағы да Сүйрікқара! Кебеже қарын Сүйрікқара! Бәйгесі он жылқы!
Қарақшыға жетіп құлаған Көкқасқаның өлімін енді жарысқа келген жұрттың бәрі естіп, ардақты азамат, абыройлы батыр дүниеден қайтқандай қайғырып, қабақтары салбырайды. «Шіркін-ай, жылқы болса, осылай тусын, жаратуын қалай келістірген», — деген сөздер жастар аузынан шығып қалады. Шалдар жағы тұнжырап, Дәуренге қарап, ақырын күрсінді.
Бәйге қызығын әбден тамашалап, ішіп-жеп, қуанышқа мейір қандырып, жиналған жұрт елдеріне қайтуға дайындала бастағанда Дәурен:
— Ағайын! Айыпқа бұйырмаңдар, бір-екі ауыз сөзім бар. Жасым тоқсанға келгенде, Құдай ойыма бір нәрсе салып, ниет еттім: хабаршы жіберіп, үш жүздің баласын түгел жинап, бәйге жасауға көңілім кетті. Ниетім орындалды. Кәрі Дәурен балалардың қарсылығына қарамай, кәрі Көкқасқаны Бармақ шал, Қаңбақ шал, Қармақ шал деген құрдастарыңның көмегімен жаратып, бәйгеге қосты. Бәйге алу арман емес, ел-жұртқа, ағайын-туысқа, балаларыңа мазақ болып, айдалада тезек теріп қалмау арман еді. Күні кеше аузымен құс тістеген, желден озған Көкқасқаның масқара күйігін көрем-ау деген қорқыныш, неге ғана жануарды зорладым деген үрей бар еді.
Көкқасқа, иманың кәміл болғыр, тұлпарым, бәйгеден келді. Мен не дейін, ұзақ жасайтын шалдарың, ұзақ шабатын тұлпарларың көп болсын, ағайын. Көкқасқа бәйгеден жеңіп алған жүз атты жүз рудың ақсақалына мінгіздім, — деді.
Топтың ішінен сақал-шашы аппақ қудай, жасы жүзге келген Арыстан ақсақал шығып:
— Бауырым Дәурен, ниетіңе рахмет. Сен бізге берсең, саған Құдай берсін. Көкқасқаның бәйгесінен мінген жүз ат қазақтың ауыл-ауылында мыңдаған Көкқасқалар тууына жоралғы болсын, — деді.
Жұрт тына қалған еді. Осы кезде қалың нөпірді жарып, ортаға Жүгіней жауырыншы ұмтылды:
— Әлеумет, датым бар. Көкқасқа бәйгеге шаппай тұрғанда, ат мініп, шапан киіп едім. Дәл осылай боларын шыққыр көзім күні бұрын көрген-ді. Батыр өлсе, төбе басына қойып, дұшпандарынан биік жатсын дейтін салтымызды бәйге атқа да қолданайық. Үш жүз аттың алдында келген Көкқасқа батыр емей немене? Маған салса, Көкқасқаны ақ жуып, арулап көму керек.
Сөйтіп, Көкқасқаның бас сүйегін жүз жылдық қарағайдың діңін ойып қойды. Қазірге дейін сол қарағай бар екен. Сынып, шор болып біткен дене секілді. Көкқасқаның бас сүйегі қарағаймен қарағай болып кетіпті, бұлтиып көрініп тұрады екен. Ал Ақсаздың жайлауын сол бәйгеден кейін Көкқасқа аттың жайлауы атап кетіпті, халық. Менің албан Ағымсары Қожахмет шалдан естіген әңгімем осы, — деп Құдайберген сөзін тамамдады.
-Құдайдан қайтсын, Құдайберген, Тасболат шаңырағының астында мұндай пәтуалы сөз өрбімегелі көп болып еді ғой. Мына ұлдардың құлағында ғана емес, жүрегінде жүретін әңгіме айттың. Албан шалды таба алсаң, осында әкелші. Жарықтықты бір сыйлап, малдың басын жегізіп жіберейін. Мынадай өсиетті әңгіме айтып жүрген Алла тегін жаратқан кісі емес білем, — деп Ақтамақ ризалығын білдіріп жатыр. – Міне, ет те пісіпті. Жақсылап тойып алыңдар, содан кейін Құдайберген ағаларың үйлеріңді тауып береді.

519568_1608728558_______________Рымғали Нұрғалиұлы, «Ай қанатты арғымақ» романынан үзінді.

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.

error: Content is protected !!