Нұрлан СЫРАЙЫЛҰЛЫ: Көкпардың қызығына қанбайтын кездер болады!

7444

Nurlan HkalykhbaebОңтүстік өңірге аты танымал көкпаршы-палуанның бірі Халықбаев Нұрлан Сырайылұлы. Нұрлан 1969 жылы тамыз айының бірінші жұлдызында Қазығұрт ауданы, Қарабастау елді-мекенінде дүниеге келген. Бір құрсақтан бес ұл, екі қыз өсіп-өнген. Бүгінде Нұрекеңнің өзі екі ұл, екі қыздың әкесі. Нұрлан палуанның жұлдызды жылдары 1993-95 аралығында өтті. Осы кезде «Тайлақ» көкпар командасының капитаны болды. Қазірде осы көкпар маңынан ұзап кеткен жоқ. Жас көкпаршыларға ақыл-кеңес беріп, ұлттық ойынымыздың қарқынды дамуына үлес қосып жүр. Осы орайда, атақты шабандоз-көкпаршымен өткізген сұхбатты жариялап отымыз

–Нұреке,көкпарға қызығушылығыңыз қалай басталып еді?
–Нақты айта алмаймын. Ес біліп, ат жалын тартқалы үлкенді-кішілі көкпарлардан қалмайтынмын. Шалғай көкпарларынаүлкендерге ілесіп,маңайдағы көкпарға тай, жабағы, құнандармен баратынмын. Ол кезде ауылға қонақтар көп келетін. Қонақтар көкпарға шықпай қайтсын ба? Біздерге кейде ат жетіспей,тіптіер- тоқым тимейтін. Сол кезде апамызға байқатпай бір көрпешік алып шығып,зытып қалатынбыз.Үш-төрт баланың басы қосылса қарап тұрмайтыны белгілі.Тайларымызды жарыстырамыз, қап көкпар тартамыз. Сөйтіп жүріп әлгі көрпешікті жоғалтатынбыз. Іздеп жүруге уақыт жоқ, тартыс қызып барады. Кейде үлкендербіздерге қызығып шабылған серке тастайтын. Серке тасталғандағы көкпардың қызығынтілмен айтып жеткізу мүмкін емес. Аптасына екі-үш рет тай көкпар ұйымдастыратынбыз. Қар, жаңбыр біздерге бөгет болмайтын.Үлкен көкпар, бала көкпар болсын үсті-басымыз пәре-пәре, бет-ауызымызкөгеріп қайтатынбыз. Ол кездегі арман, қиялымыздың барлығы да тек көкпар. Шабандоз болуға жетелеген де сол бала арман. Ұшқыр қиялдың жетегінде қаншама түндер ұйқысыз өтті десеңші. Қиял жәй қиял емес-ау,кәдімгідей кейіпке енетінбіз.
Осы жасқа дейін ойламаппын, неше жасымнан көкпарға қызықтым, қалай араласып кеттім? деп. Ес білгелі көкпармен біте қайнасқандықтан, көкпар –мен үшін домбыраның қос ішегі іспеттес. Ендіойлап отырсам–көкпарға қызғушылығым үлкендерге ілесіп,артына мінгесіп жүрген уақыттардан, апамның көрпешігін жоғалтатын кездерден басталған сияқты. Қиял жетегінде атқан таңдар, әсерден шыға алмай жүрген сәттер бәрі де соның айғағы деп ойлаймын.

-Бала арман қаншалықты орындалды?
–Аллаға шүкір! -толықтай орындалды десем де болады. Бүгінде балалық шаққа қиялмен жиі саяхаттайтын болып жүрмін- шал болайын дедік пе, әлде болып қалдық па?

-Үлкен додаға қалай келдіңіз?
-Бірден үлкен көкпарға араласу мүмкін емес қой. Ең әуелі тай көкпар,есек көкпар, қап көкпар, бала көкпардан бастағанбыз.Соңғы кезде осы күнге дейінгі ғұмырымды кезең-кезеңге бөліп, көз алдымнан өткізіп отырамын. Керемет ойшыл болмасам да өз-өзімнен есеп алып қоямын.
Бала күнімнен үлкендермен көп жүрдім. Айтқандарын құлаққа құйып, өз көзімізбенкөкпарды қалай басып, қалай тартып бара жатқанын көріп, санамызға сіңіріп өстік. Сол көрген-естігенімізді бала көкпар,өлмес көкпарларда қайталайтынбыз. Үлкен көкпарға өткелі жүрген уақыттағы соңғы жаттығулардың бірі -үлкен көкпарда мәреге апарып тастаған серкені ортаға алып келу болатын. Оның өзі тартыстан-тартысқа ұласып,ақыры тойбасшының айқайыменсеркені әрең алдыртатын. Осындай кезеңдерден соң үлкен көкпарға қалай өткеніңді байқамай да қаласың. Кез-келген шабандоздың бұл кезеңнен өтетіні анық.

–Алғашқы салымдар, қалай, кімнің атымен салынды, оған тігілген бәйге жайында еске түсірсеңіз…
— Есіме түсіре алмай отырмын. Үйде жүрісі жақсы, ұзын белді, орта бойлы арба аты бар-тын. Нұржанның аты деп қоятынбыз. Нұржан–інім ғой. Өзі қарап, ер-тұрманын түгендеп жүретін. Көкпарда ат демін алдырғанда, ат ауысқанда үзілістер болып тұрады. Кейде абыр-сабырда сол арбакеш маған тиіп қалатын. Әне-міне басқа атқа ауысамын деген оймен тартпасында тартпайтынмын. Қайдан, қалай келетінін қайдам сол атпен ойламаған жерден салым салып кететінмін. Мұндай жағдай жиі қайталанатын. Кейде қандай атқа мінсеңде қол жүрмей, кешке дейін салпақтап жүргенің жүрген. Тіпті көкпарға жете алмай әлексің. Ызаң келеді. Кішкене демалайын деп сол атқа мінсем болды көкпар өзі келетін. Сөйтіп жүріп сол атпен талай салым қоржынға түсті. Ауылдың үкілеп қосып жүрген бүткіл аттары мәре көрмей қайтқан көкпарларда сол арбакештің қанжығасы майлы болатын. Оның ішінде өзімнің де атым бар. Бір қызығы ол аттың салымы жайында ешкім сөз қозғамайтын. Себебі кездейсоқ дей салатынбыз. Ал көкпарға бапталып жүрген аттардың бірімен салынған салым болса келесі көкпарға дейін жыры таусылмайтын. Ол атқа деген халықтың көзқарасы да өзгеретін. Жас кезде еш-нәрсенің байыбына жетіп ойланбайсың ғой. Сол атты бағып-қағып, бабына келтіріп көкпарға қоссақ ше? Қап, әттеген-ай! не деген тұлпар болар еді?! Қашанғы кездейсоқ бола берсін? Негізі бармақтай бағы бар жануар екен ғой. Той көкпарларда салған алғашқы салымым да сол арбакешпен салынды-ау шамасы.

-Таңдай қақтырарлық оқиғлалардан айта отырсаңыз…
-Бұрынғы көкпарларда қанша салым болсын, кім, қалай салсын бәрі де таңдай қақтырарлық салым екен ғой. Оны енді біліп жүрміз. Елді қайран етіп мәреге жеткізудің түрлі жолдары болатын. Атың ұшқыр әрі басы қайым болса айдап бара жатып орнынан бір қайырып қайта айдайтынбыз. Біз жақтың жері ойлы-қырлы келетіндіктен көкпархана да сондай жерлер. Жоғарыдан төмен қарай шауып келіп не доданы сайға қарай сүріп кеп шеңберге тастағандағы көріністер таңдай қақтырмай қоймайды. Кейде әдейлеп жоғарылатып барып, мәренің тұсынан төмен қарай айдайтынбыз. Мұндайда алдыңнан ешкім көлденең тұра алмайды, қаққыштардың да қауқары жете бермейді, ең рахат мезет осы сәт. Бір уақыттар болады көкпарды ерекше сағынасың, құмарың қанбай, қызығына тоймайсың. Кейде қандай көкпар болмасын салымға қол жеткізетініңді сезесің. Сондай ерекше көңіл-күйде жүргенде сәл керме болып қалса тақымдағы көкпарды тастай салып, ат ауыстырып келіп қайта еңкейіп басатынбыз. Солай салым салған күндер болды. Соның барлығы таңдай қақтырарлық салымдар.
Қай той екені есімде жоқ, 1994 жылы Қазығұрттың баурайында екі күндік үлкен көкпар болды. Бәйгеге тігілген малдың санында есеп жоқ. Бата бергенге де, ана ауылдың, мына ауылдың қариясына да бір-бір қойдан үлестіріп жатыр. Халық өте көп жиылды. Тау, төмен шабандоздары тегіс. Екінші күні түс ауа соңғы салымға аттарды дайындау басталды. Соңғы төрт, бес салым қалғанда шабандоздар тың аттарға мініп көкпар қарқынын үдетті. Соңғы екі салымы Ғафур палуан екеумізге бұйырыпты. Соңғы салымның алды көкпар маған тиді. Бірі секіртіп ат салып, бірі тартып жатыр, бірі жарайсың, отыра бер, деп демеп кетеді. Кімнің жәрдем етіп кімнің тартып жатқаны беймәлім. Атта, өзімде әбден шаршадым. Қысқасы көкпардан айырылып, ішім у дай ашып додадан шықтым.
Дем басып, сырттан тамашалап біраз тұрдым. Аттардың ырсылы, шылау сыртылы, ауыздықтардың қышыры, сарт-сұрт қамшының дауысы бәрі де көкпардың көрігін кіргізуде. Мынадай жан алысып, жан беріскен айқаста серкеге қол жеткізудің өзі талайға арман-ау, деп өз-өзімді жуатқансимын. Тер басыларда ат ауыстырып қайта додаға ендім. Көкпар көтерілген, кермеде көк серке жан-жақтан керілген. Тәуекел деп байыппен ұмтыла бергенімде жоғарыдан төмен екі ат бірінен соң бірі доданы тіліп өтті. Көкпар жерге сылқ ете түсті. Өзіме де керегі сол, шылауды қағып жібердім. Діттеген жерге жетіп барды жануар. Әдетте серкені көтергеннен соң атты айналдыратынмын, бұл жолы серкенің үстіне жетер- жетпес айналдырып жібердім. Екпінмен барған ат жамбасымен айналасындағы аттарды кішкене шегіндірді. Сол сәтте көкпарды көтеріп, тақымға бекітіп үлгердім. Бағытты мәреге қарай туралап тоқтамай айдай бердім. Мұндай қалыңда жеке-дара салу қайда? Додамен жайлап қана сырғып барамын. Бастысы той басы жалауынан ауытқымай келем. Мәренің үстіне барғанда тойбасының жалауы түсіріліп, «таста-таста» деген дауыс естілді. Көкпарды босаттым. Бұйырып тұрған екен, салым салынды.
«Шымкенттегі Әбдімәжіттің атымен тау палуаны Нұрлан тастады» деп микрофонмен хабарлап жатыр. Тер басқалы шеткеректе кідірдім. Екі көзім орталық алаңда. Соңғы салым аталды. Ол кезде көкпар ә дегеннен көтерілмейді ғой. Мінбе алдындағы соқ-соқ жарты сағатқа созылды-ау шамасы. Бір кезде сайға қарай басын қайқайтып, құйрығын қадап, атылып-атылып жеке бір ат шықты. Көкпар сол жағында. Қас қарайып қалған. Шамамен екі жүз адамның атының басы бері қарай бұрылды. Бар жылдамдығымен бара жатқан аттың бұрылып жатқандағы көрінісі қандай ғажап. Көкпары жерге тиіп барады. Тіпті бір мото жарысы дерсіз. Сондай қауіпті сәтте үстіндегі шабандоз шірене арқасын алды. Сонда ғана Ғапекең екенін таныдық. Себебі мұндай қауіпті трюктің қас шебері тек Ғапекең ғана-тын. Өрге қарай құйындап келеді, бел ортаға жеткенде жылдамдық бәсеңдей түсті. Тосып тұрған қағушы-тартушылар жан-жағынан арадай талап, дода болды. Дереу жәрдемге жеттік. Артын алып, алдын ашып жатырмыз. Әр жер, әр жердода тоқтап біраз тартыс болып қалады. Шамамен мәреге қырық-елу қадам қалғанда дода аяқ баспай тоқтады, тартыс үдеді. Ғапекең көкпар жағына жатып алған. Артын алу мүмкін емес, айналып кеп көкпар жағынан, төменнен жоғары қарай қайта-қайта атты саламын. Жануар тіліп өтеді. Сол кезде астымдағы аттың мықтылығына тәнті болдым. Себебі алдыңғы салымда да жарты сағаттан астам қалың дода ортасында жүрдім. Не деген шаршамайтын ат, десеңші. Біраздан соң Ғапекең басын көтеріп, артын өзі алды да жалдан қамшы басып «айт-айт!» деп додадан зып беріп, суырылып шығып кетті. Еш атқа жеткізбей мәреге жеке тастады. Сол ат қателеспесем Мархабайдың ақтанау қарасы еді-ау шамасы. Ол уақытта салымдардың барлығы да сондай ауыр еңбекпен салынатын. Бес минутта барды-келді салым мүлде болмайтын.

-Құр алақан қайтқан кездер болды ма?
-Ия. Бәр тойдан құралақан қайтпадым деген сөз шындыққа жанаспайды. Ондай шабандоз жоқ. Себебі бір көкпарда ары барғанда он бес салымға дейін салынатын. Кейде төрт-бес салыммен той тарқайтын. Ал қаншама шабандоз бар?

-Командалық көкпарда өнер көрсеткеніңізді, 1993-95 жылдар аралығында«Тайлақ» кокпаршылар командасының капитаны болғаныңызды қазіргі қауымның біле бермесі анық. Сол жайында әңгіме өрбітсек …
-1993 жылы Саттархан Әбдәлиевтің жетекшілігімен Алматыда, республикалық жоғары спортшылар даярлау мектебінің «Тайлақ» көкпаршылар командасы құрылды. Команда құрамына Маханбет Шалабаев, Саттар Салыбаев, Бақытжан Сламбаев, Полат Медеуов,Раушанбек Ақбердиев, Берікбай Досқұлов,Әбдіқаһар Қиянтаев сынды ОҚО жас шабандоздары алынды. Команда капитаны етіп мені сайлады. Жетекшіміз де, жаттықтырушымыз да Саттархан ағаның өзі. Алғашқы жарысымыз 1993 жылы көкпар тойы «Тайбурыл»-дан басталды. Сол жарыста екінші орын алдық. Командалардың барлығы мықты жігіттерден жасақталғандықтан «Тайбурыл» тойы біздер үшін қиынға соққаны рас. Мықты дейтінім: «Тайбурыл» командасы Үсен Сариев, Лашкер Әбдәлиев, Мадияр Имашев,Тұрнияз Әлібеков сынды Кеңес Одағының чемпиондарынан құралған.
«Сырдария» командасы Нақып Сейданов, Ерғали Сүлеев, Алиакбар Үсіпбеков, Оспан Әбішев, Темірхан Ділдәбеков, Әбілқасым Құдайбергенов, Орынбай Дүйсенов, Бақтияр Үсіпбековсынды Орта Азияны мойындатқан палуандардан құралған.
«Әулие Ата» командасы Ағабек Момынов, Бахыт Сейтбеков, Бахыт Рықбаев, Иса Рахимов, Ақылбек Сейтов, Қалман Нәлібеков, Күліпбай Момынов, Әнуар Жұмағұлов, Бақыт Ақбаев, Нұрлыбек Сейтов, Асқат Момынов, Әліхан Мұратов, Темірхан Тұрсынбаев сынды қырғыз-қазақты шулатып жүрген палуандардан тұратын.
Ақтық сайыстағы«Сырдария» командасымен өткен соқ-соқ, тартыс, қағыс әлі күнге көз алдымда. Бірінші орынды«Сырдария», екінші орынды «Тайлақ», үшінші орынды «Тайбурыл», төртінші орынды «Әулие ата» командасы иеленді. Жарыс аяқталған соң «Әулие ата» командасының жаттықтырушысы Нәби Момынов сөз алып,тойды ұйымдастырушы, қатысушы, көрермендерге алғысын білдіріп сөз соңында: «Біз жақта серкенің артқы екі сирағын қосақтап байлап тартады, мынандай көкпар біздің жігіттер үшін таңсық. Амандық болса, алдағы уақыттарда «Әулие Ата» командасын ұту арман болады»деп еді. Айтқанындай, осы күні «Әулие Ата» командасы Қазақстанның бірнеше дүркін жеңімпазы. Бұл команданы ұту талайларға арман екені рас.

-Әлі күнге көкпар десе делебеңіз қозып, қайнаған, соқ-соқ дода ортасынан табыласыз. Көкпардың жілік майын шаққан шеберсіз, оған ел куә. Маман ретінде жаппай көкпар мен командалық көкпардың бұрыны мен бүгінгіндегі айырмалықтарды қалай түсіндірер едіңіз, әлде айырма жоқ па?
– Айырмашылық жетіп артылады. Бұрынғы жаппай көкпарлар қағыс, тартыс, ерегісіп шабысатын шабандоздардың өнерімен өте қызықты-тын. Тартысты екені соншалық жарты сағат, бір сағатсыз салым салынбайтын. Ерегісіп тартысу-қазіргі күнгі ерегіс емес, нағыз мықтылардың үн-түнсіз жекпе-жек тартысы. Жұрт: ерегіс тартыстың аталары деп тұрбаттық Сәйділлә мен жетісайлық Жексенбай палуандарды айтатын. Бұл екеуінің аяқ айқастыра асырып, екі тарапқа тартқан тартысына ешбір жан араласпай, әр қимылын мүлт жібермей тамашалайтын-екен. Бірде Жексенбай ұтса, бірде Сәйділлә ұтатын болған. Қазіргі күнде ерегісіп шабысу қайда, тіпті ондай түсінік те жоқ. Ол заманда неге тарттың, неге қақтың, демейтін. Керісінше «Әкең болса да аяма!» деп шабандоздардың арқасын қоздырып, қиқу салып көкпарды қыздыратын ұрандар болатын. Ал қазірше, қазір тартыс, қағыс жоқ болғандықтан көкпардың қызығы кетіп барады. Ат айналдырып, додаға бірін-бірі жетектеп кіргізіп, ат салғанға ала көзбен оқырая қарап, серкені тартсаң жанжалдасып, көкпарды жекешелендіріп алғандай жаға жыртысуға дейін барады.
Ең сорақысы серкені түрлі тәсілдермен ердің қасына байлап алу кеңінен тарап барады. «Астарлап айтқанда көкпардың жұлынына құрт түсті» бұл кесел өте қауіпті. Қайсы бірімен айғайласып, берекеңді қашырып жатасың? Сөздің мәнін ұғатын, көкпардың қадірін түсінетін, санасына жетелі сөзді сіңіре алатын жастарға ақыл-кеңесімізді әрдайым айтып жүреміз. Ал, жастықтың алдамшы дүниенің буына мас болып, осы шақ басымда мәңгі тұра береді –деп жүрген жетесіздерге Алла ақыл берсін! Күндердің күнінде көкпар –еріккеннің ермегі емес, ұлт құндылығы, текті бабаларымыздың текті ұрпаққа қалдырған қасиетті мұрасы екенін түсінер …
Көкпарға жай спорт деп қараушылар көкпарға түрлі бәлекеттерді енгізіп бітті. Көкпардың мәнін түсінбей, бабалар аманатына қиянат жасалып жатқанын сезсеші, шіркін!
Дана бабаларымыз қандай қиыншылықтарды бастан кешсе де көкпарды ұрпақтан-ұрпаққа қаз қалпында жеткізіп отырды. Сондай қиындықтардан аман-есен біздерге жеткен асыл мұра, бабалар аңсаған тәуелсіздіктің тізгіні қолға тиген заманда осыншалықты кеселге ұшырап жатқаны жаныма батады. «Жаман айтпай жақсы жоқ» бұл да бір өткінші кезең болар …
Ал, командалық көкпардағы басты айырмашылық қазандықта. Негізі қазандықтың пайдасынан зияны басым. Әсіресе аттарға обал. Кейде ой келеді «ережені жылқыға техника ретінде қарайтындар жазған ба?» деген. Себебі қазандыққа аттар қалай бармасын міндетті түрде аяқтарын, омырауын соғады және арқа жақтан келген дода ортадағы атты қазандыққа сығып жібереді. Қазандық қиғаш етіп жасалғандықтан зып етіп шығып кете алмайды. Нәтижесінде аттың қабырғасы зақымдалады. Шлакоблоктан немесе лайдан жасалған қазандыққа аяғы, омырауы соғылып, қабырғасы езілген аттардың денсаулығы қайбір оңсын? Тіл жоқ байғұстарда. Адам тілінде сөйлемесе де қас-қабағына қарап, қиналғанын аңғару қиын емес. Жеке дара барған аттардың өзі қазандыққа соғыспауы кемде-кем. Мұны түсініп жатқан жан болсашы. Түсінсе де амал қайсы? Ереже солай. Қазандыққа соғылған аттың денсаулығынан он мың аттың арасындағы соқ-соққа салған аттың денсаулығы әлде қайда жақсы. Себебі, қабырға қабырғаға, сүйек сүйекке соғылады.
Қазандық биік етіп жасалғандықтан аттардың омыраулары зақымданады. Ал пәстеу жасалса екпінмен барған ат тізесінен шалынып, аңшының қақпанына түскен қасқырша айналып бір-ақ түседі. Қазандықты мүлде құрту ләзім. Зияндығы бір бөлек, көкпар негізінен алшақтап барады. Бабаларымыздан келе жатқан көкпарда ешқашан тақымнан шығарып көтеріп не лақтырып тастау болмаған. Доп секілді домалақ нәрсені лақтырып тастауға болады, тіпті теуіп жіберсеңде қызықты. Ал бүтіндей серкені лақтырғанға қарағанда тақымнан босатқан әлдеқайда қызықты. Көтеріп, лақтырып тастамасқа амал жоқ – қазандық биік. Кейде көкпарға емес хоккейге, баскетболға көбірек ұқсайтын секілді. Қысқасы не толық көкпар емес, не хоккей, не баскетбол емес түсініксіз бірдеңе. Басқаға еліктеп не керек? Нағыз көкпарды кішірейтілген түрде жасаса болды емес пе? Бүгін қазандық жасалды – бұл негізден ауытқудың басы. Ертең әуеге шеңбер (кольцо) немесе тағы бірдеңе жасалмасына кім кепіл? Өзімізде командалық көкпар шаптық, мәре үлкен көкпардағыша жерге шеңбер етіп белгіленетін. Соның өзінде мәреге жете алмай, жеткен күнде де тастаған көкпарыңды түсірмей қағып кететін. Мәреге тастаудың өзі ептілік пен дәлдікті қажет етеді, ол да оңай шаруа емес.
Командалық көкпар бүгін ғана шығарылған дүние емес. Аталарымыздың кезінде үш төрт жылда бір рет Орта Азия халықтарының арасында командалық көкпар өтетін болған. Жаппай көкпардан айырмашылығы алаңға қырық жігіттен шығарады екен. Бұл тойды «Сейл» деп атаған. Орта Азия халықтарының арасында өтетін сайыс болғандықтан «ОЯЗ» деп те атаған. Қазіргі күнде Сейіл, Ояз дегенді көпшілік қауым біле бермейді.
Көкпардың бұрыны мен бүгінгісі салыстырмалы түрдемені көп ойландырады. Пингвин деген теңіз құсы бар. Ғалымдардың зерттеулері бойынша сол пингвиндердің аталары миллиондаған жылдар алдын әуеде халықтаған құс болған деседі. Әуе құсының теңізқұсына айналғаны секілді көкпарымыз да жылдар мен ғасырларды араға салып, бірдеңеге айналып кетпесе болғаны, деген ой жиі мазалайды.

-Арқаны кеңге салып емін-еркін көсіле шапқан қазаққа театрланған командалық көкпар керек пе?
-Өте орынды сұрақ. Жаппай көкпарда мыңнан суырылып шыққан тұлпарлардың сағатына жетпіс, сексен шақырымдық жылдамдығы, үстіндегі шабандоздың ептілігімен мықтылығы еріксіз бас шайқатады. Сондықтан жаппай көкпар – көкпардың атасы. Көкпар-білектілік пен жүректілікті, ақылдылық пен ептілікті талап ететін теңдесі жоқ, өте қызықты спорт түрі. Ер азаматтың дене бітімін шыңдайтын, ақылы мен парасатын үйлестіретін көкпарды дана бабаларымыз тектен-текке біздерге қалдырған жоқ. Көкпар тартқан елдің әскері әр-қашан дайын әрі мықты болған. Әскері мықты елдің ұйқысы тыныш, өрісінен малы, шарасынан майы таусылған емес. Қазақтың ежелден кім болғандығын жаһанға таныстыру үшін, көкпар мәдениеті арқылы әлем таңдайын қақтыру үшін командалық көкпар міндетті түрде қажет. Алайда,ережелерге өзгертулер мен толықтырулар жасалуқажет.

-Ерегісіп шабысу, аударып тарту, деген болатын дедіңіз. Өзіңізбен ерегісіп, аударысып шабысқан шабандоздар болды ма?
– Үлкен көкпарға араласқаныма отыз жылдың жүзі болды. Осы күнге дейін жерден еңкейіп басамын. Біреудің жерден көтерген көкпарына жабысқан емеспін. Еңкеймейтін, жерден көтерілген көкпарды аңдып тұратын шабандоздар баршылық. Солардың салдарынан ерегісіп шабысу орын алады. Қай кезде болмасын жердегі көкпарды көтеріп жатқан шабандоздан көкпардың көтерілгенін аңдып тұрған шабандоз мықтырақ келеді. Себебі: жерден көтеруге біраз күшті сарп етесің, енді тақымға басқалы жатқанда атың айналмай қалады, кейде серкенің бір шетін ат басып қалады сол кезде аш қасқырша дайынға тап беріп жабыса кетеді. Астыңдағы ат көкпар тигенде доданы жарып шығатын не іште (дода) тұрып айналып кететін болса көтерген көкпар өзіңде қалады. Өзің көтерген көкпардан айырылып қалсаң алып кеткен шабандоздан тартып алғанша ашуың басылмайды. Соңынан қалмай жүріп тартасың, қағасыңқысқасы көкпар біткеншесол шабандозға аш кенеше жабысып, салым салдырмауға бар күшіңді саласың. Ерегіс шабыс содан шығады. Ондағы мақсат: кеткен ақыны еселеп қайтару. Шабандоздардың осалы болмайды. Бәрі де мықты, бәрі де елінің мақтанышы. Мұндай ерегіс тартыстың барлығында ақымды толық қайтардым деу әбестік. Бірде ақы кетеді, бірде еселеп қайтады. Көкпар сонысымен қызық. Сол көкпарда қайтара алмасаң келесі көкпарға дейін шыдам жетпей, өз-өзіңе келе алмай тыпыршып дал боласың. Сондай кездерде уақыт шіркін өтсеші! Көкпар болатын күні бірдеңеден құр қалғандай асығып-үсігіп барасың. Көкпардың қиқуын құлақ шалғаннан делебе қоза бастайды. Жақындаған сәтте додаға атты салып кеп жіберіп, жатқан көкпарға қол тигенде барып жаның рахат тапқандай болады. Салым салғаннан соң құмарың тарқап,бетке қан жүгіріп, көңіл жадырапсала береді.
Көкпарды тақымға басып онбес, жиырма минуттай жүріп атың не өзің шаршап айырылсаң ерегіспейсің ғой. Серкені жерден көтерген кезде тақымға басып үлгермей айырылып қалсаң қатты ызыланасың. Негізі еңкейетін шабандоздарда ерегісетін шабандоздар көп болады. Барлығын атап өту мүмкін емес қой. Біреу-жарымын атасам басқалары мені неге атамадың, деп ренжіп жүрер.
Ал, аударып тартуға жас күнімнен әуестігім болмады. Ешкімнен де аударылғаным жоқ. Кейде белі бос аттарға мінгенде не тартпа үзілген кездерде көкпар басып бара жатып аударылған сәттер болды.

-Екі ұлым бар дедіңіз, көкпарға қызығушылығы қалай?
– Ия, Алланың берген Ербатыр, Мейіржан деген екі ұлы бар. Үлкені үшінші, кішісі екінші сыныпта оқиды. Байқап көреміз, атқа ебі, қызығушылығы болса бетін қайтармаймыз.

-Көкпардан басқа нені кәсіп етесіз, күн көріс дегендей?
-Көкпар мен үшін күн көріс емес – жан азығы. Әкем үкімет адамы болды. Қосымша диханшылығы бар-тын. Диханшылық қанымызда болғандықтан кәсібіміз де сол. Одан қала берді бес-алты мал бар дегендей, қысқасы ауыл өмірінде бос уақыт жоқтың қасы.

-Тоқсан ауыз сөзімізді түйіндесек…
-Жаман айтпай жақсы жоқ, көкейдегі жатқан мәселелерді айтып өттім. Біреуге ұнар, біреуге ұнамас – бұл менің жеке пікірім. Осы күнгі Қазақ елінің жетістіктерінің барлығы тәуелсіздіктің арқасы. Аллаға шүкір, Егемен Елміз. Тарихымызбен де, осыгүнгі Ел жетістімен де мақтана аламыз. Тәуелсіздігі баянды болсын! Отанымызда ел мен жердің, тәуелсіздіктің қадірін түсінетін ұрпақ мәңгі жасай берсін!

Бақдәулет Саттарханұлы,
«Kokpar Central Asia»
ulttyqsport.kz

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.

error: Content is protected !!