Жүйріктің алғашқы тынысын ашу

6146

• Үйірден алғаш рет ұстаған жүйрікті кермеге алып келіп, қаңтарып байлай салмайды. Әуелі, бойын жаздырып, тынысын ашады. Алдымен аяңдатып, бусантып тоқ терін алады. Қара сорпа, қанды көбігін шығармайды. Нақтырақ айтқанда, баптауға бейімдейді. Бұл іс дұрыс атқарылмаса, кейінгі баптау жұмыстары да ойдағыдай болмайды.

• Жүйрік әбден тойынып, қазысы толған кезде ұстап байлап, баптайды. Жүйріктің алғашқы тынысын ашу үшін оны жылқыдан ұстағаннан кейін ақ пен қара түс ажыратылатындай көзкөрім қашықтыққа жіберіп, бір дүркін қинамай еркін шаптырады. Шабыс екпінін әуелі, жайлап бастап, бара-бара күшейтеді.

• Яғни, ақжіліктенген жүйрікті үйірден ұстап әкеліп, желе-жортып жүргізіп, ішіндегі ара боғын түсіреді.

• Алғашқы тыныс ашу немесе кеңейту кезінде жүйрікті тым алысқа шаптыруға болмайды. Сондай-ақ, көп жылқымен бірге жарыстырып, еліктірмеген дұрыс. Егер де, алғашқы тыныс аштыру ісі ойдағыдай болмаса жылқы ентікпеге ұшырап, бұқпантайлайды және қол-аяғында діріл пайда болады.

• Байлауға ұстаған жүйріктің жілік майы толып, ақ сүйектенген қазысына май жинап, семірген болса, алғашқы тыныс аштырған соң таңасырып байлап қояды. Ертеңінде 6-8 шақырым қашықтыққа салт мініп тапырақтатып, етін суытады. Кешке қарай атты жақсылап жабулап алып 6 шақырым қашыққа желе жортып, көбік терін шығарады.

• Көбік терін шығарған соң екі күн дем алдырып, үшінші күні 20-30 шақырымға сейіл-сылаң жүріспен аяңдатып келіп, тағы да таңасырады.

• Келесі күні түске таман салқын суға жуындырып жүніне жабысқан тердің арам кірінен арылтады да, қайтадан үйіріне жібереді.

• Арада 10-15 күн өткен соң ұстап, нағыз жаратуға байлайды. Бұлай жасаудың маңызы: жүйріктің топтасқан қазы майына салмақ түсірмей бабымен ыдыратып, табиғи күш-қуатын бойына сақтап қалуын қамтамасыз ету.

• Жүйріктің ұйқысын қандырады, тек таза су ішкізеді, таза жердің шөбін жегізеді. Сиыр су ішкен ыдыспен жүйрік атқа су ішкізбейді. Сиырдың сілекейі жұққан жылқы: шабан, бойкүйез, жайбасар болады.

Атбегілер үшін ескеретін жайт:
Тыныс ашу жұмысы мен ауыздық таластыра шаптыратын қысқа шапқынды бір күні қатар жасауға болмайды. Алма-кезек күн аралатып өткізген дұрыс.
Тыныс ашу барысында ат шаптыратын қысқа қашықтық үш оқ бойынан (300 м) кем болмауы тиіс.

301183_104849579670937_1382221119_nБекен Қайратұлы, «Қазақтың атбегілік өнері» кітабынан

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.

error: Content is protected !!