Мұстафа РАМАЗАНҰЛЫ: Менің арманым – әлемдік аренадан қазақтың дүлдүлін көру

6800

Күрдтер біреуден жөн сұрасқанда «Кімсің сен, салт атты?» дейді екен. Тіпті, бейтаныс аттылы емес, жаяу болса да, сөз тіркесі өзгермейді. Әлемде саны көп болғанмен, жеке мемлекеті жоқ ежелгі халықтардың бірі – күрдтер Түркия, Иран, Ирак, Сирия аумағында өмір сүруде. Осы мемлекеттермен шектесетін Арменияда, Грузияда, Азербайжанда да тұрып жатыр. Қазақстандық күрдтердің көпшілігі соғыс жылдары Кавказдан күштеп жер аударылған ахыска түріктерімен бірге келіп қоныстанды. Бұл күнде астаналық күрдтер ауыл шаруашылығында, құрылыс пен қызмет көрсету саласында, әсіресе, қоғамдық тамақтандыру, қонақүй бизнесінде еңбек етеді.
Біздің кейіпкеріміз Мұстафа Рамазанұлы Мұстафаев осыдан бірнеше жыл бұрын халық¬аралық ат спортының жарысын тамашалауға шетелге барады. Қазақстаннан қосылған бір жүйрік қарауылға алғашқылардың бірі болып жеткенде, өзімен ала барған көк байрақты желбіретіп ерекше қуаныпты. Түрі өзгенің соншалықты мейманасы тасығанын ерсі көрді ме, қа¬тар отырған көршісі: «Сіз қазақтың жүйрігіне қазақтан бетер қуандыңыз ғой» дегендей таңғалады. Сонда Мұстафа Рамазанұлы: «Ұлтым күрд болса да Қазақстанның аумағынан тыс жерде қазақпын және соны мақтаныш тұтамын» деп жауап береді. «Ағатай, ойланбастан артық айтыппын» деп әлгі кісі кешірім сұрайды.

Мен – патриотпын

Ramazan M.«Кейде күйбең тірліктен аса алмайтын замандастарыма қайран қаламын. Осындай ақжарылқап күнде сүріп жатқан жақсы өміріміз үшін жаратқанға алғыс айтуымыз керек. Бүгінгі бейбіт заманды көздің қарашығындай сақтап, қос қолдап аялауымыз-ақ керек. Ол тек қазаққа емес, осында жасап жатқан барлық этносқа сын. Менің жүрегімдегі патриоттық сезімнің 20 пайызын ғана кейбір қазақ бауырларымызға берсем, қазақтың рухы көтеріліп, ұлттық сезімі оянар ма еді деп ойлаймын. Бұл, әрине, әзіл. Бойымдағы асып-тасыған неғылған сезім дейтін шығарсыз?! Айтайын, осы күні жанымызды селт еткізіп, қанымызды ойнататын бір нәрсені дұрыс бағаламай жүрміз. Ол – ұлттық мұрамыз ат спорты. Ежелден жүйрік баптап, бәйгеге салған ата дәстүрімізді заман талабына сай жаңғырта алмай жатырмыз. Сөйтіп, аты озған елдердің ізіне ере алмай мыңдаған ғасырлар бойы жинақтаған атбегілік ілімімізді, жылқы малын баптаған дәстүрімізді жарқыратып шығара алмай, көмбеге жетіп қалған көштің соңында кешеуілдеп қалған жайымыз бар. Аттың жалында шыңдалған халықтың бүгінгі буыны жылқы малынан ажырап бара жатыр. Көбіміз жылқыны астау-астау боп асылған еттей көреміз. Ал, көшпенді қазақ шын сәйгүліктің жорғасына сүйсініп, аламан бәйгеге салған жүйріктің шабысына қарап делебесі қызбаған соң не пайда?! Меніңше, сонда ғана бастауларымызға жақындап, жылқы мінезді болмысымызды табамыз. Оның бірі болмаса, шын мәніндегі «қара жаяу» қалпымызбен алысқа озбаймыз» дейді Мұстафа әзілдің астарын түсіндіріп.

Тектілердің тұяғы

Расында да, Қазақстан Республикасы ат спорты түрлерінің ұлттық федерациясының вице-президенті Мұстафа Мұстафаев – сәйгүлік десе ішкен асын жерге қоятындардың бірі. Оның бір себебі тегінде жатса керек. Атасы Наво Мсмоевич заманында аса дәулетті әрі өте танымал атбегі болған екен. Асыл тұқымды жылқыларының өзі ғана бес жүзге тарта болыпты. Бүкіл ғұмырын осы түлікті асылдандыруға арнаған атбегі қазан төңкерісі кезінде барлық малын өз еркімен өкіметке өткізіпті. Сол үшін В.Ульяновтың қолы қойылған мандат қағазын алады. «Қуғындалмасын» деген өкім шығарған сол қағаз әлі күнге дейін сақтаулы тұр екен. Бүкіл малын танауынан тізіп өткізгенде жалғыз асау тұлпарын алып қалады. Ол тек қана иесіне ғана бағынатын, бөтен біреуді қасына жақындатпайтын, алдынан келгенді шайнап, артынан келгенді тебетін бас білмес асаудың өзі екен. «Дәніккеннен құныққан жаман», кешегі құлдың, бүгінгінің белсендісінің көзі сол асау тұяққа түседі. Атасының «менен басқа ешкімге дес бермейді» деген сөзін құлаққа ілмей, атқораға кіреді. Жылқының жанына жете бергенде шу құйрық екі аяғымен көкке шаншылып, осқырынады. Зәресі қалмаған белсенді тапаншасын кезенеді. Маңдайдан тиген қорғасын тұлпарды жығады. Талай дүрбелеңді басынан өткізген атбегі жылқының басын құшақтаған күйі еңіреп, жер құшады…
Көп жылдардан соң, Мұстафа он жасқа келіп естияр болып қалғанда осы оқиғаны атасы әңгімелеп береді. Сонда тұлпардың басын құшақтап отырғанымда маған: «Ием, есігіңде жүрген құлыңның досыңа істегенін көрдің бе?» деп соңғы рет тіл қатты деген екен. Жүз екі жыл өмір сүрген кәрі атасының сөзі есте қалса да мән бермепті, есейе келе көкейіне қонды. Расында, шын сәйгүлікті төрт-бес буыннан кейін асылдандырып барып алады. Соншама уақытта ғана будандастырған жылқыдан асылтұқымды түлік шығады. Бұл, тіпті, бір адамның ғұмыры ғой. «Жылдар бойы құлынын күтіп, тұқымын асылдандырып, нағыз жүйрік шығарған есіл еңбекті жанынан қорқып жоқ еткен кеңес өкіметінің болашағы да бір оқтық болады. Мен оны көрмейтін шығармын, сендер көресіңдер, қадір-қасиеті жоқ, ессіз-тексізден құралған мемлекет ұзақ тұрмайды» деп атасы бекер айтып кетпепті…
Наво ақсақалды Кавказда білмейтін жан болмапты. Сол өңірде ақсақалдың бітіспес жауы тұрыпты. Қызылдар оның да ізіне түсті. Бірде ол шетел асып кетер алдында түнделетіп Навоның есігін қағады. Қараса, жауы қарсы алдында тұр. Қармана берген Навоны тоқтатып, «Менің артымнан қызылдар қуып келеді. Әйелімнің аяғы ауыр, маған ілесе алмайды, сенен басқа ешкімге сенбеймін уақытша паналата тұр» дейді. «Қас жауыңа келгенің қалай?» деген сұраққа: «Жауым болсаң да, сені нағыз азамат деп санаймын» деп мойындаған екен. Мұстафа Рамазанұлы – сол тектілердің тұяғы. Әкесі – Еңбек Ері, анасы он бала өсірген Батыр ана, қайын атасы – Кеңес Одағының батыры, ал туған ағасы әзербайжанның Халық батыры.

Сәйгүліктері – серігі

Мұстафа осыдан екі жыл бұрын Астана қаласының «Қазанат» ипподромында Астана күніне арналған Ұлттық ат спорты түрлерінен Еуразия кубогын өткізді. Жиналған қауым құнан бәйге, жорға жарыс, аламан бәйге, тоқ-бәйгені және аттың құлағында ойнайтын жігіттердің өнерін тамашалады. Мерекеге жиналған халықтың көптігі соншама, ине шаншар жер қалмады деуге болар. Бұқараның рухын бір серпілтетін думан-додаға сусап қалғаны білінді. Осындай үлкен шараны бір өзі атқарғанын Мұстафа Мұстафаев мақтан тұтады. Бұдан бөлек, ол 2005 жылдан бері Балкашино елді мекенінде ат бәйгесін өткізіп тұрады. 2009 жылдан бері бұл жарысқа республикалық дәреже берілді. Ат спортын насихаттауда айтарлықтай маңызы бар жарыстың ел астанасынан алыста өтетіні өкінішті.
Мұстафа Рамазанұлының мақтанышы – «Лайна» асылтұқымды жылқы фермасы. Көп жылдар бойы өзі армандаған сәйгүліктерді баптаудың мүмкіндігі осыдан 15 жыл бұрын жүзеге асты. Сол кезде бірнеше жылқы сатып алып, оның тұқымын асылдандыруға ден қояды. Елдегі ат спортын жаңғыртып, басқа да атбегілермен байланыс жасап, тәжірибе алмасады. Осы жылдары «Лайнаның» жүйріктері халықаралық, республикалық облыс, ауданаралық бәйгелерде басып озды. 140 рет топты жарып келіп, иелерін қуантты. Бұл – тәулігіне тыным таппай жүйрік баптағандардың еңбегінің қайтарымы. Бірі – жаттықтырса, бірі – шабандозы, енді бірі – сәйгүліктің жемін жемдеп, бабын баптап барлық күші мен сүйіспеншілігін осы түлікке арнайды. Онсыз болмайтынын бәрі біледі.
«Әншейінде қолым қалт етсе атқорадан шықпайтын басым, біраз уақыт фермаға ат ізін салмай кетіппін. Елге табаным тиісімен ат қораға бас сұқтым. Қаракөлеңке үлкен дәлізде сыбдыр еткен дыбыс шықпайды. Тым-тырыс. Өзім шошып кеттім. Әншейінде мен кіргенде жылқылар пысқырып, оқыранып, кейбірі тұяғымен жер тарпып мен жанына келгенше тағат таппайтын. Ақырын басып, есікке жақын жердегі жылқының қасына бардым. Бәлкім, сенбейтін шығарсыз, пырақтың көзінен жас парлап тұрғанын көрдім. Маңдайын сипап едім, басын шұлғып тұмсығын қолтығыма тығып жіберді. Менің көзімнен аққан жасты көрсеңіз. Алдында ғана ағам қайтыс болып, соның қырқын өткізіп, көңілім құлазып келген бетім еді… Артынша жылқыларға жан біткендей, шұрқырасып жатты. Міне, жарықтық жылқы түлігінің адалдығын сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес» дейді Мұстафа Рамазанұлы.

Астанаға ипподром қажет

– дейді Мұстафаев. Жалпы, ат жарысы элиталық спорт түріне жатады. Әлемнің атышулы ипподромдарында жыл сайын түрлі сайыстар өтіп тұрады. Англияда, Дубайда, Австралияда бұл спорт түрі туризмнен түсетін табыс көзін еселеумен де орны ерекше. Бұл елдерде неше жылдардан бері қалыптасып қалған жарыс түрлері өтеді. Мысалы, ағылшындардың «Royal Ascot» жарысында маусым сайын түсетін таза пайда 50 миллион фунтқа жетеді екен. Францияның туризмнен түсетін табысының 14 пайызын ат спорты толтырады екен. Ресейде, Татарстан мен Шешен Республикасында дамып келеді.
Осындай ат спортын жаңғыртып, оны насихаттап жүрген азаматтарымыз жоқ емес. Еліміздің атбегілік дәстүрін қалпына келтіріп, қайта жаңғырту үшін алдымен қазіргі заманға лайықты ипподром кешенін салудан бастар едік.
Қазақтың дәстүрінде де атбегілік бекзат өнер болып есептеледі. Сәйгүлікті жарату екінің бірі айналысатын шаруа емес. Үлкен қаражатты, уақытты, инвестицияны қажет етсе де, бұл халықтың қазынасы. Өкініштісі, кейде осы спорт түрі жеке меншіктің ат қорасындағы тартыстан асып кетпейді, оның жаңалығы мен жетістігі, алынған асыл тұқымды төлдері, думан-қызығы көпшілікке жетпей жатады. Ат баптап, бәйгеге салғандардың әрекетін байлығы тасығандық деп күстанәлап жатады. Рас, жүйріктің бабын табу оңай емес, бірақ талайлар он жылқы тұратын темір тұлпар мініп жүр, атқорада емес зәулім сарайларда тұрып жатыр. Ал, асау үйретіп, жылқы ұстаудың шығыны одан көп бола қоймас. Демек, ат спортына деген көзқарасты өзгертіп, оны өрлетушілердің ісіне оң баға бермейінше, іс алға баспас.
«Менің арманым – осы жерде дүниеге келген құлынды баптап, оны әлемдік аренаға шығарып, «қазақтың дүлдүлі» атанғанын көргім келеді. Сол тұлпар шашасына шаң жұқтырмас небір жүйріктердің алдына шығып, жанкүйер қауым Қамбар атаның берекесіне қуана қол соқса. Құдай қаласа, осы межеге жетіп те қалдық, тек уақыт керек» дейді астаналық атбегі.

Айгүл Уайсова, «Астана ақшамы» газеті. 27 қаңтар 2015 жыл

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.

error: Content is protected !!