Ғалым Боқаш, шығыстанушы-журналист. Қазақнама

9587

Әуелі оқудың, сосын қызметтің ыңғайымен шетте ұзағырақ жүріп қалған соң өз зерттеу саламнан бөлек болса да, қазақ тарихы мен мәдениетіне, Қазақстанның қазіргі саяси-экономикалық ахуалына қатысты ағылшын тілінде жарияланып жататын кітаптарды қарай жүру әдетіме айналған. Бұл ахуал басқа да бірқатар сыртта тұратын отандастарымның басында бар болар деп ойлаймын.

Бір күні Торонто университетінің профессоры Джей Эдвард Чемберлиннің «Жылқы. Өркениеттерді өзгерткен жануар» атты кітабын сатып алдым. Зерттеуде әуелі Қазақстан адам баласы жылқыны қолға үйреткен алғашқы мекендердің бірі ретінде аталады. Сосын қазақтың көшпенді табиғаты мен арбаның доңғалағы жылқы өркениетінің таралуына ықпал еткен факторлар ретінде сипатталады. Қазақстанды қазіргі заманда жылқы мәдениеті сақталып қалған ел ретінде көрсеткен автор бір тұста әлдебір жылқының түсін «қазақтар құсап» сипаттамақ болады. Онысы ағылшыннан тіке аударғанда «бұлтсыз аспан түсті сарғыш сұр» болып шығады. Қазақша түпнұсқа атауы ойыма бірден түспей қойды. Сол тұсқа келгенде қолымда бар қазақша кітаптарды түгел ақтарсам да, жылқының түстерін академиялық дәлдікпен сипаттап шыққан бір де біреуін таба алмадым. Кейін қазақтың дәстүрлі тұрмысы, шаруашылығы мен мәдениетіне қатысты нақты бір мәліметті тексермек болғанымда осыған ұқсас жағдай бірнеше рет қайталанды. Аз тиражбен шыққан жекелеген еңбектер бар. оның бәрін және арқалап жүру мүмкін емес. Сосын олардың көпшілігі тым әуесқой танымдық деңгейде жазылған.
Биыл қолыма «Қазақтың этнографиялық категориялар, ұғымдар мен атауларының дәстүрлі жүйесі» атты энциклопедияның алғашқы үш томы тиді. Бірден жылқы туралы бөлімге түстім. Оның ішінген жылқының түстері туралы мақаланы тауып алдым да, «шаңқан боз» бен «шымқай сары» көзіме ілінгесін барып байыз таптым. Ағылшын тіліндегі «бұлтсыз аспан түсті сарғыш сұрдың» ықшам аудармасы ақыры табылды.
Сосын бір деммен 2011 жылдан бері жарияланып үлгерген үш томды түгел сүзіп шықтым. Көз алдымнан аттың жасын тісіне қарап айтып жататын атамның, жапсырма ою салып сырмақ тігетін нағашы әжемнің, жаңа сойылған қой етін жіліктеп болғасын төс шеміршекті есікке лақтырып жабыстырып тұратын әкемнің, жаздыгүні жерошақ қазып қазан көтеретін шешемнің, бір жыл сәурік бағам деп шаршаған жылқышы нағашымның, жерқазанда сірне пісіретін жеңгемнің бейнелері бір тізіліп өтті. Энциклопедияда арық қазу, егін салу, жылқы күзеу, желі тарту сияқты дәстүрлі экономикалық өмір көріністерінен бастап, бесікке бөлеу, ақсүйек ойнау, ежеғабыл құда болу, жаназа шығару мен қабір қазу сияқты салт-дәстүр, діни ғұрып түрлері түгел қамтылған. Дәстүрлі фәлсафа мен космология түсініктерінің, соғыс қару-жарақтары мен ұлттық киім түрлерінің, жер бедерлері мен антропологиялық қалыптардың, рулық қауымға тән әулеуметтік құрылымның ешбірі назардан тыс қалмаған. Ең бастысы, әрбір категория мен түсінік анық графикалық сурет, я сирек архивтік фотомен безендіріліп отырған. Яғни ХХІ ғасырдағы жаһандану заманында көшпенділік тарихын неономадтық жаңа даралығына негіз еткісі келетін жаңа қазақ осы энциклопедияға қарап-ақ баяғы дәстүрлі тұрмыс-тіршілкті өз отбасына таныстыра алады. Бұл фундаменталдық еңбекті оқи отырып, ата-бабаңыздың өмірі ортасына бір сәтке болсын оралып соғым да соя аласыз, қайыс та тіге аласыз, күрмеп байлауды да есіңізге түсіресіз, жауырынға қарап бал ашып та көрсеңіз болады, жақ тартып, атқа шабуды да (теориялық тұрғыда болсын), қаймақ пен кілегейді ажыратуды да үйренесіз.
Жеке басымды ойландыртып тастаған ең қызық жайт – энциклопедияны оқыған сайын өзімді көшпенді өмірдің жұрнағын көрген соңғы буынға жатқызсам да, мұнда сипатталған этнографиялық түсініктердің кемінде үштен екісінен хабарсыз болып шыққаным. Одан да қаттырақ күйзелтетіні – кезінде біз өз көзімізбен көрген осы энциклопедияға енген жүздеген этнографиялық эпизодты балаларымыздың жақсы дегенде кітаптан оқып, музейден біліп өсетіні.
Тұтас бір халықтың дәстүрлі этнографиялық, антропологиялық, әлеуметтік, экономикалық және мәдени портретін салып жатқан Нұрсан Әлімбай, Нұргелді Уәли, Бабақұмар Хинаят, Досымбек Қатран, Рүстембек Шойбеков, Қалиолла Ахметжан және Бейбітқали Қақабаев сияқты зерттеуші-ғалымдар қандай болсын мақтауға лайық. 2011-2012 жылдары Мемлекеттік Орталық музей энциклопедияның «А» мен «Қ» әріптеріне дейінгі аралықты қамтитын үш томын жариялапты. Мұндай іргелі, жинақтаушы еңбек әлемінің ірі мемлекеттерінде де сирек құрастырылады.
Жоғарыда аты аталған Чемберленнің «Қазақстанда сақталған жылқы мәдениеті» туралы жазғанын оқып отырып өзіме: «Елде 1991 жылдан бері туған жастардың қаншасы атқа мініп көріпті?» деп торыға сұрақ қойған едім. Ал мына энциклопедия сол кездегі пессимизмімді сейілткендей болды. «Ештеңе етпейді. Ең болмағанда ендігі қазақтар осы еңбектегі иллюстрацияларға қарап отырып-ақ жылқының түсін түстеп, жасын айтып, шабысын ажырата алады» деп жұбаттым өзімді. Сосын кітап сөремнің сәні болып тұрған томдарды бір сипап қойдым. Дүниенің қай түкпірінде жүрсек те, тарихи жады мен мәдени болмысымызды суғара беретін шалқар дария. Әр шаңырақтан табылуы тиіс «Қазақнама».

989613_1551582174___________Ғалым Боқаш «Қазақ әдебиеті» газеті

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.

error: Content is protected !!