Бала Қазыбектің тапқырлығы

8033

Қазыбектің шешен алғырлық, әділдік қасиеті жеті жасынан-ақ көзге көріне бастапты деседі бір аңызда. Ертеде ас беріліп, бәйге жарыс болып жатқанда бір құла қасқа жүздеген аттан озып келеді. Тойханада жүрген бір жігіт:
— Мынау менің тай күнінде жоғалтқан бәсірем, — деп, оның шылауына орала кетеді. Бөйгеге қосып тұрған адам:
— Өзімнің құла биемнен туған атым, — деп оған жеңістік бермейді. Осы арада дау-жанжал туады.
Көпшілік ол екеуін:
— Келдібек биге жүріңдер, — деп ертіп барады. Келдібек екі жағын сұрастыра келіп, не істерін білмей отырып қалады. Сонда әкесінің жанында отырған жеті жасар Қазыбек екі даугерге қарап:
— Қандай дәлелдерің бар, айтып көріңдерші? — дейді. Құла қасқаны бәйгеге қосқан кісі:
— Енесін бір көрсем, одан туған төлді дәл айта аламын.
«Тай күнінде жоғалтқан бәсірем» деген жігіт:
— Мал бағып өскен қазақпыз ғой. Енесін көріп төлін, төлін көріп енесін айнытпай табамын.
— Олай болса, — дейді Қазыбек бала, — анау көгендеулі тұрған қозы, лақтан, екеуің екі қозы ағытып әкеліңдер?! Екі жігіт жарайды деп, көгеннен екі қозы жетектеп келеді.
— Енді, — дейді Қазыбек, — екеуің өріске барып, осы екі қозының енесін танып әкеліңдер?
Екеуі өріске барып, екі саулықты әкеледі.
— Қозыны енесіне салыңдар, — дейді бала. Ат қосқан жігіт қозысын енесіне салса, әлгі әкелген саулығы алмайды, қозы да жеріп қашады. Ал, «тайында жоғалтқан бәсірем» деген жігіт қозысын саулыққа салса, иіскелеп, қозыны емізіп тұра қалады. Сонда Қазыбек атқа иелік етіп жүрген кісіге:
— Ал, ағайын, мына жігіттің мал тапқыштық қасиетіне күмәніңіз бар ма? — деп, сұрайды. Ол төмен қарап үндемей қалады. Қазыбек көпшілікке қарап:
— Қане жұртшылық, бұған сіздер қалай қарайсыздар? — дегенде айнала төңіректеп тұрғандар:
— Бала дәл шешім айтты, атасына рахмет, бәйге құла тай күнінде жоғалтқан жігіттікі — десіп, тарапты.

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.

error: Content is protected !!