Машһүр Жүсіп: Қасқарау бәйгеге ат қосса, басқаның атына жүлде жоқ

Kaskarau

Алданазар ханға жүйрік тұқымы қайдан келді? «Толыбай» ұраны Қанжығалыға ұран болған – Толыбай сыншы екен. Жүйрік сынайды екен. Сол Толыбайдың бір жас баласы Қарақалмақ Қатысыбанның ханы Қоңтажының қолына тұтқындыққа түсіп, Қоңтажы қозы бақтыруға бұйырыпты.
Көп бала қозы бағып жүрсе, айдалада бір қу бас жатыр екен. Жылқының басы екендігін баланың бәрі таныпты да:
– Тірі күнде қандай жануар екен?- деген.
Толыбай сыншының баласы танып, еңіреп қоя беріпті. Қалмақтың қозы баққан көп баласы ауылдарына айта келіпті:
– Айдалада бір қу басты көріп, қазақ бала жылады!- деп.
Қоңтажы баланы шақырып алып, сұрапты:
– Балам, қу басқа неменесіне жыладың?- деп.
Бала айтыпты:
– Әкем жүйрік сынайтұғын сыншы еді, қазақ жұртына аты мәлім «Толыбай сыншы» атанған. Айдалада жатқан қу бас жай жылқының басы емес, тірілігінде дүбірі жер жарған тұлпардың басы екен. Соны көрген соң:
– «Уай, жарықтығым-ай, сенің тұлпардың басы екендігіңді кім таниды, менің Толыбай сыншының баласы екендігімді кім таниды?!- деп, қозы бағып жүргеніме қорланып жылап жіберіппін!» – деген соң, Қоңтажы қозы бағудан шығарды, атқа мінгізіп, қасына нөкер қосып:
– Өзіме қараған қырық сан қалмақты аралап, таза тұлпардан шыққан жүйрік тауып бер! -деп жіберді.
Бала қырық сан қалмақты аралап, қалмақтың жылқысы топыршық болады екен. «Ат – биеден, алып – анадан». Ат туатұғын бие жоқ, тұлпар қайдан болсын?! – десіп, жүйрік таба алмай келіпті. «Жүрген-тұрған жолаушыдан, келген-кеткен керуеннен қара!» – деп, бұйырған соң, бір керуеннен аяғы ақсақ, арқасы жауыр, құйрығы шолақ, кестірілмеген бір көк сәурікті: «Тұлпар екен!» – деп, сынап алып келіпті.
Жазғытұрғы уақ екен:
– Сүйегі ағарсын, бел қызығын көрсін, көңілі жабырқамай өссін! – деп, оны бір байталға үйірге салыпты.
Шыңына әбден жетіп қалған арықтық бір күнде, бір жылда бойдан арыла қоя ма? Салған жылы бір бие де шығара алмапты. Қыстыгүні үйіріндегі байталдан бірін сойдырып қараса, байталдың жілігінің екі басы түгелімен қаракемік шығыпты.
– Сүйегінің ағарған-ағармағанын осынан байқау керек! – депті.
Келер жылы да бие шығара алмапты. Ол қыста үйірінен бір байталын сойғызып қараса, жілігінің бір басы ақ кемік, бір басының жартысы ақ кемік, жартысы қара кемік болып шығыпты. Үшінші жыл тоғызын түгел буаз қылуға жарапты. Үйірінен бір байталын және сойғызып қараса, бармақтың көлеміндей қара мік табылмапты.
– Сүйегі ағарды. Ал енді ас, тойың болса, жарат та, қоса бер, алдын бермейді. Қырық сан қалмақта мұның алдына түсер жанды қара жоқ! – деген соң, Қоңтажының өзінің сұраған жанның жалғызына бере алмай отырған жалғыз қызы бар екен. Қызын байға тигізбекші болып, қырық сан қалмаққа сауын айтып, той қылып, балаға:
– Осыны өзің жарат та, өзің шап!- деп, бұйрық қылыпты.
Сонда бала екі бүйіріне қом теңдеп, терін тіліменен жалап көріп, терінің ащы дәмі ауызға білінбегенде:
– Ащы тері алдынды, – деп, тезегін қолымен сығып көріп, қолымен сыққан тезектен дым табылмағанда – қу тезек болды! – депті.
Тойдың атшабар күні болғанда, мейлінше алыстан айдатып, бала өзі мініп шауып, ұшқан кұс, жүгірген аң да ілесе алмайтын күйіне түскен екен, жапа-жалғыз келе жатыр дейді. Қарақшыға жете бергенде:
– Жылқы үйірін сағынса, құлақ басын қағынар, ер үйірін сағынса, айыл-тұрман тағынар, – деген осы болатұғын. Қош-аман болыңдар! – деп, Сарыарқа, қайдасың?! – деп, жөнеле беріпті.
Жабыла қуғанмен жалғыз жан қарасын көре ала ма?! Бір буаз биелі көпке шейін жалбаңдап алысыпты. Ішіндегі құлынынан айрылып, «Қал!»- десе де, қалмапты. Бір уақытта құлынын атып жіберіп, қалта қарап тұра қалыпты. Сөйтсе, жануардың өзінен шыққан бие екен, ішіндегі құлынның буы екен.
Бала құтылып, жалғыз жапанға шығып кетті. Басын тартып тоқтатуға әл қайда, дәрмен қайда, екі қолы қарысып, ұшқан құспен жарысып, қатарласқанның бәрі де әудем жер бармай, кейін қалысып, баланың екі көзінен Сарыарқаның әр төбесін бір көрген сайын жас парлап: «Осы көріп келе жатқаным өңім бе, түсім бе, Құдай?!» – деп, зарлап келе жатқанда, қас қарайып, түн болыпты.
Үйде бойжеткен жалғыз апасы бар екен. Апасының түсіне кіріпті. Бұл жауға түсіп кеткенде, оң жақта айттырып қойған қалыңдығы бар екен. «Отауын оң жағыма түсіріп, жанымды ағартамын. «Қуыс үй құр тұрмас» деген сөз бар еді. Үйдің тілеуі – құлын жасында қосағынан айрылған келінімнің тілеуі неге бос қалсын?! – деп, отауын түсіріп, апасы:
– Жалғызым есепті: бауырыма басып жатып, ұйықтамасам, ұйқым келмейді, – деп, отауда жалғыз інісінің қалыңдығын бауырына басып жатып ұйықтайды екен. Түн ішінде оянып, төсекте жатқан әкесіне жүгіріп келді дейді:
– Сүйінші, сүйінші, әке, жалғызым түсіме кірді: «Қалмақтан аман-есен құтылдым, мінгенім – тұлпар, – дейді. – Бұл Арқаға тоқтайтын емес. Екі үйдің арасынан жібек арқан құр!» – дейді деген соң, әкесі:
– Түсің шын, қарағым, тұлпардың дүбірі құлағыма келіп жатыр еді. Бұл Сарыарқада қайдан болсын, не ала жүрсін?! – деп, басымды көтермей жатыр едім! – деп, ұшып тұра келіп, жалма-жан жібек арқанды құрып байласымен, арқанға келіп килігіп, лықсып қалғанда, бала түсіп қалды да, арқан шарт етіп үзіліп, тұлпар кете берді. Толыбай сыншы артқы жағынан көріп қалып:
– Тұлпардың өзі емес екен. Су тұлпарының айғырының су биесіне шапқанын көріп, сүйініп, бойы еміренген екен, қыр биесінің құлыны екен. Бұл суға түсіп кете алмайды. Алдында көлденең Күркілдектің суы бар, соған барып тоқтайды! – депті.
Бала аман-есен үйіріне қосылды. Құдай пендесінің үмітін жаумид қылмайды. Бәрінің де ойлағаны болды. Толыбай сыншының айтқанындай, тұлпар Күркілдектің бойына барып тоқтапты. Сонда сол маңайды Ұлы жүз: Үйсін Қасқарау байдың ауылы бар екен. Өзін ұстап алу қайда, тағы болып, су басында жүргенін көрген соң, Қасқарау бай бес байталды оңаша тастап, сол бес байталға шапқан екен. Қыпшақ Қарабалық-Алданазар паң бала күні екен де, өзі Қасқарауға жиен екен. Нағашысына барып:
– Не қалағаның болса, ал! – десе, алмай, жиендік қылып, бес байталдың бірін буаз күнінде алып қашып кеткен екен де, артынан Қасқарау қумайды да, зерттемейді. Қазақтың жиендік қылатұғын бұрыннан ғұрып-ғадеті болғандықтан, сол байтал еркек құлын тауып, өскен соң, үйірге салып Алданазар ханның жылқысы шетінен туа жүйрік бола бастағаны сол екен. Сонан соң мұның жылқысынан тұқым алу үшін құда болмаған қазақ жоқ. Бұл орта жүзде болған жүйріктің түп негізі сол Алданазар ханға барысып тиянақтайды. Онан соң Қасқарау деген елдің аты қосылған жерде өзге ел бәйге алмайды. Және бұл күнгеше өзге елге қарағанда, Қасқарау жылқысы жүйрік келеді. Қуандық аты тұрғанда, біздің Сүйіндікке бәйге жоқ. Қасқараудан жылқы тұқымын алған Қарсұн-Керней аты келген жерде Қуандыққа бәйге жоқ. Қасқараудың өзімен аралас аста Қарсұн-Керней атына бәйге жоқ.

Mashkur(Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің шығармаларынан алынды)

1 пікір

  1. Анон

    Қай шығармасынан алынды, аты қандай? Айтып жіберіңізші

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Please Do the Math      
 

Можно использовать следующие HTML-теги и атрибуты: <a href="" title=""> <abbr title=""> <acronym title=""> <b> <blockquote cite=""> <cite> <code> <del datetime=""> <em> <i> <q cite=""> <strike> <strong>