Ат спортынан тұңғыш чемпион атанған қазақ баласын білесіз бе?

6355

Өскемендік Диас Ескермесов ат спортынан алтыны, күмісі, қоласы бар, жалпы жиыны он үш медальдің иегері. Жасөспірім 2014 жылы Мәскеуде ат спорты чемпионатында алтыннан алқа таққан тұңғыш қазақ баласы. Үстіміздегі жылдың шілде айында Американың Лос-Анджелес қаласында өткен XIV Бүкіләлемдік арнайы Олимпиадада спорттың осы түрінен алтын, күміс және қола медалдардың жиынтығын қанжығасына байлап қайтты.

«Менің бабаларым батыр болған»

Qazaq1Диас көп сөзге жоқ, ұяң бала. Жас жеткіншектің спорт пен өнердегі жетістіктері туралы бізге оның анасы Майгүл Қайсарханова айтып берді. XIV Бүкіләлемдік арнайы Олимпиадада шартараптан жеті мыңнан астам спортшы бақ сынасыпты. Осындай жоғары деңгейдегі ат жарыстарына Қазақстанның өкілдері алғаш рет қатысқан. Шабандоздардың барлығы да Винное ауылындағы «Ақ тай» ЖШС-нің иппотерапия орталығының тәрбиеленушілері. Сол жолы шығысқазақстандық балалар қоржындарын екі алтын, бес күміс және бір қола медальмен толтырып оралған-ды.
Біздің жас спортшылар ат жүрісінің екі түрінен: жұмыс соқпағы, яғни кедергілерден өту және паралимпиаданың арнайы бағдарламасы бойынша күштерін сынауға дайындалып барған екен. Сол жерде ойындарға үшінші түрі — ағылшынша корольдік жүріс қосылғаны белгілі болады. Диас тәуекелге бел буып, қатысқысы келетінін айтқан. Оны өзіне деген сенімділігі алдамай, жүлделі үшінші орынға табан тірейді.
Жарыстардың ең күрделісі — дүниежүзілік олимпиаданың арнайы бағдарламасын орындау. Майгүлдің айтысына қарағанда, оны тек 20 минут қалғанда ғана шабандоз бен жаттықтырушысына көрсетеді. Соны есте сақтап, атты дәл сол маршрутпен жүргізіп шығу керек. Бір әріптен екінші әріпке дейін түзу жүргізу, қиғаш жүргізу, кедергілерден өту, ирелең жолмен жүру, бір аралықтан ауытқымау, шабандоздың басын, денесін ұстауы, қолын қалай ұстағаны, бәрі-бәрі ескеріледі. Ол жерде аттардың алдыңғы, соңғы аяқтарының тура көрсетілген нүктеге дәл келуіне дейін маңызды. Өскемендік жасөспірім спорт додасының екінші күні осы бағдарлама бойынша алтыннан алқа тағып, жеңіс тұғырының ең жоғарғы сатысына көтерілді.
— Маған бапкері Америкадан телефон шалып, «сіздің балаңыз барлық медальдарды жинап алды» дегенде, төбеміз көкке жеткендей болды, — дейді анасы. — Баламда сал ауруы болғандықтан, оның дертіне дельфинотерапия мен иппотерапия жақсы көмектеседі деп естідік. Көптен күткен арманымыз орындалып, осыдан үш жыл бұрын бізде иппотерапия орталығы ашылды. Соған 80 баланың ішіне ілігіп, міне, екі жарым жылдан асты, ұлымыз жаттығып жүр. Үлкен жарыстарға қатысатын дәрежеге жеттік.
Елімізде сайыс өткізетін жер болмағандықтан, шығысқазақстандық спортшылар Ресейде өткізілген сайыстарға қатысып жүреді. 2014 жылдың сәуірінде алғаш рет Новосибирскіге жарысқа барады. Сол жолы жерлестеріміз 2-3 орындармен оралған еді. Мұның өзі үлкен жетістік болатын. Өйткені ресейліктердің 20 жылдық тәжірибелері болса, біздің жеткіншектер бар болғаны бір-екі жыл ғана айналысып жүр. Жұрттың назарына ілігіп қайтқан Диас Ескермесовке сол кездегі облыс әкімі Бердібек Сапарбаев қошемет көрсетеді. Содан желтоқсан айында Мәскеуде өткен жарыста тұңғыш алтынына қол жеткізді.
— Осының бәрі баламыздың қысы-жазы, ыстық-суыққа қарамастан, жаттығудан қалмай, неше жыл еңбектенгенінің нәтижесі ғой. Біз ұлымызды мақтан тұтамыз, — дейді Майгүл.
Сол жолы Лос-Анджелеске жолдама алып келген бала жарты жылдан кейін Америкаға аттанып, онда да өзін мойындатып қайтқанын жоғарыда жаздық. 20 сағат ұшып, мұхиттың арғы жағына жету оған оңайға тиген жоқ. Осындай жарыстарда жас шектелмейтіндіктен, біздің жеткіншектер 40-60 жастағылармен де сайысқа түсіпті.
Диастың салмағы ауыр. Жарысқа барғанда жалға ат берер кезде шабандоздың салмағын өлшейді. Мәскеуде таразы басы 104 келіні көрсеткенде, олар «сен шынымен он төрттесің бе? Тым ірісің ғой» деп сенбей, ат бергілері келмей қиқайыпты. Сонда Диас «мен — қазақпын, менің бабаларым шетінен алып тұлғалы болған, батыр болған» деп жауап берген екен. Бапкері Елена Черникованың айтысына қарағанда, Ресейде жеңістен кейін сұхбат бергенде Диас: «Біз қазақстандықтармыз. Елбасымыз Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ айтқандай…» деп саңқылдап, өте сауатты жауап беріпті. Диас сөйлеген кезде толқығаннан көзіне жас келгенін айтады бапкері. Ал Америкаға бару үшін Диас өздігінен диета ұстапты. Жарты жылдың ішінде 104-тен 86 келіге дейін салмақ тастаған жеткіншектің ерік-жігеріне тек қайран қаласың!
Жазда Америкада еліміздің көк байрағын желбіреткен жас ұлан топ жетекшісі деген құрметті атақпен оралды. АҚШ-та паралимпиада ойындарының құрметті қонағы болған Зағипа Балиева мен Қазақстанның АҚШ-тағы Төтенше әрі өкілетті елшісінің Құрмет грамотосымен марапатталыпты. Ол кісі қазақстандық шабандоздарды арнайы қабылдап, дастарқан жайып, құрмет көрсеткен көрінеді.

Тұлпартерапияның құпиясы неде?

Qazaq3Мұның бәрі қазір ғой. Жеңіс те, марапат та. Ал тура он алты жыл бұрын перзентханада дәрігерлер әкесі мен атасына «сәби іште шетінеп кетті» деп хабарлап та қойыпты. Толғағы қатты келген Майгүлге кесерово тілігін жасайды. Алайда нәрестенің жүрек қағысы сезілмегендіктен, оны өлдіге санайды. Сол кезде Раушан Камиева есімді жас педиатр практикада болады. Ол бәрі кетіп қалғаннан кейін баланың қасына барып тыңдаса, жүрегінің әлсіз болса да соғып жатқанын естиді. Содан шарананы бауырына басып алып, бірінші қабаттағы жансақтау бөлімінен бесінші қабатқа құстай ұшады. Бұл бір, тіпті операция кезінде де жарық сөніп қалатын қиын-қыстау 1999 жыл еді. Дереу әртүрлі амалдар жасаған дәрігерлер сәбидің жанын алып қалады. Алайда қатты тұншыққан кезде баланың ми тамырлары жарылып кетіпті. Соның салдарынан оның аяқ-қолдары сал болып қалған.
Диас он жасқа дейін аяғын баспаған. Алайда тілі ерте шыққан бала сайрап отырады. Сегіз жасқа толғанда анасын қалалық әлеуметтік қорғау бөліміне шақырып, мүгедектердің арбасын тапсырмақ болыпты. Баласын арқалап барған Майгүл ондай жанашырлықтан бас тартады. Сонда мамандардың «Ертең балаңыз өсімдік сияқты өсе береді. Қашанғы көтересіз, ақымақ болмаңыз» дегені әлі есінде. Қол-аяғы сереңдеп, бойы шынында да ұзын еді өз жасындағылармен салыстырғанда.
— Бұл іштен туған кемістік емес, босанған кезде пайда болды. Менің балам өз аяғымен жүретін болады. Кезекте тұрғандарға бере беріңіздер, — деп Майгүл шығып кетеді.
Содан емдету үшін ұлдарын апармаған жерлері жоқ. Аяқ жетер жердегі дәрігер, емші-балшылардың, тәуіптердің бәрін тауысады. Аяғы он жасында Тула қаласындағы профессорларға апарып, он төрт жерінен операция жасатады. Ғалымдар баланың артқа қайырылып жатқан аяғын қалпына келтіріп, адымын ашады, бала басын дұрыс ұстап үйренеді. Қалғаны сол иппотерапияның құдіреті екен.
— Менің ерекше айтқым келетіні, осының бәрі ат спортының құдіреті. Ұлымыздың сол қолы ғана жұмыс істейтін, оң қолы мен екі аяғы нашар болды, қолы салбырап жататын. Бүгінгі күнде өздігімен жүреді, тіпті фортепьянода ойнайды. Қазір жүрісінде кемістігі аз білінеді. Салт атпен жүретін, аттың құлағында ойнайтын халықта ешқандай дерт болмаған ғой кезінде, — деп сеніммен айтады Диастың анасы.
Диастың өзі алғаш атқа отырғанын былайша есіне алады:
— Бірінші күні аттан қатты қорықтым. Қол-аяқтарым дірілдеп, өзімді әрең тежедім. Екінші күні де қобалжыдым. Сосын біртіндеп үйрене бастадым.
Сөйткен бала бүгінде әртүрлі аттармен де, өзінің жеке атымен де жаттыға береді. «Карлик» атты кәрі атты балалардың бәрі иеленеді екен. Ал «Персей» деген мінезі шәлкес ат бар, оны Диас қана мойындатыпты. Бұл жерде жаттықтырушысы Елена Черникованың еңбегі орасан зор. Алдымен атқа төсеніш салып, жайдақ мінгізеді. Баланы алдымен жатқызады, сосын ат жүріп келе жатқанда оның қол-аяғын дұрыстап, отырғызады. Күніне бір-екі сағат аттың үстінде жүрген балалардың денсаулықтары көп түзеліп қалғаны бірден байқалады.
Америкаға барар кезде жеткіншек ағылшын тілін үйренуге кіріседі. Ол жақтағы ағылшын мен бізде үйрететін тілдің айырмашылығы жер мен көктей екенін айтып келіпті ол. Сол жолы спортшыларды Голливудқа, Уолт Дисней компаниясына, Грэмми сыйлығын тапсыратын жерге саяхатқа апарыпты.
Диас Ескермесов қазір қосымша бағдарламамен үйде оқиды. Алайда оған аттестат берілмейді екен. Бағдарламаны тыңдады деген анықтама ғана береді, онымен ешқандай колледжге түсе алмайды. Анасы оның қабілеті осындай диагнозы бар құрбыларынан әлдеқайда ілгері екенін айтады. Сөйлейді, ақыл-есі дұрыс. Өзіне-өзі қызмет көрсетеді, жаттығуынан қалмайды. Оның ата-анасына деген құрметін мына бір эпизодтан-ақ аңғаруға болады. Диас Уолт Дисней компаниясының дүкенінен әкесіне базарлыққа кроссовка әкеліпті. Әкесі Мұрат Қайсарханов — облыстық әділет басқармасының қызметкері, анасы — әскери қызметкер. Қарындасы Диана облыстық Жамбыл атындағы дарынды балаларға арналған мектеп-гимназияда оқиды.
Жуықта төрт облыстың мамандары бас қосқан инклюзивті білім беруге қатысты алқалы жиында жоғары мінберден осындай балалардың барлығына жалпы мектепте оқуға мүмкіндік берілсін деп айтылған-ды. Оның қаншалықты іске асатынын не болмаса жай жалынды сөз болып қалатынын уақыт көрсетер.

Айна Ескенқызы, «Дидар» газеті (Ықшамдалып алынды)

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.

error: Content is protected !!