Серік ЕРҒАЛИ. Көкпар: ойын басқа, спорт басқа

10773

Егемендіктің халқымызға берген бір құты – ұлттық ойындардың даму үдерісіне серпін бергендігі. Алайда кез келген үдеріс белгілі бір ғылыми-логикалық сипатқа бағынбаса, күтілген нәтиже бола қоймайды. Айтқымыз келіп отырғаны – көкпар мысалында барлық ұлттық ойындарның даму үдерісінің кедергілері жайында.
Біздің ұлттық спорттық орта әлі күнге ұлттық ойын мен спортты ажыратуға құлық танытпағандықтан, адасу үстінде. Әуелі ойын дегеніміз — не, спорт дегеніміз — не? деген сауалдарға тоқталайықшы.
Кең тараған жалпылама анықтама бойынша, ойын – ойластырылған өнімсіз қызмет, қайраткерлік (В.Д. Шадриков. 2.3. Готовность детей к обучению // ПСИХОЛОГИЯ ДЕЯТЕЛЬНОСТИ И СПОСОБНОСТИ ЧЕЛОВЕКА. — М.: Логос, 1996. — С. 129. — 320 с.), яғни нәтижеде — қандай да бір материалдық өнім күтуге болмайды, бұндағы басты түрткі/мотив оның нәтижесінде емес, ойын үдерісінде (Большая советксая энциклопедия, 1969—1978). Тағы бір нұсқа бойынша, ойын— қоғамдық тәжірибені қалпына келтіру мен игеруге бағытталған, нақты әрекеттерді әлеуметтік жолмен жүзеге асыру тәсілдері бекіген, (Общая психология. Учебно-методическое пособие / Под общ. ред. М. В. Гамезо. — М.: Ось-89, 2008 — 352с.) шартты жағдай аясындағы қызметтің/әрекеттің формасы.
kokparСпорт — адамдардың дене немесе зерделік қабілеттерін салғастырудан тұратын, сондай-ақ, бұл қызметтер үдерісінде туындайтын тұлғааралық қатынастарды арнайы түрде дайындықтан өткізуден тұратын адамдардың белгілі бір ереже бойынша ұйымдастырылған қызметі, қайраткерлігі. Спорт — жарыс арқылы көрініс табатын және соған деген мақсатты түрде ширау мен жаттығу арқылы дайындықтан тұратын дене мен ақыл белсенімін көрсетуші қызмет. Спорт — денелік мәдениеттің («дене шынықтыру» тіркесі мүлдем шектеулі ұғым) құрамдас бөлігі. Қысқасы бұл – жарысу, сайысу қызметі мен соған әзірлік. Спортта адамның биік нәтижеге жету жолындағы денелік, психикалық және әдеп сапалары айқын көрініс табады. Ойында бұл талаптар қойыла бермейді, онда бастысы адамдардың қатысуы, әркімнің өз мүмкіндігін сарп етуге күш салуы ғана көрініс табады.
Ұлттық ойын сол ұлттың құндылығын паш етеді, танымын әйгілейді, дәстүрі мен философиясын насиқаттайды. Ал спорт адамзаттық құндылық деңгейінде қимыл мен әрекетті, адамаралық қатынасты баста нысана етеді.
Бұны айтып отыруымыз – бүгінгі ұлттық ойындардың дамуына тікелей қатысты болғандықтан. Бүгінгі таңда ұлттық ойынның қайсысын алсақ та, оның дамуы жүйесіз үдеріске ұрынуда. Себеп – күн тәртібін ұлттық ойындарды спортқа айналдыруды нақты мақсат етпей, оны «дамыту» деген жалпылама ұғыммен әрекетті шашыратуымызда болып отыр.
Қай ойынды да спортқа айналдыру – бізге сол ойындарды этностық сипаттан адамзаттық құндылыққа айналдыруға итермелейді. Көкпар мысалында алатын болсақ, ол ұлттық ойын ретінде тарихы бар, өзіндік сипаты мен ұлттық құндылық ретінде қалыптасқан ойын өнері, бірақ оны қалай дамытуды қолға ала бастадық, солай алдымыздан дүниежүзілік критерилер шықты: бауыздалған серкенің спорттық сайман болуы қабылданбады. Себебі, көкпар ойын болса – қазақ үшін ойын, ал басқа халықтардың мойындауы үшін ол ойындық сатыдан спорттық сатыға өтуі керек еді. Ол үшін спорт талабына сәйкес ойынның атрибуты спорттық реквизит бола бермейді, бұл жерде жоғарыда аталған психикалық және спорттық басқа талаптар орындалмаса, оны спорт өз кеңістігіне өткізбейді.
Демек, көкпарды дамыту дегеніміз – оны спортқа айналдыру.
Ал ол үшін оның арнайы алаңы болуы, серкенің заман талабына сай бауыздалған малдың мүрдесі немесе тұлыбы емес, спорттық снаряд түріндегі сипаты болуы;
Көкпаршылардың зерттелген тәсілдер бойынша жаттығуы мен арнайы бапкерлердің әзірленуі;
Көкпар аттарына талап пен оларды дайындайтын зауыттың болуы секілді командалық спорт ретінде көкпар индустриясының пайда болуымен бірге жүретін ұлы үдеріс анықталуы керек еді. Бұның бәрі ғылыми зерттеу мен зерделеуден басталғаны жөн болатын, ал кәзір біздің ұлттық ойындарды спорт түрінде көргісі келмейтін тұлғалардың пікіріне аталмыш мақсат малтығып, адымы ашылмай келеді.
kokpar alanyӘрине, бұл жайтты білгішсіну үшін болмаса ақылсу үшін емес, үдерісті дұрыс жолға салу мақсатымен ортаға шығарып отырмыз. Мәселен 2013 жылы көкпар стадионының жобасына конкурс/іріктеу жарияланбас бұрын, оған деген нақты талаптар мен критерилер ғылыми жолмен анықталды ма? Жоқ. Ұлттық ойын айналасындағы дуалы кісілердің пікірі ғана негіз болғаны жасырын емес. Бірақ бұл көкпарды осы күнге жеткізген тұлғаларды ысырып тастау деген ниеттегі әңгімені қоздыру мақсатымыз емес, ондай пікір-пайымдар негізінен ғылыми зерттеу барысында, зерттемелер сынаққа түсерде аса құнды фактор екені аян, бірақ шешуші ақпарат көзі емес. Дуалы ауыз — ғылыми пайым емес, пікір ғана, ал спортқа ғылыми негіздеме керек. Осындай тиянақты жайттардың болмауы біздің әрбір қадамымызды нәтижесіздікке ұрындырады және ылғи да дәйексіз эксперименттен көз ашпайтын боламыз. Мысалы, қазірдің өзінде «қазандық» («қазан» болса бір сәрі) аталатын көкпар салынатын орын қанша адам мен аттың жарақатына себеп. Бұндай ойынға каскадерлар болмаса спортшылардың қатысуы қатерлі. Ал қытайлық қазақтар шаңырақ секілді баскетболдың торын қолданады екен… Бұл да әйтеуір қолда бар нұсқаға еліктеуден, калька іздеуден шыққан жайттар. Егер де біз көкпарымызды тыңғылықты зерттеп, зерделесек, оны футболға да, баскетболға да еліктетпей өз орны мен тұрпатын жасар едік.
kokpar serkesiСөзіміз нақты болу үшін көкпар серкесін тұлыпқа айырбастау талпынысымызды алайық. Мақсатты осылай қоюдың өзі мүлдем дұрыс емес, серкенің орнына «қуыршақты» қолданғанда көкпар ұлттық ойыннан спортқа айнала ма? деген сауал бастан қойылуы керек еді. Әрине ойын спортқа айналмайды. Спорт-көкпар үшін бауыздалған серкені де, оның муляжын (нәрсенің нақты пішінін беретін құймасы, жасамы, көшірмесі) да тарту міндет емес, қызық емес, оған ыңғайлы, лайықты сайман жасау мәселесі күн тәртібінде тұр.
Сол себепті муляж әзірлеуге арналған конкурстың мына талаптары жөнсіз әрі нақты емес, түсініксіз: «Пішін төмендегі талапқа сай болуы керек:
– икемді;
– жұмсақ;
– терісі жыртылмайтын мықты;
– сырт пішіні көкпар серкесінің пішінінен аумауы керек;
– салмағы 35 келі және 30, 25 келі».
Бұның орнына, яғни муляж емес, «серке» аталатын снаряд әзірлеуге мынадай талап қойған жөн:
– пошымы – серкенікіндей болуы міндетті емес;
– пішіннің жалпы ұзындығы – 90 см, ені – 45 см, қалыңдығы – 15-25 см;
– салмағы 3 түрлі: 35 келі және 30, 25 келі;
– 4 «сирағы» болуы керек;
– серке «терісі» төзімді мығым материалдан болғаны жөн;
–материалдың мал терісінен болуы міндетті емес;
– «тері» уыстап ұстауға ыңғайлы әрі жұмсақ болуы тиіс;
– адам денесіне бататындай не ауыртатындай әлдебір қатты детальдары болмағаны абзал;
– серке салмағы ауа ылғалын сіңіретіндей қосымша салмақтанатын болмауы тиіс.
Әрине, мұндай сайманға қойылар талапқа ғылыми-практикалық негіздеме жасалуы керек, әйтпесе бәрі де сәтсіз, нәтижесіз бітеді. Сондықтан муляж пайдаға аспай сәтсіздікке ұшырады, спорттық сайман муляждан құралмайтыны мәлім болды. Демек, көкпар спортқа айналуы үшін оған қажетті талаптарды былай қойғанда, серкенің тұлғасын көкпардан аластау керектігі туындайды. Бірақ көкпар ұлттық ойын ретінде бұрынғыша серкені пайдаланып, ал спорттық көкпар үшін өзіне лайық сайманды жасау жайттарын ескермей отырмыз. Қысқасы, көкпар ойын түрінде де, спорт түрінде де қатар өмір сүре алады. Бірақ екеуінің басын ашып, ажыратып алған мақұл.
Ойын-көкпарға дулыға керек емес, қазақы тымақ пен қазақы киімдер және серке жеткілікті, сондай-ақ, ойын-көкпар ережесін екіжақты команда ойыны ету де керек емес. Ал спорттық көкпар үшін көкпаршыға қажет қолғаптан бастап, дулыға, арнайы етік, жейде, ат, муляж емес снаряд-серке, арнайы стадион т.т. саймандар мен жабдықтарды мақсатты түрде қолға алу қажет болады. Әлемдік спортқа айналған кез келген ұлттық ойынды алсаңыз да, олар осы жолдан өткен.
Қысқасы, біз көкпардан ойын ретінде айырылғымыз келмесе — оны серкеден ажыратпау керек, ал спорт еткіміз келсе — спортқа тән саймандарын ғылыми түрде дәйектеп әзірлеу қажет. Ойын-көкпарды мереке көрінісі етіп қалдырып, спорт-көкпарды көшермен ата-бабамыздың адамзатқа сыйлаған құндылығы есебінде осылайша ғана дамыта аламыз.

Serik E.Серік Ерғали, мәдениеттанушы

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.

error: Content is protected !!