Балаға атты нағашысы мінгізеді

8525

Қазақ рәсімінде балаға атты нағашылары тауып береді, жиеннің назары қиын деп, жиеннің сұрағанын, қалағанын береді, жиеннің ат таңдауын XVIII ғасыр аяғында ғұмыр кешкен Ес батырдың өмірінен де көреміз.
Ес – елі Бөріші, Қорғалжың маңында туған. 13 жасында Жиделібайсындағы нағашыларына барады. Барса нағашысы өмірден өтіп, оның баласы үш мың жылқыға ие болып қалған сол елдің ең ірі байы екен. Нағашы туыстары Ес келген соң той жасап: «Мына 3 мың жылқыдан қалаған жылқыңды ал», — дейді. Ес бір жыл нағашылап жатады. Ес кетуге ыңғай танытып жиналғанда, нағашы жұрты қанша жылқы аласың деп сұрайды.
— Жоқ, жылқы алмаймын, мына кермедегі екі боз аттың үлкен бозын алам, -дейді.
— Сен менің жауымсың ба? Ана үш мың жылқыдан жылқы алмай, менің астыма мініп жүрген атымды сұрағаның не? – дейді нағашысының баласы ашуланып.
— Бермесең ат өзіңдікі, — деп Ес еліне кетіп қалады. Елден түс ауа аттанған Ес кешке дейін бір жерге тығылып жатады. Түнде келіп кермедегі үлкен Бозтарланды шешіп алып, жетектеп нағашысының үйіне келіп сырттан айғайлап:
— Нағашы, нағашы, жиен деген міне жау, атыңды шешіп алдым, батыр болсаң мен үш күн тосам, атыңды алып қал, ал қатын болсаң жата бер, — деп тасырлатып шауып кете барады.
— Ойбай-ай, мынаның істегені-ай, бәленді-түгенді шақыр, аттан! — деп айғайлайды нағашысының баласы.
Сонда айқай-шуды естіп баланың шешесі шығып:
— Не боп қалды? — дейді.
— Жиенің әне, бір жыл үйіңде жүріп, бағып-күткен атымды ұрлап әкетті, — деп баласы шешесін кінәлайды.
Шешесі:
— Ол сенің атыңды алмайды, ол – жолбарыс, сен жай адамсың, елді азан-қазан қылма, үш күн тос, үшінші күні атыңды өзі әкеліп байлайды. Ол атты сені сынамаққа алды, — дейді. Екпіндетіп айтқан сөзін бір қайырған шешесі: «Мен келін болып түскенде жаздай жолбарыстың етіне жерік болдым, содан әкең байғұс Шуға барып жолбарыс аулап, жолбарыстың етін қақтап әкеліп беріп, соны жеген соң бала бітті. Қыстыгүні бойыма біткен баламен жүріп, түзге отырғанда, жерошақтай болып қалушы еді. Аман-есен қыз бала босандым. Сол қыз мына Естің шешесі. Сол жолбарыс қыздан туған, Ес жолбарыс емей немене? Ол сол жолбарыстығын істеп тұр». Айтқанындай 3 күн өткен соң Ес таңертең әкеліп кермеге атты байлап, нағашы әжесіне келіп ас-су ішіп қош айтысады. Қош айтысқанда нағашы әжесі: «Мына қос боз атты да ал», — дегеніне қарамастан, жылқы өзімде де бар, — деп Арқаға тартып отырады. Сол Естен ағайынды Әлке, Базар туады. Әлке, Базар Кенесарының соғысына бастан-аяқ қатысқан жаужүрек батырлары. Ес 37 жасында көз тиіп, о дүниелік болып кетеді.
Ес екі баласы Базар мен Әлкені батырлыққа баулиды екен. Пышақтарды жүзін жоғары қаратып шошайтып, үстіне құм үйіп, еңістен балаларды жүгіртіп жіберіп, құмға жасырылған пышақтардың жанына келгенде бала жығылып үстінен аунап түсу керек. Әрине, өз балаларын пышаққа түсіре ме, байқатпай пышақтарды алып тастайды. Базар жүгіріп келіп жата қалып, пышақтардың үстінен басы мен аяғын тіреп денесін тигізбей аунайды екен.
Ал Әлке жүгіріп келіп аунағанда бүкіл денесімен тұтас аунап, пышақтарды іздеп аласұрады екен. Сонда Ес: «Базарым айлалы батыр болады да, Әлкем көзсіз батыр болады», — деп екі ұлына бағасын беріпті.

Axmet.TАхмет Тоқтабай, «Қазақ жылқысының тарихы» кітабынан

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.

error: Content is protected !!