Ұрыны қуған айғыр

9862

Aigyr55Бұл өзі көкпардың көне мекені Оңтүстікте болған оқиға. Ол кезде көкпаршылар бір ауылдан бір ауылға келгенде бүгінгідей қонақ үй жоқ, келген ауылына бытырай қонады екен. Сарыағашқа сау ете қалған көкпаршылар әр үйге ат байлайды. Омыраулап отызды еңсеріп қалған Ыбырай бастаған азаматтар да бір үйге келіп түседі. Қонақтардың көкпаршылар екенін сұрамай білгенмен, үй иесі жылы шырай таныта қоймайды. Әсіресе, бүкшиіп төрде отырған ақсақал онша елей қоймайды. Бір кезде барып кеудесін көтеріп жөн сұрайды. Ыбырай: «Көкпаршылармыз, Қазығұрттың Үшбастау деген ауылынан, Жолбарыс деген кісінің балалары едік» дейді. Міне, қызық! Бағанадан қас-қабағы кепкен құрмадай құрысып отырған қариямыздың көзінің оты жарқ ете қалады. «О, о, о! Солай деңіз. Онда қой сойылады екен. Қайсың бар ей мұнда. Барыңдар, қой әкеліңдер!» дейді. Отырғандар аңтарылып қалады. Сонда қария: «О, о, о! Ұмыт болған, айтпайтын нәрсені айтқызатын болдыңдар, тұра тұрыңдар, малға бата жасаңдар, әңгіме сонан кейін» -дейді.
Қоянжонданып дастархан жайылып, қонақтар шөл басқанда қария әңгіме тізгінін ағытады.
-Несін жасырайын, бір кездері мен тақымы кеппес ұры едім. Бала-шағаны асыраған түрім ғой. Қораға шабатын қорқаулар секілді емес, алыс жортып ауыз қандайтын қасқыр едім. Кейін тіпті бірлі жарым жылқыны місе тұтпай, үйірлеп айдайтын болдым. Сондай уақытта «Қазығұрттың баурайында Жолбарыс деген бай бар» деп естідім. Енді есі-дертім соған ауып болмады. Бір барып келмей ұйқым қанбайтынын білген соң, ат жараттым. Күндіз бәрін көріп, мөлшерлеп алып көзбайлана берген апақ-сапақ уақытта көздеген үйірдің шетін ысыра айдай беріп едім, жалы тізесіне құлаған, есік пен төрдей қара айғыр оқыранып шықты. Жасқайын деп жақындай беріп едім, ығар емес, тұқыраңдап келді де тура атылды. Астымдағы атымның шоқтығына ауыз сала бергенде жалт бұрылдым да қамшы бастым. Анау қалар емес, тасырлатып қуып келеді. Атым қашаған қуатын ұшқыр ат еді, оның үстіне жарау ғой, а дегенде әйтеуір ілдірмей кеттім. Қайдан білейін, біраз қуған соң қалады ғой деп ойлағам. Құдай сақтасын, өмірімде ондай айғырды көрген де, естіген де емеспін. Үйірлі жылқыдан үйірлі қасқырға жетім құлын бермейтін талай айғырды білетінмін, адамды мұнша қуған бар ма?! Бұта-бүрген, ойлы-қырлы жер демей орғытып, қарғытып қашып келем, қашып келем. Анау тіпті қалар емес, кейде тіпті құйрықтістер жақындап қалғандай болады. Саған өтірік, маған шын, қай жерден омақасар екенмін дегенде жаным мұрнымның ұшына келді. Омақассам, анау таптап, жұлып жеп қоятындай. Зәрем зәр түбіне кетті. Әлгі «төбеқұйқам шымырлады» деген бар ғой, сол рас шымырлайды екен. Өнебойымды сұп-суық тер басып кетті. Осы кезде мөлшерлеуімше, алты қыр асқанда ғой деймін, енді өлдім-ау деген кезде Алла есіме түсті. Сонда: «Ей, Алла! Осыдан құтқарсаң енді қайтып ұрлық істемеймін, қоям» дедім. Айқайлап жіберіппін. Жылап жіберіппін. О, Құдайдың құдіреті! Айғыр сол жерден қайтты. Бір белге сопаң етіп жалғыз шыға келдім. Үһ дедім. Сонда да ары барып аттан түсейін дедім. Астымдағы атымның өзі дір-дір етеді.
Содан ауылға келіп, өзімнің адал малымнан бір сиырды сойып, көрші-қолаңды шақырдым. Ас үстінде шақырған себебін айттым. «Сіздер менің тақымы кеппеген ұры екенімді білесіздер, сол ұрлық бүгіннен бастап тоқтатылды. Енді ешқашан ұрлық істемеймін. Тәубеме келдім! Соны айтайын деп едім!». Міне, содан бері де жиырма жылдан асып қалыпты. Құдайдың құдіреті! Ұрлығымды қалай қойдым, солай қорама мал тоқтады. Қазір біреуден артық, біреуден кем дәулетім бар. Жолбарыс деген бай текті, асыл адам деп естуші едім, «мал иесіне тартады» деген бар ғой, хайуан мал, айғырының өзі сөйтіп біз пақырды тәубемізге келтіргені бар, айналайындар! Төрім сендердікі! Көкпар біткенше үй осы, жатыңдар! –деп аяқтады әңгімесін.
Бұл Ыбырай ақсақалдың аузынан жеткен әңгіме. Ол кез деп отырғанымыз ашаршылық жылдарының алды.
Айтпақшы, ақсақалдың ұрлықты қалай қойғанын ауылдастары қонақтарға айтылған осы әңгімеден кейін барып бірақ біліпті. Кейбір өрескел әрекетті өр көкірек жігіттерге: «Әй, сен бе, сен! Айғыр қумай адам болмайсың» деп жымиып қоятынының да жұмбағы сол кезде шешіліпті.

Ovh129XOҰларбек Нұрғалымұлы.
namys.kz (Түпнұсқадағы тақырып:
Ұрының тәубеге келуі немесе «Айғыр қумай адам болмайсың»)

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.

error: Content is protected !!