Альберт МҮРСӘЛІМОВ. Менің Қаракерім

8689

«Қаракер мал болудан қалды»

Әділханның қызметі ауданға ауыстырылғанымен үйі әлі Қарасуда тұрған. Директордан шығып, үйіне келе жатырмыз. Үйі шағын, іші үйшікке ұқсас, екі-ақ бөлмеден тұратын, кеңшар кеңсесіне жақын, қатар-қатар салынған үйлердің шеткісі екен. Әділхан кеңседен шыққаннан үйге келгенше, үйде де ас үстінде ақыл айтумен болды. Ертең менімен қызметтес болатын адамдарға мінездеме беріп, кіммен қалай сөйлесу керек, қарамағымдағы мамандарыммен қарым-қатынасым қандай болу керек, барлығын түсіндіріп, өз өмірінен мысалдар келтіріп миыма құйып жатыр.
— Есіңде болсын, осындағы атқорада менің қаракер атым бар. Қадірлі ат. Кәрі де емес. Естуімше, соны атқораға әкеліп байлап, жемдеп семіртіп жатыр. Жарамсыз деп есептен шығарып та қойыпты. Сен сол аттан айырылма, өзің мініп жүр. Өкінбейсің, — деді.
Ертеңінде таңғы бестен тұрып директордың күндік жоспарлау отырысына келіп қатыстым. Қатысып отырған мамандардың ең жасы мен де, менен сәл жасы үлкендеуі Қалдыбай Тоқмырзаұлы. Отырыстың аяқ кезінде директорға:
— Осындағы атқорада бас малдәрігерінің аты бар екен, мен соны иеленіп мініп жүремін, — дедім.
— Әй бала, ол ат жарамсыздығына байланысты шығысқа шығарылып, союға қойылған. Ол ат лоққы, союға да жарамауы мүмкін. Иығы шодырайып ісіп, ішінен саулап ірің ағып жатыр. Тіпті арам өліп қалуы да ғажап емес. Сен оны көрмеген соң айтып отырсың ғой, көрсең шошисың, — деді, жасы елуге таяп қалған, ұзын бойлы, қараторы, тікірейген қайсар қара шашын артына қарай қайырып қойған, кеңшардың бас зоотехнигі Әміржан Абдрахманов.-Сен оны бүгін көр, сонан соң барып шешіміңді айт.
— Жарайды, бүгін барып көремін, — дедім де, кеңседен шығып атқораға бет алдым. Атқорада мамандардың мініс аттары мен қатар, союға дайындап, бордақыға қойған жылқылар да тұр. Аттардың күтушісі, аппақ сақалы мен мұртын ұзын етіп өсіріп жіберген, тыриған арық, орта бойлы, Зияда ақсақал екен. Оған келген шаруамды айттым.
— Жүр бетбраштың атын көрсетейін, — деп өзі алдыға түсіп қораның түкпіріне қарай бет алды. Көп аттардың ішінде, оқшаулау бөлек жерге байланған қаракер атты көрсетті. Қораның терезесі жоқ, іші қараңғы, қараңғыға көз үйренгенше аттарды түстеп анық көру қиын. Қаракерге жақындағанда одан іріңнің сасық иісі мүңкіп қоя берді.
— Көрмекші болған атың осы. Ең алғаш осы атты дөнен кезінде көп жылқының ішінен таңдап алып, жылқышыларға үйреткізіп, мінген адам бетбраш Искаков Равхат болатын. Одан кейін Бердімұхамбетов Болат, соңғы мінген адам Әділхан болды. Әділханнан кейін әр кім бір мініп, ыстықтай ертоқымын сыпырып, күтімсіздіктен иығын алдырды. Жаны ашыр адам болмаған соң осындай күйге түсті. Енді мұның барар жолы біреу-ақ, «қазан қаласына» барады, егер еті жеуге жараса. Өзі, берген шөп пен жемді де еркін жей алмайды. Күніне екі айыр шөп саламын, жем беремін, соны жеуге де шамасы келмейді. Оңалатын түрі жоқ. Алғашқы әкелгенде өліп қалатын шығар деп едім, жаны сірі екен, — қария аттың ноқтасын шешіп жатып, әңгімесін сабақтап, — мен мұны Равхат қасқа деп атаймын, — деді.
Атты жетектеп далаға алып шықты. Мен де елпеңдап аттың соңынан еріп қараңғы қорадан далаға шықтым. Күн шайдай ашық, жарқырап, қараңғыдан жарыққа шыққанда, үйренгенше көзді аштырмайды. Қаракер жан–жағына қарап, Зияда қарияны иіскелеп, танауымен түртіп итеріп-итеріп қояды. Шамасы жем сұрап тұр. Көз жанарын маған да аударып қарап қойды. Өзін күтуші қариядан, «Бұл кім, бұған не керек? Менің мына аянышты түрімді қызықтағысы келіп тұр ма?» — деп, сұрап тұр ма екен, кім білсін, Құдай мейірім мен ақыл бергенмен тіл бермеген бұл жануарға.
Қаракер — бойы биік болмағанымен мойынымен сирақтары, денесі жуан, қап-қара жалы ұзарып мойынын толық жауып, одан асып төмен төгіліп тұр, құйрығы да ұзын, ұшы жерге жетіп сүйретілуде. Аттың түсі қаракер, маңдайында кішкене ғана ағы бар, бірақ оны ұзын кекілі жасырып көрсетпейді. Бауыры мен қапталына және тізелеріне, тапталып дәретіне езілген қиы, қатпар-қатпар болып жабысып қалыпты. Көп жататын шығар. Үнемі байлауда тұрғаны көрініп тұр. Иығы, соңғы мойын омыртқасы мен алдыңғы арқа омыртқаларының жалғасқан жері көтеріліп іскен де, ішіне ірің жиналып күмпиіп барып жарылып, ішіндегі жиналған ірің сыртқа шығып, иығынан жауырынының үстімен ағып, сап-сары, салтақ-салтақ болып тізеге, тізеден тұяғына дейін барып баттасып жатыр. Қабырғалары ырсиып, арқа омыртқалары шоштиып, жаясы жұқарыпты. Мөлдіреп тұрған көз жанарынан, ауырсынып, қиналып тұрғандығығын сезуге болады. Бірінші рет көріп тұрсамда, Әділханның миыма құйып, жеріне жеткізе мақтауы бар, жаным ашып, жақындап келіп алқымынан сипап, құлағының түбін қасып едім, қасығанымды ұнатты ма, әлде еркелегісі келді ме, басын қинала әрең-әрең төмен салбыратқандай болды. Мойынды иіп, басты төмен түсіргенде, иықтың жаралы еттері еріксіз қозғалып, жарасының аузы ашылып, жанына батып-ақ тұр-ау, байғұстың. Шөп алып жейтін оттығы да төменде, жерде екен, шөп жеймін деп күні бойы жанын қинайтын шығар. Суды да кім мұны аяп басын еңкейтпей шелекпен көтеріп беріп жүр дейсің. Шалдың айтып тұрғаны анау, «мұны қазан қаласы күтіп тұр» деп. Кеңседегілер де мұны шығысқа шығарып, «күні біткен, болашағы жоқ, жарамсыз мал» деп есептеп қойған. Менің сипалағаным мен қасығанымды, жанашырлық ықыласымды сезгендей, ептеп мойынын маған қарай бұрып, бірдеңе айтқысы келгендей, ернін жыбырлатып, танауымен иығымнан түртіп қойды. Атшы маған қарап:
— Ия, бала, атыңды көріп болдың ба? — деді.
— Болдым.
— Күдеріңді үз, кеңшарда үш мың жылқы бар, соның ішінен маңдайынан шертіп жүріп біреуін таңдап, жылқышыларға үйреттіріп ал да, осы атқораға алып кел, бағып беремін.
— Жоқ мен осы аттан айырылмаймын.
— Әй бала, ақымақ болма, көрмей тұрмысың, бұл лоққы, басы жерге жетпей тұрған жоқ па, мал болмайды. Күдеріңді үз. Арам өлмей тұрғанда бастықтардың біреуі соғымға сойып жеп, мәз болсын. Одан басқаға бұл жарамайды. Ұқтың ба? Мен талайды көрген адаммын. Лоққыдан жазылған атты көргенім жоқ. Жұртқа күлкі боласың.
— Жоқ мен мұны емдеймін. Жазамын.
— Күлдіресің-ау өзің адамды. Баламысың деген. Текке әуре болып, қымбат дәрілерді, уақытыңды шығындап қайтесің. Көпті көрген менің ақылымды ал, бұл мал болмайды. Ертең елге мазақ боласың.
— Жоқ мен мұны емдеймін.
— Тух! Сен бір айтқанды түсінбейтін, қиқар бала екенсің?! Мен саған шындықты айтайын. Осындағы шығысқа шығарылып бордақыға қойылған аттардың бәрі бөлініп қойылған. Бұл атты құрлыс шебері сойып жеймін деп иеленіп жүр, ұқтың ба?!
— Мейілі, мен мұны емдеп жазамын.
— Жарайды көрерміз емдеп жазғаныңды. Сен бір пропессір боларсың ба! Сенен де ғұлама дохдырлар келген осы ауылға, солардың лоққыны жазғанын көргенім жоқ. Қайта қыс болып бұл малдың иығы құрттаған жоқ. Мәгарки, жаз болса, жарасына кеулеп құрт түсіп, жүдеп өлген болар еді.
— Мен осы атты емдеуге бел будым. Ертеңнен бастап емдеуге кірісемін. Орынына апарып байлай салыңыз.
— Жарайды, сені «таз бен тышқақ» жеңбесе, басқа ешкім жеңе алмайды екен! — деді де қария күбірлеп атты жетектеп атқораның ішіне еніп кетті.
Келесі күні азандағы директордың отырысы аяқталып, директор: — Ал, тағы кімде қандай айтатын мәселе бар? — деп сұрағанда:
— Рақымбай Қибатұлы, мен кешегі айтылған атты көрдім, сойғызбаймын, емдеймін, — дедім.
— Әй бала, ол ат мал болмайды, иығы біткен. Сен оны қалай мінбекшісің? — деді дауысын көтеріп бас зоотехник.
— Жоқ мен оны емдеп жазамын.
— Оныңнан түк те шықпайды!
— Оны уақыт көрсетер.
— Реке, мына бала буынсыз жерден пышақ ұрып отыр. Айтқанды түсінетін емес. Бұл атты бордақылап, осындағы мамандардың біріне соғымға бермекші болып, жарамсыз аттардың тізіміне енгізіп, ауданға апарып бекіттіріп әкелгенмін, — деді бас зоотехник директорға қарап.
— Әбеке, дәрігер ғой, емдесін, әуреленіп көрсін, — деді директор маған сынай қарап отырып. Директорым отыздан жаңа асқан, орта бойлы, бетінің аздаған шұбары бар, беті қызарып жүретін, кең пейілді, аузынан шылымы түспейтін адам.
— Онда, егер осы ат өлетін болса, осының мойынына қоямын, — деді Әбекең.
Сонымен аттың мәселесі шешіліп, менің қарамағыма берілетін болды. Директордың кеңсесінен тапсырмалар алып шыққан соң, алдымен соны орындаудың жайын ойластырып, арасында Қаракерге де уақыт тауып ем-дом жасау керектігін ойлап отырмын. Бұрын соңды лоққы дегенді көрмегендіктен, өзіммен бірге ала келген кітаптарымның ішінен «хирургия» кітабын қолға алып, емдеу жолын іздестіре бастадым. Аудандық дәріханаға барып қажетті дәрі-дәрмектер әкеліп, жұмыстың аяғына қарай атқорға келдім. Зияда ақсақалға атты далаға шығартқызып, жарасының ішіндегі, иығындағы және одан төмен қарай аққан іріңдерін дезинфекциялаушы дәрі ертінділерімен жуып, сутегі перикисімен жараның ішін бірнеше қайтара шайып, жараның айналасын қырып, ішін өлі еттерден тазартып, емдік Вишнев майымен майлап, жараның ішіне шаң-тозаң түспеу үшін аузын тұмшалап, қалың еттің арасына антибиотик дәрілерін, ауырғанын басатын, көңіл-күйін көтеретін дәрілер ектім. Ем жасап болған соң, маңдай мен алқымынан сипап, құлақтарының түбін қасып, аймалап біраз тұрдым. Ат, ем жасап жатқанымды түсінгендей, орынынан тапжылмай тұрды да қойды. «Қаракер жарайсың, жараңды тырналап, ішіне жіңішке резеңке тығып тереңдігін өлшеп жатқанда ауырмаушы ма еді, ауырды ғой. Бірақ сен түк болмағандай шыдап, қозғалмай тұрдың. Студент кезімде, құрттаған жылқылар мен түйелерді емдегенде, жылқылар осқырынып, тістелеп, жанына адамды жолатпаса, түйелер аузынан көбігін шашып, ащы айқайына салып тарпымақшы да болған еді. Сонда жабылып жығып алып, аяқтарын байлап, бір адам басын, екі адам сирақтарын басып отырып емдеген едік. Ол хайуандар біздің оларға жақсылық жасап жатқанымызды түсінбеген. Ал сен болсаң тіпті басыңды изеп, сүйкеніп, рахметіңді жаудырып жатырсың. Жарайсың Қаракер! Ризамын. Сені қайтсемде емдеп жазып, қатарға қосуым керек. Екеуміз сонан соң сенімді серік болып жүретін шығармыз. Жем-шөбіңді жеп жата бер, мен саған ертең келемін, ертеңге дейін хош бол» -деп маңдайынан сипап қоштасып, кетіп бара жатып мойнымды бұрып қарадым. Көзіне көзім түсті. Мойынын бұрып мұңайып мені қимай тұрған секілді көрінді. Тілі болса «тұра тұршы, тағы да мені сипалашы деп айтар ма еді».
Алғашқыда Әділханның үйінде тұрдым, олар көп ұзамай Аманкелдіден үлкен үй алып сонда көшіп кетті. Шағын үй қаңырап бос қалды. Жүктерін тиеп жіберіп есіктің алдында жалғыз тұрғам. Мені көріп, жұмыстан шығып келе жатқан, кеңшардың бас бухгалтері, соғыс ардагері Баймақов Әжіғали ағамыз қасыма келіп: — Ұлым, жүр біздің үйге, — деп үйіне ертіп алып кетті. Үйге келген соң шай үстінде: — Жалғыз өзің ана үйде қалай тұрасың, таңның атысы, күннің батысы бөлімшелерді, малшыларды аралап жүресің, бір жерге тиянақтап тұру керек. Қаласаң біздің үйде тұр. Біздің көп балаларымыздың бірі болып жүресің, — деді.
Қысқа қарай малшыларды атпен аралаймыз, өйткені мәшін қалың қардан жүре де алмайды. Салт атпен, немесе атшанамен жүрген қолайлы-ақ. Мал мамандары ғана емес, кеңшардың директорынан бастап барлық басшылардың, атқорада өздерінің иеленген аттары мен атәбзелдері болады. Ең тәуір ат директордікі. Одан кейін бас мал мамандарыныкі, кәсіподақ, ауылдық кеңес, партком, комсомол хатшыларының да мініс аттары болады. Директордан кейін арнайы мәшін менде ғана бар. Бөлімшелер мен аудан орталығына мен сол мәшінмен барамын.
Қаракерге күнде барамын. Ол мені күтіп тұратын секілді. Ат қорға аттап кіргенімді бірден сезіп, басын көтеріп, мойынын бұрып, тыпыршып қалады. Қасына келіп, Зияда қарияның мазасын алып, істеп жатқан жұмысынан бөлмей, атты өзім байлауын шешіп, шылбырынан ұстап далаға алып шығып, жарасын қараймын. Шылбырдың ұшын жерге тастай саламын. Ол ем жасалып біткеше орнынан тапжылмай тұрып, ара-тұра мойынын бұрып маған және жарасына қарап қояды. Емі біткен кезде қозғалақтап, басын түсіріп менің қолымды жалап, мейірімді, үлкен, дөңгелек, қайқиған ұзын кірпікті, әдемі қара көздерімен мөлиіп маған қарап тұрады. Көзіне көзім түседі. Маған үнемі бірдеңе айтқысы келіп тұратын секілді сезінемін. Ем біткенен соң да екеуміз бірімізді біріміз қимай, ол мені жалап, сүйкеніп мен оның құлағын қасып, маңдайынан, алқымынан сипалап, ұзақ тұрамыз. Жіңішке резеңкемен жарасының тереңдігін өлшегенде, ептеп тартылып, емімнің шипалы болып келе жатқандығын көріп, менің де көңіл күйім өсіп қалады. «Ия, Қаракер ісің оңға басып келеді, көп ұзамай құлан таза болып жазылып кетесің. Сонан соң екеуміз бірге малшыларды аралаймыз. Торғайдың арғы бетіне өтіп киік қуамыз» деймін. Ол бәрін түсініп тұрғандай басын шұлғып, кірпігін қағып қояды. Ішке кіргізіп орнына байлап, Зияда қарияның ұлы, әрі көмекшісі Сәбиттен аттың жағдайын сұрап қоямын.
— Сәбит, Қаракердің шөп жеуі қалай, басын түсіріп өз еркімен су іше алып жүр ме? Тарығып қалған жоқ па? Жемдерің бар ма? — деймін.
— О-о-о-о, бұл Қаракер өлмейтін болды, бұрын өлетін мал секілді сүлейіп, мардымды шөп те жей алмай, ауырсынып тұратын еді. Түрін көріп жаным ашитын. Және иығы сасық, жанына барсаң құсқың келеді. «Әй, осы бір күні арам өліп қалар ма екен?» деп ойлайтынмын, алғаш осында әкелгенде. Қазір жағдайы мүлде өзгерді ғой. Сен көзіне қарадың ба?
— Әрине қарап жүрмін.
— Көзінде от пайда болды. Жайнап тұрады. Байқаймын, саған үйреніп кеткен сияқты. Сенің келе жатқаныңды жазбай танып, осқырынып, басын көтеріп алып, тапжылмай есікке қарайды да тұрады.
— Жарайды, Сәке, саған рахмет. Көз қырыңды салып жүр. Жем-шөптен тарықпасын. Саған да бір көмек керек болса айтып отыр. Барымызбен базар. Бұл ат жазылып, арқасына ертоқым салып мінуге жараған кезде жақсылап жуамын.
— Жарайды, жазылғасын ұмытып кетіп жүрме.
Қаңтар айының басынан бастап, шығысқа шығарылған аттарды иелері келіп атқорадан алып кетіп сойып алып жатты. Ат қорадағы жылқылар азайды. Тек мініс аттар мен менің атым ғана қалды.
Бір айдан кейін Қаракердің жарасының аузы бітіп, мойынын емінеркін жан-жағына бұра алатын, жерден, қардың үстіне шашып берген жемді ернімен жалап жеп, суды суаттан өз еркімен іше алатын дәрежеге жетті. Құдай қаласа енді бір айдан кейін арқасына ертоқым да салып қалатын шығармыз.
Қаракер екеуіміз әбден достасып алдық. Мені үнемі сарыла күтіп жүреді. Мен, Газ-51 үстінде кресі салынған қорапты мәшінмен ат қораның қасына келіп тоқтағанда, мәшіннің дауысын естіген Қаракер тыпыршып екі көзін ат қораның есігіне қадап, менің адымдап кіргенімді аңдып тұрады. Кейде есік алдында Сәбитпен әңгімелесіп тұрып қалсам, Қаракер шыдай алмай шұрқырап кісінеп ала жөнеледі. Сәбит:
— Ойбай, атың шыдай алмай сені сағынып, саған тез кірсін деп кісінеп тұр, тез бар! — дейді.
— Түсініп тұрмын. Қой барайын, — деп, қораға кіріп, Қаракердің қасына жеткенше ол тыпыршып, басын шұлғып, дегбірі кете бастайды. Ноқтасын босатып далаға алып шығамын. Артымнан қалмай еріп далаға шыға сала сағыныш сезімін, өзінің ыстық ықыласын білдіруге асығып, ернімен үстімді жалап, бетін иығыма жақындатып үйкелеп, мені өзінше сипағандай болады. Кейде бетімді жалағысы келетінін қайтесің. Қолыммен бетімді қалқалап «болмайды» деп танауынан кері итеремін. Шамасы беттен адамды сүйуге болмайтындығын түсінген шығар, содан бастап бетіме ерінін жақындатуды қойды. Тек үстімді жалайтын болды.
Жарасын қараймын. Жараның аузы жабылып бітті. Енді томпиып тұрған ісігін қайтарып бұрынғы қалпына келтіру керек. Керекті дәрі-дәрмектердің барлығын аудандық дәріханадан алдын ала әкеліп қойғанмын. Дәріхананың меңгерушісі Сыздықов Ертас ағаға жоқ дәрілерге тапсырыс беріп, ол кісі облыс орталығынан іздеп тауып әкеліп, сонан соң маған хабар береді. Бұрынғы сасық иіс те жоқ. Үсті де тап-таза. Сәбит, жал-құйрығын тазалап, үстін әкеліп берген шеткамен тырналап, жүнін жылтыратып қояды. Жылқы қантты жақсы көретінін білемін, қалтама кесек қант салып алып, алақаныма қойып аузына жақындатамын. Ернімен алақанымды жыбырлатып бір-бірлеп аузына салып, қытырлатып шайнап жей бастайды. Қантты жеп тауысқан соң танауымен мені кеудемнен түртіп «Енді бар ма?» деп сұрайды. «Енді жоқ, ертең болады!» деп басымды шайқаймын. Ол түсініп тұрғандай басын изеп қояды. Қаракердің сыртқы пішіні де ептеп жақсарып келеді. Ырсиып тұрған қабырғаларының аралары толысып, арқасы да тегістеліп қалды. Кетерде арқасынан, сауырынан сипап, алақанмен қағып: «Ал енді қораңа бар, берген жем-шөпті тауысып же, тез оңал. Ақпан айының аяғына қарай арқаңа ертоқым салатын болайық. Сонан соң басқа мамандармен бірге бізде жарысамыз, малшыларды аралаймыз. Әзірге мәшінмен, ал, жол жоқ жерге бөлімше мамандарының атшанасымен жүре тұрамын» деймін. Қаракер тағы да басын изейді. Құтты менің айтқанымның бәрін түсініп тұрған секілді. Кім білсін мүмкін түсініп тұрған шығар. Қораға кіргізіп орнына байлап, маңдайынан сипап: — Сау бол, тез оңал! — деп бұрылып бара жатамын. Ол басын шұлғып қоштасқан болады.
Наурыз айының қарбалас кезеңі. Мені Аудандық комсомол комитеті облыс орталығында өтетін жиынға шақырды. Кешке Әділханның үйіне барып қонып, ертеңінде таңғы бесте тұрып кеңсеге келе жатырмын. «Түске дейін мүйіз, түстен кейін киіз» уақыт, қар бір еріп, бір қатып жатқан кез. Үй-үйдің арасымен қараңғыда желе-жортып келе жатып, ішіне еріген су толып, бетіне жұқа мұз қатқан орға құладым. Жарты денем су болып, Аудандық комсомол комитетінің кеңсесіне келдім. Көше тас қараңғы. Кеңсе алдында қарайған біреу тұр.
— Сізді де жиналысқа шақырып па еді?
— Ия, шақырған, бізге таңғы алтыда келіңдер деген, бірақ әлі ешкім келмей тұр.
— Атыңыз кім?
— Гүлжан.
— Мен Әлібекпін. Келе жатып суға түсіп кеттім. Үйге барып киімімді ауыстырып келейін, бастықтарға ескерте саларсыз, тез келемін, — деп, қайтадан үйге келіп, киімдерімді ыстық үтікпен кептіріп алып оралдым. Комсомолдар жиналып тұр екен, автобусқа міндік те, Арқалыққа аттандық. Келесі күні жиналыстан қайтуда, жолдағы ауылыма түсіп қалмай Гүлжанның соңынан еріп Аманкелдіге келдім. Таныстық-білістік. Аудандық аурухананың зертханасында істейді екен. Қазақша дым сызбайды, шүлдірлесіп орталық көшеде келе жатыр едік, алдымнан директорым қарсы шығып қасыма келіп тоқтады.
— Әй, ботам, жұмыс қайда? Бұның не жүріс?!
— Таңертең жұмыста боламын.
— Сөйт, әйтпесе сенсіз қырылып жатырмыз, -деді директорым.
Кешке ауылыма қайтарда: «Маған тұрмысқа шық, ертең келіп алып кетейін?» дедім. Ол келісті. Келесі күні мәшінмен Аждар екеуміз Гүлжанды Қарасуға алып келіп, Аждардың үйіне түсірдік. Аждар мен Қарлығаш жатқан бөлмеге тағы бір кісілік төсек кіргізілді. Олар шымылдық құрып алып арғы бетінде, біз бергі бетінде жатамыз.
Гүлжан алғашқыда жұмысын қатынап істеп жүрді де, соңынан фельдшер болып біздің ауылға ауысты. Кейін мектепте орыс тілінен сабақ беретін мұғалім болмай, мектеп директоры Оташев Сабыржан аға «Өзім тәрбиелеп қатқан мұғалім етіп шығарамын» деп, мектепке орналастырып алды.
Біздің кеңшар жылқыларын жаңадан құрылған Абай кеңшарына тапсырды. Ептеп жұмыс та жеңілденгендей болды, бірақ жылқы малы бағушысы мықты болса әуресі аз, өз күнін өзі көретін түлік. Індетке де көп шалдыға қоймайды.
Қыстың аяғына қарай Қаракер жазылып, иығындағы жараның орнында тыртық сызат қана қалды. Кешке жақын атқораға келіп, Қаракерді сыртқа алып шығып:
— Сәбит, ер-тоқымды әкел, мініп көрейік, — дедім. Ол елпеңдеп, жүгіріп барып ер-тоқымды алып келіп:
— Бисмилла, жазылып қатарға қосылғаны қайырлы болсын! — деді де, алдымен тоқымын, сонан соң ерді салып, айылын мәнерлеп, қарнын қысып жібермейін дегендей, еппен тартып бекітті. Жүгенін басына кигізді. Қаракер осы күнді күткендей тырп етпей тұр.
— Ат, дайын, — деді Сәбит қуанышы қойынына симай, көзі жайнап, екі езуі екі құлағында.
Ес білгеннен атқа шауып үйрегенмін. Үзенгіге аяғымның ұшы тие сала қарғып ер-тоқымның үстіне қонжидым. Сәбит шылбырдың ұшын ер-тоқымның басындағы шығыршыққа күрмеп байлады да, тізгінді қолыма ұстатқаны сол еді, жануардың байлауда тұрып әбден іші пысқан шығар, жайлы майда желісіне салып ала жөнелді. Желісі жайлы-ақ, жорғаға бергісіз. Кейбір атқа мінсең тоқылдатып, тақымыңды ер-тоқымға соғады да отырады. Ішің ауырып қалай шаршағаныңды білмей де қаласың. Ал Қаракердің желісі майда, тіпті денең атпен бірге қозғалып, қалқып ұшып отырғандай сезінесің.
Аттың басын қорадан шыға бірінші бөлімшеге қарай бұрдым, қалықтап ұшып келемін. Қаракерге менің бірінші мінуім, ал оның иесі мені, арқасына бірінші отырғызуы. Ара-тұра басын бұрып, көз қиығын маған салып, менің рахаттанып келе жатқанымды бақылап қояды. Тізгінді тарта ұстап, жүрісін тежемесем, қуаныштан тұра шабатын түрі бар. Қаракер бауырын жазып бір көсіліп алсыншы деп, ауылдан сыртқа шыға бере басын босатып қоя бердім. Ол сәл желіп барып, тұра шапты. Үстінде отырған мені қауырсындай көрмей, бауырын жазып, көсіліп, еркін шауып келеді. Басын қырға қарай Бірінші бөгетке бұрдым. Ол жақта ел жоқ. Биыл қар қалың түсе қоймаған. Жұқа қардың үстімен жазық далада құйындай есті. Осы шабыспен Бірінші бөгетке де лезде жеттік. Бөгеттің үстіне шығып, сәл тыныстап, жан-жаққа қарап тұрдым да, аттың басын ауылға қарай бұрып, жорғаға салдым. Жүрісі тіпті су төгілмес жорға. Өзіңді майда толқынның үстімен, суда жүзіп келе жатқан қайықта отырғандай сезінесің. Ойыма Әділханның «Ол аттан айырылма, қадірлі ат, өкінбейсің» деген сөзі есіме келіп, «Әдеке, саған мың да бір рахмет, мұндай атты «қазан қаласына» аттандырып жібергенім тіпті обал болған болар еді» дедім ішімнен. Көңілім көтеріліп, ойыма студент кездерімде айтатын ән шумақтары түсті. Алдымен ыңылдап келе жаттым да, соңынан Құдай дауыс бермесе де, барыммен барылдап өлең айтып келемін.
Біздің кезіміздегі әндердің бәрі лирикалық әндер, Шәмші мен Ескендірдің әндерін айтатынбыз. Қаракердің жорғасына салып ауылға да жеттім. Дүкенге бұрылдым. Атты дүкеннің алдына басын бос қалдырып, тізгіннің ұшын ер-тоқымның басына іле салдым да дүкенге кірдім. Бір шыны коньяк алып, атқорға тақағанда алдымнан күлімдеп Сәбит шықты.
— Сәке, рахмет, Қаракер бабында екен, жүрісі қандай тамаша! Желісі жайлы-ақ, жорғасы да сутөгілмес, адамды бесікке салып алып тербеп отырғандай, ептеп, жанға тимес, дүңкілдетіп соқпайтын шабысы да бар екен. Ұшқыр болмаса да маған жарап тұр. Бұл аттан айырылмағаным дұрыс болыпты.
— Бұрын мен де Қаракерге мініп мал іздеп шығатынмын. Жүрісі жайлы-ақ. Күні бойы жүрсеңде денеңді соғып тастамайды, шаршатпайды. Тәуір ат. Мен мұны алғаш әкелгенде арам өліп қалатын шығар деп қорқып едім, бағы бар екен. Сенің арқаңда аман қалды.
— Сәке, мынау саған, рахмет, сенің арқаңда Қаракер бабына келіп, мінуге жарады, — деп тонымның қалтасынан коньягімді алып ұсындым.
— Қойыңыз ұят болады.
— Рахмет саған, алмасаң іренжимін.
— Жарайды, бастықты іренжітпей-ақ қояйын, — деп бөтелкеге қолын созды.
Аттан түсіп, ер-тоқымын алып Сәбитке тапсырып, Қаракерді жетектеп атқораға кіргізіп орнына байладым. Сәбит оттығына шөпті толтырып қойған екен. Қаракерді сипалап, құлағының түбін қасып, біраз тұрдым. Менің де кеткім келмей тұрғанын ол да сезіп, менің қолымды жалап, басын үстіме үйкелеп әлек. «Қой мен кетейін, сен шөбіңді жеп, деміңді алып тынық. Енді мәшінді қойып екеуміз малшыларды бірге аралаймыз, ұқтың ба?» деймін. Қаракер түсінгендей, басын изейді. Мен не айтсамда, келіскендігін білдіріп басын шұлғып қояды. Атқораның есігіне қарай бет алдым. Табалдырықтан аттадым да, бұрылып артыма қарадым. Қаракер тапжылмай мені бақылап тұр екен. Тағы да көзіміз түйіскендей болды. Қолымды бұлғадым да Аждардың үйіне бет алдым.
Ойлап келемін, ертең Қаракермен қайда барсам екен. Бірінші бөлімшенің қойшыларында және ірі қара топтасқан Қызыл мешіт қыстағында көптен болмаған едім, көріп қайтайын, бұзаулап жатқан сиырлардың жайын білейін деп шештім.
Директордың азандағы отырысынан шыққанан соң Қаракерді ерттеп алып бірінші бөлімшенің малшыларын аралап Қызыл мешітке келдім. Малшылар мен малдың жағдайын көрген соң, күн батуға жақындағанда жалғыз салт атты төте жолмен тартып келемін. Жер бетін, түнде жауған қар тегістеп, ой-шұңқырын толтырып, жап-жазық еткен. Жарықта үйге жетіп қалайын деп, жүрісімді үдеттім. Қаракердің басын тежеп ұстамасаң, желісін үдете келе ақырында тұра шабады. Шаптырып шаршатып қайтемін, осы майда желіспен де жетер жеріме жетемін. Ізсіз, жолсыз жермен төте тартып келе жатыр едім, бір жерге жеткенде ат кілт тоқтай қалды. Қаперсіз отырған едім, аттың мойынынан аударылып, жерге құлап түсе жаздадым. Ер-тоқымның басынан ұстап, еңкейіп барып қайта орныма отырдым. «Әй не болды, кеттік!» дедім де тебініп қалдым. Қаракер басын біресе оңға, біресе солға қарай бұрып, айналып өтпекші болып, бір орнында тұрып тыпрыршыды. Тізгінді тарта ұстап, қос аяқпен бүйірден тағы теуіп қалдым. Қаракер денесін сәл жиырды да бірақ қарғыды. Қарғып барып қармен жабылып қалған терең шұңқырға күм ете түсті. Бұл жерден жазда ор қазып топырақ алып, сол топырақтан кірпіш құйған екен. Оны мен қайдан білейін. Аттан түсіп едім, қар мені көтеріп кетті. Ептеп басып ордың арғы жиегіне шықтым. Аттың шылбыры қолымда. Жиекке әлі бір метрден астам жер бар. Қардың бетінде аттың арқасы мен мойыны, басы ғана. Қалған денесі тереңде жатыр. Ат ұмтылып қарғыған болады. Бірақ аяғын шығара алмай, аяғына тірек таба алмай қатты қиналды. Қарды біртіндеп ары-бері ысырып, ептеп алға жылжыды. Жылжи-жылжи жиекке де жақындады. Енді бір ышқынғанда бір аяғы бергі жарға ілігіп, сәл денесін көтерді. «Әуп! Ия ақсарбас, ия аруақ, өзің жар бол!» деймін. Күн батып барады. Жан-жағыма қараймын, көзге ешкім түсетін емес. Сәл тыныстап барып, Қаракер тағы бір ышқынғанда екінші аяғы жардың жиегіне ілікті. Менің шылбырынан ұстап тартқаннан басқа көмегім жоқ. «Кәне Қаракер тағы бір ұмтыл. Кәне, әуп, әуп!» деймін. Қаракер мені түсінгендей, жанталасып, күшін сарпып тағы бір ұмтылғанда, жарты денесі жиекке шықты. «Міне жігіт, енді шықтық деп есептей бер, кәне әуп, әуіп!» деп шылбырынан тартамын. Қаракер тынымсыз, ұмтылумен қара терге түсті. Кешкі салқынмен буы бұрқырап, танауынан шылымшының мұрынынан шыққан түтін тәрізді, бу бұрқырай бастады. Тағы бір ұмтылғанда, қарғып жиекке шықты. Сілкініп алды да, басын бұрып артына қарады. «Қап әттеген-ай! Сен ақылды-ақ екенсің. Мына жерде терең шұңқыр жатқанын біліп тұр екенсің ғой. Айналып өткің келгенін түсінбей, мен бейбақ, сені орға салып жіберіп, жаныңды әбден қинадым. Кешір жаным, кешіре алсаң?. Әйтеуір еш жерің жарақаттанбай аман-есен шықтың. Жарайсың. Бұл оқиға маған алдағы уақытта сабақ болатын болды. Енді сенің ақылыңды алып, санасып отыратын боламын. Тілің болғанда, «Әй қожайын, бұл жер терең ор, айналып өтейік?» деп айтар едің ғой. Жаратқан сені тілсіз ғып жасаған соң не шара. Сен осы өңірдің бәрін аралап, жер жағжайын жаттап алған шығарсың. Ал мен болсам жақында ғана келдім, жердің ой шұңқырын әлі біліп болған жоқпын, сондықтан кешір?»
Қаракерді сәл тынықтырып алған соң, қарғып мініп, желе жортып қараңғы түсе атқораға да жеттік. Аттың сылдырын естіп далаға Сәбит шықты. «Сәке, ат терлеп келді, әбден терін басып барып, ер-тоқымын аларсың. Мен ертең мәшінмен жүрермін, ат дем алсын», — деп тапсырдым да үйге қайттым.

Жершіл Қаракер

kharagerНаурыз айы жиі борандатып тұрды. Директордың таңғы отырысында мамандарды жан-жаққа бөле бастады. Маған директор: «Арғы беттегі Чкалов бөлімшесіне барып малшыларды аралап кел»- деп тапсырды. Кеңседегі қағаз жұмыстарымды тиянақтап, түс ауа Қаракерді ерттеп алып жолға шықтым. Ауылдан шыға боран үдетті. Алғашында ұстаған бағытымның қайда қалып қойғанын білмей қалдым. Біраз уақыт жүріп шоқ талдың жанынан өттім. «Е, бағытым дұрыс екен, енді осы жерден тура жүрсем көп ұзамай Чкаловтан шығуым керек. Ал Қаракер кеттік!» деп, тізгінді тарта ұстап, аттың тұяғымен тапталып қалған, жалғызаяқ жолмен желе-жортып келемін. Ара-тұра сағатыма қарап қоямын. Шоқ талдан шыққаныма да біраз уақыт болыпты, межелеген жеріме жеткен жоқпын. Бойымды күдік ұялай бастады. Енді бір сәтте қарайған көрінді. Тақап кеп қарасам манағы шоқ талыма қайта оралған екенмін. «Қап, енді қайттым!». Сәл кідірдім. Боран барған сайын үдетіп барады. Қыстың жарық күні де қысқа. Енді сәлден соң қараңғы да түседі. Адастым деген осы болар. «Ал, Қаракер, ендігі құтқарушым өзіңсің, басыңды босатып жіберемін, қайда апарсаң онда апар, тек ел бар жерге апарсаң болды?» Ойға әр түрлі жағымсыз жайлар да келе бастады. Тізгінді босатып, атты өз еркіне жіберіп, тебініп қалдым. Қаракер ақырын аяңдап алға жылжып ала жөнелді. Боран барған сайын қоюланып барады, аттың құлағынан басқа ештеңе көріп келе жатқан жоқпын. Бір сағатқа таяу уақыт жүрген кезде, қаракер бір маяның жанына, ық жағынан келіп тоқтады. Иттің үрген дауысы естілді. Қайда тұрғанымды білмеймін. Әйтеуір ел бар жерге келген секілдімін. Аттан түспей ойланып отырмын. Атты жетектеп алып бір жаққа жүргім келеді. Бірақ жан-жағым тұңғиық. Сәлден соң сөйлеген адамдардың дауысы естілді. Құлағым елең ете түсті. Аттан түсіп күтіп тұрмын. «Жарайсың Қаракер, енді өлмейтін болдық!» деп атты маңдайынан сипап қоямын. Жылымық қар аттың көзін жауып, үстіне жабысып жатыр. Адамдардың дауысы жақындай түсті. «Үй мынау главный ветврачтың аты қайдан жүр?» деп ақырындап басып қасыма бөлімшенің малдәрігері Ақбасов Түгел келді. Мені танып:
— Сіз қайдан жүрсіз?! Мынандай қара-қасқа боранда қорықпай жалғыз жолға шығуыңыз тіпті әбестік. Адасып өлуге де болады ғой. Қалай жеттіңіз?
— Орталықтан шыққаныма әжептәуір уақыт болды. Адасып кеткенімді біліп, Қаркердің басын босатып жіберіп едім осы жерге алып келді.
— Бұл — қадірлі ат. Сіздің осы ат үшін таласып-тартысқандарыңызды, ақыры емдеп жазғаныңызды естіп біз де риза болдық. Бұл аттың жүрісі жайлы, мінезі жақсы, және жершіл, еш уақытта жолда қалтырмайды, сенімді ат.
— Бұл қай жер?
— «Қызыл там» қыстағы. Күн бұзылып бара жатқан соң бөлімше активтері әр қыстаққа бөлінгенбіз. Мен осында келдім. Отарды шөбін жегізіп ерте қораға қамап тастадық. Жүріңіз үйге барайық. Бұл, жұрт «Гагарин» деп атап кеткен, Төлеубеков Мұхамбетқали деген шопанның қыстағы. Атты қораға апарып байлап қоя тұрайын. Іңірде шөпке қоярмыз.
— Жарайды, — деп Түгелдің соңынан еріп қыстаққа кіріп жайғастық. Келесі күні боран ашылды. Бөлімшені екі күн аралап үйге қайттым.

Сушыл Қарагер

kharager111Торғайда сәуір айының басында қар еріп, өзен арнасынан асып, жан-жағына жайылып, теңізге ұқсап, арғы шеті мен бергі шеті бірнеше шақырымға созылады. Осы кезде арғы беттегі бөлімшеге баратын көлік тек ат қана.
Сәуір айы басталып, күн жылынып, қар кетіп, тіршілікке жан бітіп келеді. Күзді күні сарғайып барып қурап қалған даланың шөбінің астынан қылтиып көк шөп шығып, дала түрленіп келе жатқан кез. Аудан орталығындағы Малдәрігерлік стансаға айлық есепті тапсыруға келдім. Есепті қауіпті індет бөліміне, паразиттік аурулар бөліміне және жұқапайтын аурулар бөлімін жеке-жеке тапсырып отырғам. Жұқпайтын аурулар туралы есепті қабылдап отырған Жақыпбеков Нысан аға: — Мені бастықтан сұрап алшы, Қарасуға барып ел аралап сергіп қайтайын, мына жерде отыра-отыра жалықтым? — деп өтініш айтты. Бастыққа кірдім. Әділханның жұмыс жөнінде, тұрмыс-тіршілік жөнінде қойған сұрақтарына жауап беріп болған соң:
— Әдеке, Нысан ағаны алып кетейін, көмек керек болып тұр, жіберші? — дедім.
— Қайтесің оны, ол кісі саған қандай көмек бере алады?
— Қойлар төлдеп жатыр, олардың арасында өлім-жітімі болады, Нысан ағаның тәжірибесі өте мол, ақыл-кеңесі керек.
— Мейілі керек десең алып кет, — деп Әдекең ұлықсат берген соң, ағаны ауылыма алып кеттім. Екеуміз, мен Қаракермен, Нысан аға директордың жирен қасқасын мініп, бір жеті бергі беттегі малшыларды аралап шықтық. Енді арғы бетке баруға дайындалып жатқанда, су тасып кеңшардың аумағын қақ жарып жатқан үлкен теңіз пайда болды. Келесі күні екеуміз екі атпен су жағалап отырып «Мектеп» деп аталатын қыстаққа келдік. Ертеректе мектеп болған ғимарат қазір қой қора да, мұғалімнің үйі аға шопан Тұрымтай ақсақалдың үйіне айналған. Тұрекеңнен жөн сұастық.
— Арғы бетке қай жерден өткен дұрыс? — деп сұрадым.
– Осы қыстақтан екі жүз метр төмен түс те, өте бер. Сенің мына Қаракерің қай жерден өту керек екенін біліп тұрған жоқ па. Аттың басын еркін жіберде тыныш отыр, ат өзі сені барар жеріңе жеткізеді. Бұл осы топан судан сан өткен мал, ой-шұңқырдың бәрін жатқа біледі, — деді Тұрекең.
Атпен су жағалап төменге қарай аяңдап келе жатырмыз. Мен алда, Нысан аға артымда. Қаракердің басын солға, суға қарай бұрып келем. Тұрекең айтқандай Қаракер қыстақтан екі жүз метрдей жүріп барып тоқтады. Денесін солға бұрып алдыңғы екі аяғын тізеден ағын суға батырып сәл кідіріп арғы бетке қарады. «Ал Қаракер нар тәуекел кеттік!» деп тебініп қалдым. Қаракер ақырындап суға кіре бастады. Су тізеден асып, қапталына жетті. Екі аяғымды тізеден бүгіп, жиырып алып, көтеріп келемін. Торғайдың суы тасығанда екпіні қатты болмағанмен, жоғарыдан келіп қосылатын Тасты, Қарынсалды өзендері арнасынан асып жайылып, ағыс жолында жатқан тал-қамыс, шөп-шалам, қоқыр-соқырлардың барлығын жинап алып ағызып әкеле жатады. Аттың үстінде екі аяғыңды көтеріп алып, суға қарап ұзақ отырсаң басың айналып бір жағыңа қарай ауып кете жаздайсың. Су қап-қара лай, бетінде қалқып бара жатқан неше түрлі заттар. Төбеде шаңқылдап, суға бір қонып, бір ұшып жүрген шағалалардың түр-түрі, су бетінде қаз бен үйректер жүр. Ара-тұра төбеңнен сыңсып аққулар өтіп жатады. Бұл өңірді Торғай ойпаңы дейді. Төмендегі көрші аудандағы құмның арасынан үлкен балықтың сүйегінің қалдықтары табылып, зерттеген ғалымдар тісіне қарап, «бұл акуланың тісі» деген екен. Соған қарағанда бұл аумақ теңіздің түбі болуы да мүмкін. Және де шағалалар да сол ерте заманнан қалып қойса керек. Бұл, телегей теңіз болып ағып жатқан мол су көрші Жанкелдин ауданының Ақтөбенің Ырғыз ауданынымен шекарасына дейін барып құмға сіңіп жоқ болады. Ол жерді «суаяғықұрдым» деп атапты. Адамдар арасында әр түрлі аңыз әңгімелер көп. Менің естігенім, бұл мол су жер астына кетіп, жер астындағы теңізге құяды екен десе, енді бір адамдар жер астымен ағып барып Арал теңізінен шығады екен дейді. Кім білсін, Аралдан шықса, септігі тиіп, ол теңіз таусылып, қаңсып қалмас еді.
Көктемнің күні арқаңды қыздырғанмен, еріп ағып жатқан қардың суы өте суық, қолыңды батырсаң суық миыңнан бірақ шығады. Бір шақырымдай жүріп өзеннің негізгі арнасына жақындағанда су таяздап аттың бауырынан төмен түсті. Артыма бұрылып, ілесіп, қалмай келе жатқан ағамызға қарап:
— Нысан аға, қалай басыңыз айналған жоқ па? — деймін.
— Жоқ үйрендік қой бұған. Талай өткен жеріміз. Ең қиыны, ана өзеннің негізгі арнасынан өткенде, суға сүңгіп кетпесек жақсы болар еді. Ол жер терең-ақ, — дейді ағамыз.
Аяңдап өзен арнасының жиегіне де жеттік. Құрғақтау жерге шығып сәл тыныстап тұрмыз. Аттың үстінен су сорғалап жерге ағып жатыр. Нысан ағаның етігінің іші суға толып, шалбары қара санына дейін суға малыныпты. Етігін шешіп ішіндегі суын төкті.
— Аға суды төгіп әуре боп қайтесіз, қазір тағы суға малынамыз. Мына судан құрғақ шығып едім, ендігі судан сүңгіп кетпесек те құрғақ шыға алмайтын шығармыз, — деймін ағаға қарап.
— Қой, «шешінген судан тайынбас» деген, текке тұрмай арғы бетке жетейік, сонан соң бірақ кептірінерміз, — деді ағамыз. Атқа мініп жағалай тал өскен жиекіпен жүріп, талы жоқ жерге тоқтадық. – Ал нар тәукел, мен бастадым, — дедім де Қаракердің басын суға қарай бұрып, тебініп қалдым. Қаракер ыршып секіріп түспей, жан-жағын барлап алып, ақырындап терең суға кіре бастады. Су шынымен терең-ақ екен. Әп дегенде ат суға батып, су бетінде арқасы мен басы ғана қалқып келеді. Аттың үстінде түрегеліп тұра алмайсың, бәрібір су болатының анық, тақымымды қысып жүзіп келе жатқан аттың үстінде келемін. Мұздай суық су жамбасыма дейін жетті. Денені қарып барады. Қаракер басын судан көтеріп алып жүзіп келеді. Аттың осал жері құлағы дейтін. Егер құлағына су кетсе ат өледі деуші еді үлкендер. Қаракер өзен арнасының арғы жағасының бір жайдақтау жерін алдын-ала бақылап келе жатса керек, судың ағысымен төмендеп барып жиегінде талы жоқ, жайдақтау бір жерден жағаға шығып, құрғақтау, батпағы жоқ, шөптесін жерге тоқтады. Аттан секіріп түсіп, етігімнің суын төгіп, киімдерімді шешіп сыға бастадым. Қаракердің басын бос қалтырдым. Ол сәл әрірек барып сілкініп, үстіндегі суын жан-жағына шашыратты да қайтадан қасыма келді.
— Аға су қандай суық, денені қариды. Сіз қалайсыз, бір сағаттан астам уақыт екі аяғыңызды судан алмай келесіз. Ауырып қалмайсыз ба? Мен ана жалпақ судан өткенде аяғымды көтеріп отырдым.
— Бұл біздің бірінші көрген құқайымыз емес. Енді алдымыздағы жалпақ судан аман-есен өтіп алсақ, Чкаловқа барып кептірініп алармыз.
— Ал, аға, онда уақытты алмай атқа қонайық.
Мен Қаракерге қарғып міндім, ат аяңдап суға кіре бастады. Жағадан біраз жерге дейін, суды аттың тұяғы шалпылдатып кешіп келе жатты да, бара-бара біртіндеп тереңдей бастады. Су аттың бауырынан келді. Аяңмен жылжып жарты сағаттан аса уақыт жүріп жағаға жеттік. Бұл жер төртінші бөлімшенің жері. Тоқтамастан аттың басын Чкалов бөлімшесіне бұрып бөлімше малдәрігерінің үйіне келдік. Шешініп, кептірініп, жылы үйде, ас ішіп, жан шақырдық.
— Қайда асығасыздар, бүгін осында қонып жайлауға ертең шығайық? — деді Түгел. Келістік.
Жер дегдіп, жолдар ашыла бастады. Енді бергі бетте атпен жүруді азайтып, көбінде мәшінмен жүретін болдым. Бірақ, уақыттың реті келген кезде, немесе директордың таңғы мәжілісінен кейін атқораға соғып, Қаркерге жолығып, маңдайынан сипап, құлағын қасып кетемін. Ол да мені сағынып тұрады, көре сала шұрқырап кейде кісінеп ала жөнеледі.
Бір күні Аждар: — Атыңды берші, жылқыларымыз көрінбей жүр, балалар іздеп келсін? — деп Қаракерді сұрады. –Атқорадан барып, мен ұлықсат берді деп ала бер, — дедім де кеңседе жұмысыммен отыра бердім. Көп ұзамай Аждар қайтып келді: Ана шал аттың маңайына да жолататын емес, — деді. Аждарды ертіп алып, атқораға келдім. Зияда қария далада жүр екен:
— Әке, атты неге бермедіңіз, мына жігітке?-дедім.
— Неге берем, бұл кеңшардың әктептері мінетін ат, әр кім бір мінетін ат емес!
— Ақсақал сөзді көбейтіп қайтесіз, алсын атты.
— Жоқ алмайды.
— Онда мен өзім ерттеп мініп кетейін, — деп қораға кірмекші болып едім, шал алдымды бөгеп, кес-кестей бастады. — Әке қойыңыз ұят болады, — деп шалдың қолынан босанып қашуға айналдым. Шал айқайлап балаларын шақырды. Сәбит жүгіріп келіп, әкесін «Әке үйге жүріңіз» — деп жетектеп үйге алып кетті де, сәлден соң қайта шығып, кешірім сұрап, атты ерттеп бізге берді. Кешке болған жайды естіген Бәкір әкеміз: «Оған іренжімеңдер де, мән бермеңдер. Зияда соғыстан контуженный болып келді. Ол кезде ауылда еркек жоқтың қасы. Зияда контуженный қалпымен еңбекке араласты «Мен контуженныймын, кейде не істегенімді білмей қаламын» деп ескертіп қоятын. Ара-тұра жыны ұстап қалатыны бар. Соғыстың зардабы шығар. Оған ренжімей кешіре салыңдар», — деді. Мен де түк болмағандай «әке, қалыңыз қалай?» деп хал-жағдайын, ден-саулығын сұрап қоямын. Ақсақал да «балам» деп жылы қабақ танытып жүрді.

Жайлаудағы кездесу

Menin kharagerimЖаз шығып, жер аяғы кеңіген соң, кеңшардың бас мамандарының бәрі атты қойып, мәшінге мінді. Менің болсада қызметтік мәшінім бар. Атпен жүру қолайсыз болған соң атқорадағы жылқыларды Түлкілі жайлауындағы жылқыға айдап апарып қосып жіберді, күзге қарай алатын болып. Жылқыларды айдап әкететін күні атқораға барып, Қаракермен қоштасып қайттым. Қораның шет жағында тұр екен. Қазір бұрынғыдай емес, шұжықтай болып семіріп, жүні жылтырап, көзі жайнап, жұнттай болған. Қасына келіп: «Ал Қаракер бүгін жайлауға кетесің. Жаз бойы кең далада, емін-еркін жайылып, таңдаған шөбіңді жеп, алаңсыз дем аласың. Реті келгенде біз саған барып жағдайыңды біліп тұрамыз. Хош бол» деймін. Ол әдетіне басып, басын изеп, менің үстімді жалап, жағымпаздана бастады.
Жаздың шуақты күні. Барлық малшылар жайлауда. Малшыларды аралай отырып Түлкіліге келе жатырмыз. Жазық дала, көз тігіп қарайтын тау, немесе төбе де жоқ. Ескі жолдың сорабымен орта жолға келгенде жайылып жүрген жылқылар көрінді. Ішінде Қаракер жоқ па екен деп қарап келемін. Бір кезде жайылып жүрген жылқының ішінен бір жылқы басын тік көтеріп сәл қарап тұрды да, бізге қарай бар пәрменімен құйқылжытып тұра шапты. Жал құйрығы желмен есіліп шұбатылып, тұяғының дүрсілі алыстан естіліп келеді. «Қаракер ғой бізді алыстан танып, сәлемдесуге шауып келе жатқан! Жануарым-ай, сағынып жүрген шығар!». Мәшінді тоқтатып, жерге түсіп күтіп тұрмыз. Қаракер, жақындағанда басын көтеріп қатты кісінеп жіберді. Екпінімен жердің шаңын бұрқ еткізіп қасыма келіп бірақ тоқтады. Мойынын төмен түсіріп, басын қолтығыма тығып, желбіреген танаулары дірілдеп мені иіскей бастады. Басынан құшақтап, мойынынан, алқымынан сипап, оның жақсы көретін жері, құлағының түбін қасып, көзіне қарадым. Жайнап тұрған көзінен үлкен мейірім мен сағыныш сезем. Сәлден соң басын босатып едім ернімен менің алқымымды, иығымды жалай бастады. Сырт пішініне қарасам өлі жүні түсіп, жып-жылтыр болып семіріп, сұлуланып алған, көз тояр емес. Бұрылып жалын, лоққы болған иығын ұстап көріп, арқасы мен жаясынан шапалақтап қағып-қағып қойдым. Екі көзі менде, менің әр қимылымды бағып, мойынын бұрып, басын шұлғып-шұлғып қояды. Бірдеңе айтқысы келетін сияқты. Әрине «сағындырып, қайда жүрсің?» дейтін шығарсың. Жә, Қаракер жағдайың жаман емес екен, кең далада, шүйгін шөпте, еркін аунап-қунап, үйренген үйіріңмен сайрандап жүре бермейсің бе! Біздің жұмысымыз көп-ақ, мәшінмен жүріп үлгіре алмаймыз. Ертең қыс түсіп, жол жабылған кезде саған да кезек келер.
Қаракерді айналып о жақ, бұ жағын қарап тұрдым да, жалынан ұстап қарғып үстіне шықтым. Жүгенсіз, ер-тоқымсыз мініп алғаныма ол да аң-таң болып тұрған шығар. Мойынын бұрып маған қарады. Тағы да көзіміз түйісті. «Енді не істейміз?» -деген сұрақ тұрған секілді көзінде. Арқаңды сағындым, кәне бір майда жорғаңа салып, Түлкіліге қарай тарт!-деп дауыстадым да, бәтіңкемнің өкшесімен бүйірден түртіп қалдым. Қаракер ата жөнелді. Алдымен жорғаға салды, екі аяқты екі жаққа созып жіберіп жалдан оң қолыммен ұстап, сол қолымды көтеріп алып ербеңдетіп келем. Қаракер көзін салып маған қарап қояды. Менің рахаттанып, көзім жайнап, көңілді келе жатқанымды көріп жүрісін үдете түсті. Су төгілмес майда жорға, ат үстінде тербетіліп келем, сәлден соң Қаракер желе жөнелді. «Желсең жел, көрсет бар өнеріңді!» деймін. Желіп отырып бірсыпыра жерге бардық. Ер-тоқымсыз отырғанмен семіз малдың арқасы да жайлырақ, сәл шегініп белге жақын отырсаң тіпті ер-тоқымның керегі де жоқ. Баяғыда бала кезімде бір арық күрең атқа жайдақ мініп, құйрығым қажалып, қаны судай ағып, көпке дейін талтаңдап жүре алмағаным есіме түсті. Қаракердің бүйірінен өкшеммен тағы түртіп қалдым. Ол да менің талабымды тез түсініп, шаба жөнелді. Бетімді жел өбіп, үстімдегі күртемнің түймелері ағытылып, жалауша желбіреп жалпылдап келеді. Жаздың жылы самал желі жалаңаштанып қалған денемді аймалап жеңіл ғана сипап керемет рахатқа батып келемін. Екі аяғыммен Қаракердің денесін қысып алып, ол көтерілгенде мен де көтіріліп, түскенде түсіп, екеуміз бір тұтас болып шауып келеміз. Аждар да мәшінін қыздырып алып артымыздан алыста еріп келеді. «Қой сен үйіріңнен алыстап кетіп жүрерсің, енді қайтатын кезің болды, екеуміз қанша шапсақ та тоймаспыз» деп ойлап, «Ал Қаракер тоқта!» деп дауысымды көтере бұйрық бердім. Қаракер жүрісін сәл бәсеңдетіп барып тоқтап, мойнын бұрып маған қарады. Аттан қарғып түсіп, о жер, бұ жерін сипап, Аждарды күтіп тұрмын. Мәшін келіп қасымызға тоқтады. Қара жолдан он-онбес қадамдай ұзап бардым, Қаракер артымнан еріп келеді. Мен жүрсем ол да жүреді, мен тоқтасам ол да тоқтайды. Екеуміздің де жүрегіміз бірімізге біріміздің ықыласымызға толы, ажырасуға қимай тұрмыз. «Қой Қаракер, көріскенше күн жақсы, бар үйіріңе қосыл!»-дедім де жамбасынан шапалақтап жібердім. Басын бұрып, екі көзі менде, ақырын аяңдап үйіріне қарай кетіп барады. Біз де қозғалдық. Менің де екі көзім Қаракерде. Аяңдап бара жатты да бір кезде үйіріне қарай шаба жөнелді. Үйірінен ұзап кетіппіз. Айнала жап-жазық. Үйіріндегі жылқылар сағым боп алыстан елестейді. Қаракерде шапқылап барып сол сағымның ішіне еніп, көп сағымның біріне айналды.

Қарлы боранда жол тапқан Қаракер

kharager22Жаңа жылға бір күн қалды, екі күн қалды деп күтіп жүргенде, қатты боран басталып кетті. Сарсайдың бергі бетіндегі «Қоянды» қыстауында жалғыз үй отырған шопан Жүсіпов Тасжанның қойы боранда ығып кетіпті» деген жайсыз хабар жетті, орталыққа. Қар түспей тұрғанда аттар атқорға әкелінген. Орталық кеңседен: Достығалиев Сапа, Мәуленов Сапарғали, Тұрымжанов Құрманғали, Қаблдин Шәкір, Абатов Төлепберген, Есімсейтітов Жапбас, Жухин Бақытжан, бірінші бөлімшеден Қожахметов Темірғали қосылып, бір-бір атқа мініп бірінші бөлімшенің кеңсесіне жиналып, ақылдастық. Боран тіпті қахарына мініп күшейіп барады.
— Не істейміз? Тасжанға жете аламыз ба?-деді Сапарғали. Әркім өз ойын айтып жатыр.
— Енді малшыны қалай жапан түзде жалғыз қалтырамыз, барайық.
— Барғанда қандай көмек көрсете аламыз, жолда сай-сала көп, ат құлағы көргісіз мына боранда адасып өзіміз өліп қалмаймыз ба? Ертең Жаңа Жыл, тым болмаса үйде қарсы ала алмайтын болдық-ау.
— Таңертең директор барыңдар деген жоқ емес пе?
— Директор айтқан кезде, боран сәл бәсеңдеу болатын, және ол кісі кеңседе отырғасын боранның күшін байқамаған да шығар.
— Жігіттер уақытты босқа өткізіп қайтеміз, не де болса барайық, апатқа ұшыраған шопанға қол қабысымызды берейік, құдай сақтар, — деді жұрттың ұсыныстарын үн-түнсіз тыңдап отырған, ішіміздегі үлкеніміз, кеңшардың экономисі Достығалиев Сапа. Осы ұсынысқа тоқтап далаға шығып атқа міндік.
— Ал, жігіттер бірімізден-біріміз көз жазып қалмай, бақылап отырайық, біреуіміз қалып қойып адасып кетіп жүрмейік. Дыбыс беріп отырайық — деді Сапа аға.
— Ұзын арқан алып, соны ұстап отырсақ қайтеді өзі, — деді Шәкір аға, -дұрысы қатар сүйкеніп, бір-бірімізді сезіп отырайық.
— Дұрысы тізбектеліп, әр қайсымыз алдыңғы аттың құйрығынан ұстап, отырайық. Жөні сол болар, — деді көпті көрген осы бөлімшенің малдәрігері Темірғали аға. Сол кісінің ақылы көптің көңіліне қонды.
— Осы аттардың ішіндегі ең жершілі мына сенің астыңдағы қаракер. Бұл атты мен дөненінен білемін. Қадірлі-ақ ат, бұл жолдың бәрін біледі. Тек барар жеріңді меңзеп, бағытыңды түсіндірсең болды өзі алып барады. Талай боранда осы атпен мен де жүргенмін. Сен Әміржанмен дауласып жатқанда, ойлап едім: «Әй, осы ат өліп қалып сен абыройсыздыққа қалмаса жақсы болар еді, — деп. — Өйткені бұл аттың иығы сасып жанына адам бара алмайтын. Тіпті исі атқораның ішіне жайылып, жүрегіңді айнытып жіберетін. Басын түсіріп жем-шөп жей алмай тұрғанын көргем, — деді Шәкір аға.
— Бісіміллә рахмани рахим, ал кеттік! «Ал Қаракер бізді адастырмай Тасжанға алып бар!» — деп, алдыға түсіп, аттың басын орманға қарай бұрып тебініп қалдым. Бұл жақта Тасжаннан басқа қыстап жатқан малшы жоқ. Қаракер боранға қарсы алдыға қарай ақырындап жылжи берді. Бөлімше кеңсесінен шыққан соң қарабөгетке көтерілгенін, одан кейін қайтадан сайға түскенінен, бағытымыздың дұрыс екендігін сезіп келемін. Бұл ауылдың іргесінен шабындыққа су көтеру үшін және ауылды тасқын су басып кетпес үшін салынған бөгет болатын. Ат тізгіннен босанып, еркін, өз әуенімен келе жатыр. Шығыстан қарсы соққан боран көз аштырмайды, оның үстіне қалың киім киіп қорбиып, ебдейсіз отырған адамды аттан аударып жібере жаздайды. Тақымымды қысып, бір қолыммен айылы қатты тартылған ер-тоқымның басынан ұстап, екінші қолыммен бетімді қалқалап, алдымды барламақшы боламын. Бірақ тұңғиықтан басқа ештеңе көре алмайсың, тек боранның ысқырығы мен артымда ілесіп келе жатқан адамдардың бірімен-бірінің байланысқан айқайы еміс-еміс құлағыма келеді. Артымда Төлепберген аға, ара-тұра бірдеңе деп дауыстағандай болады, құлақшынның бауын мықтап байлап алғандықтан, әрі боранның ызыңы түк естіртпейді. Қаракер шапшаң адымдап жүрісін үдеткеніне қарап жазық жермен келе жатырмыз-ау деп топшылаймын. Бір сыпыра жүргеннен соң бетімді талдардың бұтақтары сабалай бастады, қолыммен көзімді қорғай бастадым. Тағы жазықа шыққан секілдіміз, артқа қарауға қалың киімім мүмкіндік бермейді, қайда келе жатқанымызды осы топтың ішінде ешкім білмейтін шығар, білсе тек жануар Қаракер ғана біледі. Өйткені жолды бастап келе жатқан сол, тағдырымыз соның тұяғында. Егер ол жолдан адасып Сарысайдың биік жарынан құласа-ғой, артта тіркесіп келе жатқандардың бәрі құлайды, Құдай бетін аулақ қылсын. Уақыт баяу өтуде, қанша жүргенімізді білгім келеді, бірақ қолдағы сағатқа жету мүмкін емес. Қаракер кейде омбылап қар тұтқан қоғалардың арасымен де өтеді. Артымдағылар жолдың жобасын түсінбесе, мен түсініп келе жатқан жоқпын. Қаракер қайда бара жатыр мыз? деп айқайлап қоямын. Қаракердің Тасжанға апармаса да әйтеуір бір ел бар жерге апаратындығына сенімдімін. Жануар адам емес, жолды сызып картасын жасап қолына беріп қоятын. Адамның ертеден ең сенімді серігі ат болған ғой.
Есіме бала кезімдегі мініп жүретін жирен ат түсті. Өзі сондай ақылды болатын. Жазда арбаға, қыста шанаға жегіп алып, атам Мүрсәліммен, әкеміз Мүбәрәк та маза бермейтін. Отын-су, шөп тасып, қонақа да сонмен баратын. Біз тұрған Тоғанас ауылы, Көктау мен Қаратаудың ортасындағы Сібе мен Шүртей өзендерінің қиылысында орналасқан. Әкеміз қыста жиренді кошовкаға жегіп алып таулардың арасымен, орманында қарағай мен қайыңы қалың өскен Бәйші, Қызылқайың сайларының ортасымен Атығай тауының үстімен, атты жолаушылар таптап салған қара жолмен, жездесі Құсайынның үйіне қонаққа барады. Жездесі қайтарда балдызын ұзақ жолда тоңып қалмасын деп араққа тойғызып, тұлыпқа қымтап орап, жолға салып жібереді. Әкеміз шыға сала ұйықтағаннан Тоғанасқа жеткенше ұйықтап, кейде ат желе жортып отырып үйдің ығына келіп тоқтап тұрғанда да оянбаған кездері де болып еді. Кейде көлденең жолаушылар ат иесінің терең ұйқыға кеткенін пайдаланып, аттың бағытын бұрып өз үйіне жетіп қалып, сонан соң қайта жолға салып жіберген оқиғалар да болыпты. Жирен аттың бір кереметі далада жайылып жүргенде иесінен басқа адамға ұстатпайтын. Ат сұрап келген адамға, жүгенді ұстатып «Өзің ұстап ал» деп қоя беретін. Жирен ат бөтен адам жақындаса арт жағын бұрып, «жақындама теуіп жіберемін» дегендей, басын бұрып аяғын көтеріп сес бере бастайды. Батырға да жан керек, кім текке мертіксін, «ұстай алмадым» деп үйге келіп жүгенін тастап кетеді, әлгі ат сұраған адам. Әкеміз жирен атқа мінгенде, екеуі де биік, денелі, біріне-бірі жарасып тұратын. Сол атты Хрушевтің заманында «Шаруалар ат пен түйе, ұстамасын» деген заң шығып, атам түйесін сойып алды да жиренді қимай жүрді. Ақырында миллиция келіп тартып әкетті. Әкетіп бара жатқанда қимай, бәріміздің жүрегіміз қан жылап еді.
Келер жылы жазда, сол атты арбаға жегіп екі милиция Тоғанасқа келді. Атты танып ауыл балалары қасына бардық. Баяғыда жүні жылтырап шұжықтай болып жүретін, әкеміз өзенге апарып әлсін-әлсін жуып, тап-тазағып қоятын жирен, азып кетіпті. Қабырғалары ырсиып, мойны жіңішкеріп, қарны салбырап, мойны мен иығының үстіне томпиған бүртіктер пайда болып, өлі жүнінің жартысы түспей ұйысып жүр. Жұмыстан келе жатып әкем де атты танып қасына келді. Мен біресе атқа, біресе әкеме қарап тұрмын. Әкемнің түрі бұзылып, басын шайқап, біреуді сыпыра бір боқтады. Мен, «Хрушевті боқтаған шығар» деп ойладым, өйткені үлкендердің соны боқтап жатқанын талай естігем. Енді ес жиып келе жатқан ауыл халқының мал өсіруіне шектеу қойып, артық малын тартып алып, түйені бір жолата құртқызып, аудан орталығы Бозанбай ауылындағы халықтың шикі қара нан жеп жатқанын өз көзіммен көргем. «Қарағым, өшіртке тұрып екі бөлке нан алып берші, бір қолға екеуден артық бермейді, менің жанұям үлкен еді?» деп, дүкеннің жанынан өтіп бара жатқанда үлкен кісілер жалынатын. Қап-қара шикі нан да қат болғаны-ау!
Терең ойға шомып келе жатыр едім, ойымды алыстан естілген үрген иттің дауыс бөліп жіберді. Рас па, жоқ па? Енді бір сәтте үрген иттің дауысы, жақыннан анық естілді. Аттар іркес-тіркес шипырлы үйдің ық жағына келіп, бастарын үйдің қабырғасына тіреп тоқтап жатыр. Үйдің ығында боран бәсең, аттан түсіп, үлкендер қакуқылдасып жүр. Мен аң-таң болып қайда келіп тоқтағанымды түсіне алмай тұрмын. Жұрт аттарын байлайтын жер іздеп жатыр, мен шылбырымның ұшын, түсіп сүйретіліп қалмайтындай етіп ер-тоқымның басына іліп қойдым. Қаракердің мені тастап лағып кетпейтініне сенімдімін. Үйдің қабырғасын жағалап жүріп есікті де таптық. Ғажап, дәл келіппіз. Тасжанның үйі. Алдымыздан Тасжан жүгіріп шықты, артында кемпірі.
— Мен мына боранда ешкім келмейтін шығар деп ойлап едім, адаспай қалай келдіңдер? — деп сұрады шопан.
— Оны ана қаракер аттың иесінен сұра, бізді адастырмай дәл сенің үйіңнің төбесінен түсірген соның аты, — деді Шәкір. — Иесі ауылдан шығарда атының құлағына күбірлеп түсіндіріп, тапсырма беріп жатқанын байқағам,-деп қалжыңдады.
— Басын бос жібердім де, бағытты көрсеттім, Қаракер дедектетіп осы үйге алды да келді, — дедім мен.
— Бұл ат, бұл жақтың жолын жақсы біледі, Равхатта, Болатта, осы жер оқшау, әрі тасалау болған соң екеуі де бізге жиі келіп тұратын. Қаракер бұл қыстақты көзін жұмып отырып тауып келуге тиіс, — деді шопан.
— Бұл бір қадірлі ат. Осы аттың тұқымы, монғол тұқымдас болса керек. Моңғолдың аттары төзімді, әрі аласа, жершіл болады деп еститінмін,-деді Сапарғали.
— Бұл кәдімгі тебіндік-далалық қарабайыр қазақы жылқы. Қазақы жылқының басы үлкен, сағағы кең, көзі үлкен, бірақ жіті көреді, мойны жуан, тұрқы орташа, шоқтығы онша биік емес, көкірегі кең, қабырғалары ұзын келеді. Ал арқасы берік, шабы тар, аяқтары сіңірлі жуан, тұяқтары мықты келеді. Менің білуімше бұл нағыз қазақы жылқы, — деді Төлепберген аға әңгімеге араласып.
— Бұл жылқы Жабы тұқымына да келеді. Қазақы жылқының арғы атасы-Жабы. Жабы жылқысы төзімді, тез семіретін, шомбал, тұрқы ұзын, қарны жуан, аяқтары қысқа келеді, — деді жақында «Родник» кеңшарына директор болып ауысып кеткен Әміржан ағаның орнына келген, бас зоотехник Құрманғали,-ал жүрісіне қарасаң Қостанай тұқымына да келеді.
— «Қостанай тұқымы» деп жүрген жылқыларымыз «Мың айдаған» жерлесіміз Бірәлі байдың жылқылары емес пе. Оның үш жарым мың жылқысы болыпты. Кеңес үкіметі кезінде ертеңін болжай білген Бірәлі бай жылқыларын өз еркімен кеңес үкіметіне тапсырған екен. Оның жылқыларының көбі ала болып келеді. Жылқының тұқымын жақсарту мақсатында Ресей, Польша, Түрік, Түркімен елдерін де шарлап тұқым алып бұдандастырып өз тұқымын шығарған екен. Қазір сол жылқыларды Қостанай тұқымы деп атап, тұқымын ауыл шаруашылық министрі болған Моторико шығарған деп айтып жүр ғой, — деді бас зоотехник Құрманғали.
— Мен осы жасқа келгенше талай жылқыларды көрдім. Жылқының сәйгүлігі, қазақтың нағыз қазанаты Шығыс Қазақстандағы атақты Бошай Кітапбаевтің Бұланқарасы мен Құланқарасы ғой шіркін! Абайдың тойында жиырма бес шақырымды бұйым көрмей, мәреден ауыздығымен алысып өтті ғой шіркін! Пай-пай-пай, шіркін, міне жылқы деп соны айт! Аттың төресі, мүсін қандай бір мін жоқ! Талай бәйгеде алдына жан салмай жүрді ғой жануарлар! Кітапбаевтің Желмая деген жорға аты да болған, ол да республикада алдына жан салмай жүрді, — деп іссапарда көп жүріп, көпті көрген Бақытжан аға таңдайын қағып-қағып қойды.
Жылқының әңгімесі бір-азға дейін ермек болып, әр-кім жылқыға байланысты бастарынан өткен оқиғаларын әңгімелеумен жаңа жылға да келіп қалдық.

Жақсы ат аяғынан қалады

kharager33Көктем келіп, су тасып, күндіз қар еріп су болып ақса, түнде судың беті қатып, бір елі мұз түсіп жатқан кез. Директордың таңғы кеңесінен шығып келе жатыр едім, кассир Тәуекел аға алдымнан шығып Қаракерді сұрады. «Малшыларға ақша үлестіріп келейін деп едім»-деді. «Алыңыз» дедім. Тәуекел аға атты бір жеті мінді, бүкіл малшылырды қона жатып аралап шықты. Атқора таратылып атты, кейде үйде, көбінде іргедегі малшы Аубакиров Жақсылықтың албарына апарып қойып жүргем. Тәуекел аға атты үйге әкеліп, есіктің алдына байлап, «Рахметін айтып» кетіп отырды. Далаға шығып аттың жанына келдім, терлегеннен жүні ұйысып, ақ көбіктің ізі білініп, сол жақ алдыңғы аяғын көтеріп тұр. Ептеп жүдепті. Ноқтасының шылбырын шешіп басын босаттым. Байлап қайтемін, бұл қашып көрген мал емес. Терлігін көтеріп қарап едім асты су, «шамасы қатты терлеген ғой, суып тұра тұрсын», деп шештім. Маңдайынан, алқымынан, құлағының түбін сипалап, «Қалың қалай, шалды риза еттің бе, барам деген жерінің бәріне апарып?- десем, ол басын изеп қояды. — Ия, батпақтатып бір жеті жүрген жүріс титығыңа жеткені көрініп-ақ тұр, ішің тартылып жүдеп қалыпсың, енді не істейміз? Үлкен адам, бермесең ұят. Сенің жайлы жүрісіңе қызығып, сені бәрі мінгісі келеді. «Жігіттің көңілшектігі атының соры, әйелдің көңілшектігі етегінің соры» деген екен бір аталарымыз. Менің көңілшектігім, сені сорлатып шаршатқан шығар. Іренжіп тұрсың ба? – десем, ол тағы да басын изейді. Менен көзін айырмай, басын шұлғып-шұлғып қояды. — Немене бірдеңе айтқың келіп тұр ма? Ал айта ғой, құлағым сенде.
Тұяғының ұшын ғана жерге тигізіп, аяғын сәл көтеріп тұрғанын көріп, — Аяғыңа не болды, ауыртып алғаннан саумысың? — десем тағы да басын шұлғиды. — Жарайды, дем ала тұр, түнге қарай Жақсылықтың қорасына апарам, мол қылып шөп салып, жем беремін, келістік пе? Менің үйде шаруам бар, — деп, Қаракердің сауырынан алақанмен сипап өтіп, үйге кіріп кеттім.
Кешке айдың жарығымен, Қаракерге қарғып мініп, аттың басын Жақсылықтың үйіне қарай бұрып, бәтіңкемнің өкшесімен атты бүйірінен қағып қалдым. Айдың қараңғысымен байқаған жоқпын, ат аяғын көтеріп тұрды ма жоқ па. Бірақ, орнынан қозғалғаннан басын шұлғып, ақсаңдап ала жөнелді. Сол жақ аяғын басқанда ауырсынып, әрең басады, аяғы жерге тиген сайын басын шұлғып, аяғын жерге тиізбей дереу көтеріп алғысы келеді. «Жаным-ау, бұған не болып қалды?! Ана шал не істеп тастаған, әлде табанына шеге кіріп кеті ме екен». Аттан түсіп, жетекке алып, Жақсылықтың ауласына атты кіргізіп, оттығына шөбін салып, сонан соң сипалап, аймалап біраз тұрдым да, көңілсіз үйге қайттым. Ертеңінде директордың мәжілісінен кейін, бірінші бөлімшенің малдәрігері Темірғали ағаны алып Жақсылықтың үйіне келдік. Қаракер сол жақ аяғын тізесінен бүгіп, тұяғының ұшын жерге тиер-тимес көтеріп тұр. Жетектеп шартақтан аулаға әкеле жатырмын. Ол артымда сол аяғын жерге басқан сайын басын шұлғып ауырсынып келеді. Таза жерге әкеліп, сол жақ аяғын көтеріп, табанын қарадық. Табанында аздаған батпақ бар екен, оны жуып тазарттық. Шеге кірген жоқ па екен деп мұқият қарадық. Ондай ештеңенің ізі байқалмайды. Буындарында ісік те жоқ. Аяғының еш жерінде жарақаттың ізі де білінбейді. Не болды екен? Темірғали ағаға қарап:
— Аға менің ақылым жетпей тұр, сіз қалай ойлайсыз, ақсау себебі неден?
— Осы жеті бойы су бетіне түнде бір еліден қалың мұз қатып отырды. Мүмкін буынын мұз қиған шығар?
— Онда мұз қиған жерінде, сызат, немесе ісік қалу керек емес пе?. Оны байқай алмай тұрмын.
— Әлде зорманның ініне аяғын тығып алып, буынын созып алды ма екен. Ол да мүмкін бе?
— Мүмкін-ау, енді мұны осылай қалтырамыз ба, не істесек екен?
— Компрес тартайық, — деді Темекең. Екеуміз аттың сирағының жүнін қайшымен қырқып, қылшықтан тазалап, аптекадан дәрі-дәрмек әкеліп компрес тартып, аяғын таңып, жамбасынан ауруды басатын уколдар салып емдей бастадық. Айналшықтап бір-аз жүріп, сипалап, жетектеп апарып орнына байлап жұмысыма кеттім. Кешке малдәрігерлік кітаптарымды қопарып оқып шықтым. Аудандағы тәжірибелі мамандардан кеңес сұрадым. Әр кім әр түрлі ақыл берді. Үмітсіз шайтан деген, мүмкін біреуінің ақылы нәтиже берер деген оймен, тамырынан дәрі жіберіп емдедік, аяғын жансыздандыратын болкада да жасадық. Бір ай, Темірғали аға екуміз дамыл таппай емдедік. Бірақ Қаракер жазылмады. Аяғын баса алмай, басын шұлғыды да жүрді. «Жақсы ат аяғынан қалады» дейтін еді. Шынымен аяғынан қалғаны ма. Малшылардың бәрі жайлауға көшіп кетті. Қаракерді жетектеп Құм көл жайлауының жағасында отырған Садуақасов Ғапбас ағаның жеке жылқыларына апарып қосып жібердім. Ол кісінің отырған жері ауылдан жайлауларға шығар жолда, ары өткендеде, бері өткендеде соғып Қаракерге жолығып кетемін. Бір келгенде Ғапбас аға: «Біздің жылқылар өріске ұзап кетіп жүр, ал сенің атың оларға ілесе алмай, жалғыз қалып қояды. Көлеңке іздеп талдың арасына барып тұрады. Кешеден бері бір жалғыз қасқыр пайда болып, атыңды «бағып» жүрген сияқты. Қаракердің қашуға шамасының келмейтінін біліп, дәметіп жүр ме деп ойлап, төбеге шығып ара-тұра дүрбімен қарап қоямын. Атыңды қасқырға жегізіп қойып сенен ұят бола ма дегенім ғой» деді. «Аға сізге рахмет, менен де бір жақсылық көрерсіз, мұны қорада ұстай алмаймын, қарап қойып жүрерсіз, жүрсін сіздің малдарыңызбен»-дедім де кетіп қалдым.
Бір күні малшылырды аралап жүріп «Ғапбас қасқыр алыпты» деген әңгіме естідім. Құлағым елең етіп, өткендегі әңгімесі ойыма сап ете түсті. «Қап, қаракер қасқырға жем болып, Ғапбас аға қақпан құрды ма екен, әлде етке бүгіп қашуға шамасы келмей жатқан қасқырды қуып жүріп соғып, немесе атып алды ма екен? Не де болса тезірек жетейін» деп кешке қарай келе жатып Ғапбас ағаға қарай бұрылдым. Малдарын айдап әкеліп шартаққа қамап жатыр екен. Мені көріп бұрылып қасыма келді.
— Ассалаумағалейкүм аға!
— Ағалейкүмассалам!
— Сізді жұрт «қасқыр соғыпты» деп айтып жатыр ғой рас па?
— Рас, қарағым. Қасқырды Қаракермен екеуміз соқтық.
— Қалай?
— Кешке қарай мен малды үйге қарай шұбыртып келе жатқам. Қаракер анау сайдың ішінде жүрген. Сайдың екінші жақ басынан бір қарайған жортып бара жатыр. Дүрбі салып жіберсем қасқыр. Дәу де болса әлгі ара-тұра бір соғып кетіп, «Қаракерді бағып жүрген» қасқырсың-ау, деп төбеге шығып дүрбімен атыңды іздей бастадым. Қаракерде қасқырды сезіп қалып, басын көтеріп сәл бақылап тұрды да, басын қайта түсіріп қаперсіз жайылып жүргендей болды. Қасқыр да аттың арт жағынан аяғын сақтықпен басып қасына жақындай берді. Менде тапжылмай бақылап тұрмын. Әккі қасқырлар жылқыға шапқанда шаптан немесе танаудан тістейді. Ал мынау жылқының арт жағына жармасқалы тұр. Шамасы күшіксің-ау деп топшылап тұрғам. Қаракер күшікке алдырта қоймас, бірақ жазым қып жібермесе жақсы болар еді. Қаракер сен де жай тұрмай, бір қулық ойлап тұрға шығарсың. Бір кезде қасқыр арт жағынан ауыз салмақшы болып атылды, сол кезді күтіп тұрса керек, Қаракер де аяғын сермеп қасқырды жолатпады. Тұра шаптым, келсем қасқырым былтырғы туған күшік екен, құрықпен мойынынан қылқындыра орап, атпен сүйретіп үйге алып келдім. Терісін сыпырып тұздап, саған сақтап қойып едім, алып кет.
— Жоқ рахмет, сіз алыңыз. Қаракер шойнаңдап жүріп қасқырға алдырмаса ерлеген екен. Өзі қайда?
— Ана сайда жүр. Сенің келгеніңді байқамаған шығар, көрсе шауып келуге тиіс еді.
— Жарайды өзім барайын.
Көлді жағалап отырып дөңге көтерілдім, дөңнің басына шыққанда, сайдағы көкте жайылып жүрген Қаракерді көрдім. «Хроу, хроу» деп дыбыстап едім, басын жалт көтеріп, мойынын маған қарай бұрып сәл тұрды да, ақсаңдап маған қарай желе жөнелді. Сол жақ аяғын жерге тигізген сайын басын шұлғиды. Ойлап тұрмын: «Жануарым-ай, аяғың ауырып жаныңа батып жүр-ау. Менің де қолымнан түк келмеді». Қаракер қасыма келіп сүйкене тоқтады да, менің қолымды жалай бастады. Мойынан құшақтап, арқасынан, сауырынан қағып, құлағының түбін қасыдым. Еркін жайылып таңдаған шөбін жеп семіріп алыпты. Бүгін сойсада сере қазы шығатын қоңы бар. Басыма жаман ой келді. «Кеңшардың басшыларының біреуінің көзіне түссе қызығып, сойып алайық дейтін шығар». Аяңдап кигіз үйге қарай келе жатырмын, артымда Қаракер қалмай еріп келеді. Есік алдында тұрған Ғаббас аға:
— Әттең, атың ақсақ, әйтпесе мініске тамаша-ақ еді. Малды өзі-ақ бағып жүрер еді, ақылды ғой! Бұны енді не істемексің?
— Не істеймін, жүреді осылай. Мінуге жарамайды. Сіздің жылқыларыңызбен жүре берсін.
— Қарсылығым жоқ, бізге зияны да жоқ.
Қаракермен қоштасып, келген сайына қарай ертіп апарып бүйірінен қағып қаалдым да «Ал Қаракер сау бол!» деп, ауыр көңілмен, бұрылып мәшініме қарай жүре бердім. Бұрылып артыма қарасам, Қаракер сол орынында тапжылмай, менің ізіме қарап тұр екен.
Күз де келді. Күн салқындап, қысқа қам жасай бастадық. Ауылдағы адамдардың күзге қарай іздейтіні — отын-су, соғым. Директордың таңғы мәжіліснен кейін менің кеңсеме бас зоотехник Құрманғали кірді. Екеуміз кейде оның, кейде менің бөлмемде бас қосып кеңесеміз, жұмысымызды жоспарлаймыз. Басқа мамандар кетіп екеуміз оңаша қалған кезде:
— Саған айтайын деп жүрген бір ұсынысым бар еді?
— Айтыңыз.
— Сен Қаракерді қайтпекшісің, аяғы ақсақ, мінуге жарамайды?
— Жүреді солай.
— Дұрысы, соны екеуміз сойып, етін бөліп алайық. Кеше көрсем «Катонда» маяда жатыр екен, қазір сойсаң сере шығады, әбден семіріп алыпты.
— Өзім де ойлап жүр едім, «тым семіріп алыпсың, сол басыңа сор болады» ғой деп. Союға келіспеймін.
— Оның бекер. Оны басшылар көрмей жүр, көрсе тартып алып сойып әкетеді, қарада тұр. Екеумізге де бұйырмай қалады.
— Құреке, мен соның жаудыраған көзіне қарасам, жүрегім елжіреп, жаным жылап қоя береді. Сол аттан көрген жақсылығым көп еді, қимаймын.
— Жарайды ойлан, менің айтқаным есіңде жүрсін, — деді де кабинеттен шығып кетті. Жаңағы әңгіме көңіл-күйімді бұзып, жүрегім шымшып қоя берді. Қаракердің әрбір іс-әрекеті ойыма келіп, жүрегім аузыма тығылып, ең бір қадірлі досымнан айырылып бара жатқандай күйге түстім. Жылқы 17-20 жас жасайды, қаракер 15-16-ға келіп қалды. Баяғыда Зияда қарт бұның барар жері «қазан қаласы» деген еді, сол «қазанына» барар кез тақап қалған екен-ау. Құрекеңнің әңгімесі күні бойы есімнен кетпей көңілсіз жүрдім де қойдым. Тамаққа да зауқым жоқ. Жұмыстан ерте келдім де жатып қалдым. Ұйқым қашып, мазам кетті. Бір жетіден соң Құрекең тағы менің кабинетіме келді.
— Не істейтін болдың Қаракерді, мен директормен келісіп қойдым.
— Мен соның көзіне қарасам жүрегім мұздап қоя береді, қия алмай жүрмін.
— Алдағы жексенбіде сойып алайық.
— Мейілі, — дедім, енді шегінетін жер болмай. Кабинетімнің есігін жауып кетіп қалдым.
Жексенбі күні ерте тұрып, Аждар екеуміз малшыларды аралауға шықтық. Кешке үйге келсем есіктің алдында қанның ізі, шөп-шалам жатыр. Қаракердің сойылғанын білдім. Үйге келгенімді көріп, бір үйден кейін тұратын көршім Құрекең келді. Көңілді. Көңілденгенде аузын сипай беретін әдеті бар еді. Аузын сипап қойып:
— Соғым сүйкімді болсын! Атты таңертең екінші бөлімшенің меңгерушісі Кәкманов Айтбай жеткіздірткізіп берді. Көршілер көмектесіп малды лезде сойдық. Қуырдақ жасап жеп алдық, саған да қалтырдық. Еті керемет дәмді болды. Текті мал ғой. Есіктің алдына әкелгенде жан-жағына қарап, қайта-қайта кісінеді. Аяғын байлағанда, жыққанда, жанталасып тулап, тепкіленген де жоқ, мойынын созып тыныш жатты да қойды. Еті мол, керемет семіз болды, сырты аппақ, қазысы сере. Дұрыс істедік, қуанышқа бұйыртып жегізсін! — деп әңгімелеп жатты көршім. Менің ары қарай оның әңгімесін тыңдауға зауқым болмай, көршімді есіктің алдында қалтырып, бұрылып үйге кіріп кеттім. Келіншегім Гүлжан, малдың бізге тиген жарты етін шошалаға кіргізіп үйіп қойыпты.
— Қуырдақ жейсіңбе, жылтып жіберейін бе?-деді.
— Жоқ рахмет, мен қойшылардан шай ішіп келдім.
— Соғымымыз семіз болды деп жатыр жұрт, қуырдағын жеп көрген адамдар «дәмді» деп жатты. Еті де көп екен, — деген сөзін естідім де, ары қарай ешкіммен сөйлескім келмей, төргі бөлмеге кіріп диванға киіміммен жата кеттім. Ойымда-Қаракер.
«Бұл үйге талай келіп, ауладағы қорада талай түнеп жүрген мал емес пе. Кейде ақсаңдап мені іздеп келіп, қораға кіріп алып, мен келгенше бір неше күн күтіп жата беретін еді. Мен келіп оны еркелетіп, екеуміз шүйіркелесіп, мауқымызды басқан соң, аяңдап ауылдың сыртына қарай жүремін. Ол ақсаңдап қасымда еріп келе жатады. Ауылдың сыртына шыққан соң «Ал Қаракер, іздеп келіп сәлем бергеніңе рахмет, енді жайлауыңа бар!» деп, санынан шапалақ беремін. Ол арт жағына жалтақтап қарап, аяңдап өрісіне кете барады.
Қайда келгенін әрине біліп тұрды. Мойынын арқанмен тұзақтап, аяқтарын тұсай бастағанда, сойылатынын сезген шығар. Сойлатын болған соң несіне бұлқынып, жанталасамын деген ғой. Бәрін де сезіп, біліп тұрды ғой, жануарым. Жан-жағына қарап жалтақтағаны, қайта-қайта кісінегені, мені іздеп, сояр алдына қоштасып қалғысы келген шығар, хайуан болса да асқан ақылды еді. Көзі қандай мейірімді еді. Маған шын берілген, жаны ашып тұратын, тіл алғыш, ойыңды емеурініңнен түсініп тұратын ғажап ат еді. Әттең жаратқан тіл бермеген, егер тілі болғанда ең жақын сырлас, адал досым болатын еді. Енді мұндай ат болмайтын шығар. Енді маған ат та керек емес-ау. Оны қайтемін. Кеңшарымыздың қазіргі ауқымы аядай-ақ, мәшінмен бір күнде аралап шығуға болады.

Қаракермен қоштасу

harager44Келесі күні, Қаракер түсіме кірді. Түсімде, Қаракерге тіл бітіпті, екеуміз ауылдың шетіндегі құмның үстінде, ақырын аяңдап, қатар келе жатырмыз. Ол басын бұрып, маған ойындағы түйгенін айтып келеді:
— Сен қиналмай-ақ қой, мен адамның игілігі үшін жаратылған малмын ғой, адамдарға қызмет жасау үшін Алла бізді жаратқан. Мені ажалдан бірнеше рет алып қалдың, алғашқыда сойып тастамақшы болғанда, сен тағдырыма араласып, араша түсіп, өлім аузында тұрған жерімнен сүйреп алып шықтың. Тіпті, мені алғашқы атқораға әкелгенде, кейбіреулер, «бұл бәрібір мал болмайды, қораның ішін сасытып жіберді, мұрныңды басып кірмесең кіре алмайсың, басын кесіп мал моласына шығарып тастаңдар» деген де еді, сен келердің алдында.
— Ол жауыздық қой, қалай қиып аузы барған ондайға? Жақсы жылқы ер жігіттің жеті қазынасының бірі емес пе?
— Е, жылқыны жеті қазынаға жатқызатын адамдар азайып, бізге соғым, ет деп қана қарайтындар көбейді ғой. Мені маяда жатқан жерімнен ұстап, ноқталап, жетекке алып келе жатқанда, союға апара жатқанын бірден сезгем. Мен өзімнің одан басқаға жарамайтынымды ертеден түсінгем және адамдардың менің «түгін тартса, майы шығатын, үстінен бит домалайтын» күйімді көріп, тамсанып, «кермет соғым болғалы тұр, кімге бұйырар екен» деп әңгімелеп жатқанын талай естігем. Сол күнді күтіп жүр едім, өйткені мені ешкім мінбейді, сен де мінбейсің, рас қой?.
— Оның ырас, қалай мінемін, аяғың ауырады ғой.
— Рахмет, саған еш өкпем жоқ, менің бүйтіп шойнаңдап қор болып жүргенше, сойылып ет болып кеткенім дұрыс болар, тек, етім саған бұйырса екен деп ойлап едім. Сенің үйіңнің алдына жетектеп әкеліп, мойыныма бұғалық салып, аяғымды тұсап, кекіліме арқан байлап жатқанда, сені іздедім, соңғы рет көріп, қоштасып, сүйкеніп, үстіңді жалап, еркелегім келіп еді. Сен келіп соңғы рет құлағымды қасып, алқымым мен маңдайымнан сипап, көзіме қарап соңғы рет қоштасып айтар сөзіңді, қоңыр дауысыңды естіп қалғым келіп еді. Сен келмедің ғой? Қанша жалтақтап жан-жағыма қарасам да, сені соңғы рет көріп қала алмадым. Үйде, немесе маңайда болса дауысымды естіп келіп қалар деп, шұрқырап бар дауысыммен бір неше рет кісінедім де, бірақ сен көрінбедің. Мені бауыздап жатқанда да сені мүмкін көріп қалам ба деп жалтақтап жаттым. Көре алмағаныма өкіндім.
— Кешір, Қаракерім. Мен сенің сойылатыныңды білгеннен соң қашып кеттім. Өйткені сенің қиналып, алқымыңнан қан шапшып, қорқырап, жан тапсырып жатқаныңды көрсем жүрегім жарылып кетер деп қорықтым. Басқа амалым болмады.
— Айттым ғой, саған ризамын деп. Менің етімді қиналмай жей бер.
— Етіңді қалай жеймін, шошалаға кіргенде сенің етіңе көзім түсті, сол кезде көз алдыма, көзің жаудырап сен келдің, көңіл-күйім түсіп, көзімнен жас ытқып шығып, жүрегім езіліп кетті. Сенің етіңнен жасалған қуырдақтан да ауыз тие алмадым, жүрегім дауаламады. Мектептің мұғалімдері келіп, рахаттанып жеп кетті. Ал үйдегі етті, бала-шағасы көп, Темірбайға бердім.
— Жылқы адам емес, сойылады, сойылмаса сүйегі әр жерде шашылып, ит-құсқа жем болып қалады. Жылқыға ешкім ескерткіш қоймайды. Қойса ілуде біреу ғана ескерткіш қояды. «Көзден кетсе, көңілден ғайып болады» деген ғой. Уақт өте, ұмытарсың. Тез ұмыт та, алаңсыз өмір сүре бер. Адамдар мағналы, қызықты, ұзақ өмір сүру үшін жаратылған. Достарыңмен, туыстарыңмен бірге бақытты ұзақ ғұмыр кеш!
— Рахмет, Қаракер. Ара-тұра, осылай әңгімелесіп тұрайық.
— Жоқ, абзалы, сені мазаламай-ақ қояйын.
— Неге?..
Қаракер көзіме, мұңды көзімен сәл қарап тұрды да, жалт бұрылып құмға қарай тұра шапты. Жалы желбіреп, құйрығы шұбатылып, майда қызыл құмның үстінде, тұяқтарының қазып алып лақтырған құмы бұрқырап, құйындатып кетіп барады. Аяғының ақсағы жазылып кеткен бе?! Тіпті аяғының ауырғанын да сезетін емес! Шауып отырып «Құм төбеге» көтерілді, онда да тоқтаған жоқ. «Құм төбеден» асып, жазық кең далаға қарай желдей есіп ағып бара жатыр, тіпті көз ілесер емес, алыстаған сайын кішірейіп барып нүктеге айналды. Нүкте сағымға айналып ғайып болды.
-Хош бол, Қаракерім!

Albert agaАльберт Мүрсәлім, 09.05.2008 жыл.

1 comment

  1. Ерік 14 Қаңтар, 2016 at 16:59 Ответить

    керемет жазылған. Қазақ пен жылқы егіз деген түсінікке бұдан артық қандай сөз керек. Ақтөбенің Ырғызында жазып кетіпті.

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.

error: Content is protected !!