Нұрлан Хабдай. Сиыр еті

10531

Үркек аттай біресе оңға, біресе солға бұлт етіп, жолдың ой-шұңқырын түгендеп жүріп көшенің басына да шықтық. Мама қаздай найқала басып, алдымызды көлденең кесіп өткен келіншек мінер жақ жиектегі еңкіш құбыр-құдықтың қасына барды. Ту сыртана кеп тізгін тарттық.

Шүмекке кәтелін іліп қойып, желкесіне тас тығып жатыр екен. Жөн сұрадық. Шатырын мүк басып, терезесі иегімен жер тірей шөккен шеткі қарағай үйді көрсетті. «Еее, өзіміз де кеп қаппыз ғой» дестік. Шарбақты сүзе тоқтағанымызда, аула түкпіріндегі қорадан қи алып шыққан шомбал қара шал сол орнында состиып біраз тұрды. Әдейі бұрылдық қой, адасып келсек те аяқ суытпай аттап баспасымыз анық еді. Саусылдап түсіп жатырмыз. Шал сонда ғана қонақ атаулыда құдайын алдыға сала кеп, құйрық асатса да өкпелемей аттанатындар аулынан боларсыңдар-ау дегендей бері жүрді. Сүйегі шор боп біткен бе, оң аяғын орай тастайды екен. «Ассалаумағаликемнің» жетегіне ерген қос қол қашанғысынша ербиіп алға оза берген. Анау болса нәумез ғана «Аааһа» деді де қойды. Тегінде диуананың сәлем бергенін сауқат дәметтіге жори салатын кекірейменің сортынан болса керек. Тосырқап қалдық. Іздеп келген кісіміз өзің болсаң, иіте алмай ит боламыз-ау деп қылп еттім.

…Көкше жерінің арғы-бергі тарихын таспаға баса шыққан белсенділерміз. Ал Бурабай Бурабай болғалы аяғы жеткен қыдырымпаз жұрт кір-қоңын сылып тастап қана кете барар астау емес еді. Мың батпан тарихы, жүз батпан соры бар еді. Ондағыларға әуелі, осы жүрісіміздің өзі тарихи оқиғадай көрінген. Содан соң барып Дәулет ныспылы қарияны айтып, осылай қарай жөн сілтеген…

Иегі қаңсыған шомбал шалға ақсақалдықты қимай тұрмын. Бірақ адақтай сөйлеуге тура келген. «Бурабайдан шығып ек… Дәулет ақсақал боларсыз?» «Е, о кісі үйде ғой». «Ааа, жақсы болды!» «Енді… кәрі кісі…» Іздеп келген адамымыздың қартайып отырғаны да, қи алып қорадан шықпағаны да, тегін сәлемге де ортақтасқысы келмей оқшырайып қарап тұрмағаны да жақсы болды!..

Дәулет – қарашығын боз шеңбер құрсаған қой көз, құс тұмсық, жылтыр өңді ұзын арық шал бөркін жүре киіп, төргі үйден жүгіріп шыққандай болды. Сосын бірі табалдырықты сауырлай қаңтарылып, екіншісі көлденең сұлаған бұзаубас калошын башпайдың басымен іліп ап, қолқ-қолқ еткізіп киіп алды. «Мынау күйеу балам». Есікті сүйеп сыртта тұрған шомбал қараны айтады. «Қартайып қапты ғой, ендігі құдаңыз шығар?» Жаяу әзілім күйеуге жақты білем, ыржиып атасына қарады. Атасы да мырс етті. «Болса-болар».

«Атамыз Әндіқожа Абылайдың ақыл қосар батыры екен. Алашқа сауын айтарда иек қағысып, бас иезесерге жанымда боласың деп Бурабайдың жағасынан қоныс беріпті». Қария бабадан қалған сары жұртты айтқанда, жанары қиырды шолып, сонау батыс көкжиектегі көк мұнарт Көкшені іздеп тұрған. «Сол жерге көрерт саламыз деп, орыс тартып ап, батырдың ұрпақтарын Қойтеке деген жерге қуып тастапты». Біз ширек ғасыр бұрын тартылып қап, қара сор топырағы қобырап жатқан Тасшалқардың Қызқұлаған жақ табанында тұрған едік. Ал Әндіқожаның ұрық-шарқы ата қоныстан кеткен ол оқиға совет өкіметі орнардан жеті жыл бұрын, 1910 жылдар шамасында болған. Сол жылы жандармерияның тесік өкпе, көксау офицерлеріне арнап Бурабайдан туберкулез санаториін салу туралы патшадан жарлық түскен. «Менің жігіт шағымда Тасшалқар нулы көл еді. Көктемде толқыны мына Қызқұлағанның жартасын шайып жататын, жарықтық». Ақсақал етегін шоқ қайың көмген қожыр жартасқа қарай иек шошайтты. Басына түйелі кісі бақан созғандай ғана. Бір байдың теңіне қосыла алмаған тотай қызы суицид жасап, ұшып өліпті де, содан Қызқұлаған аталыпты-мыс. Бізге керегі тарих еді ғой. Аңыз емес еді ғой. Ақсақалды қақпайлап әкеліп ізге салған болдық. Қожырап тұрмыз рас. «Отыз жыл бұрын жылқылы қалқоз едік. Тақау төңіректен өзіміз ғана үш ай жаз көл жағалай үй тігіп, бие байлайтынбыз». «Бәсе…» дестік. Отыз жылдан бері де көнегі қаңсып отырмағандарын байқағанбыз. Әлгінде, ауылдан шыға, қырқа асқалы тұрған қыркүйектің өзінде селеулі боз кілемін кір шалмаған құтты қоныстың құйқасын қасып жүрген көк-алалы көп жылқыны қақ жарып бері өтіп едік.

Ақсақал әңгімесін сабақтай берді. «…Соғыс біткен, қырық нешенші жылы бәйбішесін ертіп кеп, бір жаз Тасшалқарда жатты. Күллі қазақтың қадырлы кісісі ғой, күтімі біздің мойында. Арнайы үй көтердік. Ас-суы, сойыс малы және бар. Қызыметші қыз-жігіттер сайланды. Сонда… кісіні жатырқау жоқ. Не тамақ, не жатын орын талғамайды екен. Енді… өзі, кедейден шыққан кісі қандай болады, тура сондай…» Атақты бір қаламгер туралы айтып тұр. Ол кез жиырмаға жаңа ілінген жігіт шағым. Талай атын ерттеп, етін турап бердім. Қымызды метрлеп ішіп, әңгімені қопарып айтатын шырайлы кең кісі еді дейді. Айтпақшы, жазушы Тасшалқарды алғаш жиырма сегізінші жылдары көрген екен. Ол жолғы келісі бөлек – Әндіқожа батырдың атадан абырой да, ақтылы түлік те қалған қоңды ұрпағын кәмпескелепті. Малын олжалап, жанын тоздырып тұрып жеріне тамсанса керек. Әсіресе Абылайдан құт жұққан Діңгектіге, айдынды, нулы көл Тасшалқарға қарай-қарай аттанған ғой. Ұмытпапты. Айналып соққан. Балшабектік миссиясын адал атқарып болып, заман біршама тынышталып, жер кеңігендей көрінген ендігі сәтте өзінің, өзі секілді жаман тымақтының таңын атырған жемісті жылдар елесін қағазға түсірмекке ұйғарған шағы. Оқығансыз. Ұмытылғаны болмаса. Сол замандағы әйгілі шығармасы – әлгі қан-қызыл жалауды желпілдетіп жартасқа шығып, жау шақыратын советшіл қыз туралы романының көп оқиғасы осы төңіректе өтеді. Жазушының екінші келісінде атың өшкір кәмпескеден кейін әлі қос мүшел де өтпеген. «Сонда… кісі көріп, қызмет қыласыздар, ә? Кек қумадыңыздар ма?» — дейміз. «Жоооқ, атай көрмеңіз – дейді, қос қолын ебедейсіз ербеңдетіп, — О кезде заң бар еді ғой, біз заңға бағындық». Рас, заң қазір де бар, ол кездегісі – тікенек өрімді темір бишік…

«Бір құлағым туа мүкіс еді. Соғысқа жарамадым. Сонымның арқасында бала-шағаның қызығын көруге жазды. Құдая тәубә!» «Құдайға шүкір!» — дедік жамырап. Айтпақшы, соғыстан бұрын… кәмпескеден кейін аштық болды ғой? «Аштықтан бір жан шығын шықпай аман қалдық». «Қалай?» — дейміз, таңданысымызды жасыра алмай. «Солай!» Қазақ даласын албастыдай басып, жайындай жалмаған сол ұлы жұтта өзеннің арғы бетіндегі ел түгел һарап болып, бергі жағадағы балықшы ауыл «судың құртын» сүзіп жеп, аман қалыпты дейтін бір әңгімені бұрын да естіген едік. «Сонда шынымен де ауылдарыңызда бір де бір адам аштан өлген жоқ па?» «Жоқ, бір де бір кісі…» Бізге тарих керек еді ғой. Бірақ… Құдайым өзі кешсін, тап сол сәтте қоңылтақсып қалғанымды жасырмайын. Қария да ішімдегіні бет-аузымнан оқыды білем: «Онанда мен сендерге Кәләшөкиннің бір қаталасқанын айтып берейін» — деді. Әй, сол Галощекиніңіз қателеспеді-ау деймін ішімнен. Не де болса ыңғай беріп, құлақ түрдік. Әңгіме жылқы туралы екен. Отыз бірінші жылы болған жайт. Ұзынырғасы – қызыл әскерге ет жөнелту науқаны…

Ия, ендігі аз сөз жылқының соры туралы. Тіпті, осы жазбамызға түрткі болған негізгі кеп деп біліңіз. Орыстың тепкісінен қазақтай-ақ зәрезеп болған бір жануар – сол қазақтың жылқысы еді. Мың жыл бойы ерге қанат, салтанатқа өлшем болған қасиетті жануар. Ат жеткен жерден атақоныс бұйыртқан бәһәдүр бабама мадақ! Қасірет – атажауымыз ат жетер ғана жерде екен…

Сөз орайы кеп тұрған соң, басқа бір сапарда естіген басқа бір жайтты қысқа қайырайын. Жылқы жарықтыққа байланысты. 1961 жылы 14 мартта Ақмолаға Одақтың бірінші басшысы келеді. Сырты – нағыз совет адамы үшін жаралған нағыз коммунист, іші – орыстан басқаға деген бар сұмдығын бармағының ымқыруы тасалаған кәдімгі Хрущев. Үйреншікті жайт – партия қайда болса… жиналыс сонда. Ол кезде де тап қазіргідей еді дейді баяндаушымыз. Мінбеге бірінен соң бірі шығып, іске жарап, оң нәтиже беруі мүмкін емес болса да, орындалуы сөзсіз идеялармен иітіп әкетіп бара жатқан «бес жылдық қаһармандарын» бірінші басшы ыждаһаттылықпен тыңдады дейді. Кей жерінде тіпті, тап осы далада туып-өскен өз кісімізше асқан «білгірлікпен» пікір қосып, қоштап отырады. Сөйтіп, арада алты-ақ күн өтіп, алпыс бірдің жиырмасыншы наурызында Ақмола Целиноград аталып шыға келген. «Акмала звучат как белая моһила». «Бұдан былай Целиноград болады. Көшпелі малшылардан қалған ескі мола емес. Кәдімгі, астықты өлкенің жүрегі. Халықтың бай тұрмысынан хабар беріп тұр!» Одақтың Бірінші Доңызы осылай депті.

Сол жолы, сол жиналысқа іргедегі Қорғалжыннан К.Ә. деген шалды да алдырады ғой. Тақымы терге шіріген жылқышы екен. Жылқышы болғанда да… «Социалистік Еңбек Ері». Одақ басшысының алдында баяндама жасауы керек. Кремльге коммунизмнің төте жолын нұсқап жіберуді өздерінің партиялық адал парызы санаған біздің көталақтар бір ауыздан солай деп шешкен. Сондағы көз ашқалы колхоздың жылқысын бағумен күн өткізген, сонысымен зор абыройға жеткен «Социалистік Еңбек Ерінің» баяндамасы не туралы дейсіз ғой? Жылқының шаруашылыққа зияны туралы: сиыр секілді бауырына боқ қатып қотанда жатпайтыны; шошқа секілді маусым сайын он-он бестен торай туып, тез көбеймейтіні; шегірткеден бетер егіннің жауы екені; қылаяғы етіне дейін тер сасып тұратынын айтып көсіле сөйлепті, озат жылқышымыз. Оданда шошқа фермалары көбейтілсе екен. Жылқының көзін құртып, жайылымнан босаған жерге жүгері ексек нұр үстіне нұр болар еді деп барып, ентігін басқан ғой. Біліп тұр, талай жылғы тәжрибесі бар. Призидум мүшелері де, залдағы қара-құрым да қош көріп, шатырлатып шапалақ ұрғанына күмәніңіз болмасын. Ал көзбен көргендерден естіп, жазылған тарихтан оқып білген ақиқат – жаңа айттық, ол заманда іске жарап, оң нәтиже беруі мүмкін емес болса да, кез келген партиялық идея орындалмай қалмайтын…

Жә, біз көргенде сексеннің тоғызына келіп отырған Дәулет ақсақалдың әңгімесіне оралайық. Өзі айтпақшы, «кәләшөкиннің қаталдығына». Отыз бірінші жылы қызыл әскерге ет жөнелту туралы жарлық түседі. Қасап орыны болып Жанқұс деген жердегі құдықтың басы белгіленеді. Балшабектер жиырманың аяғында Казгородок деп шыт жаңа айдар таққан ұжымшар орталығы. «Біздің ауылдың әйелдері түгел ішек-қарын аршуға барды. Арасында шешем де бар. Біздің үйде бір жуас торы ат болды. Соны арбаға жегіп алдық. Мен божы ұстадым» — дейді ақсақалымыз. Еркек атаулы пышақ-бәкісін қонышына жанып, арқанын беліне байланып, олар да жиналған. Тақау-төңіректегі бар жылқыныны қуып әкеп қашаға қамапты. Қыс іші. Баяғы заман болса, қазақ бұл уақытта соғым жеп отырар еді. Совет үкіметі орнағалы малының құқығы адамынан бетер әспетті боп шығып, өз қорасына өзі қожалық ете алмай қызылсырап қалған. Не керек, айқай-ұйқай көбейіп, анталай қаумалаған екі аяқтылардан есі шыққан жануарлар, бір сұмдықты сезгендей көздері адырайып тұра-тұра қалады ғой.

Сөйтіп қанды қасап басталды да кетті дейді.

Қазақ мал союды шөпек құрлы көрген бе, тәйрі, аз ғана апыр-топырдан кейін гүрс еткізеді. Ноқталап, шаптап тартып тұрып қорқыратып жібереді. Бітті шыпасы!

Бітпепті. Преседателден бұйрық түскен, оған солай қыл деп одан жоғарғы жандайшап нұсқау беріпті, оған одан да жояны… Қысқасы, сол бауыздау үстінде-ақ басын кесіп тастай береді. Төрт сирақ болса-болмаса. Құйрық терімен қоса түседі. Ішек-қарын шыққан соң, қазысын қабырғаның етегінен шорт кесіп былай тастаған. Жалды да мойын еттен ұзыннан сыли тіліп алған. Неге өйтті дерсіз? Орыс жылқы етін жемейді. Ол заманда. Бірақ қалайда үкіметке пәлен тонна ет өткізу керек. Әйтпесе ет орнына өздері қасапқа шалынары бек мүмкін. Қайтпек керек? Біздің шолақ та болса ақылман белсенділер «қайтпек керектің» жауабын тапқан ғой, ақыры. Ұжымшардың бар жылқысын пышаққа саламыз. Сөйтіп, қазысы мен қартасын, жал-құйрығы мен бас-сирағын кесіп тастасақ, жылқымыз сиыр болады да шыға келеді деген.

Хош. «Қайдан келгенін білмеймін, үлкен сары қап болатын, соған салып, әлденеше күн қатарынан елге жылқының жылы-жұмсағын тасыдым» — дейді біздің қария. Есте қалатын жөні бар… Ал жайрап жатқан жылқы етін, жоқ, жылқыдан сиырға айналған мол етті бұзбаған күйі үштен-төрттен шошақ-шошақ қылып үйген. Кешікпей тиісті жеріне жөнелтілу керек.

Жазғытұрым. Қызыл әскер қызығын көреді деген ет кетер жеріне кетпей қап, сол шошайған күйі борси бастайды. Көктемгі аңызғақпен жетелесе жөнелген жемтік исі аңғар-аңғарты қуалай жайылып, күллі алапты буып тұрды дейді. Бұл кез елдің де ашыға бастаған шағы. Бірақ ауданнан келген милиция күрке тігіп, күзетіп жатыпты. Кілең орыс. Жау қабақ, тұз көзді суық адамдар. Қылыш асынып, винтовкамен қаруланған. Иттей қорыған жерге жан баласын жақын келтірмейді. Өздері де жапырақтап көрмеген. Сиыр еті деп акт толтырған жылқы жарықтықтан ұшынамыз деп сескенді ме екен? Не керек, күлбіреп қарая бастаған етті енді сақтаудың жөні жоқ-еді. Сөйтіп обал-сұбап дейтін қасиет атасында да болмаған, қарғыстан семірген әлгілер аштықтан көзі қарауытып, әлі құрыған мүсәпір қазақтың көзінше бар етті түк қоймай өртеп жіберіп, тайып тұрған…

Қазаққа қысас әр қадамы сөзсіз трагедияға бастап отырған советтік мыңдаған әрекеттің бұл әнтек бір көрінісі ғана. Ойда жүр еді. Қағазға түсірдім. Жылқы мінездіміз деп жүрміз ғой. Жылқы тағдырласымыз да екен.

Nurlan-Kabdai2014, жылқы жылы.
Нұрлан Хабдай

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.

error: Content is protected !!