Асқар АЛТАЙ: Ұланжал

7146

Жал-құйрығы құланиектеніп сұйылған лақса шабдар айғырға қарға адым жер мұң болды…
Ғұмыр бойы көсілумен келе жатқан жануар тағдыр-талайы дәл осылай тұйықталар деп сезінбеген сыңайлы. Басына қандай бейнетті күн туса да, тулақтай арып-ашса да, құлын күнінен құйған қорғасындай тіп-тік біткен орама сом тұяқтарын қара жерді қозғардай қадай басып, тірсектері қарадай қалтырап, діріл қаққан емес еді. Бір түнгі қаңтарулы суытудан соң күлдіреуіштей күдіс белін көтере иіп, төрт аяқты тең тастап, қиялай қарап, Қарқараның қара тасты қия беткейінде ойнаған таутекедей шекелей қалатын. Бұл өңірде туғалы алдына мал салмай, құйрық жалын қарматпай келе жатқан шабдар айғыр Қарқара өзенінің мол суынан жүзіп ішісімен, таңдайы кепкен тұғырдан да ары болып, су кемірген жиектен ұзай алмай ықылық атып, тұла бойын тер басып қоя бергені.
Қанып ішкен кәрі айғыр құрық тастар жағаға жетер-жетпесте жұқа шүйдесінен соққы тигендей сенделді де қалды. Бойын бір сілкіп алып, қозғала бере қираңдап, тынысы тарыла әрең ес жиған. Кәрі жіліктері қалтырап, қабырғасын сөгіп алғандай сырқырап, белі бұраң, басы бұлғаң қағады. Бой-бойынан ағыл-тегіл ащы тер кетіп, аяғы иліге қояр емес.
Өзеннің бұл тұсы тайқылау біткен терең қабақ. Арлы-берлі кетіп алқынып, сусап жеткен жануар құлама қабақтан асығыс түсіп, ағысқа қарсы жүзіп ішсе де, тап қазір құрдым құз түбінде тұрғандай тілерсегі сыр беріп, әлденеден секем алып, кең тынысты алқымынан белгісіз бір бұғалдырық буындырып, қос бөбежігі бүлдіргендей ісініп, буып әкетіп барады. Қабаққа ұмтылуға көңілі кете дәметсе де дәрмені жетер емес. Өмірінде тынысы тарылып, есінен ауа құлағаны құнан шығар кезі-тін… Қазір де сол бір жолды құшудың аз алдында.
…Шашасын шалғын көтеріп, көк майсада аунап-қунап, жүрекшелі тұяғын жел гулеп, қоңыраулы кексе айғырлармен оқта-текте шабысып, шарпысып қалып, кейде тастай қатты ауыр тұяқтарға кеудесін алдыртып алып, жеке-дара үйір ала алмай, желігі қана алмай жүретін құбақан Ұланжал сәурік еді ғой. Ойда жоқта жуандап үлгірмеген қаз мойнына жыланша ысқырған арқан оратыла кеткен.
Шыңғыр-шыңғыр кісіней тік шапшыған да ала арқанды астындағы құла атымен тақымға сала тартып бара жатқан Қанайды көріп қалған. Ышқына үріккен жас сәурік шылбыр созым ұзай алмай кілт тоқтады. Салқын сазға тартылған желідей қыл арқан шірене дірілдеп, қыл тамақтан қылқынта жөнелсін. Қалың жылқыны баспалап кеп бұғалық лақтырған Қанайдан қатты шошынған Ұланжал көздері шатынап, жер тарпи жұлқынған. Қыл арқан қыл сағақтан сығып, кең танауы жалбыршақтың үлпершегіндей желбірей түсті. Арқан сыққан сайын кеңсірігі пырылдап, оқтын-оқтын алға қарай сенделіп қалып, тынысын қор еткізе ашып қалады. Ондайда Қанай да құланы тебініп қап, қыл арқанды үзілердей қайта тартып, қапы қалмайды.
Жұқа шап пен тар қолтық, жалпақ сауырынан айғыз-айғыз тер төгіле тамшылайды. Ұланжал өз әлсіздігін тұңғыш рет қорлана сезінген. Сонда да тарамыстай тыртысып баққан: қашаудай тұяқтарымен жазаңдағы салалы күреңсені кесіп, тамырлы шымды ойып, көзі шарасынан төңкеріле шалқалақтай берген.
Мыңжылқының Хантәңіріге қарай құлаған көкпеңбек төсті, жас сұлудың жанарындай жылт-жылт еткен қалың шықты, мың түрлі шөпті жайлауы мамыр орталаса да салқын-тын. Мыңдаған жылқының жел жағын ала құлын кезінен емін-еркін сілтейтін Ұланжал терге малшынған емес-ті. Бұғалықпен буынғалы отты жанары жаспен, кекілдіктен құйылған ащы термен шыланып, төңірек толқи тұманытып, түрлі түсті шеңберлер шарасынан төгіле берді.
– Жанай, жылдам жүген кигіз! Бол енді, болсаңшы! Ұланжал берік-ақ екен, жығылар емес жануар, – деген Қанайдың қоңырқай жүзі мен қоңқыштау мұрнын тер жауып кетіпті. Ол сол жағына қисайып, оң жақ тақымынан орай тартқан қыл бұрауды сол жағынан басыпты.
Қайыңның құндыздығынан шабылған құранды ерді қолтығына қыса жақындаған Жанай Ұланжалға тақала бере жерге еппен қойып, арқан бойын саумалай жылжыған. Білегіне қайыс жүген ілген. Шиыршық ата шіреніп созылған қыл арқан үзіліп кетсе, осқан жерін орып түсетіні аян. Жанайдың бірақ онымен ісі жоқ. Есіл-дерті – демі жетпей сырылдап, өн бойы діріл қаққан жас құбақан сәурікке жетіп, ылдым-жылдым жүгендеу. Ұланжал да шыдаулы. Көзінің қарасы төңкеріліп, ағы ғана күмістей жалтырап, суға тола алаяды.
– Көке, сәл босатсаң қайтеді, бейшара өліп кетіп жүрер. Жаны алқымына іркілсе де жығылмай тұрғанын қарашы, өлер жерін білмейтін жас неме ғой, сірісін! – деп Жанай жүгенін сылдырлата барлай қозғалған.
– Байқа! Абай бол, Жанай! – деп Қанай қарлығыңқы дауысымен айғай салған. – Сәурік болса да сүйекті. Мертіктіріп жүрмесін… Буындырғаннан өлмейді. Жылқы жануар иненің жасуындай саңлау болса да тыныс тарта береді. Тек өзің сақ қимылда. Әбжіл бол!..
Оның сөздерінің соңын Жанай ести алған жоқ.
Ұланжал өзіне таман жылқышы Жанайдың таянғанын сезген де, қарақаттай қарашығын зорға төңкерген. Жанай қол созым қалыпты. Үрей билеп, жан тері шыққан жануар жұмсақ шымды оя тіреніп, шегіншектеген сәтте, қор-қор тыныс тартқан саңылау сап жабылып, қамыс құлағы шыңылдап қоя берді. Түлкі алған тазыныкіндей көгіс тартқан тілі салақтап, қарулы сирақтары әлі біткендей тәлтіреңдеп барып, оң жамбастаған күйі жазаңға жантая кетті. Осы бір орайлы сәтті жазбай таныған жылқышы да бір-ақ қарғып, айқұлақтан басқан. Қанай да шиыршық атқан арқанды тақым астынан тез босатып, құламен асығыс ұмтылған еді. Жанайдың епсекті қолы жас сәурікті жығылған жерде оп-оңай-ақ жүгендеп үлгеріпті. Інісінің қимылына іштей разы болып қалған Қанай да байырғы машықты қимылмен жұдырық басты құранды ердің өмілдірік, құйысқанын кигізіп, әп-сәтте ерттеп үлгерді.
Жас сәурік те шәт-шәлекей тентектік танытпаған…
Тағдырына мойын ұсынғандай Ұланжал үстіне Жанай сарт етіп мініп алғанда да, бәз бір асаулардай ерді мойнына алып, басын жерге салып мөңкіп те, түгін үккендей тулаған да жоқ. Бір күткені бардай… селсоқ. Қақтаған күмістей ауыздықты ғана тосырқай қарш-қарш шайнады.
Сағалдырығынан сығымдай ұстаған Қанайдың қолы босай бере Жанай тар қолтықтың астынан тебініп қалған. Тынысы кеңіп тұрған Ұланжал да ытырыла жөнелді.
– Пай, пай!..– Қанай қалай дауыстап жібергенін өзі де аңғармай қалды.– Текті-ау, жануар! Қара қырғыз да мал таниды-ау… Мың жылқының ішінен осыған көзі түсті-ау, иттің! Өзім де көз бен тіл тимесін деп шеттетіп жүруші ем. Тфа!.. тфа!..– деп егде тартып қалған жылқышы жерге түкіріп-түкіріп жіберді.– Жер жарықтық кең ғой, көз бен тілден сен сақта, сен көтер, жарықтық! Тфа!..
Табанын жел кеулеген Ұланжал Ереуілтөбеге қарай тура тартқан. Бауырының астында барқыттай жұмсақ жазаң жүзін жапқан көк шалғын үкідей иіліп қалып жатыр. Тамам заманнан бері өңін бермей көкпеңбек болып жататын Мыңжылқы мен Қарқара өңірі үйір-үйір жылқы қыста тебіндеп, жазда жусап жатқанда құты қашып, шөбі сұйылған емес…
Майлы төстіктің туырылған етегіндей Мыңжылқының шұрайлы төсін емін-еркін, шимай-шатпақ шапқылаған Жанай Ұланжалдың өкпесі өшпей сілтейтініне қатты қайран қалған. Бесін ауғанша желдей шапқан жас сәурік алғашқы тұста барлыққандай болып еді, аздан кейін қоясын құсқан құстай түлеп сала берді. Жұқа шабы ақ көбікке шыланып, өкпесі ашылып, қанат біткендей өзін жеңіл сезінген. Сірә да қысырдың сүтін арда емген, бұл өңірдің жанға дауа мың түрлі шөбін орған жануарға көсіле шабудан жеңіл өнер жоқ… Ұлы бесін ауғанша беті қайтпаған Ұланжалдың басын Жанай үйірге қарай бұрды. Тентектік танытпаған текті жануар сар желіске түскен.
Бас азаттығынан құбақан жас Ұланжал осылайша айырылған…

* * *

Алқымы әлсін-әлсін қысып, буын-буыны босап тұрса да, шабдар лақса Ұланжал өткеніне оқтын-оқтын оралып, зіл тартқан басын әрең көтеріп, пысқырынған болады. Бұла күндерін, құла түндерін белгісіз бір түйсікпен сезінген сайын әл-қуаты кеміп, іштей жасып барады.
Ымырт жабылып, сам жамыраған. Зау биіктің қаракөк төрінде жұлдыздар туыпты. Олар да торғай баққан қырғидың қанатындай бір орнында қалт-құлт қағады. Аспан тауларды көгілдір мұнарға орап, сай-сала мен қарағайлы шатқалдарды қарауытып мұңға батыратын ай ғана жоқ.
Өліара… Дүние біткен түнеріп, қалғып кеткендей қимылсыз. Тау ішіне тән көзге түртсе көргісіз қараңғылық иектеген маңда тау суы ғана күркірей естіледі. Күндізгі бей-маза әуен саябыр тартқан.
Кәрі шабдар айғырдың алты-айрығынан моншақтаған тер, бірақ тұзы татымсыз… Үнемі рақымсыз тепкі мен сауыс-сауыс тақымда жүрген шабдар Ұланжалға не жорық. Аң қуған арлан тазыдай арса-арса кәрі айғырдың пышаққа ілінер қырым етсіз шандырлы бойынан қамау тері түгілі, ащы тері арылғалы қай уақ?.. Жантері талай шықты ғой.
…Шашасын таудың шығы ғана шылаған Ұланжал пәйегінен балшыққа батып, аяғын әрең алып келеді. Оқ-дәрі иісі мүңкіген ойдым-ойдым жердің желімдей жабысқан қара топырағы иленіп жатыр. Орман жағалауын жиектеген атты әскер полкының басында келе жатқан айғыр кешікпей үрейлі ұрысқа кіретінін белгісіз бір сезіммен түйсінеді. Бұған дейін де екі рет кіріп шыққан… Маңайында шауып келе жатқан жылқылар ойда жоқта омырыла құлап, кісінеген, шыңғырған жан шошырлық дауыстан жануар да болса жүрегі шайлығып, ию-қию қиқудан құлағы тұнып, тап құлағының түбінен бытырлата атқан ППШ -ның үніне де құлақ түре алмай туралап тарта беретін бұл. Бір жолы көлденең ордан кездесе кеткен темір телпектің басынан қарғып та өткен. Көбіне бұлар темір құрсанған танкілердің соңын ала шабушы еді. Ал ол темір қораптар кейде лап ете қалатын да, кілт тоқтап, кейде шынжыр табандары батпақты жерге бата шыр көбелек айналатын. Бүгін не болатыны – белгісіз… Сталинград маңындағы майдан батпағы ғана былжырап жатыр.
Қырық екінің күзгі жаңбыры жер жарықтықты мидай іркілдетіп-ақ жіберген еді. Жапырақсыз орман ішін жамылған сұп-сұр қораптардың тұсына тез жеткен полк кешікпей алдыңғы жақтағы тақыр дөңдерді бетке ала танкілердің артынан ерген. Шұбай шығып, шашыла қозғалған темір тажалдардың соңынан бөліне-бөліне аттанған атты әскерлер де тепеңдеп, жануарлардың тұяқтары тайғанақтап, кесек-кесек қалпында кеседей ұшады. Тілерсектен сазға батқан. Ұланжал да темір қораптың артынан бір елі қалмауға күш салып-ақ келеді. Қолдарына “ППШ” автоматын ұстап, белдеріне қылыш ілген шинельді жауынгерлер салдыр-күлдір күркіреген қораптардың дауысына “уралай” үн қосып, ер үстінен көтеріле қопаңдайды. Мойнына дүрбі асынған Ұланжалдың иесі де айқайға басқан.
Толарсақтан малтығып келе жатқан Ұланжалдың кенет шабынан қамшы орнына иесі қолына ілген резеңке кәбіл тартып өтті. Атан жілікті айғыр тәніне тыз еткізіп таңба басып алғандай ырши ұмтылды. Әне-міне дегенше Ұланжалдың үрейін алатын гүрс-гүрс зеңбірек добы жарыла бастады. “Уралаған” үн де бәсеңсіп қалғандай. Жануардың шатынаған жанарында оң жағында келе жатқан қорап лап ете түскен. Тап алдында балшықты қамырдай илеген жыланбауыр әзірге аман. Иесі қос өкпесінен тепкілеген сайын Ұланжал да өлермендене ұмтылып, балшықты жерді кесек-кесек күйі ұшырған жарылыстан жалт-жалт қарай шошынып, шоқырақ-шоқырақ қағады.
Оқ пен отқа қарсы қалқан-қорғансыз ұрандап ұмтылған екіаяқтыларды Ұланжал түсінбей-ақ қойған. Несіне жетісіп айғайлайтыны белгісіз… Бар дауыстарымен барқырап, бұлан-талан ашуланып, қос бүйірден тепкілеп, бауырлай қамшылап ентелейді-ай кеп-кеп!.. Бұршақтай бораған оққа қарсы кеуделей шапқаннан не пайда? Көбісі омақаса құлап, ажал құшып қалады. Ажалға ашық ұмтылатындай Ұланжалдың қайбір өлгені бар… Қайта сытылып кеткісі келеді. Бірақ темір ауыздық ернін жырып, резеңке кәбіл ақ тер-көк тер болып шыланған жұқа шаптан шықпыртып, темір өкшелі құрым етік қос өкпесін тесіп жібере жаздайды. Хайуан да болса амалсыз көнеді… Көнбеске еркі жоқ. Еріксіз… Тізгінін түріп қоя берер деймісің?!
Болат ауыздықты қарш-қарш шайнаған Ұланжал басын бәйгеге тігіп, үстіндегі иесінің бытырлата атқылаған оғынан үркектей құлағын қайшылап, тізеден төмен көшкен балшықтан аяғын қарулылықпен жұлып, алдыға қарай ентелейді. Қарашығын үрей билеп, бойын қалшыл басқан. Ұлы денесі бусанып, ащы тер жауып кеткен. Ол тер кейде кекілдіктен тамшылап, жанарының жүзін кілегей шарбы тұттырады. Сол сәт астаң-кестеңі шығып жатқан күл-көмеш дүние көгілдір мұнарға шомыла қалады да, қас пен көздің арасында жан терден туған сурет ғайып болып, іркілдеген жер солқ-солқ етеді, аяқ астында қиналып қоя береді.
Езуін жырып жіберердей тізгін оқыс тартып қалып басын кекжең еткізген Ұланжал қайта орғи секіргенде жотасында сырғақтаған иесі сол жақ қапталына қарай сыпырыла беріп, басы бауырындағы балшықты жерге сүйретіліп, қимылсыз қалды. Иесіне оқ тисе керек… Төрт аяғының астында сүйретілген жансыз денеге тұяғын дарытпай оң қанатқа қарай ойыса берген жануар бүйір тұстағы қарауытқан самырсынды орманға қарай жөнеле берген. Орманға жақындағанда жирен түсті иесінің өлі денесі үзеңгіден ажырап қалды. Ауыр солдат үзеңгісі бауырын жалаған арық айғыр қалың орманға сіңе берді.
Тарс-тұрс атыс пен гүрс-гүрс жарылыс жаңғырығынан қашқан Ұланжал сұрқай орман ішіне қарай дендеп ене түсті. Жіптіктей самырсындар арасындағы белуардан басқан шалғын темір қорап танктер жертабандай жылжыған аңыз емес. Қуарған шалғын түбі – құмдауыт, құрғақ. Жайлаудағыдай жата қап ауна. Арқаңның қышуын қандырып, құрыс-құрысыңды жазады. Бірақ айғырдың аялдауға мұршасы келмей ұзай берді… Майдан даласындағы дүрсілді естімеуге тырысқан.
Жарты айдай емен-жарқын шөп жұлып, шашасы сыбағысқан тойбатпақтан арылған, әл-қуатын жиып алған жануар мойнынан асып түскен тізгінін алдыңғы аяғымен таптап қалып-таптап қалып жүріп, шошқа терісінен тілінген жүгенін де үзіп, басынан сыпырып тастаған. Тек арқасынан айырылмаған жайсыз таңылған солдат ері ғана. Құйысқан мен өмілдірік кигізіліп, төс айылы мен шап айылы шірене тартылған орыс ерінің қос қанаты жұқа ішпектен жануардың қыр арқасының қос қапталына аямай батқан. Аунаймын деп екі қасын сындырса да, түспей-ақ қойды.
Осы бір жарты айдың ішінде орманның күншығысына тереңдеп енген сайын, қар қалыңдап жауып, емін-еркін қар тепкен, мініс көрмеген Ұланжал қоңданып, ырсыйған қабырғалары жабылған. Қара күз қысқа ұласқан. Қараша қапалақтаған қарымен қысқан.
Кешікпей-ақ Ұланжал әлі қата қоймаған, қара-қошқыл суының ернеуіне моншақ-моншақ мұз тұрған Еділдің бойынан бір-ақ шықты. Өзен бойын өрлей өскен ызғырыққа кең танауын тосып, қылаңытқан күнге қарап Қарқараның тау-тасын сағынған. Қыста Хантәңірі жақтан соғатын қызыл еспесін есіне алды. Қарқара биіктерінің қары жұқа күнгейлерін көз алдына келтірген.
Оқта-текте тап төбесінен дүрілдеген ауыр самолеттердің дауысын естіген Ұланжал Еділдің құм шайған жағалауын құлдилап көп жүрді. Күншығысқа қарай өтуге өткел іздеген. Өзеннің етектей жайылған бір тұсынан жануар өтуге бел байлағандай суды жалдай жөнелді. Терең Еділ ешкі-емердей елеңдей жүзген Ұланжалды ығыстырып әкетті. Өзен ортасындағы ұлы ағысқа келгенде айғыр төрт аяғын қанша қарымды сілтесе де, бір-екі рет батырып шығарып, танауын көріктей көтертіп, пырылдата берген… Осы бір сәт жануардың көз алдына таудың ұшар басынан бір топ жылқымен ойға қалай айдалып түскені, қызғылт түсті ағаш вагонға тиеліп, жартылай ашық есіктегі кермеден тысқа көз тігіп, сар даланы кесіп батысқа қарай сапар шегіп, тарсылдаған доңғалақтың дыбысы құлағының етін қалай жегені тез оралып өтті. Құбылаға қарай құрақ ұшып заулағанын соқыр сезіммен түйсінген еді текті жануар… Ағыстың ығымен жүзген жануар өзен ортасындағы ырғыннан ұзасымен, шығыс жиекке малтықпай тез ілікті. Жатаған жарлауытты құлдап, тәпелтектеу құмды текшеден секіріп шықты да, күншығыста қырау шалған қалың тоғайлы орманға қарай құйрығын бір-ақ шаншыды.
Ұлы майдан даласын тастаған, қасап қырғынды талақ еткен Ұланжал күншығысты бағдарлап, сар желіспен ақша қарды қопсыта жөнеген… Күңгірт соғыс сұрапылынан зер шапақты сар даласына қарай құйрығын бір-ақ тіккен-ді.
Бұл жақ тыныш.

* * *

Жиек-жиегі тілімденген кәрі тұяғының астындағы сызды шымды шылқыта басқан айғыр әудем жер жүргісі келгендей, екі-үш қадам тәлтіреңдей аттап, құлап қала жаздап, зорға тұрып қалды. Бөбежігі бауырсақтай ісініп, буындырған сайын қуаты кеміп бара жатқанын жануар да болса аңдады. Тұла бойынан қысқан тер де таусылған сыңайлы.
Туғанынан тұралап көрмеген Ұланжал да дәл осы тұс бар күшін құлап қалмауға жиған. Шатқаяқтаған күйі қараңғыда зор денесін жақын тұрған жар жиегіне сүйеді. Қамыс құлағына су сарылы ғана естіледі. Хантәңірі жақтан қуалай соққан салқын жел есті. Көзінен жас пен тер аралас төгілді. Салқын желмен сәлге тынысы кеңігендей…
Төңкерілген қарашығында жасаураған жұлдыздар пайда болып, болаты әлсіреген жанарымен тура алдын тінткен. Бірақ көрдей қараңғылықтан жарлауыт қана сұлбаланды.
Ұлы майдан даласынан жершіл Ұланжал жол мехнатын тартып, талай өткелектен өтіп келгенде де түн еді… Бірақ айлы түн. Айырмашылығы жаз емес – қыс… Онда да өзі құлынынан аунап-қунаған туған жердің таулары қар жамылған күйі көгілдірлене сұлбаланған.
Сол жолы да қайран Қайқының асуынан аңқылдап ызғырық қарсы алған. Тынысы да кеңіп сала берген…
Ыстықкөл жақтан табақ түбіндегі алақандай сарымай тектес толған ай толықсып көтеріліп тұрған. Жомарт жарықтық мол сәулесін тау төсіне жебедей қадап, Қарқараның жел кемірген биіктерінің беткейіндегі қарлары алабажақ тартып, барыстай теңбілденіп шалынған. Тек қысы-жазы өңін бермейтін Хантәңірінің қыран ғана шолған мұзартты үшкіл басы айғырдың өткір көзіне оқта-текте шағыла жалт етіп, тым алыста тұлғалана түскен еді… Ұланжалдың да қырау тұрған түгі тіп-тік тұрып, ай нұрымен қылаңыта жылтылдаған.
Кеңсірігін суық сорған Ұланжал әрі-беріден соң танауынан ыстық лепті будақтата Қарқара қайдасың деп тарта жөнелді. Кегеннің қатып жатқан өзенін кесіп өтіп, шамдары сөнген, иттері аяздан қорынып ұясына тығылған шағын ауылдың сыртын ала Қараштың сазына бет қойды. Көкектен боқырауға дейін сәбидің еңбегіндей былқылдап жататын Қараштың сазына адам мен мал түгілі, жүгірген жеңілаяқ қоян мен қарсақ та жоламаушы еді. Алты ай жаз адамның қолы, малдың тісі тимеген ми батпақты саздың шөбі кісі бойы көтеріліп, қысқы қара су жайылғанша жайқалып-ақ тұратын-ды. Қалың қара қауға қыс бетінде Қарқараның қалың қыл құйрықтысы ғана құлайтын. Тауға таяу болғандықтан бұл маң ықтасын-тын. Ұзыны – жиырма, көлденеңі он шақырымдай шұрқылдап жататын құй батпақ үйрек-қаздың ғана мекені еді.
Қараштың сазына сағынышпен жеткен Ұланжал басқа қамшымен тартып қалғандай кілт тоқтады да, үйірін іздегендей арқырай кісінеп жіберді.
Қау ішінде түн баласында жондары қылтылдап, қырау тұрған сауырлары ай шұғыласымен жылтылдап қарсы алады деген тұқымдары жоқ болып, үміті үзілгендей қайта-қайта кісінеген. Тыныш тұрған аязды түнде шыңғырлаған жалқы дауысы алысқа кетіп жатты. Мезгіл-мезгіл шыныдай мөлдір ауада Қарқара биіктеріне жетіп, қайта қайырылған үні құлағына естіліп тұрды.
Бәрінен де жануардың жанына батқаны Қараш сазының айнадай жалтырап, қалың қаусыз мұз басып жатқаны болатын… Шамасы, қара күзде-ақ қара қаудың қылтанағын да қалдырмай, шалғымен шауып алса керек… Қанай жылқысының бұл саздан жолықпауы да содан секілді… Қыс бойы қайта-қайта қызыл су жүрген саздың беті көтеріліп, жайыла түсіпті. Табанындағы солдат тағасы ерке Еділден басталған ұзақ жолда түсіп қалған Ұланжал, толған ай жүзінде шағылыса жүгірген көкмұзға тұяғын қадауға батпағандай, саздың бойын бойлай кісінеп көп жүрді.
Жанай кеткеннен кейін үстінен құс ұшырмаған Қанайды еске алды… Сазды құлдай Қарқараға қарай желе жөнелді. Қос бүйірінен үзеңгі темірі сарт-сұрт соғады. Қасы сынған ердің алдыңғы қанжығасына мықтап таңылған офицерлік планшет салп-салп қағады.
Осы бір сәт қас-қабағын бағатын Қанай иесі көз алдынан орағытып өтті… Иесін іздеген Ұланжал қоңыраулата күңірене кісінеді.

***

…Кеңірдегі келсаптай болып айқайласқан Қанай қос басына қағылған мамағаштағы Ұланжалға жайдақ қарғып мінген.
– Әй, қайда барасың, қайда? – деді колхоз председателі болып жаңадан келген қиық көз. Осы көзі үшін де ел келген күннің ертесінде-ақ “Қиық” деп атап үлгерген.
Қанай оның атын да естімеген, білмейтін де.
– Мен кетпей, Ұланжал майданға айдалмас! – деген ызаланған Қанай. – Бұл адам емес, мал…
– Оны көрерміз, – деді Қиық та.
– Ей, Қиық, күйдіре берме!
– Күймек түгілі, жанып кет! – Қиық мысқылдай жымиған. – Есіңде болсын Қанай, Қытай асып кетпесең, қырғынға сен де барасың. Ұланжалдың қамын ойлап қайтесің…
– Мейлі, өлмеспіз… Бәрібір Қараш батырдай қайтып ораламын.
– Жоқ, оралмайтын жаққа барасың… Байдың ұрпағы екеніңді ұмытқан екенсің… Ел білмейді деймісің, – дегенде Қанай Ұланжалды тебініп қалып, жалына еңкейе жатып алды. Әскерге алынуға жасы жете қоймаған бірді-екілі жылқышы мен Қиық қос басында қалды.
Ұланжалдың табаны жерге тиер-тимес болып заулап кеп жөнелсін. Қарқараның иегі астында жас арудың көтерілген анарының қара түймесіндей Егізтөбеге қарай жануар барын салды. Үстіндегі иесін қаңбақ құрлы көрмеген. Жалына жығылған Қанайдың тек жылағанын ғана аңғарды… Тұңғыш рет осынау алпамсадай адамның балаша еңкілдегенін сезінген Ұланжал Мыңжылқының жазығында құстай ұшты.
– Сілте Ұланжал, сілте! Екеуіміз үшін бүгін ақырғы күн шығар. Сен майданға, мен қайда кететінімді… бір құдай білсін! Бұл дүниенің қызығынан сен кетсең, мен үшін не қалады дейсің?.. Бітті ғой, бәрі бітті!.. Қайтейін! Қолымнан не келеді? Баяғы батыр Қараш құрлы жоқпын, жануарым! Еңсе басылғалы қашан?.. Сен не түсінесің тілсіз мақұлық? Қараш қайта айналып келсе, қайтер еді, недер еді біздей ұрпағына, а, Ұланжал? – Қанай Ұланжалдың жалын умаждап, құлағының түбінен сөйлей берді.
Кенет Ұланжалдың басын Қараштың сазына қарай бұрды – Қанай.
Кешікпей құйлы саздың жағалауындағы жазаңға да іліккен. Қанай ат басын іркіп жерге түсті де, Ұланжалды бос қоя берді. Өзі шегіртке шырылдап, анда-санда сарыала қаз қаңқылдап, шүрегей үйрек шұрқылдап жатқан шалғынды сазға қарап, тізерлей отырып, екі қолын тізесінің үстіне қойып құран оқыды… Қараш батырды еске түсіре күн кешкіргенше отырды.

***

Күн әукесі Нарынқолға қарай салбырағанда орнынан қозғалған Қанай мен Ұланжал қосқа қызыл іңірде жетті. Ертеңінде елең-алаңнан тұрған Қанай жылқы ішінен Ұланжалды ұстатып, Қарқараға жалғыз келді. Мұнда Ұланжал екеуін Қиық суық жымиып қарсы алды.
Қиық:
– Қанай, сенімен аудан орталығында арнайы сөйлесеміз, – деді өңін жылытып.
Қанай түнімен ұйықтамаған қып-қызыл көзімен ата қарады. Бірақ үндеген жоқ. Ұланжалдың айылын босатқан. Сосын ғана:
– Кегенге дейін Ұланжалды өзім мініп барам. Қалған жылқыларды айдасып отырам, – деді.
– Тақымыңнан тартып алмаспыз… Текті жануар ғой.
– Әрине текті,– деп қалды Қанай.
– Сенің тегіңдей емес қой, әйтеуір, мал тегі – момын, қауіпсіз… – дей салған болды Қиық.
Қанай бәрін де іштей түсінген…
Сондай бір соқталы жайдың да куәгері болған бұл жануар!..

***

…Қайқының асуынан асып, Қараштың сазын қуалай қозғалған Ұланжал Қарқараға жетіп, бұйығып жатқан шағын ауылдың шетіндегі жылқы қамалған шым қораға тоқтады. Қора маңын оқырана иіскелеп, үйірсектерін танып, кісінеп-кісінеп қойған. Үйір-үйір жылқы да таусылып бітуге таяған екен. Соғыс жалмап қойыпты.
Таң бозынан ақ қарды сықырлата жеткен жылқышылар құбақан айғыр Ұланжалды салған жерден танып, сенер-сенбестерін білмей жағаларын ұстады. Жылқышы болып жүрген жас балалар мен шал-шауқан төсін қиып кеткен ауыр солдат ерінің айылын ағытып, шабына кеткен бос айылы мен өмілдірік-құйысқанынан ажыратып, планшетті шешіп алды. Офицерлік планшетті сол күні-ақ Қиық Кегенге алып кетті.
Бір ғажабы – құбақан Ұланжалды шау тартып, шабдар түске енгенше қайтып майданға айдамады. Есесіне соқаға да, сорға да содан бері салып келе жатыр… Бұл да шыдап баққан.
Ал бүгін… ешкімге керексіз болып қалғандай ауыл сыртында құрылысшылардың батпағын басып беруден мойны бір сәт босап еді, жын қуғандай екі жас бала ұстап алып, Қарқара мен Кегеннің арасына екі кештің арасында қан сорпа етіп шапқылап барып келді де, тура Қарқараның жиегіне басынан бір салып қоя бергені. Енді міне, ілгерінді-кейінді кетіп, жарға сүйеніп әупіріммен тұр. Кезінде қырғыз-қазақтың көкпар тартқан додасына да түсіп, бәйгенің басын бермеген Ұланжал қартайып, қағажу көріп қалам деді ме?.. Дүние – жалған… Жанарының алды қараңғы тарта түсті. Өліараның түнінде терлеп келіп су ішкен сүйегі асыл Ұланжал торғай жұтқан жыландай қыл тамағының бөбежік безі бауырсақтай бұлтиып, тынысы тарылған сайын талмаусырап ұзақ тұрды. Ісінген бөбежік тыныс жолын да жапты. Тышқаншық тиіп, жанары аунаған лақса айғыр қос тізесі бүгіле беріп, жай түскен қарағайдай омырыла құлады. Құлаған бетте төрт аяғын жанталаса сермеді.
Сол бір сәт кәрі айғырдың ар жағында, белгісіз бір тылсым өңірі бозғылт тұман оранды… Онда Қарқара биігінің басын ала Қара ат сұлбасы баяу ғана шауып бара жатты. Қара ат әуеде баяу қалқып барады. Ұланжал да соған қарай ышқына ұмтылды. Қолтығына қанат біткендей денесінің құрыс-тұрысы жазылып, көкке көтеріле берді…
Көк жүзінде жұлдыздар ғана төбеден төнген.

AskarАсқар Алтай, «Қарыштың қарасы» әңгімесінен ықшамдалып алынды

argymaq.kz

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.

error: Content is protected !!