Марқабылдың қара қасқа аты туралы аңыз

13668

«Жақсы сөз – жан азығы» деген. Әлдебір дуалы ауыздан естіп, санаңа түйіп қалған татымды әңгіме, танымды аңыз-әпсана болса, «өзгелер де тыңдап, тағылым алса екен» деп жүретінім бар. Төмендегі жарлы жігіттің қасқа тайы жайындағы әңгімені ертеректе, ел ішіндегі көкірегі шежіре қариялардың бірінен естіген едім.

Қулық бие құлыны

Ертеде Марқабыл деген жетім бала әркімге бір жалданып, өлместің күнін көріп жүріпті. Көз ашқалы жалшылық пен жоқшылықтан әбден қажыған бозбала ержете келе, өз бетінше пайдалы бір іспен шұғылдануды ойлайды. Сол маңда топырағы құнарлы Шарықты деген жер бар екен. Ауылдағы ұстаға темір күрек соққызып, біраз жерді қашап, қыстан қалған бір уыс тарысын егеді. Жаратқан жарлы жігітке жар болып, көп ұзамай әлгі аз тарысы өніп, көктей бастайды. Марқабыл жаз бойы тыным таппай, таңның атысы, күннің батысы еккен тарысын қорып, суарып, арам шөбін жұлып, түбін түптеп күз болғанда, әлгі жерден азды-көпті 15-20 қаптай тары жиып алады. Оны жайлаудан түскен байларға малға айырбастап, біраз әлденеді. Бұл кәсібінің пайдасы барын түсінген жігіт әлгі жерден үй салып, жыл сайын тары егумен айналыса береді. Көп ұзамай бір кедейдің қызына үйленеді.
hasha kulynЕл жайлауға шығып жатқан кез болса керек. Бір күні Марқабыл көшіп бара жатқан бай ауылына кеп: — Байеке, әйелімнің аяғы ауыр еді. Соған қалжаға бір мал беріңізші, күзде балаларыңызға тары берейін, – деп өтініш айтады. Бай алдындағы отарын жағалап көрсе, малдың ең соңында бір аяғы ақсап жүре алмай келе жатқан тоқтыны көріп: — Ананы ұстап ал. Егін арасына бағып күтсең семіріп кетеді, – деп әлгі ақсақ тоқтыны береді. Айтқанындай егіннің арасына арқандап, бағып-күткен тоқты жайындай боп семіреді.
Сол кезде Қызылжардағы жәрмеңкеге Өр Алтайда 12 мың жылқы біткен бір бай сатуға жылқы айдатыпты. Бұған ие боп келе жатқан байдың жалғыз ұлы бірер күн дем алайық деп, Шарықтының бойына келіп түседі. Бай баласы: — Мен неше күннен бері жылқы етінен әбден жалығып, қой етіне аңсарым ауып тұрғаны. Мына жатқан жатақтарда қой бар ма екен? Барып қарап, бар болса сатып әкеліңдерші, – деп жанындағыларға әмір береді.
Үш жігіт әлгі маңды біраз шолып көрсе, елдің бәрі жайлауға шығып кеткен, көздеріне жалғыз Марқабылдың тоқтысы ілінеді. Олар: — Әй, жігітім! Сен мына тоқтыңды бізге сат. Біздің мырза неше күннен қой етін аңсап, іздетіп отыр еді, – деп жабыса кетеді.
Өлердегі сөзін айтып қолына әзер түсірген жалғыз тоқтысын қайдан сатсын. Марқабыл да сабыр сақтап: — Жоқ, жігіттер, бұл қой сатылмайды. Әйелім екіқабат еді, соған қалжаға арнап сатып алғам, – деп, жөнін айтады.
Мұны естіген мырза дереу атын алдыртып, қасына екі-үш жігіт ерте сап Марқабылдың қосына келеді. Анау өзінікін, мынау өз уәжін айтысып, екеуара өрбіген бұл әңгіме қиюын таппай біраз уақыт өтеді. Сонда мырза тұрып: — Мынау жатқан мың жарым жылқы. Осының ішінен таңдап тұрып бір тай ал да, тоқтыңды маған қи, — дейді. Бұл ұсынысқа Марқабыл сәл ойланып қалады. Осы кезде, ар жағынан әйелі шығып: «Мырза қой етін сағынып жүр екен, бер. Мен жаспын ғой, сиырдың сүт сөлімен амандық болса жиналып қалармын. Тай беретін болса, биыл тай, ертең құнан, онан әрі дөнен шығып өзіңе серік болмай ма, беріңіз», — деп кеңшілік етіпті.
Жігіттердің біреуі қойды өңгеріп ап кетеді де, мырза Марқабылды тағы бір жігітке мінгестіріп ап, жылқының ішіне келеді. — Әйелің өте ақылды адам екен, ықыласына қатты риза болдым. Сондықтан мен сендерден ештеңе аямаймын. Сен жылқы көрмеген адамсың. Тайды өзің таңдап аласың ба, болмаса болашақта жақсы ат болатын біреуін таңдап берейін бе, қалауын өзің біл?! – дейді мырза Марқабылға қарап. Марқабыл жөпелдемеде не дерін білмей: — Ықыласыңыз түсіп тұр екен. Мал танимын деп айта алмаймын, өзіңіз таңдап берсеңіз, дұрысы сол болар еді, – дейді күмілжіңкіреп. Жылқыны аралап келе жатып анадай жерде жатқан қарақасқа тайды көрген мырза: «Әттеген-ай, мынау жылқы бөлгенде неғып көрінбеген. Қулық биенің құлыны екен. Алдына ат шығармайтұғын асқан жүйрік болайын деп тұр. Базарға апарып қор қылмайын. Осы сенің атыңды шығарып, аузыңды аққа тигізетін болар. Осыдан басқа нәсілді тай көрінбейді» — деп өлі жүні шапқа түскен қасқа тайды жетектетіп жібереді.

Хайуан – өлдім деуге, малда тіл жоқ…

 

black-horse-headМарқабыл ақсақ тоқтыға айырбастап алған қасқа тайын көзінің қарасындай күтіп-бағып, онысы құнан шыққанда ел ішінде мініп жүреді. Содан күндердің күнінде ел арасындағы: «Пәлен деген жерде, түгенше деген бір байдың асында 200 ат қатысатын аламан бәйге өтетін көрінеді» деген сөз Марқабылдың да құлағына жетеді. Есіне баяғы қара тайдың қожасының айтқаны түсіп: — Менің қасқа тайым кіммен жарыссам да, шаңын көрсетпей кетеді. Тартыншақтай бермей, асқа барып атымды қосайын, – деп жайлау үстіндегі ас беріп жатқан бай ауылына келеді. Үш қатар керме керіп, бәйге аттарын үкілеп, тізіп қойған екен. Марқабыл да сол жылы бесті шыққан қара қасқасын аттардың аяқ жағына апарып байлайды.
Сонау жылдары қасқа тайдың иесі айтса айтқандай осы бәйгеде Марқабылдың қара қасқасы алдына қара салмаған күйі дүйім жұртты «Аһ!» дегізіп, мәре сызығын бірінші боп қияды да, сол бәйгеге тігілген бір қора малды иесіне ұтып әпереді. Билердің жұмсаған адамдары ат бәйгесіне тиген малдарды айдап Марқабылдың үйіне жеткіздіртіп береді. Асқа келген ел тарап, сәйгүлігінің шабысына көңілі марқайған Марқабылдың аты да ел аузына іліне бастайды. Осыдан соң қай жерде ас-той болса, сол жерде қара қасқа ат бәйгеден бәйге, олжадан олжа салатын қас жүйрікке айналады. Жүйрігінің арқасында Марқабыл байып, ауқаттылар қатарына қосылып, ел ішінде «байеке» деген атқа ие болады. Тай күнінен көзінен таса қылмай бағып-қаққан қара қасқа Марқабылға сол салғаннан 22 жыл олжа салады.
Не нәрсенің тегі мен шегі бар демей ме. Сол сәйгүлік 27-ден 28-ге қарағанда белгісіз бір дертке шалдығады. Неше күн жем-шөптен қалып, әбден кетеуі кеткен жануар ақыры өз салмағын өзі көтере алмай біржолата жатып қалады. Ел жайлауға шығар кез болса керек. Марқабыл атымен бірге жатып, алдына шөп орып сап, жемін, суын берсе де, ат орнынан тұра алмайды. – Байеке, жайлауға көшпейсіз бе? – деп келген елге: — Даңқымды дүйім елге шығарып, ұзақ жыл ұшсам қанатым бола білген жануарым еді. Осы бір жайлы болғанша, ешқайда бармаймын. Мынадай бейшара халге түскенде қалай тастап кетем? – дейді көңілі босап.
Осылайша дағдарып отырғанда бір қария келіп: — Әй, Марқабыл! Бұлай жатқанмен атың тұрмайды. Сен бір он шақты жігітті жиып ал да, олар бір-екі шақырымдай жерден атыңды басып кетердей боп, айғай сап шапсын. Бұл делебесі қозып түрегеп, жарысып шаба жөнелер. Егер олай болса, жігіттер сол бетімен жайлауға дейін шаба берсін. Өзің атыңды ерттеп дайын отыр. Артыңды көшіріп келе бер деп тапсырып, атыңның соңынан бар. Егер онда тұрмаса, атыңның шаруасының біткені осы болар, – деп ақыл айтады.
Ақсақалдың айтқанын істеп, 15 жігіт шаба жөнелгенде, айқайлаған дауысты естіген текті жануар әуелі елеңдеп, құлағын қайшылап, қалтақ қағып орнынан тұрады. Аяқтары дірілдеп тұрса да, қиқу таянғанда дүр сілкініп, әлгі жігіттерден оза шауып жөнеліпті.
Ат жайлаудың балғын шөбіне жайылып, әжептәуір әл жиып, өз-өзіне келе бастайды. Бірақ не күндіз, не түн баласында жатпайды екен. Жатса тұра алмайтын секілді. Тек, арада бір ай өткенде ғана аздап жатып-тұратын бопты. Осылайша үш ай жайлауда болған сәйгүлік семіріп қалпына келеді. Ел жайлаудан түсе бастаса да, Марқабыл атының аужайына қарайлап, тағы жарты айдай отырады.

Келең моңғолдың кеңесі

 

khara kaskaОсы күзде «Атақты бір байдың асы бар!» деп, Керей, Найманға хабар беріліп, шығыстағы көршілес моңғолдарға да сауын айтылады. Бас-аяғы 300-ден аса үй тігіліп, үлкен ас беріледі. Бұл кезде қасқа ат тағы да ауырып, көп күннен бері жемшөптен қалып, сұлық тұрып қалады. «Бәйгеге атыңды қосасың ба?» — деп сұрағандарға: — Атым ауырып тұр, бұл жолы қосуға жарамайды, – деген Марқабыл шынымен де атынан күдер үзеді. Айтулы асқа жан-жақтан ағылған елдің есебіне сан жетпепті. Ертең ас басталады деген күні Марқабылдың үйіне қазақ-моңғолы аралас үш-төрт мейман қонаға келеді. Араларында бір моңғол жігіті ат сыншысы екен. Сол қасқа атты көрген жерден айналсоқтап алды-артына шығып, маңдайынан, сауырынан сипап тұрып, басын шайқай берсе керек. Сонда Марқабыл: — Уа, келең! (Келең — моңғолша сәуегей адам). Сіз менің ауырып тұрған кәрі атыма неге сонша шұқшия бердіңіз? Әлде, неден ауырып тұрғанын білдіңіз бе? – депті шыдай алмай.
Моңғол мейман сәл кідіріп барып: «Иә-иә, білдім мырза, білдім», — депті сұқ саусағын жоғары кезеп, көзін сығырайта. — Атыңыз кәрісі, кәрі екен. Жасы 30-ға таяп қапты. Жануардың өкпесі кішігірім қазандай кең жаралған, алдына қара салмайтын нағыз жүйрік мал екен. Бірақ сіз ойлағандай бұл ауырып тұрған жоқ. Ол осы тұрғанында өзін-өзі ертеңгі дүбірге жаратып тұр. Өкініштісі сол – жануардың бір-ақ күндік ғұмыры қапты. Ертең бәйгеге қоссаң, сөз жоқ, бірінші боп келеді. Қоспасаң, осы орнында құса боп, аттар көмбеге келгенде, өліп кетеді. Менің ойымша, атыңды құсаландырма. Бәйгеге қосып, арманынан бір шығарып барып, халқыңа қоштастырғаның дұрыс шығар. Таңдау өзіңде, ақылға сап ойланарсың…
Мұны естіген жұрт: — Оу, Мәке! Атыңды соңғы мәрте болса да, қосқаның жөн болар. Жануар арманда кетіп жүрер, – дейді даурығысып. Екіұдай күйге түскен Марқабыл моңғолмен бірге жүрген қазақты іш тартып: — Мына кісі дұрыс айта ма? – деп сұрайды. – Мырза, осы күнге шейін бұл кісінің айтқанының теріс кеткенін көрген емеспіз. Болжамы бұлтартпай, үнемі дәл келеді. Айтқанын істесеңіз, өкінбейсіз, – депті әлгі бейтаныс.
Түні бойы ойланып, іштей бір шешім қабылдаған Марқабыл ертесін қасқа атты жетектеп жиынға барады. Мұны көрген елдің біразы: «Марқабыл кәрі атын алып кепті. Шамасы, әлі де бәйгеден дәмесі бар-ау» — деп келемеждесе, енді біреулері: «Е, әкелсе несі бар? Қайта, әкелгені жөн болды. Өзге елге есеміз кетпейтін болды» — деп, шын қуанысып жатты.
Ат айдайтын уақыт болып, бәйге аттарды жіберетін көмбеге 250 ат жіберіледі. Осы кезде неше күннен бері сұлық тұрған қасқа ат дүр сілкінеді. Екі көзі шоқтай жайнаған жануар жер тарпып, тықырши бастайды. Әлгінде ғана көз алдарында сүлкиіп тұрған аттың бұлайша мінез көрсеткеніне жиналған жұрт та қайран қалады. Ел көкпаршылар сайысын, балуандар күресін тамашалап, той көркі қызып жатады…
…Бәйге аттары келетін уақыт таяғанда, халық бәйгетөбенің басына ағыла бастайды. Осы кезде аттардың да шаңы көрінеді. Аламанның алдында үш-төрт шақырым қара үзіп, қасқа ат келеді. Мұны көрген жұрт дүрлігіп, айғайға сүрен қосып, айнала ию-қию боп кетеді. Осы сәтте мәреге дара жеткен жүйріктің үстіндегі шабандоз бала да қамшысын төбесіне үйіріп, бар дауысымен «Аруақ! Аруақ! Жәнібек! Жәнібек!» деп, ұрандап жібереді. Жиналған қалың нөпір қақ жарылып орталарынан жол ашады. Балаға бой бермеген қалпы елдің басына бір шығып ап, кері қарай қайта шауып келген қасқа жүйрік топ алдына келгенде кілт тоқтай қап бар дауысымен төрт-бес мәрте кісінеп-кісінеп жібереді. Сөйтеді де, ентелеген ел ес жиып үлгергенше тұрған орнынан тік қарғыған бойы оң жағына қарай жантайып барып гүрс етіп құлайды. Сүріне-қабына жеткен Марқабыл өкіріп кеп атының басын құшақтай алады.
Көп ішінен жанашырлық танытып: — Жануар арам өліп кетпесін, дереу бауыздай қойыңдар! – дегендерге: – Тимеңдер! Дүниедегі барым да, базарым да, бағым да, байлығым да, осы қасқа ат еді. Өмірімнің сәні мен салтанатына айналған сүйікті сәйгүлігімді кебіндеп, адамша жерлеймін – дейді кемсеңдеп.
Мына көрініске, ат иесінің сөзіне тебіренбеген жан қалмапты сол жерде. Қаумалаған көпшілік те, сол асқа жиналған Жәнтекей руының дуалы ауыз билер де: — Ширек ғасыр ел намысын жібермей халықтың мерейін өсіріп, батыр атамыздың аруағын тербеп, ұранымызды көкке шарықтатқан қайран жануарым-ай, демің үзілген күні сен де өттің-ау бұл жалғаннан, – деп көздеріне жас алыпты.
Жылқының денесін орауға жетерлік ақ мата әкелініп, қаншама жылдан бері дүйім елдің абыройын аспандатқан айтулы жүйрікті сол төбенің басына ел боп арулап көмген екен.
Жүгенін қолына ұстап қалған Марқабыл ебіл-дебіл жылап, үйіне келеді. Күйеуінің шарасыз күйін көрген келіншегі де бірге қайғырып, бірер апта басу айтып, азаматын зорға жұбатыпты. Алдына қара салмай өткен қара қасқа тұлпардың тағдыры осылай болған көрінеді.
Марқабыл өзі шебер домбырашы болса керек. Кейін көзінің қарасындай болған жүйрігіне арнап «Қасқа құлын» деген күй шығарып, халыққа таратқан дейді.

serik_kusanbaevСерік Құсанбаев, «Дидар» газеті. (Тақырып өзгертілді)

1 comment

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.

error: Content is protected !!