Қазақы ер-тұрман атаулары

22408

Ер-тұрман – атқа міну үшін қолданылатын жабдық. Оның түрі көп. Тұрмыста қолдану мүмкіндігіне қарай: үлкен ер, жігіт ер, әйел ер, бала ер т.б. болып бөлінсе, жасаған материалына байланысты:қайың ер, қарағай ер, құрама ер, темір ер т.б түрі бар. Ал, ерді әшекейлеп безендіруіне қарай: алтын ер, күміс ер, оюлы ер, құранды ер деп аталса, кескін-келбеті, яғни пошымна байланысты: қапталды ер, жайпақ ер, биік ер, сауырлы ер, қоқан ер, орыс ер т.б. атаулары бар.

Осы ердің қаңқасына: тоқым, желдік, тебінгі, айыл, құйысқан, өмілдірік, қанжыға, үзеңгі, таралғы немесе үзенгі бау, жүген, шылбыр, тізгінді қосып толық түрде ат әбзелдері деп атайды. Ұлттық мұрамыздың жанашыры, шебер ұста, марқұм Дәркенбай Шоқпарұлының әдептеп жазған жырына назар аударсақ:

Сүйегін сомдап шаптым талды қиып,

Аласа артқы қасы, алды биік,

Атқа да, адамға да жайлы бұл ер,

Алсаңыз өкінбейсіз малды жиып.

 

Ер-тұрман, ат-әбзелін күмістеп ем,

Күрделі іс, көп-ақ мұнда жұмыс  деген,

Қақталған аппақ күміс жалт-жұлт етіп,

 Япырмай, дегізгендей кім істеген.

 

Шаужайы, ауыздығы, сулығымен,

Кекілдік, сағалдырық, баулығымен,

Шылбыры, шығыршықты тізгінімен,

Сымбатты, салтанатты құнды жүген.

 

Тартпасы, құйысқан мен өмілдірік,

Узбелеп, әшекейлеп, төгілдіріп,

Дәркембай деген ұста даярлаған,

Көпке арнап көздің майын төгіп жүріп.

 

Оқпанға бет тақасаң мұрын тимес,

Атыңа жалпақ өрген жырым тимес,

Жақсы ерді жасай алмас ешбір адам,

Қыры мен көкейіне сырын түймес.

 

Тоқымын қайып тіктім желдігімен,

Көз тартар кісілігі кеңдігімен,

Таралғы, үзеңгісі, қанжығасы,

Таралып түгенделді енді міне.

Ақын һәм ұста ағамыз айтқандай, ат әбзелдерін дайындау шеберлікті талап ететін жұмыс. Ертеде аталарымыз, ат үстінде, ер жастанып, толарсақтан саз кешіп жүріп, байтақ даласын қорғаған. Сондықтан да ел аузында, «тұлпар ерді сақтайды, ер жерді сақтайды» деген тәмсіл бар.

Ендеше ердің алдыңғы және артқы қасы болады. Ердің құйрық басар көпшігін басып, аттың жуан қарнын орай тартылған жуан белдікті пыстан деп атайды. Ердің қос қапталының астында орналасқан, аттың арқасын жауып тұратын жалпақ кигізді тоқым дейді. Оның ұзындығы – 120-130 см, ені – 60 см көлемінде болады. Тоқым нығыз пісіріліп, жақсы иленген тірі жүннен жасалады. «Тірі жүн» деп, көктемде туған марқа қозының күзгі қырқымын айтамыз. Киіз тоқымды көбінде былғарымен қаптап, жиегін қымбат матамен сырып тігеді. Оны сырмалы былғары тоқым дейді. Бұдан басқа көмкерме тоқымдегенде бар.

Тебінгі – ердің қос қапталындағы үзенгі бауды басып тұратын жұқа жабылғы. Оны жұмсақ теріден немесе былғарыдан жасайды.  Ол тоқым мен үзенгі бауды терден сақтайды. Мысалы, Махамбет Өтемісұлының жырындағы: «…тебінгі терге шірімей,  терлігі майдай ерімей…»  немесе «…тебінгі теріс тағынбай, темір қазық жастанбай,  қу толағай бастанбай,  ерлердің ісі бітер ме?» деген тіркестер тебінгінің мазмұнын ашып тұр.

UzengibauТаралғы немесе үзеңгі бау – ердің қапталындағы ойыққа өткізіліп, үзенгіге бекітілген қайыс бауды айтады. Бауды иленген қайыстан екі немесе үш елі етіп тіліп жасайды. Жайшылықта үзенгі бау бір қабат болса, жаугершілік кезінде сарбаздар үзеңгі бауды бірнеше қабаттайтын болған. Ат үсітінде тұрып садақ тарту немесе найзаласу кезінде негізгі күш үзеңгі бауға түседі. Сондықтан да үзенгі бау немесе таралғының сайыс кезінде маңызы өте зор болған. Қазақтың ауызекі сөзіндегі «үзеңгі бауы сегіз қабат, ас үстінде шіреніп…» деген тіркесі тегін айтылмаса керек.

uzengi

Үзеңгі – атқа мінуге, сол сияқты ердің үстінде екі аяқты тіреп, нық отыруға, тебінуге мүмкіндік беретін құрал. Үзеңгі негізінен темірден жасалады, әрі оның түрі көп. Қыздар мен әйелдің үзеңгісі жеңіл әрі оюлы әшекейімен көз тартса, ер адамдар үзеңгісі берік қалың темірден жасалған.

ZhugenЖүген – аттың басына кигізілетін, міндеті – атты иесі ырқына бағындыруға көмектесетін әбзел. Жүгеннің құрлымы: желкелік, милық, кеңсірік, қасқалық, сағалдырық, сулық, ауыздық және тізгін-шылбырдан тұрады. Жүгеннің түрі көп. Атап айтқанда: күміс (күмістелген) жүген, өрім жүген, шашақты жүген, қасқа жүген, үкілі жүген, түймелі жүген т.б. Жүген басына ауырлық келтіретіндей болмауы керек. Сондай-ақ, ертеде бәйбішелер мінетін жуас жылқыларға жібек жүген қолданатын болған.

kuiyskanҚұйысқан – аттың үстіндегі ертоқымы қия жерде мойнына қарай сырғып кетпес үшін, аттың түп құйрығынан өткізіп, ердің артқы қанжығалығына бекітетін қайыстан жасалатын құрал. Құйысқанның екі жақтауы және жаңбырлық-салпыншақ атты жылқының сауырын жапқан үзбелері болады. Құйысқан аттың тезек тастайтын тышпасына көлденең тұрғандықтан, кейбір кездерде  жылқының тезегі құйысқанға қыстырылып қалып, аттың еркін қимылына кедергі келтіреді. Мұндайды біздің қазақ жақтырмай «құйысқанға қыстырылған тезек сияқты» деп айтады.

Өмілдірік  ер артқа қарай сырғып кетпеу үшін, аттың омырауын орай тағылған құрал. Өмілдірік –төсбау және айылбас салпыншақтардан тұрады. Төстаудың міндеті – омыраудағы өмілдірік аттың бауыздауына қарай сырғып кетпеу үшін, бір ұшы төс айылға байланып тұрады. Өмілдірікті жұмсақ қайыстан, сәндеп жасайды. Жасалу үлгісі мен пошымына қарай – өрмелі, шытыралы, түймелі, үзбелі, күмістелген т.б. өмілдірік түрлері бар.

Айыл –аттың үстіндегі ер-тұрманды нық  ұстап тұратын, жалпақтығы екі елі қайыс құрал. Айыл ердің қамшылар жағына бекітіліп, аттың бауырынан өткізіліп, жырымға қосылады. Айылдың міндетіне қарай – төс айыл және шап айыл деп бөледі. Кейде алдыңғы айыл немесе артқы айыл деп те атай береді. Шап айыл төс айылға қарағанда ұзын болады. Әдетте төс айылды қатты тартып, шап айылды аттың қарнын қиып кетпеу үшін босаң тартады. Халық аузындағы, «Төс айылдың батқанын иесі білмес ат білер, Ағайынның қадірін жақыны білмес жат білер» деген мәтелдің болмысы біздің сөзімізді толықтырып тұрғандай. Айылдың жалпақ таспалы және өрмелі түрілері бар. Өрімшілердің шеберлігіне байланысты өрім түрі – астылы, үстілі, тесік, ойық, қырлы, жалды, өзекті, сайлы т.б. болып бөлінеді. Өрім  4 таспадан 12 таспаға дейін өріледі. Өру барысында, айылға шашақ, шоқ, көз, тіл салып әсемдейтін де кездер бар.

Beken K.Бекен Қайратұлы

namys.kz

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.

error: Content is protected !!