Еркеторының екпіні

Erketory

…Бір тайды маңдайыма жазған шығар,
Жүген ап кірдім жырдың үйіріне.

                                      /Н.Айтұлы/

Бәйге ат, құмай тазы, қыран бүркіт ұстаған балуан атасы Айттың қолында өскендіктен бе, бұл да бала жасынан өте жылқықұмар екен. Бір жерде жүйрік тай, жүрдек құнан бар десе, әкелеріне қыңқылдап жүріп алғызбай қоймайтын әдет тапқан. Содан шабандоз бала атанып, он алты-он жеті жасқа жеткенше жүйрік ат жалынан түскен емес.
N.AitТіпті, Шұбартау өңіріндегі айтулы атбегі Мағауияның әйгілі Нарқызылмен де шапты. (Бұл тұлпардың тағдыры Мұхтар Мағауинның «Нарқызыл» повесінде жан-жақты баяндалған).
Бірде Игіліктің Құрманғалиы деген нағашыларының жылқысы ішінен әлжуаздау торы құлынды көріп қалғаны. Ел оны бүкіл Семей өңіріне аты шыққан Бұйрагер айғырдың баласы деп жүрді. Әлгіні де қоймай сұратқан. Бірақ нағашысы көпке дейін бергісі келмей, Несіп жиен жылап болмаған соң қиды-ау ақыры бір күні…
Оған өзі Еркеторы деп ат қойып алды. Расында да, сол торы тай өсе келе ерекше бітімімен де, әсем жүріс-тұрысымен де өзгешелігін танытқан. Сұйықтау құйрық-жалы да әсемденіп, оймақтай төрт тұяғы дөңгеленіп, ұзын қара кірпіктері сүзіліп, сұлулана түсті жануар. Көп жылдар жылқы баққан өз әкесі Тұрысбек болса шалдың қолында жүрген баласын:
– Әй, мен мына сәнқой торыдан жүйрік шығады дегенге сене алмаймын-ау. Сен болсаң екі ауылдың арасына далақтап кезек шауып, иттен озғанға мәз боласың! – деп мазақтайды.
Бәрібір сезімтал, бірбеткей бала өз дегенінен қайтпай, торы тайын мәпелеп ұстап, балалармен жарысуын тоқтатпады.
Тағы бірде қысқы каникулында мектеп-интернаттағы оқуына оралса,  Еркеторыны малға сұрап мінген қойшы шал қатты пимасының қоншымен құнанның екі бүйірін әбден қажап, қызылшақа қылып тастапты. Соны көріп не істерін білмей жылап жібере жаздаған Несіп кетер-кеткенінше құнанының жарасына май жағып, ұзақ күтімге алды. Аттанарда ата-әжесіне Еркеторыны екіншіде ешкімге бермей, ерекше қарауды қадағалап қатты тапсырды.
Жазғасалым Баршатастың түбінде үлкен тай жарыс болады дегенді естіп тағы жеткен алқынып. Құнан бәйгені көремін деп кемпірі Балсарыны ертіп Мағауия ақсақал да келіпті арбасымен.
Торы құнанды көріп қалған қарт бапкер мән-жайға тез түсіне қалып Несіпке:
– О, жарайды! Тарт! Қосыл жарысқа. Қарама ешкімнің сөзіне, бірінші болып келесің! – деді қолын сермеп.
Айтқандай-ақ, сол сапар жиырма-отыз жылқыдан құлдырап қара үзіп келген Еркеторының даңқы бірден аспандап артты да кетті. Ұзақ уақыт бар аймақта бас бәйгені бермей, біреудің сүйінішіне, біреудің күйінішіне айналды.
Кейінірек Несіпбек онымен жайлаулары жапсарлас Шұбартау, Абай аудандарында жиі өтетін көкпарға да талай түсіп көрді. Әйткенмен, көбіне жан алып, жан беретіндей алапат тартыстың ішіне кіріп кетпей, серкені алып қашу міндетін атқаруға машықтанды. Қарулы қолдар лақты шеттеу жерде лыпып, ата жөнелуге даяр тұратын мұның алдына өңгеріп берсе болды, Еркеторы жүз қаралы атты шаң қаптырып, қос құлақты жымырып алып, атылған оқтай заулайды.
Бір күні жылқышы Тілеуберді ағасы Абай ауданында үлкен той болады, сонда көкпар тартылады екен деп келген. Оған Шұбартау ауданынан Еркеторы бастаған бес-алты ат апару ұйғарылды. Еркеторының келетінін естіген абайлықтар ойын орнын дереу өзгертіп, әріге қарай жиырма шақырымдай ішкерілете қойыпты. Сонда да он төрттегі Несіп қоймай барып, көкпарды қырық шақырымдай аралықтан алып қашып, бәсекелестерін атақты Кешбике кезеңінің өзек-өзегі арқылы адастырып, өз ауылдарына жеткізгенін әлі де ұмытпайды.
Өкінішке қарай, 1967 жылы Семейдің 250 жылдық тойындағы аламан бәйгеде Еркеторы ақсады. Себебі, әлдебір қаскүнемдер бәйге алдындағы түнде баланың ұйықтап қалғанын пайдаланып, күзетші болып жүрген әкесінің де көзін тайдыра беріп, бір сәт қараусыз қалған жылқыны мол сұлыға кіргізіп үлгеріпті.
Шабандоз бала шауып келе жатып, төртінші шеңберді айналғанда жағдайды тез түсінген. Бірақ бәрі кеш еді. Еркеторы мәреге үшінші болып жеткенімен, алдыңғы екі аяғы байпақтай болып ісініп, мүлдем жүруден қалды…
1972 жылы әкесі Тұрсекеңді Алматы іргесіне көшіріп әкелген Несіпбек баяғы жылқысақтық мінезді қоя алмай, бертінге дейін сол кісінің қолында әлденеше ат ұстады. Көршілес ағайындардың аттарымен, тіпті, қырғыз туысқандардың сәйгүліктерімен бәйгеге түсіріп жүрді. Алайда, сол жануарлардың бір де бірі Еркеторыдай бола алмапты…

Mykash_KyltoleuҚұлтөлеу Мұқаш, жазушы

argymaq.kz

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Please Do the Math      
 

Можно использовать следующие HTML-теги и атрибуты: <a href="" title=""> <abbr title=""> <acronym title=""> <b> <blockquote cite=""> <cite> <code> <del datetime=""> <em> <i> <q cite=""> <strike> <strong>