К.Әбішев: Көкпарды дамытқымыз келсе, әлі де зерттей түсуіміз керек

4944

Бұрынғы ата-бабалардан қалған асыл мұраның етек жайып, ерекше қарқынды дамып отырған жері Қазақстан десек, артық айтқандық болмайды. Тарихи деректерге сүйенсек, көкпардың ежелден келе жатқан жаппай тарту, ұтысып тарту, айналма көкпар, мəре көкпар секілді түрлері бар екен.
Жаппай тартуға жас-кəрісіне қарамай, барлық адам қатысса.
Ұтысып тартуда екі жақтан бір-бір адам шығып, жеңілгені ойыннан шығып отырады.
Айналма көкпарда жеке адамның ептілігі сыналады. Онда көкпаршы тақымына басқан серкесін межелеген жеріне жеткізіп, сыйлығын алады.
Ал бүгінгі ел біріншілігі — мəре көкпар ережесі бойынша өткізіліп жүрген сайыс.
Мамандар айтуынша, көкпар ежелде соғыс дайындығына арналған жаттығу қызметін атқарыпты, яғни бұрынғы ата-бабаларымыз майдан шебінде қалған жаралыны немесе туысын шапқан атын тоқтатпастан жерден іліп əкету үшін осы əдіс-тәсілді қолданса керек.
Ұлы дала ұландары — қазақ жұртына тән көкпар сайысы — жігіттің ат үстіндегі шеберлігі мен ептілігі, күш-қайраты сыналатын, оның жұрт алдындағы атақ-абыройын асқақтататын керемет ойын түрі. Ертеректе бұл ойын ауылдың думан-тойында, тіпті ауқатты адамдар ата-бабасына сауын айтып тәмам елді шақырып, ұлан-асыр ас берген кездерде жиі өткізілгенге ұқсайды. Бүгіндері осы көкпардың ыстығына күйіп, суығына тоңып жүрген ұлт азаматтары аз емес. Солардың бірі — ат спортының маманы әрі сол көкпарға тікелей өзі қатысып, болмаса оған төрелік етумен айналысып жүрген Кендебай Әбішев есімді азамат. Ол Алматы қаласындағы Қазақтың Спорт және туризм академиясының п.ғ.к., Қазақстанға еңбегі сіңген жаттықтырушы, профессор Ерғали Мұхиддинов ағамыз басқаратын Ұлттық спорт түрлері кафедрасында ұстаздық қызмет атқарады.
Кендебай Әбішев: «Ілгеріде де, қазір де көкпарға қатысатын шабандоздар оған күні бұрын дайындалып, аттарын жаратады. Көкпар десе ішкен асын жерге қоятын қазақ жұрты бұл ойынның қашан, қай жерде болатынына жіті құлақ түріп, елеңдеп отырады. Той жасайтын үй көкпардан сайыс өтетіндігін ол болардан бірнеше күн бұрын хабарлап, жалпақ жұртты құлақтандырып қояды. Кейде оны ауыл адамдарының өздері ұйымдастырып, оған көрші елді мекен тұрғындарын да шақыратын кездері кездеседі. Көкпарда тақымның мықтылығы мен ат үстінде нық отыру ерекше маңызға ие. Сосын көкпар тартудың түрлі айла-тəсілдері жетерлік. Баяғы заманда көкпардан салым салған жігіт серкені ауылдағы сыйлы, барша жұрт құрмет тұтатын адамның үйінің есігі алдына əкеліп тастаған. Бұл — сол үй иесіне жеңімпаз жігіттің көрсеткен зор құрметі, ілтипаты ретінде бағаланған. Ал, үйдің иесі болса, оған шүберекке түйген ақша берген немесе арқасына шапан жауып, өзінше сый-сияпатын көрсеткен. Көкпар жігіттің күш-қайратымен бірге намысы да сыналатын ойын болғандықтан, оны өзге ауылдың жігіттері жеңіп кетсе, жеңілген жақ келесі ойында оларға есе қайтаруға дайындалған. Бұрындары елуді еңсерген ел ағаларының жастармен бірге көкпар тартуы әбестік саналмайтын. Өкінішке орай, соңғы 25-30 жыл бедерінде ауылда керемет көкпар өткізілмей жүр, өткізілсе де, олардың саны саусақпен санарлықтай өте аз. Сондықтан ғасырлар қойнауында Ұлы дала төрінде дүниеге келіп, көшпелі қазақ ұлтының ең сүйікті ойынына айналған көкпарды қазіргісінен де жандандырып, оның ұлттық ат спорты ретіндегі мәртебесін көтеруіміз керек. Әсілі, ауылдың тойы көкпармен қызып жатса, нұр үстіне нұр емес пе. Рас, бүгінде елішілік біріншіліктер жыл сайын өткізіліп, оны телеарнадан үзбей көрсетіп жүр. Көкпардың бүгінгі таңдаған жолы да, жарнамасы да жаман емес. Тіпті, көкпаршы жігіттердің аты да көпшілікке танымал бола бастады. Қазір ұлттық спортты көретін халық та, ойнайтын спортшы да көбейіп келе жатыр. Республика көлемінде ұлттық ат спорты, соның ішінде көкпар тәп-тәуір дамыған. Бүгінде көрермені көп спорт та осы болып отырғаны жасырын емес. Еліміз бойынша Тараз бен Шымкент көкпаршыларының мәртебесі жоғары. Көкпаршыларға қайсыбір облыстарда өңір әкімдігінен стипендиялар да беріліп тұрады. Бұл — жақсы бастама, өйткені мұндай материалдық ынталандыру көкпармен айналысатын жастар қарасын көбейтетін, салауатты өмір салтын насихаттаудың таптырмас құралы. Рас, бүгінде көкпар ойыннан да асып, ұлттық спорт дəрежесіне көтерілді. Əйтсе де, ол биік халықаралық дəрежеге көтеріле қойған жоқ. Оған жету үшін әлі де көп тер төгіп, оны насихаттауға көп көңіл бөлу қажет. Бәлкім, көкпар спортымен айналысуға үйретіп, көкпаршылардың шеберлігін шыңдайтындай ат спорты мектебін иә клубын құру керек шығар. Қалай десек те, көкпар ұлттың құндылығы мен танымын көрсетсе, спорт адамзатқа ортақ құндылық ретінде қызмет етеді. Сосын, ойын ережелеріне қазіргі заман талабына сай өзгерістер енгізуді де ұмытпаған жөн секілді. Әсіресе жылқыға көп қиындық туғызып, ауыр жарақаттануына əкеп соқтыратын қазандықтың формасы мен түрін қауіпсіздеу етіп жасау керек сияқты, өйткені көкпаршылар тарапынан осы мәселеге қатысты көп сын айтылады. Сондықтан көкпардың мəртебесін көтергіміз келсе, əлі де зерттеп, зерделеу жұмыстарын тереңдетіп жүргізген абзал болмақ», — деген ойын ортаға салады.
Расында да, көкпарды əлемдік деңгейге көтеру жолындағы іс-әрекеттер тынбай жүргізілсе ғана өз жемісін бермек.

Ермек Сахариев
«Қазақстан-Заман» газеті

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.

error: Content is protected !!