Ақсуаттан шыққан арғымақтар

9577

немесе Тұлпарлар тағылымын тануға
— ветеринариялық-биологиялық пікір

Жалпы ел қорғаған батырларды және тарихи елеулі оқиғаларды еске алып, соған қатысты шығарма арнау қазақтық тарихтағы салт-санаты екендігін пайымдасақ, тұлпарлар тағылымының бір таралымы келесідей еді…

Қу бас ат

hubas atШығыс Қазақстан аумағындағы тұлпарлар тарихының бастауын Ер Қабанбай батыр бабамызға серік болған Құба (Қубас) аттан өрбітуді жөн санадық. Осы себепті әңгімені Құба аттың Қабанбай батыр еншісіне тиюіне тоқталар болсақ, ұлтымыздың дәуірлеп тұрған кезіндегі Би Боранбай мен Үш жүзге аты мәлім Ұлан, Бұлан байдың заманынан бізге жеткен ауызша және әдеби дәйектемелер негізінде айтылатын Бұланбайдың бес жарым мың жылқысының ішінен Би Боранбайдың сұрауы бойынша Қабанбай батырға лайықты ат болар деп таңдалынған осы Құба дөнен еді. Талап бойынша жануар жиырма жеті түрлі сын-сымбатқа сай таразыланып арда емген дөненнің лайықтылығы анықталған.
Халқымыздың даналық ой-тұжырымындағы «Ер туса, ердің аты бірге тумақ» деген ұлағатына арқау болған сол дөнен алты жасқа келгенше «арда емген» екен деседі.
Біз, әңгімеге арқау болып отырған ер серігінің «Қубас ат» деп аталуына өзіндік түсінік беруді жөн санаймыз. Бұл ойды мысал келтіре түсінік берсек, тарихтағы батырлар мінген тұлпарлар:
Алпамыстың Байшұбары, Қобыландының Тайбурылы, Ер Тарғынның Тарлан аты, Қабанбайдың Құбасы, Ақан-серінің Құлагері т.б деп ресми басылымдарда мәтінделеді. Сонда бұған қарамастан, «Қу бас» ат деп аталып жүруі ауыз екі тілдің ыңғайына қарай және Барқытбел аумағының Қызылкесік жолында (Тарбағатай тауы сілемінің Жағалбайлы биігі) Қубас кезеңі деген жер бар. Сонда Құба жануардың бас сүйегінің (жануар тұлымының тек қана бас сүйегінің – (қу бас сүйегі) ардақталып қойылғанынан кейін туындаған атау деп есептейміз. Яғни Батыр ерлігі мен баба мінген жануардың аңыз ауыз әдеби әнгімелерінің айтылуынан туындаған атау деп түсіну дұрыс сияқты деп ойлаймыз. Бұл арнайы рәсім Би Боранбайдың «Дарабоз Қабанбай батырдың» аманатын орындауынан туындаған істің белгісі.
Жалпы қазақ халқының жылқы жануарын ерекше құрметтеуіне, әсіресе дербес қасиетіне байланысты жануар сойылған және мезгіл жетіп жан тәсілім еткен соң жануардың бас сүйегін ардақтап аяқ астынан, жол үстінен аулақтап, аялап биікке қою дәстүрі бар. Сонымен қатар халқымызда жерге және малға ат қоюда қандай да бір белгі мен еске алар жағдайларға байланыстырып қою дәстүрлік әдеті деп білеміз.
Жылқыға деген сүйіспеншілік қазақтың қанындағы қасиет және ежелден сәйгүлік баптаған елдің ұрпағымыз. Жылқыны әлемде ең алғаш қолға үйреткен біздің аталарымыз. Жылқы жануарына қатысты адами қатынас Ботай мәдениетінен белгілі болса, бұл жөніндегі мәліметтер өткен ғасырдың 70-шы жылдарынан бастап жариялана бастаған.
Әйгілі философ, жазушы ағамыз Аскар Сүлейменов: «Біздің қазақ жылқыдан, тұлпардан туған!», «Қазанат – қазақтың сахарасы» деп айтқан екен. Сондай-ақ әлемге әйгілі ағылшын жылқыларында Қазанаттың қаны бар. «Жылқыда да жылқы бар, Қазанаты бір бөлек» деген аталарымыз. Сондықтан да болар бүкіл Қытайды мойындатқан Бейжиңгер сол қасиетті қазанаттардан қалған тұяқ екендігі жөнінде де дерек бар. Біз жоғарыда дәріптеген батырлар мінген аттар — сол қазанаттар еді.
Тарихи дерек бойынша 1912 жылы 10-14 қазан күндерінде қырғыз манабы Шабден Жантайұлының ұйымдастыруымен өткен бәйге туралы Ресей тілшісі С.Дмитриевтің еңбегінде қазақ-қырғыз баптаған жүйріктердің ағылшын тұқымды жылқылардан артықшылығы мәлім болған. Бұл дана халқымыздың жылқы тұқымын асылдандыруда, ат баптаудағы көп ғасырлық бай тәжірибесінің бағалылығын көрсететінін айта келіп, жылқы тұқымын қалпына келтіруге болатындығын белгілі автор Нұрдәулет Жақыпов мәлімдеген.
Қазан төңкерісіне дейін қазақ елінде 8 миллион жылқы болды деген дерек бар. 1929-31 жылдарғы аласапыранда содан қалған 4 млн. жылқының 80% — қырғынға ұшыраған. Енді келесі ақпаратқа көңіл аударсақ, Кеңес Одағында 1985 жылы 5,6 млн. жылқы болса, оның төрттен бірі, яғни, 1,5 млн. біздің Қазақстанда болған екен. Қазір елімізде соңғы мәлімет бойынша 1,6 млн. жылқы бар.
Жылқы психологиясы әлемдік иппология (жылқы жөніндегі ғылым) ғылымында өзекті мәселелердің бірі ретінде жылқының адамзат дамуының рөлін төмендегідей білгілі дәйектемелермен дәріптеуді жөн санадық.
Мысалы ХVІІІ ғасырда өмір сүрген ағылшын монағы Фиц Стефан: Жорғаларды «жылқы ішіндегі корольдер» – деп жазған екен. Сондай-ақ жорғаның Ресейге кейін барғаны, орыстардың кейін таныс болғаны атауынан көрініп тұр, орыс тілінде «иноход» деген бөтен жүріс, белгісіз жүріс – дегеннің калькасы деп мәлімделген. Көнекөз қариялардың айтуынша: «Бұрын жылқы баласы қазіргідей сұлы мен арпаны жегенді қойып, бұл дәнді өзіміз де көргеміз жоқ», – дейді. Американ ғалымы А.Хазановтың мәлімдемесі бойынша, Еуразия аумағындағы мемлекеттердің 50%-дан астамы әлемдік өркениет тарихында көшпенділердің әскери жорықтарының нәтижесінде пайда болған. Сондай-ақ Н.Э.Масановтың: «Көшпенділер бытыраңқы шашылған егіншілік әлемін желімдеп бірегей планетаралық кеңістікке келтірді Колумбқа дейінгі ғаламдастыру үрдісін жасады, отырықшы егіншілік қоғамның тұрғындарын белоктық тағамдармен (сүт, құрт. ірімшік, қымыз, айран) қамтамасыз етіп, денсаулығын нығайтып әл-қуатын жақсартты» деген дәйектемесі белгілі.
Жалпы жылқы жайлы таңдамалы шығармаларға қарағанда жылқыны танып-білу, өсіру әркімнің маңдайына жазыла бермейтін ерекше қасиет болса керек деп бекер айтылмағандығын жылқыдан хабары бар кез келген азамат мойындары хақ деп білеміз. Осы себепті де мемлекет тарапынан жылқыға деген көңіл немесе жылқы шаруашылығын дамытуға деген қаржылай демеу мейлінше ықыласты болуы керек деп есептейміз.
Елімізге белгілі атақты сәйгүлік «Елік жирен» алғаш 1948 жылы Қазан төңкерісінің 31 жылдық мерекесіне байланысты облыстық жарыстан бастап бас бәйгені иемденіп, жалпы 11 жыл бойы облыстық және республикалық деңгейдегі хас жүйріктің нағыз өзіне айналғаны белгілі. Бұл жөнінде қарт шежіреші Қарпық Егізбаевтың «Тағылым» атты кітабында сонымен қатар семейлік қаламгерлер Кәкен Сейілханов, Мерғали Ибраев және Нәдірбек Әпсәләмов сынды Ұлттық спорт жанашырлары арнайы шығармашылық еңбектер арнаған.

Елік жиреннің аянышты тағдыры

elik-zhiren-314x350Тұлпарлар тағылымын танудағы танымал тарихтың бірі – ел аузында ғана айтылса, біразын ресми шығармашылық еңбектерді өз тарапымыздан ой елегінен өткізген жылқыға ғана тән ерекше қасиеттерді сипаттаудың артықтығы жоқ деп ойлаймыз.
Ал, Елік жиреннің Қуанышбай ақсақалды іздеп қашып келуі және ат иесінің жануарды бұл жолы бәйгеге апармаңдар деуі, хас жүйріктің бағы қайта бастауына ұласып, ақыр аяғында Семей ет комбинатынан елге қашқандағы аянышты тағдырын – жылқыға ғана тән тектілік деп түсінген абзал. Жалпы «Елік жирен» өміріндегі аянышты тағдыр әрқилы сипатталады – етке өткізуге апара жатқанда автокөліктен секіріп қашып кеткен деп сипатталады. Осы оқиғаға куә Қырықбаев Тұрарбектің айтуынша (аграрлық факультеттің ветеринариялық клиникасындағы жануарларды күтіп бағушысы), Ерке жирен екі мәрте етке өткізілетін жылқымен бірге айдалып бара жатқанда жолда қашып кетсе, соңғы жолда Ерке жиреннің өзіне мініп жылқыны айдап барып, Семей ет комбинатының сыртқы қорғанына енгізген соң берік қорғаннан секіріп қашып шығып, жолда жан тәсілім еткені баяндалады. Тұрарбек ағай — Қабанбайдың Құба аты қиссасы және бүркіттің – қыран және қырағы түрлеріне қатысты әңгімелерді өзі оқымаса да жатқа айта алады.
Ресми деректе Шар қаласы маңында десе, көне көз қариядан Кәмәл естуімізше Көкпектіден асып Зайсаншұңқыр (Қазаншұңқыр, шамамен Боғасқа жетпей) аумағына енгеннен кейін жан тәсілім еткенін (жаңылмасам мүрдесін көргендігін) естігем. Бұл сөздің шындық болуы ықтимал – себебі ет комбинаты қоршауынан қарғып-секіріп шығуға күш қуаты жеткен жануардың Шар аумағынан аса алмауы мүмкін емес және шөлдеуге де негіз жоқ (жануардың күйзелістік-күйініші болмаса…) Сонымен қатар Елік жирендей хас сәйгілікті етке өткізуге «бұйырық берген уақыт» жануарды немесе мүрдесін іздеуі мүмкін бе… Өкініштісі сол Дарабоз Қабанбай батырдың Құбасының бас сүйегін арулап ардақтап қойған сияқты, кем дегенде, Майлы шаттың басына апарып қою керек еді. Бұйрық болса, сол замандағы жылқышылар Елік жирен мүрдесін тауып-танып, бас сүйегін жығылған жерінен көтеріп алар еді. Сонда мейлінше мақтанар едік қой, ол дағы тұлпардың маңдайына біткен тағдыры шығар.
Жылқының елі болмаса да, жылқыға мұрайжай ашқан елдер – АҚШ, Англия, Жапония, Франция, Қытайдың Үрімші қаласының жанында ашық аспан астында жылқы мұражайлары бар. Мысалы Швецияда 29, Францияда 234 және Түркімендердің Ашхабад қаласында әлемдік деңгейдегі үш ипподром салынған. Түркіменстанда жылқы министрлігі және дәстүрлі түрде жылқы мерекесі тойланады. Біздегі «Құлагер» ескерткішінің орнатылуын бастамашылық ұлтқа тән, сауабы орасан зор игілікті іс шара деп түсінеміз.

Нарқызылдың намысы

Animals___Horses_____The_horse_galloping_over_the_wheat_field_083741_Мысалы жылқы бәрін түсінеді, түйсінеді деген пікірге байланысты Ақсуаттық азамат Иманғалиев Шайғали Иманғалиұлының ертеректегі әңгімесін еске алар болсам, Нарқызыл деген аттың аламан бәйгегеден келіп жүрген сәйгүліктің бірде бас бәйгені ала алмай қалып қойып, кейіннен табанына үш бұрышты жұқа қаңылтыр темірдің шөгір іспетті қадалғаны анықталып, шөгір темір алынып келесі жылы бәйгеге қосылған сәтін баяндағаны әлі есімде.
Сонда аламан бәйгеге қосылған Нарқызыл сәйгүлік әдеттегі шабысына салмай үнемі қалыс шауып келе жатып алдыңғы жылы өзінен оза шауып бас бәйгені алған атты теуіп оғаш мінез көрсеткен соң ғана алға суырылып шығып, сол жылы бас байгені алған екен. Сол кездегі Нарқызылды білетін ат жанашырлары жануардың өзінен озған аттан өш алғаны ма әлде, аяғына қадалған шөгір темірді сол аттан көргені ме деген халықтың бір-біріне ой тастаған әңгімесін естіп едім. Осыған ұқсас Ақсуат ауданына қарасты Ленин жолы совхозының Кердауыл атты сәйгүлігі үнемі бас бәйгені алып жүріп бірде, екінші келген кезінде үстіне жапқан кілемді жапқызбай әдеттен тыс мінез (менсінбеген немесе намыстанғандай) танытқаны белгілі.

Сондай-ақ тарих ғылымдарының докторы, этнограф Ахмет Тоқтабай айтқандай – Алаш рухын көтеріп, жан дүниесін дүр сілкіндіру үшін, екіншіден денсаулығымызды нығайту үшін – бәрінен бұрын жылқымызды көбейтуіміз керек. Жылқыны жеке меншік тұрғыда ғана емес, ұлттық шаруашылыққа айналдырып, Қазақстанның аграрлық саласының бірден-бір тірегі етуіміз шарт. Онымен қоса жылқының сүтін ішіп, етін жеген қазақ қорқақтық пен бүгежектіктен арылып, қайтадан баяғыдай ер әрі күшті, қайратты қазақ болады. Сондықтан да жылқыны мемлекеттік саясаттың бір саласына айналдыру керек деп мәлімдеген еді.
Өйткені ол – намыс, ол – ұлттың сана-сезімі, ол – тектілік рухы еді. Қазақ үшін бұл тіпті де қажет.
Осыған орай, төмендегідей ғылыми дәйектемені келтіруді жөн санадық: жылқы жүрегін жеу ми жасушаларын жаңартып, есте сақтау қабілетін ынталандырып, ми қызметін жақсартады екен. Сондай-ақ сүр ет бүйрек жұмысы мен несеп жолдары қызметіне пайдалы. Жылқы еті негізінен минералды заттар мен дәрумендерге бай болып келеді. Жылқы бауырында темір қоры жеткілікті екен. Тағамның аса ерекше қасиеттеріне байланысты жылқы етінен ғарыш мәзіріне арнайы тағам дайындалатындығы туралы ақпарат бар.
Сонымен қатар қымызды басқа түліктер төлдерінің асқазан ішек жолдары ауруларында балапандарға А және В дәрумендері жеткіліксіздігінің алдын алуда пайдалануға ұсынылған.
Грек тарихшысы Геродот скифтердің сол заманда қымызды пайдаланғанын жазып кеткен. Бергі тарихтағы ақпараттың бірінде Француз саяхатшысы Вильгелм Рубринас та 1253 жылы Татарстан аумағында қымыз ішкенін және өте жағымды әсерін жазғаны белгілі.
Қазақтық дәстүрде (ресми деректерде) жүйрік сәйгүлікке құрбандық шалу арнайы іс шарасы болған екен. Бұндағы мақсат сәйгүлікті «ақ жіліктеу» яғни ақ сүйектетіп күйін көтеруге (семіртуге) жіберерде жанына сол теңдес бір атты әлгі жүйрігіне құрбандық деп қосып шығарып салған. Кейін аттардың қоңдылығы межелі мөлшерге жеткен кезде әлгі құрбандық атты сойып, жілік майын тексеріп, сәйгүліктің қоңын пайымдаған деп көрсетеді.
Осы жілік майының ветеринариялық-физиологиялық тұрғыдан сипатталуы: сары және қызыл сүйек майы (medulla ossium rubra – красный костный мозг және medulla ossium flava – желтый костный мозг) деп сипатталады.
Мысалы өз басым жілікке (майына) қатысты келесідей жайға куә болдым – 2009 жылдың қысы Өскемен қаласы орталығындағы (Заречный) базарынан сатып алынған (өзі сыналанып сынған) жілік майының өн бойы ара жүзінің тісі тәріздес пішіндегі өрмекпен (тор) құрылымдалғаны және жіліктің ішкі бетінің тегіс емес бұдырлы болып келуімен ерекшеленгенін байқадым. Әңгіме арқауына қатысты жайтты ашып жазып отырғаным, ол заман тұрмақ, қазірдің өзінде жылқының қанша елі қазы беретінің сырттай көріп ажырататын азаматтар және қасапшылар бар. Сонда бұл жануардың толық қанды күйін (семіздігін) нақты білуге байланысты құрбандық шалуға мәжбүр болған деп есептеймін. Бәйге атқа қатысты әкемнен Ережеп естуші едім аттың жілік майын үзбей ұстау керек деп. Яғни мен көрген сүйекті «ақ сүйек» деп сүйекке тиесілі жануарды «ақ жіліктенген мал» деп айтуға болады деп ойлаймын.
Жалпы біздің бұл әңгімеміз жылқы жайындағы дәйекті ақпараттар мен дербестік таным негізіндегі жылқыға қатысты өлкетанушылық мақсат негіздемесіне арналып отырғандықтан, келесідей ақпараттық хабарды сөз етудің де артықшылығы жоқ деп есептеймін. 2013 жылы ШҚО Жарма ауданының Көкпектіге ұласар тұсындағы жайлауда бір ағайынның «қара қосында» дәм татқан кезде егіз құлын бар биенің жанына барғызбағанын және оның жылқыдан өзгеше — түр сұлбасының «Дала жылқысына» келетінін әңгімелей келе, бір жыл бұрын жалқы жылқыға тән ізін үнемі байқағанын айтып өтті. Әлде бұл хайуанның Қазақ-Қырғызға бұрыннан танымал «Кертарғы» деп аталатын жылқы басының тұяқтары ма екен деген ой туады.
Жалпы «Ветеринариялық медицина» мамандығы бойынша білім беру бағдарламасы ауылшаруашылығының әртүрлі саласын қамтамасыз етіп, маңыздылығымен ерекшеленуде, өйткені классикалық тәлім бойынша «Медицина адамды, ал ветеринариялық медицина адамзатты емдейді» деген қанатты сөз бар.
Осыған байланысты оқу үрдісіндегі жылқыға қатысты үлесті көрсетер болсақ, «Ветеринариялық медицина» мамандығының барлық деңгейі бойынша білім беру бағдарламасының берілуі барысында ветеринария саласының мамандық құзіреттілігіндегі бәсекелестікті қалыптастыруда заманауи нарық пен қоғамдағы өзгерістер мен білім берудің Ұлттық жүйесіндегі стратегиялық алғышарттар негізінде оқыту технологиясын әдістемелік қамтамасыздандырудағы ғылыми-негіздемелерге сүйеніп жүргізілуде. Осы негізде ветеринария мамандығы пәндерін игерудегі басты қағидаларды сақтау мейлінше қамтамасыз етілген.
Тақырыпқа арқау болған әңгімені қортындылай келе жылқыны тану – адамзаттың өркениетке енудегі өмір жолын және қазақ ұлтының өзін тануға зор үлес қосып, халықтың ой өрісін дамытып денсаулығын нығайтуға кепілдік бола алады деп ойлаймыз.

Шәкерім Құдайбердіұлы атындағы Семей мемлекеттік университеті
«Биология» кафедрасының меңгерушісі, ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты, доцент
Ахметова Балнұр Серікқызы,
«Ветеринариялық медицина» кафедрасының аға оқытушысы, ветеринария ғылымдарының кандидаты доцент
Біләлов Ермек

argymaq.kz

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.

error: Content is protected !!