Жұмабек Жәпішев, атбегі: Баптай алсаң қазақы жылқыдан бәрі шығады

6202

Аударыспақ — салт аттылардың бірін-бірі ер үстінен аударып алу сайысы. Бұл ойынға қайрат-күші мол, батыл да төзімді, шапшаң қимылдап, ат құлағында ойнай білетін, ат үстіндегі айқасты жақсы меңгерген жігіттер қатысады. Ежелгі заманнан келе жатқан бұл ойын жаугершілік кезінде найза ұстап, қылыш шабатын жауынгерге қажетті қасиеттерді қалыптастырған.
ZhumabekАударыспаққа тәртіп бойынша ат үстіндегі айқасты жақсы меңгерген, тиянақты дайындалған салт атты жігіттер қатысады. Ал дайындығы жеткіліксіз, тәжірибесі аз адамға бұл сайыс оңайға соқпайды. Ойында аты белді, жарамды, өзі мықты, атқа отырысы мығым, білікті жігіттер жеңіп шығады. Сайып келгенде, аударыспақта негізгі жеңісті ат пен сайыскер жігіттің бірлескен жіті қимылы шешіп жатады. Оспадарлық, жұла қашу, салып қалу, қол қайыру сияқты айла-амалдарды қолдануға болмайды. Аударысу ат пен жігіттің үндескен қимыл-бірлестігіне сүйене отырып, күш-жігердің басымдығын көрсететін қалыпты, байсалды шеберлікке ұласып жатуы шарт. Аударыспаққа тәртіп бойынша ат үстіндегі айқасты жақсы меңгерген, тиянақты дайындығы бар спортшылар ғана қатынаса алады. Ал дайындығы жеткіліксіз, тәжірибесі аз спортшылар үшін бұл өте қиын. Аударыспақ салмақтық категорияға бөлінеді. Аударыспаққа салмақтық категорияны енгізудің мақсаты — қатынасушыларға неғұрлым теңдік жағдай туғызу. Жарыс ережеге сәйкес 60, 70, 80, 90, +90 кг салмақ дәрежесі бойынша өткізіледі. Аударыспақшыда қызыл және көк түсті белбеулері болуы қажет.
Аударыспақ дегенде алдымен жоғары дәрежелі төреші Жұмабек Қайырбердіұлы Жәпішев туралы айта кету орынды.
Жұмабек Қайырбердіұлы – 1960 жылы Шығыс Қазақстан облысы Ұлан ауданы, Алғабас ауылында дүниеге келген. Қазіргі таңда облыстық Ұлттық спорт мектебінің жаттықтырушысы және ұлттық спорттан ҚР-ға еңбек сіңірген бапкер. Жастайынан жүйрік баптау және ат спорты түрлерімен айналысқан Жұмабек Қайырбердіұлы аударыспақтан республиканың 13, облыстың 22 дүркін чемпионы. Өзі туып өскен ауданның «Құрметті азаматы», сондай-ақ, «Ерен еңбегі үшін» медалының иегері.

-Ат жаратумен шұғылдағаңызға қанша болды?
– Атбегілікті сонау 80-ші жылдары бастадым. Бұл өнер маған әкеден мұра болып келе жатқан дүние. Әкеміз әуелі ауыл басқарған, жасы ұлғайған соң бәрін тастап жылқы баққан, жүйрік аттар ұстаған адам еді. Оның сыртында мен туған ауылда жылқы көп болды. Күзде ақсақалдар жиналып алып, бізге бір-бір тай мінгізіп үйреттіретін. Жазда байланған құлындарды жабағы шыққан соң мініп-түсіп қарқ боламыз.
Өстіп жүріп менің жылқыға құмарлығым ерте оянды. Жарықтық аталарымыз тайға мініп шауып жүрген мені нұсқап, «келесі жылы қай бие қандай құлан табады, соны мына Жұмабектен сұраңдар!» дейтін. Өйткені, мен ала жаздай ауыл жылқысының маңында бәрін байқап-бақылып жүремін ғой…

-Атты қалай баптайсыз?
-Ат баптаудың қыр-сыры көп. Әркім әрқалай баптайды. Өз басым бапкерлер кәсіби спортшыны қалай баптайды, мен жүйрік атты дәл солай баптаймын. Бірақ бұның өзі бір күнде бола қоймайды, ұзақ ізденіс, үлкен еңбектің арқасында қол жеткізетін дүние бұл.

Сіз үшін ат баптаудағы ең маңызды дүние не?
-Мен жас кезімнен қазақы жылқыларды, соның ішінде ешқандай қоспасыз таза қазақ жылқыларын баптауды үйрендім. Қазақы жылқыны баптаудың ең маңызды тетігі – тер алу. Яғни, терін дұрыс алу керек. Ол үшін әуелі жүйріктің жілік майын толтырып, қара кемігінен арылтқан жөн. Екі айдай сұлы мен қызылжемге байлап, әбден майланған жүйрікті бәйгеге дейін терінің майын сылғандай өте еппен етінен арылту керек.

-Ең үлкен бәйгеңіз…
-Алғаш рет 1993 жылы Шығыс Қазақстан облысына Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы келді. Президенттің осы сапарына орайластырып Марқакөлде республикалық ат бәйгесі өтті. Осы аламан додада мен баптаған сәйкүлік бірінші келіп, Нұрекеңнің қолынан жеңіл көліктің кілтін алғаным бар. Одан кейінде облыс көлемінде көптеген бәйгенің алдын бермедім.

-Түсінікті. Ал, аттың сыны жайлы не айтасыз?
-Жүйрік тегіне қарап бітеді. Сондықтан жылқының тегіне қарау керек. Тегі жақсы жылқының сыны мен сипаты өзінен өзі көзіңе көрініп, білініп тұрады. Мысалы, біздің ауылға ертеректе жоғарыда айтып өткен атбегі Мұхтар ағамыз жүйрік тудыратын құла айғыр сатып әкелді. Осы қазақы айғырдың 12 құлыны жүйрік болды. Ең ақырғы құлыны маған бұйырды.

-Сізге бұйырған құлын жүйрік болды ма?
-Жүйрік болғанда қандай, оның мәреден атылып шыққандағы жылдамдығын қазір атақты ағылшынның тазақанды ұшқыр аттарының өзі қайталай алған жоқ. Біздің ел жаққа келіп, жылқының маңында жүрген азаматтардан «Жұмабектің Қамысқұлағы жайлы білесіз бе?» деп сұрашы, бәрі айтып береді.

-Қазақы жылқыдан да ұшқыр шыға ма?
-Баптай алсаң қазақы жылқыдан бәрі шығады. Бірақ қазақы жүйріктер жасында шаба қоймайды, сүйегінің қаракемігі әбден кетіп, күші толған соң, жеті жастан асқаннан кейін шабады.

-Қазақы жүйріктің басқа тұқымдардан айырмашылығы не?
-Қазақы жүйрік сөреден шыққанда қоқаң шабыс қосаяқпен бастайды да, жүре келе, еті қызған соң көсіледі. Қазақы жүйріктің нағыз көсілген шабысын көрсеңіз, мына тазақандыларыңыз жол қалады, ол көсілгенде ағылшынның екі аттаған бір-ақ аттайды.

-Қазір осы қазақы жүйріктер бар ма?
-Бар. Бар болған да қандай. Біздің атқұмар азаматтар атақ үшін сырттан жүйрік жылқылар сатып әкелді де, қазақы жүйріктің бағын байлап тасады. Қазақы жылқы жоғалса, оны баптау-бағу ілімі жоғалады. Ал, тазақандылар туғанда бапталып шабыс үшін сұрыпталып алынған, яғни, селекция жүгізіліп қолдан жасалған тұқымдар. Бір сөзбен айтқанда, мутант жүйрік.

-Біз қазақ емеспіз бе, ендеше түк көрмегендей біреудің қолдан жасаған жылқысына жармаса бермей, өзімізде бар, болған, байырғы жүйріктерді тудырмаймызба?
-Сондықтан, аламан бәйге әуелі, ұлттмыздың тарихи дәстүрін және санасын жаңғыртуға керек. Екіншіден, бұндай қашықтыққа аттың аты ғана шаба алады. Яғни, біз осындай дәстүрлі бәйгемізді жаңғырту арқылы, жоғалтқан жүйріктерімізді табамыз. Бұндай қашықтыққа будан тұқымдар шаба алмайды. Білген адамға жоғардағы аламан бәйге алаш баласының намысы. аударыспақ – атқа міне сап, алыса кететін спорт түрі емес. Бұл – ауылда туып, құлын-тайдың шылбырына жабысып өскен тас тақым ұлдардың ойыны. Бала кезінен жылқы жануарының жанында өскен бала ғана ат спортына шексіз махаббатпен келе алады. Аударыспақ – халықтың ойыны, бірақ сол халықтың ойыны биылғы облыстық халықтық ойындар қатарынан да алынып тасталыпты. Ең қиыны сол болып тұр, -дейді ат спортының жанашыры.

audaryspakАстанадағы «Қазанат» ипподромында тұңғыш рет аударыспақтан І ашық Азия чемпионатында Азия чемпионы атағын жеңіп алған Қазақстанның 8 дүркін чемпионы Ермек Жұмабекұлы Жәпішев Қазақстанға танымал әйгілі спортшы, атбегі Жұмабек Жәпішовтің ұлы әке жолын жалғап келе жатқан чемпион. Жаттықтырушының ұлы болғасын ба, намысты қолдан бермейді. Әкесі Жұмабек жас кезінде аударыспақты жақсы көруші еді. Кішкентай Ермекті әрі шабандоз әрі батыр етіп тәрбиелеу үшін, ұлын ипподромға өте кішкентай кезінде ертіп келіпті. Азия чемпионы Ермек Жәпішев:
Аударыспақпен 10 жасымнан бері айналысып келемін. Бұл спорт — шапшаңдыққа, төзімділікке үйретеді, айланы талап етеді. Тек қара күшпен жеңем деу үлкен әбестік. Білек күші тең қарсыластар күш сынасқанда басты орынға айла-тәсіл шығады. Осы тұста кім шапшаң ойлап әдісті жақсы меңгерген болса соның алшысы оңынан түседі. Және де аударыспақ ат үстіндегі күрес болғандықтан, тепе — теңдікті сақтамасаң жеңілсесің. Өзінің денесін игере алған спортшы мықтылығын дәлелдеп шығады. Мен — теледидар қарап, интернетте шұқшиып отырғаннын гөрі, атпен бір мезгіл серуендеп келгенді ұнатамын. Осы уақытқа дейін аурыған емеспін, Аллаға шүкір.
Жұмабек Қайырбекұлы тәрбиелеген баһадүр-сарбаздар тек республикалық жарыстарда ғана көзге түсіп қойған жоқ. Аударыспақ бойынша осыдан біраз жыл бұрын Мажар елінде халықаралық жарыс өткен. Еуропа жұртында ат үстіндегі аударыспақтан венгрге шақ келетін ұлт жоқ көрінеді. Тақымы тарамыс қыпшақтарды Шығыстың өрендері ат үстінен жұлып алды. Өскемендегі ұлттық спортқа шыңдайтын мектеп түлектерінің атағы бүгінде елдің о шеті мен бұ шетіне жеткен.Бұл дегеніңіз Жұмабек Жәпішев сынды мықты ұлтжанды жаттықтырушының байрақты жеңістері. Ұлттық құндылығымызды ұлықтаған тұлғаларымыз барында Ұлттық спортымыздың алар асулары әлі алда.

Beken K.Бекен Қайрат
argymaq.kz

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.

error: Content is protected !!