Жылқы өсірудің білгірі

6635

Қазіргі кезде әлемде ет және ет өнімдері өндірісін арттыру, оның ішінде жылқы етін өндіру – басты бағыттардың бірі болып отыр. Алайда жылқы шаруашылығын дамытып, оның да өнімдерін ел игілігіне айналдыру – қашанда маңызды. Өйткені жылқының еті мен сүті қазақ үшін басқа түліктердің еті мен сүтінен гөрі әлдеқайда маңызды. Осыны дер кезінде қаперге алған қазақ азаматтары баршылық.
Мәселен, Павлодар обылысының Ертіс ауданының азаматы Мусин Дулат Амантайұлы 1990 жылы жаппай жекешелендіру науханы жүріп жатқан тұста совхоздан өз пәйіне 90 бас жылқы алып, жеке қожалық құрған болатын.
1916 жылға дейін Қазақстанда 4 млн 640 мың жылқы болыпты. Ал кейінгі соңғы жылдың деректеріне көз жүгіртсек, елімізде ұзын саны 2 миллион 100 мың жылқы бар. Әр жыл сайын бұған 4-5 пайыз жылқы қосылады. Аталған малдың ішінде 7 пайызы ғана асыл тұқымды жылқылар.
Жылқы малы сұрыпталып, ғылыми-зерттеулердің оң нәтижесін бергенін ешкім жоққа шығармас. Қазақ айтады: «Жылқы баққан кісі жылқының тұяғынан қатты болу керек. Әйтпесе қолынан түк келмейді» деп. Осы сөз үздіксіз еңбектің нәтижесін берді.
Қажырлы еңбектің арқасында, бүгінгі таңда Мусин Дулат 90 бас жылқыны 3400-ге жеткізді. Бұл жетістікті айрықша мақтанышпен ауыз толтырып айтуға болады. Себебі Егеменді Қазақстан Республикасында алғаш рет бұндай нәтижеге жеткен жалғыз шаруашылық және де бірегей азамат деп Мусин Дулатты айтсақ қателеспейміз.
Осы көрсеткіш 1995 жылы құрылған қожалық «Алтай Қарпық Сайдалы-Сарытоқа» жылқы шаруашылығының негізін қалады. 2007 жылы шаруашылық асыл тұқымды шаруашылық мәртебесін иеленеді. Ал 2010 жылдың 28 желтоқсанында «Қазақтың жабы» тұқымын өсіретін жылқы зауыты болып бекіді. Шаруашылықты дамыта отырып, жоғарыда бір рет атап өткен жоғары өнімді үш аталық іздің Браслет 13-74 (патент №287), Задорной 51-76 (патент №288) және Памир127-78 (патент №286) жабы типті қазақы жылқының селеті зауыттық тұрпатын шығарды. 2011-2012 жылдары Астана қаласында өткен халық шаруашылығы жетістіктерінің көрмесінде «Алтын» медаль мен ұлттық патент иегері атанады. Еңбегі еленіп, оған Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінің зияткерлік меншік құқығы комитеті селекциялық жетістігі үшін «Шапағат 2014» мүсінін, сондай-ақ өнертабыс саласындағы республикалық «Шапағат 2014» байқауында жылдың ең үздік өнертабысы дипломымен марапаттады.
ҚР Президенті, Ұлт көшбасшысы Н.Ә.Назарбаев ұлттық зиялылардың рөлін қашанда аса жоғары бағалап келеді. «Қазақстан – 2050» стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауында: «Біз мемлекеттілігіміздің рухани мәселелері экономикалық, материалдық мәселелерден ешбір кем бағаланбайтын даму кезеңіне келіп отырмыз. Рухани дамуда негізгі рөлге әрқашан интеллигенция ие. Интеллигенция менің пайымдауымдағы Қазақстан – 2050 Жаңа саяси бағыты негізінде ел болашағының ментальді, дүниетанымдық үлгісін жобалауда негізгі рөлді қолға алады және алуға тиіс», – дей келе, ел дамуындағы ел азаматының өмірлік тәжірибелері кейінгі буынның ақиқат жолдан адаспай алға басуына септігін тигізетінін айрықша атап көрсетті.
Елбасы атап көрсеткен азамат қатарына Мусин Дулат Амантайұлының есімін де қоюға болады.
Мусин Дулат Амантайұлы аудан, облыс көлеміндегі әлеуметтік және ұлттық спорт іс-шараларынада белсенді атсалысады. Ауыл шаруашылығына қосқан қомақты үлесі үшін, 2008 жылы «Жылдың үздік кәсіпкері», 2009 жылы облыс, аудан әкімінің алғыс хаттарымен марапатталады. Ал 2011 жылы «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Сонымен қоса Дулаттың әкесі елге таңымал атақты жылқышы Мусин Амантай ақсақал. Ол да Ертіс ауданының құрметті азаматы.
«Қазақтың жабы» асыл тұқымды жылқысымен қазіргі таңда Амантай ақсақалдың екінші ұрпағы жылқы шаруашылығымен айналысса, оның үшінші ұрпағы Олжас де ата кәсіптің құрығын ұстаған.
Дулат Амантайұлы, ең алдымен, жылқы шаруашылығына жан дүниесімен берілген нағыз майталман маман, оның нағыз шебері, осы бір ауыл шаруашылындағының «жылқы шаруашылығы» деген саласының бейнеті мен зейнетін қатар көріп келе жатқан көрнекті тұлға, жігерлі, белсенді, жаңашыл басшысы бола жүріп, қазақ жылқы тұқымы мен отандық басқа жылқы тұқымдарын дамытуға өзінің сүбелі үлесін үздіксіз қосып келеді.
Дулат ірі азамат болумен қатар кісілігі зор, адамгершілігі мол, азаматтық тұғыры берік жан. Ол – жарға адал жан болумен қатар, ұрпақ тәрбиелеуде де көпке өнеге боларлық қадірлі әке.
Ойымызды түйіндей келе айтарымыз, биіктей, асқақтай түсетін қажырлы еңбегі деп білеміз. Бұл – оның туа біткен кісілік болмысының арқауы. Осындай ертұлға азаматымыздың тынымсыз еңбегі еленіп Қазақстан Республикасының «Еңбек ері» марапатын беруге толықтай лайық деп есептейміз.

ЖШС «Қазақ мал шаруашылығы және мал азығы өндірісі»
ҒЗИ-нің Жылқы шаруашылығы бөлімінің бас
ғылыми қызметкері, ауыл шаруашылығы
ғылымдарының докторы
Әкімбеков Әмин Ричардұлы

Қазақ ұлттық аграрлық университетінің
қауымдастырылған профессоры, ауыл
шаруашылығы ғылымдарының кандидаты,
доцент Исхан Қайрат Жәлелұлы

argymaq.kz

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.

error: Content is protected !!