Берік ЖҮСІПОВ: Тілегеннің торы аты

7879

Қазақтың көзайымы жүйрік ат қой. Мына уәзипа сондай сәйгүліктің біріне қатысты. Туған топырағым – Ақбастыға барғанда жолығып, күндер бойы уәлі әңгімесін тыңдайтын Кеулімқош ақсақал, бұл жолы сөзді шыбынтай Тілегеннің Торысынан тербеді. Тілегеннің інісі Тілеужан да бәйгеге ат қосқан келісті сейіс болған екен. Мен тыңдап отырмын, Кәкең желдей есіп, селдей көшіп, көненің қасиетті уәзипасын сапыра бастады.

– Патшаның баласы бірге толып, той жасапты. Содан дала қазағына «Уәлаятымдағы елдің бәрі той жасасын» деген жарлық келіпті. Тойға Шалқар, Ырғыз уезіне қарасты халық толық жиналған. Шалқарда көбіне тілеу мен қабақ. Бұлар – Қыр шектісі, жақайымдар – Сыр шектісі, бас-аяғы бес шекті. Көкаралдың жақайымдарын Сүлей Бәймембетбаласы бастап келіпті. Топ ішінде сәйке Рамберді, шыбынтай Ісембай, нәдір Семізектің Төлегені бар екен. Ораз Күдербайдың Балымбеті өзінің Ашаңкөк, Қаратабанкөк пен Тілегеннің Торысын апарыпты. Тілеу жақтан бәйгеге шабылатын ат Байманның Қарақасқасы. Сонымен, бүкіл жақайым, тілеу, қабағы бар, сейістер түгел жиналып болғаннан кейін, атты көреді.

Балымбет сейіс бәйгеге қосылатын жүйріктерді аралап көріп, «Мынау бірінші келеді, бұл екінші келеді, анау бір айналымнан кейін қалады, мынаның жарауы кеміс болған» деп барлығын қолмен қойғандай етіп, айтып келе жатыр. Бір кезде тілеу мен қабаққа тигізіп, «Бұлар ат жаратуды қайдан білсін? Тілеу Байманның Қарақасқа атын түніменен ұйқысын алып, от пен жемін кездіріп жүріп берсе, оған ие жоқ. Тоғыз немесе он айналдыр, қаңтарумен келеді. Ал оны білмесе, бәйгені біздің Торы ат алады» депті. Сонда ақтеке Ізбас деген кісі «Ойбай, Нұрымбетті байла, айтып қояды» деп жаны қыдырыпты. Сол елдің күйеу баласы екен. «Қой, қайдағыны айтпай. Аруаққа қарсы шығып не көрініпті оған. Қырға күйеу болғанымен, ол да Жақайымның бір баласы емес пе? Үлкен шалдың аруағына қарсы тұрар дейсің бе?» деп, біреуі жекіп қалыпты. Бәрі жатып қалған. Таңертең тұрса, Байманның аты бауырынан жарап қалыпты. Айтып қойған екен. «Ох, болмады, енді он-он бір айналымға таласыңдар, тоғыз айналымнан Қарақасқа қаңтарумен келеді» депті, Балымбет.

Сол кезде Әбдіжәмілдің атасы Нұрпейіс болыс, Шалқарды билеп тұрған тілеу Тотан деген бай екен. Ертеңіне жалпақ жұрт жиналып тұрғанда, қолына қамшысын алып, Тотан айқайлапты: «Атты тоғыз айналдырамын. Күн ыссы, адам да, ат та шөлдейді. Сосын жорға сүріс, құнан жарыс, балуан күресі» деп. «Олай деме, атты он екі айналдырайық. Ашылып келсін, таралсын» десе, Нұрпейіске «Қамыс қостың астында жатқан жақайым, саған да билік керек пе? Мұны қопаның арасындағы жайын мен торта дейсің бе, шаншып жейтін? Алдыңдағы мал ғой шабатын. Бұл бәйге, жайыңа отыр, қыс көтіңді!» деп тиып тастапты. Нұрпейіс үндемей қалыпты. Үндемегені сол, «Олай ғой, былай ғой» деп қисаңдатып, әңгімесін айта алмапты. Ол уақытта Сүлей әлі болыс емес екен. «Былай тұршы, қоя тұршы, маған берші, айта алмаған сөзің болса мен барайын» деп, алға шыға беріпті. Басында қызыл мақпал тымағы болса керек.

«Петерборда отырған орыстың баласының тойын жасап отырмыз. Мейлі қамыс қостың астында болайын, мейлі балық қуайын, атты он бес айналдырамын. Ашылып келсін. Ал сен өз әкең Уақбайға ас берген күні билерсің» депті. Сонда маңдайына жеті мың жылқы бітіп, талтаңдаған Тотан бай сол кезге дейін әкесіне ас бермеген екен. Сонысын бетіне шыжғырып басып жіберіпті. Уез басшысы «Билер, қымыздың қызуына желікпеңдер. Ат он екі айналсын, он бес те, тоғыз да болмасын, таласпаңдар» деп тоқтам айтыпты.

Сонымен, бәйге басталып кетті. Аттарды жіберді. Шынымен тоғыз айналымға дейін тілеу Байманның Қарақасқасы қаңтарумен келді. Он екінші айналымда Торы жорға суырылып алға шығыпты. Жануардың нышаны бар екен, озарына келген уақытта құйрығын бұлғақтатып, екі жаққа сабалап, өзін-өзі қамшылап отыратын. Бәйге торы сол нышанына басыпты. Жалпақ жақайым «Аруақ!» деп шулап жатыр. Сонымен не керек, он екінші айналымда алдына жан салмай, Торы ат қарақшыдан жалғыз өтіпті.

Бәйгеден келген атты жас бала сияқты өбектеп, ешкімге көрсетпей, жабулап алып кетеді. Сөйтіп, жақайымның аты бірінші болып келіпті. Сол уақытта мөңке Өтәлінің Яхия деген мырзасы бар екен, көне өкіметке де қызмет еткен, кейін жаңа өкіметке де жұмыс істеген. Сол қабақ пен тілеудің шалдарын бөліп алып, «Сен мұнда, ал сен анда барасың» деп жеке үйге кіргізіп жатыр екен. Бәйгеден аты келген жақайымның шалдары состиып тұрып қалыпты. Яхия да жан-жағын қармап тұрған жігіт қой «Оу, ақсақалдар! Қабақ, сені де жайлаймын, жақайым, сені де жайлаймын. Екеуіңе де үй жетеді. Құдайға шүкір, жай бар, тамақ бар» деп, екі рудың шалдарын бөлек жібермей, бір үйге кіргізіпті. Қонағасыда сәйке Рамберді, боқан Тілеуқұл, Жалмағамбет, Нұрпейіс, наурыз Сүлей, шыбынтай Ісембайлар бар екен. Сонда Яхияның әкесі бас шекерді қолшотпен шауып, шетінен дастарқанға тастап отырып, басы қисайған қалпы, әңгіме бастапты:

– Аз елден көзі ашық әулие, маңдайы жарқыраған батыр, таңдайы жарылған би, ұйытқылы бай, елеулі ер шықпайды деп еді. Ат төбеліндей жақайым бағана біздің Тотанжанға бірдеңе деп айтты дей ме? – депті. Сонда Рамберді би Есболайбаласы қасындағы Ісембайды түртті дейді, «Мынау атып салды ғой, жауап берсейші» дегендей. Өзі білікті болса да, қай нәрсенің де аңысын аңдап, көп сөйлемейтін кісі екен.

– Өтеке, айтар сөзден жаңыласыз. Ұйытқылы бай шықпайды дедің-ау. Шөмекей Алматтың Самыратына Мыршай апамызды тоқсан нарға қазына артып, бұйдасын жібектен тағып, елу тиын қаракөзді тығырықтан өткізіп ұзатқан екен, Шаңбай деген бай. Байқаңыз, бұл жақайым шығар?! Өзің айтып отырған мақтаулы Тотанның жалғыз баласына келін алғанда, қыз ұзатқан жақтың тіркеуге берген түйесі қотыр екен. Жарты ай бойы келінін келтірмепті, «Түйеме қотыры жұғады» деп. Бай деген адамың сол ғой сенің. Маңдайы жарқыраған батыр шықпайды дедің-ау. Үш рет барып, отыз ұлды Достаның Әлімбеттің құнын ала алмай құр қайтқанда, жақайым Жылқаман барып алып берген жоқ па еді, «Қалмастың қара төбесінде кім қалмас дейсің» деп. Бұл да жақайым шығар?! Көзі ашық әулие шықпайды дедің-ау. Мөңкенің өлерінде жұрт жиналып, «Қайда қоямыз, не істейміз?» дегенде:

– Әлгі бір бала бар ғой, сол келсе, соған айтамын, сол біледі ғой, – дей беріпті.

– Ол кім?

– Сартай дағы.

– Оу, Сартай Орта жүз бен Ұлы жүзде билікте жүр.

– Әй, мен де бірдеңе білермін, далаға шықшы, – десе қос атты парлап жеккен Сартай атам суыт жүріп, қырдан құлап келе жатыр екен. Мөңке әулие соңғы өсиетін біздің Сартайға айтыпты. Әулиеңді де қолымен қойған Сартай ғой. Бұл да жақайым шығар?! Таңдайы жарылған би шықпайды дедің-ау. Достанның үлкен баласы Әйімбет өлгенде, жесіріңді неше рет барып ала алмай, ақыры билігіңді Жетес барып алып берген жоқ па? Бұл да жақайым шығар?! Сонда сөзден тосылып, сасқалақтап қалған Өтәлі, жалма-жан көйлегінің етегімен маңдайының терін сүртіп жатыр екен, уәжден ұтылған соң. «Әй, әке-ай! Асыңды беріп отырып, өзің аман кетпейін дедің ғой. Бұлар атылайын деп тұрған мылтық емес пе? Шүріппесін басып, ақыры атылып қалдың ғой» депті, Әли дейтін кіші баласы.

Берік ЖҮСІПОВ,
фольклортанушы.
argymaq.kz

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.

error: Content is protected !!