Біржан Қосалиев — аударыспақтың «Түйе палуаны»

5051

Аударыспақтан халықаралық турнирдің абсолютті салмақтағы бәсекесі аяқталды. Сегіз мемлекеттің  арасынан Қазақстанның мерейі үстем болды. Ел мерейін үстем еткен Біржан балуан. Түйе балуандар жекпе-жегінде бас жүлдені, алтын белбеуді Біржан Қосалиев жеңіп алды.

 Бас жүлдеден 18 балуанның бәрі де дәмелі. Қалың жанкүйер бес айналымдағы 17 жекпе-жекте ат үстіндегі белдесудің алуан түрін көріп, таңдай қағумен отырды. Әсіресе, алғашқы айналымдағы жекпе-жектерді нағыз алыптардың арпалысы дерсің.  Сайдың тасындай кілең таңдаулы балуандардың осалы жоқ. Бәрі де «келсең-келдің» батыры. Балуандар табан тіресіп тартысқанда бесті аттардың белі қайысып, шөкелеп түсуге шақ қалды.   Белдесу уақыты минутыңыз былай тұрсын, санаулы секундтарда-ақ тәмамдалды.

Жә, көңіліңізде күдік қалдырмай, нақты дәлелмен айталық.  Кеше ғана аса ауыр салмақтың бас жүлдесін алған Біржан Қосалиев 90 келіде күміс жүлдегер атанған моңғолиялық Бақытбек  Ақбиді 8 секундта атынан аудара салды.  Өз кезегінде ауыр салмақтың жеңімпазы Сырым Ізбасаров та 14 секунд ішінде Данияр  Смайыловты жарыс жолынан шығарып тастады. Оңтүстіктің тағы бір оғланы Еркебұлан Егінбаев 10 секундта Жантілеу Ахметовты ерінен жұлып алды. Кіл мықтының айқасы осылай болады екен. Белдесулер көзді ашып-жұмғанша аяқтала берді.

Ал, Алтай Республикасы командасының балуаны Азамат Бақытов пен Мажарстанның мықтысы Чемез Фаркаштың кездесуі жанкүйердің айызын қандырған айқас болды. Бес минут бойы бір-біріне соқыр ұпай бермей алысқан балуандар ақырында қосымша уақытта белбеуден ұстасып және тартысты. Осы сәтте ғана төреші ысқырығы шалынысымен шапшаң қимылдаған мадияр жұлқа тартып Азаматты қапыда қалдырды.

Алғашқы айналымдағы сегіз жекпе-жектің ішінде тағы бір жұртты таңдандырған керемет көрініс  аударыспақтың  атақты балуандары Түймебек Жұмалиев пен Марғұлан Ескендіровтың белдесуінде болды. Шыққан бетте-ақ бір-біріне арыстанша атылған қос мықты ат үстіндегі айқастың алуан тәсіліне салып жатқан.  Бір кезде Марғұлан қиыстай бере Түймебектің белбеуін ту сыртынан бас салып сүйрей тартты. Марғұланның білек күші мен бұлан басты жуан қасқа атының белі сол сәтте түйе сүйресе қайырып құлатардай еді. Түймебектің тастай тақымы соған шыдады-ақ. Еңкейіп ердің қасын ұстамады, жанталаса аттың мойнын құшпады. Сіресіп отырды да қойды. Марғұлан да оң қолмен қапысыз қармаған екен. Жуан қасқаның қапталын қақыратардай және бірер тебінгенде жануар шірене созылып жалғыз аттаған. Бұл екпінге де Түймебек шыдағанымен, ол мінген  жіңішке сирақ жирен төбелдің тілерсегі  шыдамады.  Сәлден соң жирен төбел итше шоңқиды. Ғажабы, Түймебектің тақымы сонда да ерден екі елі ажырар емес. Қарсыласының аты құлағанымен өзі оңай құламасын көз қиығымен аңдап үлгерген Марғұлан тағы тебінді. Бұлан бас тағы сәл жүрді. Осы сәтте шоңқиған жирен төбел шалқалай жығылып, алаң үсті опыр-топырға айналды. «Ана жігіт аттың астында қалды-ау» деп жұрт ду етіп үлгергенше Түймебектің бір бүйірге мысықтай ыршып түскенін көрдік. Жанкүйердің у-шуынан құлақ тұнды.

Үшінші айналымда балуандардың қатары селдіреп шыға келді. Түймебектен соң Мажарстандық  Чемез Фаркашты жарыс жолынан шығарған Марғұланды Біржан балуан 4 секундта ұтып кетті. Жалпы, осы екі күнгі бәсеке барысында байқағанымыз Біржан мен Сырымның қарсыластарын бет қаратпай ұтуға әбден машықтанғаны. Оңтайына келген әдісті қас-қағымда жасайды. Тартысуға келмесе итеріп құлатады. Екеуі де ешкіммен екі минуттан артық алыспады. Сөйтіп, нағыз кәсіпқой аударыспақшы қимылының қандай боларын басқаларға айқын аңғартты.

Ақырында, ақтық сайысқа Біржан мен Сырым шықты. Өткен жылғы Қытайда өткен ІІ Азия чемпионаты көз алдымызда. Сол жолы абсолютті салмақтың жартылай финалында Біржан балуан інісі Сырымға жеңісті белдеспей беріп, мәрттік танытқан. Енді бүгін Сырым да жолынан жығылмай Біржан ағасына бұл жеңісті сыйлай салуы мүмкін ғой. Қос балуанның сырына қанық төрешілер де осыны сезді ме, екеуіне шынайы белдесуді бұйырды.

Сөйтіп, ысқырық шалынған сәтте қос алып шынымен де бір-біріне тұра ұмтылған. Жанкүйер біткен сол сәтте демін ішіне тартты.  Екеуі де ат қапталына жантая бере, белбеуге қол салысып, жұлқыласып-ақ жатыр.  Бірақ, аздан соң қимылдары бәсең тартып сала берді. Бір өңірде өскен, бір мектептің, бір бапкердің тәлімін көрген балуандар қайдан  шындап айқассын. Мұнысы ережеге мойынұсынған спортшылардың төрешілердің бұйрығына бағынғаны ғана екен.  Аз уақытта Сырым тіктеліп отырды. Біржан шірене тартуын тоқтатар емес. Ақырында Сырым сырғып барып аттың жалына мінді. Сөйтіп, Сырым саңлақ Біржандай біртуар балуан  ағасына «ретін тауып» жолын берді.

Аударыспақтан тұңғыш өткен халықаралық турнирдің біз куә болған бәсекесінің соңы осылайша аяқталды. Біржан Қосалиев барлық қарсыласын таза жеңіспен ұтып, халықаралық турнирдің түйе балуаны атанды. Бұған дейін елішілік жарыстың алтынын түтінін үзбестен алты дүркін жеңіп алған, аса ауыр салмақта екі мәрте Азия чемпионы атанып, бір рет Азияның, бір рет Дүниежүзілік көшпелілер ойындарының  абсолютті салмақтағы жеңімпазы болған Біржанның есімі енді халықаралық турнирде де топ жарып, алтын белбеуді иеленген  тұңғыш қазақ ұлы  ретінде ұлттық спорттың тарихына жазылды.  Ат үстіндегі жекпе-жекте айбыныңды асырған Біржандай қайсар ұлыңның жеңісі құтты болсын, жанкүйер!

80 келі 

Бас жүлде — Есімхан Рахматілла (Қазақстан)

Күміс жүлде — Жеңісбек Серікұлы (Моңғолия)

Қола жүлде — Мұқат Қуанышұлы (Қытай)

90 келі

Бас жүлде — Сырым Ізбасаров (Қазақстан)

Күміс жүлде — Бақытбек Ақыби (Моңғолия)

Қола жүлде — Алтымышев Маратбек (Қырғызстан)

90 келіден жоғары

 Бас жүлде — Біржан Қосалиев (Қазақстан)

Күміс жүлде — Серік Үсен (Қытай)

Қола жүлде — Досжан Байыс (Моңғолия)

Төлеген Жәкітайұлы, argymaq.kz

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.

error: Content is protected !!