Нәркен ҚАЛЫБЕКОВ: «Қазанат» деген тұқым жоқ жылқыда

narken-ata

80-нің сеңгіріне шыққан қариямен өзінің өмір жолы, ат баптау өнері, бүгінгі аламан бәйгелердің деңгейі жайлы әңгімелесудің сәті түскен еді. Өмірден көргені де, түйгені де мол қарт бапкер бүгінгі бәйгелер, жүйріктер жайлы өз түйгенін ортаға салды.

Өзі жастайынан атқұмар, жылқы десе ішкен асын жерге қоятын Нәркеннің өмірі 1965 жылдан бастап басқа арнаға бұрылады. Бұрын қойға мінер ат таппай жүрген малшы жігіт, жылқышылыққа ауысады.

«Бір күні қойға мініп жүрген жаман шолағыммен бір қасқыр соғып алудың сәті түсті. Соны алып келгенде бастығым бірден мені жылқыға бар деп үгіттей бастады. Мен келістім. Басында қой мен жылқыны қатар алып жүруіме тура келді. Ат та бар, жеке өзіме берілген машина да бар, екі ортада жүрдім. Бірақ көп ұзамай маған жылқыны ғана жауаптандырды да, мен осы салада 31 жылдан астам уақыт еңбек еттім. 1993 жылы зейнет демалысына шықтым» -дейді өткен шағына көз жіберген қария.

Жылқыны қолға алған соң Нәркен Қалыбеков осы түлікке түбегейлі бет бұрады. Әуелі жер-жерден жақсы, асыл тұқымды жылқыларды іздеп, оны өз ауылында өсіруді қолға алады. Осы мақсатта ол тіпті Мәскеудің Жылқы зауытына дейін барады. Ал Дегерес жылқы зауытына өз кезінде Дінмұхамед Қонаев үш рет ат басын бұрған.

«Екі-үш жыл жылқы бағып, өзімше тәжірибе жинақтаған соң 1968-1972 жылдар аралығында ауылда жылқы зауытын ашуды ойластырдым. Бұрын Дегерес деген жылқы фермасы бар еді. Министрліктегі жігіттермен байланысып, Мәскеудің жылқы зауытымен бірлесіп, ауылда жылқы зауытын аштық. Зауыт ашылған соң біз бірден Мәскеудің қарамағына өттік. Селекция арқылы жылқының 10 тұқымын өсірдік. 2000 жылқы болды. Осы зауытымызға Қонаев үш рет ат басын бұрды. Алғаш рет 1980 жылы келіп, жылқыны көрді. 16 айғырды үйірімен алдынан айдап өттім. Астыма англотеке сарықасқа ат міндім. Қонаев жылқымызға жақсы деген баға берді. Төрімізде қонақ болып, дәм татты. Біз қазақтың салтымен құрметті қонағымызға сарықасқа атты мінгіздік. Жануардың түр тұрпаты бөлек, өзі сұлу еді. Дінмұхамед Ахметұлы рахмет айтып: «Өзімнің мінетін екі атым бар. Бірақ сарықасқа аттай әдемі, сұлу емес» деді. Атты Алматыға апарып бердік. Екінші рет 1981 жылы тағы келіп, жылқыны тағы аралады. Еңбегімізді ерекше атап, маған волга мінгізді. Үшінші рет 1984 жылы келді. Ол жолы ат шаптырып, қарсы алдық. Зауыттағы бір жылы туған 16 құнанды шығарып, қатар-қатар қойып, шабандоз балаларды бірдей киіндіріп атшабардың басында қарсы алдық. Келіп, амандық-саулық сұрағаннан кейін, «Сіздің келу құрметіңізге ат шаптырамыз» дедім. Қалтасын қарап, «алдын ала айтпадындар ма, балаларға сыйлық ала келетін» деп бізге бір қарады. Біз бәрін дайындап қойғанымызды ескерттік. «Ал олай болса, бұл қызықты бірге көрейік» деп жылы шырай танытты. Атты шаптырып жіберіп, бірге тамашаладық. Бәйге көріп, бірінші келген балалардың бетінен сүйіп, жүлде тапсырды.

1993 жылы өзім зейнетке шыққан соң, 1994 жылы зауыт тарады. Басшыларға таратпай алып қалайық деп қанша айтсам да болмады. Техникамыз да, малымыз да толық тұр еді. Бізді тыңдайтын бастық қайда, ақыры сол зауыт тарап кетті» — деп қынжылады ақсақал.

Жоғарыда да айттық, Нәркен ақсақалдың жылқышылықпен емес, атбегілікпен аты шыққанын. Астанада дәстүрге айналған «Алтын тұлпар» аламан бәйгесінде бапкердің сынынан өткен сәйгүліктердің жүлдесіз қалғаны жоқ. Бұл жолға да оны алып келген атқұмарлығы. Және сол кездегі кәріқұлақ қариялар мен атсейістерден үйренгені.

«1965 жылы жылқы бағуды бастағаннан-ақ қолға бір жақсы ат ұстауды әдет қылдым. Жылқы үшін және оны өсіру үшін көп жерді араладым. Қырғызстанның, Ресейдің, өзіміздің елдің мен араламаған жылқы зауыты жоқ десем болады. Министрліктің бұйырығы қолға тиген соң, Жамбылдың Луговойынан барып 80 жылқыны айдап келдім. Соларды жерсіндіріп, үйретіп, жақсы аттарды шығардым. Сол кезде Луговойда бір орыс азаматы бар екен зоотехник, қазақшаға судай ағады. Соны мен Молдаш деген ат бағушы қария бар екен. Сол екі кісіден көп нәрсе үйрендім. Қазір көп жастар өз білмегенін сұрауға намыстанада немесе ұялады. Ал мен өз білмегенімді сұраудан намыстанған емеспін. Соның арқасында атбегі болдым. Және баптаған атым тізгіннен қалған емес. Ол кезде СССР құрамындағы 16 мемлекеттің жылда біреуінде аламан бәйге өтетін еді. Ол кәдімгідей 1,5-2 айға созылған үлкен дүбірлі дода еді. 1976 жылы Ташкентте өтті кезекті бір аламан. Сол аламанда менің атым екінші келді. Бірінші Ресейден келген жүйрік болды. Келесі 77 жылы аламан Қырғызстанда болатын болды. Ресейден келіп ат оздырған жігіттерге айттым, «Келесі жылғы бәйге менікі, мен аламын» деп. Олар мазақ етіп күлді. Сонымен тарқастық» — дейді бапкер.

Расымен Нәркен Қалыбеков айтқан сөзінде тұрды. 1977 жылғы Қырғызстанда өткен аламанда Нәкеңнің қосқан жүйрігі бас бәйгені жеңіп алады. Жарыстың қалай болғаны жайлы қарияның өзі айтты.

«Қасыма үш бәйге баланы, үш жаттықтырушыны ертіп аламанға қосылатын атты қыстай дайындадық. Бәйге дүрілдеп өтеді. Тек бәйге ғана емес, көкпар, қызқуар, шөген қатарлы ұлттық ойындардан да сайыс өтеді. Баратын адам көп. 34 қой, 6 ешкі әкелдік сойысқа. 6 ешкіні көкпардың дайындығына пайдаландық. Бір киіз үйді атшабарға тігіп, бір келінді әкеп ас-су қамдауға дайындадық. Ойынның ашылу салтанаты күні басқа елдерден келген ойыншыларды тас-талқан етіп жеңдік. Қандай ойын болса, соның барлығынан біз ұттық. Біздің команда — бірінші орын, Ресей — екі, қырғыздар – үшінші орын алды. Енді алда аламан бәйге бар. Құдай сәтін салғанда, аламанда да менің қосқан атым бірінші орын болды. Орыстардың аузына құм құйдым» — дейді ақсақал.

Айтқан сертінде тұрып, аламаннан ат оздырған ақсақал орыстарды жер соқтырып кеткен өз құпиясын да айтты.

«Орыстар атты қатты айдамайды біз секілді. Тамақ көп беріп, атты жаратқанның өзінде етін қашырмай, семіз күйінде ұстайды. Менің ұтқан жерім осы болды. Себебі мен атты атам қазақтың ат баптау әдісімен жаратып едім. Үнемі бір қалыпты ұстап, тамағын уақытылы беріп, алысқа шабатындарын, жақынға шабатындарын, ұшқырларды жеке-жеке баптаймын. Сол әдіспен олардың талай атын аяқтан қалдырдым. Әуелі бір атты ерегеске салып, создырып тартамындағы, келесі атты қайта салып, ұтылап отырып орыстардың дәмелі деген атын болдыртамын. Солай командалық топпен қатысып, ат оздырып жүрдім» — дейді қарт бапкер.

Осы жерде халықаралық бәйгелерде орын алып тұратын командалық бәйгенің сырын тарқатты Нәркен ақсақал.

«Бұл халықаралық бәйгелерде немесе облыс аралық аламандарда қолдануға болатын әдіс. Мысалы өзің бәйгеге қосып отырған аттардың ішінде алымдысы, жүйрігі қайсы дегенді жақсы білесің. Сол дәмелі деген атты арттағы топтарға қалдырып қоясың. Әп дегенде жібере салсаң қандай жақсы, талмай шабатын аттың өзінен тер шықпай, тығылып қалады. Сондықтан ауыздықпен демеп, жәйлап терін шығарып, денесін қыздырып, ептеп жіберу керек. Ал ат таза тері алынып, бабына келгенде ақ көбік болып терлемейді. Сонымен артқы топта дәмелі деген атың болады да, алдыңғы топқа ұшқыр, тыз етпе аттарды салып қоясың. Сол кезде алдыңғы топқа шығамын деп таласқан басқа аттар болдырып, шаршап қалғанда, мәреге бір-бір жарым айналым қалғанда артқы топтағы атты жібересің. Командалық шабыстың бір ерекшелігі осы. Бұл әдісті қазіргі уақытта велосипедшілер қолданып жүр» — дейді кәнігі бапкер.

Бапкермен әңгімелесіп отырып, ат баптау туралы сұрамау мүмкін емес. Нәркен ақсақал өзінің ат баптаудағы ерекшелігімен бөлісті. Дегенмен ол кісінің айтарлықтай ерекшелігі жоқ. Бірақ, өзіндік бір ұстанымы бар.

«Бәйге атының жаманы болмайды. Ешкім де шаппайтын атын бәйгеге қоспайды. Тек бабы келмейді. Ал бабын келтірем деген адам аттың тамағын қадағалау керек. Жемін мөлшермен беріп, тұрақты ұстау керек. Бәйге аты да әскерлер немесе спортшылар секілді. Спортшылар үнемі жаттығу үстінде жүреді ғой. Ат та сол секілді. Үнемі жаттығуда болғаны дұрыс. Бірақ жаттығудың жөні осы екен деп, қуа берсе, ол да болмайды. Қанша мықты, жүйрік дегеніңізбен жылқы да жан иесі. Дұрыстап баға білу керек. Жерінің алыс-жақынына орай суыту керек. Қазір әркіммен сөйлессең әр түрлі айтады. Көбі аттың жілігін толтырамыз деп, бордақыға соғым бордақылағандай байлайды. Ал ондай ат денесін босатып жібереді. Бәйге атын мініп жүріп ет алдыру керек. Қатты семіз атты арытамын деп қызылмай қылып жібереді, болмаса аяғынан қалдырады. Аттың денсаулығын бұзады. Атты қалай қалыптастырсаң, солай жетіледі. Жылқыда тіл жоқ демесең, адамнан есті» — дейді бапкер атамыз.

Өзінің бапкерлік әдісімен бөліскен атбегі қазіргі кезде өтіп жүрген бәйгелерге де тоқталды.

«Астанада дәстүрлі түрде өтіп келе жатқан «Алтын тұлпар» аламан бәйгесін 51 шақырымға ұзартқан мен. Алғашқы жылы 43 шақырыммен шапты. Сол кезде мен «Қазір халық жылқыға қарағанды қойды. Қаржы босқа рәсуә болып жатыр. Шет елдерден түрлі тұқымдағы жылқыларды алып келеді. Ол жаққа үйренген жүйрік бізге келгенде жарамай қалады. Себебі табиғаты сай емес. Соның салдарынан қазір бәйге атына допинг пайдалану өршіді. Әр атбегінің қалтасында шприц жүретін болды. Дәрі салудың пайдасынан зияны көп. Бие болса тууына, айғыр болса тұқымсыздыққа әкеп соқтырады» — дегенді айттым. Ел шулады, аттың бәрі қырылады деп. Ешқандай қырылмайды. Ал оның сыртында бәйгеге қатысу үшін жарна төлеу керек болды. Бұл да аламанды ақшаға сатудың бір түрі. Осыдан бірнеше жыл бұрын Қонаевтың 100 жылдығына ат апардық. Қатысу жарнасы 40 мың теңгеден төмені жоқ. Енді ойлаңыз, атты апару үшін бір машина жалдайсыз, балаңыз бар, өзіңіз бар бір машинамен барасыз. Оның сыртында атқа қараған адамның, шабандоздың күнделікті тамағы бар, бұл да шығынға айналды. Ал осыны ескеріп жатқан ешкім жоқ, шет елден ат сатып алған өңшең қалталылар бәсекелестікпен атты бәйгеге қосу бағасын қымбаттатып жіберді» — деп қынжылады бапкер.

Нәркен ақсақалдың реніші бір бұл ғана емес. «Енді бірнеше жылдан кейін елімізде атқа шабатын шабандоз бала қалмай қалуы мүмкін» — деген қария қазақтың аттан алыстап бара жатқанын айтады.

«Енді бірнеше жылдан соң ат мінетін, атқа шабатын бала табылмайды. Қазіргі күннің өзінде атқа шабатын балаға ақшасын төлеп шаптырамыз. Ал осы жылқыны, атбегілікті, бәйгені шаруашылық ретінде ұйымдастырып, баяғы ата-бабамыз секілді жалпыға ортақ игілікке айналдыратын кез жетті. Біз керісінше шет елдерден сатып алып келеміз де, оны осы жердің топырағына жерсіндірместен бәйгеге қосқанымызға мәзбіз. Тіпті кейбіреулердің аттары жерден шөп жұлып жеуді де білмей тұрады. Үнемі ақырда тұрғандықтан. Жылқы жоқ дегенде күніне 5-6 шақырым жер басып, өз аузымен жайылып жүруі керек. Қазіргі бәйге аттары асфальтта өскен қаланың баласы секілді» — дейді қария.

Қария қазіргі кезде берілетін бәйгелерге де көңілі толмайтынын айтады.

«Ақыры бәйгеге қатысу ақылы екен. Ол ақшаны жинап алады. Қанша ат шапса да беретін бәйгесінің саны оннан аспайды. Кей жерлерде үш-ақ атқа бәйге береді. Бірінші атқа – джип, екінші атқа – кір жуатын машина, үшіншісіне – шаңсорғыш береді. Сонда бағанағы жинап алған ақша қайда, қалған аттарға беретін бәйге қайда? Оның сыртында ұзаққа, аламанға шабатын жүйріктерден, жақын қашықтыққа шабатындардың жүлдесі үлкен. Бұл да қазақы жылқының, алысқа шабар қас жүйріктердің терін, соны баптаған бапкердің еңбегін бағаламаудың бір түрі» — дейді қарт бапкер.

Қазіргі уақытта жылқыны асылдандыру мәселесімен түрлі будан жасаушылар көбейді. Осындайда нақты таза қанды жылқы қайсы екенін ажырата алмайтындар көп. Ал Нәркен ақсақал жылқының ішінде ең мықтысы қайсы екенін тап басып айтып берді.

«Жылқының сұлтаны – ағылшын тұқымы. Оның ерекшелігі өкпесі – кең, жүрегі – үлкен болады өзге тұқымдарға қарағанда. Бір олқылығы аяғы нашар. Бір сөзбен айтқанда анадай күшті моторға доңғалақтары сай келмейді. Ал ақалтеке тұқымының аяғы мықты, құмда өскендіктен сирақтары сіңірлі келеді. Адамға өте үйір, тілмаш болады. Сонымен қатар, қазақ тұқымы мен моңғол жылқысы табиғи жаратылыс. Тіпті моңғол жылқысына таға да керек емес. Қысы-жазы тебінде болады. Осының барлығын зерделей келе бір-бірімен будандастыру арқылы мықты жылқы алуға болады. 1949 жылы қазан айында қазақ жылқысының тәуліктік күшін сынау мақсатында Мәскеуден ғалымдар, мамандар келді. Сонда бір тәулікте үш айғыр ең шыдамды болды. Біреуі – Зенит, екіншісі – Гаргун және Сағат деген айғыр еді. Сонда «Қопа» стансасынан Шуға дейін төрт рет барып келді бір күнде сол үш айғыр. Аралық 314 шақырым болатын сонда» — дейді ұзақ жыл жылқымен айналысқан қария.

«Қазақстандағы жылқы зауыттарының не істеп жатқанын ешкім білмейді» деп ренжиді ақсақал.

«Қазір бары Қостанай жылқы зауыты ғана. Оның да бұрынғы жылқысы жоқ. Қазір жаңа тұқым шығарамыз деп жатыр ғой, ал бұрынғысы 5-6 жылқыдан сұрыптап шығарған тұқым болатын. Ол жылқының қанында қазақы да, арабың да, ағылшының да бар еді. Ол кездегі жылқысы өте төзімді болатын. Мен бір айғырын алып, Қырғызстанға кеткен екен, талай жыл малдандым. Оның ерекшелігі алысқа да, жақынға да шаба беретін еді. Ал қазіргі Қостанай жылқысынан сондай мықтыны көре алған жоқпын. Ал жылқы зауытының, Қазақстандағы ең танымал деген зауыттың қазіргі күйі осындай» — дейді қария.

Әңгіме барысында Нәркен ақсақал елдің барлығы «Қазанат» деген тұқым бар екен деп қателесіп жүр» деген уәж айтты.

«Қазанат» деген тұқым емес. Мысалы кейбір қарулы, қармаулы жігіттерді көргенде, «ой, мынау бір сіңірлі, тарамыс жігіт екен» дейміз ғой. «Қазанат» та тура сондай. Шыдамды, сіңірлі жылқы дегенді білдіреді. Оны біліп жатқан ешкім жоқ, барлығы да «Қазанаттың тұқымы», «Қазақтың қазанаты» дейді. Олай емес. Ал Қазақстанда жылқының 100-ден астам тұқымы бар. Жылқыны әу баста қолға үйреткен қазақ. Бірақ қазір қазақтың қолында жылқы аз. Біз мұны көбейтуіміз керек. Үлкен-үлкен зауыт салмасақ та, шағын шаруашылық, ферма жасап, жылқыны өсіре беру керек. Ал мұндай талап, жылқыны өсірейін деген ниет болмаса, аз жылда жылқының етін қойып, өзіне зар болып қаласыңдар!»- дейді көнекөз қария.

Қазіргі мақтан үшін асыл тұқымды жылқыны қораға қамат ұстайтындарға да өз ренішін жеткізді ақсақал.

«Қазір жылқы түрмеде тұр. Өңшең байлар қымбат-қымбат бағаға сатып алады да, не өзі мінбейді, не өзгеге мінгізбейді, тым болмаса бір уақ далаға шығарып жайылтпайды да. Қымызын ішіп, қызығын көріп жатпаған соң ондай жылқы түрмеде тұрған адамнан айырмашылығы бар ма? Ал ақыры қымбат бағаға сатып алған соң, ол аттың, ол жылқының қызығын көріп, тым болмаса бір рет бәйгеге қосу керек қой. Ал біздің байлар керісінше мақтан үшін сатып алады да, ол жылқының жанын түсініп жатқан жоқ, қораға қамап қойып, жем бергендеріне мәз» — деп налиды жылқы десе жаны бөлек жампоз қария.

Erzhan ZhaubayӘңгімелескен Ержан Жаубай, argymaq.kz

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Please Do the Math      
 

Можно использовать следующие HTML-теги и атрибуты: <a href="" title=""> <abbr title=""> <acronym title=""> <b> <blockquote cite=""> <cite> <code> <del datetime=""> <em> <i> <q cite=""> <strike> <strong>