«ШӨГЕН» –  тарихы терең тарлан ойын

7597

Шөген шеттен келген жоқ

Соңғы жылдары шөген деген ойын түрін жиі ести бастадық. Бірте-бірте құлаққа сіңісті болып келе жатқан «Шөген» сөзінің не мағына беретініне тоқталсақ, этнограф-ғалым Қалиолла Ахметжанның дәлелдеуінше түркі халықтарына кеңінен танымал қару түрі «шоқпар» мен «шөген» сөзі тамырлас екен. Екеуінің де түбірі – соқ, соғу деген сөздер. Шөген таяқшасымен соққы жасау және шоқпармен ұру да осы екі сөздің үндестік жағынан жақындығын ғана емес, техникалық жағынан да алыс емес екенін дәлелдеп тұрғандай. Тарихи деректерге сүйенсек бұл ойын парсы еліне «шоған» деген атпен танымал болғандығы және осыдан 2500 жылдай бұрын ойнағандығы белгілі болып отыр.

Сонымен дәлірек айтқанда шөген ойыны кәдімгі ақсүйектер ойнайтын – поло. Алайда біз бүгінде Аргентинада жақсы дамыған деп санайтын поло ойыны біздің бабаларымыздан мұра болып қалған ойын екен. Тіптен Жүсіп Баласағұнның «Құтты білік», Махмуд Қашқаридың «Диуани лұғат ат-түрік» атты еңбектерінде де біздің ата-баларымыздың осы шөген ойынын ойнағандығы туралы айтылады. Мысалы, Жүсіп Баласағұн өзінің атақты дастаны «Құтты бүлік» кітабының елшілердің қандай болуы керектігі туралы баяндалатын тарауында «Елші тілге шебер, шешен, әдепті, зерелі, алғыр болуы керек, әрі шахматты, шөгенді жақсы ойнауы тиіс»- дейді.

Ол туралы осы еңбектерді түркі тілінен қазіргі қазақ тіліне транскрипциялаған этнограф-ғалым Асқар Егеубаев та жазған. Ғалымдарымыздың көне түркі мұраларын зерттеу кезінде анықтағанындай X-XI ғасырлардағы түркі халықтарының ежелгі мұраларында «шөген» ойыны туралы нақты деректер бар. Ал, одан берідегі әрбір қазақтың көңіліне ұялаған «Сұлтан Бейбарыс» фильмінде де аттың үстінде шөген ойнап жүрген адамдарды көресіз. Яғни, шөген ойыны біз ойлап жүргендей Европа ақсүйектері иемденіп жүрген ойын емес, шығысында Ұлы Қытай қорғаны мен батысында Каспий теңізінің аралығын мекен еткен Орталық Азия көшпенділерінен тараған ойын екендігі дәлелденіп жатыр.

Ал, шөген ойыны әлемге қалай таралды дегенге келетін болсақ, оның да тарихы тым тереңде. Сонау 16-ғасырда атақты Әмір-Темірдің ұрпағы Бабыр сұлтан Үндістанды жаулап алғанда, өздерімен бірге барған шөген ойынын осы елге таратады. Ал, онда неге біздің «шөген» деген сөзіміз «поло» деген сөзге айналып кетті десек, Үндістанда «пулу» деген тал өседі екен. Үнділер шөген ойынына қажетті доп пен таяқшаларды осы талдан жасағандықтан жергілікті халық бұл ойын түрін «пулу» деп атап кеткен. 19-ғасырда европалықтар Үндістан жерін отарлай бастағанда, жергілікті адамдардың ат үстінде жүріп таяқшамен ағаш допты қақпақылша қағып ойнағанына қызыққан ағылшын офицерлері де бұл ойынды үйрене бастайды. Сонымен пулу ойыны енді поло деген атпен ағылшындар арқылы бүкіл батыс елдеріне тарайды. Келе-келе арнайы поло клубтары құрылып, әр елдің ақсүйектері шөген ойнауды мәртебе көре бастайды. Соның бір дәлелі – Англия мен Ирландия клубтары 1875 жылы Аргентинада поло ойынын өткізеді. Бұл ойын Америка құрылығындағы алғашқы поло сайысы ретінде тарихта қалды. Осылайша, келесі жылы Австралияда өткен ойын Америкаға да келіп жетеді. Ағылшын офицерлері мен үндінің ірі шәй өндіруші алпауыттары арасында басталған шөген осылайша Америкаға жеткен соң тіптен танымал бола бастағаны сөзсіз.

Қазіргі таңда поло Ұлыбритания, Испания, Франция, Германия, Пәкстан, Үндістан, Біріккен Араб Әмірліктері, Аргентина, Мексика, Бразилия, АҚШ, Австралия сияқты елдерге кеңінен таралған. Бір қызығы полоны көбіне ақсүйектер ойнайды.

Осы елдердің ішінде Аргентинада ғана поло ұлттық спорт түрі ретінде жалпы бұқара арасында ойналады, сонымен қатар Аргентина поло ойынын табыс көзіне айналдырған бірден бір ел. Мұнда дүниежүзімен сауда жасайтын ірі компаниялар мен жеке кәсіпкерлер шөген ойынына мінетін жылқыларды үйретумен, ер-тұрман әзірлеумен және ойын кезінде қолданылатын доптар мен таяқшалар жасап шығарумен, тіптен осы ойынға қызығушылық танытқандарды үйретумен де айналысады. Олар осы шөгеннің арқасында туристер тартуға да машықтанып алған.

Аталған ойын түрінің аргентиналықтарды туыстық жағынан да жақындастыратын қасиеті мол екен. Мысалы, бір отбасы мүшелерінен немесе туысқандардан құралған поло клубтары бұл елде өте көп. Бұл олар үшін тек туысқандық сезімді арттыру көзі ғана емес, табысты далаға жібермеудің де көзі. Жылқы баптау, тері өндіру, командалар үшін ат-әбзелдерінен бастап спортшылар киетін киімдер дайындау, ойыншыларды жаттықтыру және поло ойынына қатысты түрлі іс-шаралар мен жарыстар ұйымдастыру сияқты қыруар жұмыстармен айналысатын компаниялар мен жеке кәсіпкерлер кәсіби ойыншылар мен жаттықтырушыларды да өзге елдерге жіберіп табыс табады.

Осы жерде мынандай бір сұрақ туады – «Ақсүйектердің ойыны ретінде дүние жүзін жаулаған шөген ойыны неге Олимпиада ойындарының бағдарламасында жоқ?». Негізінде бұл ойын ең алғаш Олимпиада бағдарламасына 1900 жылы кіріп, Парижде өткен ІІ Олимпиада ойындарына Франция, Мексика, АҚШ және Ұлыбритания елдерінің командалары қатысыпты. Өкінішке орай одан берідегі Олимпиада ойындарына бір кіргізіліп, бір шығарылып, аяғында бағдарламадан мүлдем түсіп қалған. Мысалы, 1904 жылы АҚШ-тың Сент-Луис қаласында өткен ІІІ Олимпиада ойындарының бағдарламасына шөген спорты кірмей қалады, бірақ 1908 жылы Лондонда өткен ІV Олимпиада ойындарында поло ойыны бағдарламаға қайта кіргізілгенмен, 1912 жылы тағы да кірмей қалады. Осылайша олимпиада бағдарламасына неше рет кірмей қалса да, 1920 жылы өткен Олимпиадада поло ойынының жарысы талайды тамсандырады. Одан кейінгі Олимпиадаларда да шебер ойын өрнегін көрсете білген полошылар1936 жылы Берлинде өткен Олимпиадаға да қатысады. Өкінішке орай осы Олимпиададан кейін Халықаралық Олимпиада комитеті полоны ресми түрде Олимпиада ойындарынан шығарып тастайды.

Бүгінде бұл ойынның Олимпиада тізіміне енуі үшін ат салысып жүрген елдердің бірі – Аргентина. Ол үшін ең бірінші талап – полоның Халықаралық аренадағы беделін көтеру керек. Осы мақсатта 1982 жылы «FIP» Халықаралық поло федерациясы құрылып, оның президенті аргентиналық Маркос Уранга болды.

shogen12

Жаңғырған ойынның жеңімпаз жігіттері

Қазақтардың оң жамбасына келетін шөгенді қазақ жеріне қайтып келген ойын деп атаса да болатын шығар. Қазақстандағы шөген ойынының ең алғашқы таныстырылымы Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған мерейтой қарсаңында өткізілді. Ұлы дала ойындары қатарында өткізілген таныстырылымда «Оңтүстік» және «Әулиеата» шөген командалары шебер ойын өрнегін көрсете білді. Бабалар ойынының туған топырағында қайта жаңғыруына қуана қол соққан елдің ризашылығы шөгеншілердің де рухын көтеріп, мәртебелерін арттыра түсті.

Ен даланың шаңын шығарып көкпар тартқанда аттың белін қайыстыратын білегі темірдей, тақымы тастай қазақ жігіттері үшін шөген ойынын игеру соншалықты жат та емес, қиын да емес. Сондықтан да болар 2012 жылдан бастап Қазақстанда Шөген федерациясы құрылып, жыл санап бұл ойын кеңінен қанат жайып келеді. Кезінде Өмірзақ Шөкеев мырзаның бастамасымен құрылған Шөген федерациясының бүгінде негізгі бағыттары мен міндеттері айқындалып, бұл ойынды Қазақстанда дамытудың басты алғышарттары жасалған болатын. Халықаралық поло федерациясы және Ұлттық поло қауымдастықтарымен достық және іскерлік қарым-қатынас орнату, Халықаралық аренада Қазақстан шөгенінің беделін арттыру, осы ойын түрі бойынша жоғары білікті мамандар дайындау жүйесін құру, әрі іске асыру және оны үнемі жетілдіру, балаларға арналған поло бойынша спорттық секцияларды ұйымдастыруды мақсат еткен Қазақстан Шөген федерациясының бүгінгі міндеттері ұшан-теңіз.

Бүгінде елімізде 6 федерация жұмыс істейді. Ақмола, Алматы, Жамбыл, Қарағанды, Қостанай, Оңтүстік Қазақстан облыстарында құрылған Шөген федерацияларының бүгінгі қол жеткізген жетістіктері де аз емес. 2014 жылдың желтоқсан айында Аргентина астанасы Буэнос-Айрес қаласында өткен Бас Ассамблеяда Қазақстан Шөген федерациясы Халықаралық поло федерациясының толыққанды мүшелігіне қабылданды. Осынша аз уақыттың ішінде мұндай мәртебеге ие болу әрине Қазақстан шөгеншілері үшін үлкен абырой. Федерация басшысы Асылжан Сарыбайұлы Мамытбеков мырзаның қолдауымен жеңіс биігін бағындырып жүрген командалардың жетістігін естігенде жүректі мақтаныш сезімі кернейді.

Қазір бізде шетелге шығып, қазақ жігіттерінің шеберлігін танытып жүрген 2 команда бар: «Astana Polo Club» және «Almaty Polo Club». Алматы клубы 2015 жылы құрылса, Астана клубы 2016 жылы құрылған. Жоғарыда атап кеткеніміздей екі команда да халықаралық жарыстарда шашасына шаң қондырмай жүр. Астаналық шөгеншілер Есжан Құрманбай, Даулет Игенбаев, Елдос Асыл, Құрманбек Тұрғанбек пен алматылық шөгеншілер Қуаныш Мұсабеков, Ербол Мұсабеков, Сәкен Тұрлыбаев, Кемел Мамедов сияқты ат құлағында ойнайтын жігіттерге қарап Доспанбет жырау жырлағандай «екі бұтын алшайтып, арғымақ мінген өкінбес» деген сөздің тегін емес екендігін ұғасыз.

«Astana Polo Club» командасы 2016 жылы Аргентинаның Лухан қаласында өткен халықаралық турнирде 1-орынды иеленсе, 2017 жылы дәл осы қалада өткен сайыста «Almaty Polo Club» командасы да бірінші орынды иеленіп, ең үздік командалардың қатарына қосылды. Сондай-ақ, Аргентинаның «Santa Catalina Summer Cup» және «Torneo Summer Polo Matsh» халықаралық турнирлерінде біздің командалар шетелдік шөгеншілерді басып озып, тағы да бірінші орыннан көрінді. Биыл Қазақстанда өткен «Almaty Snow Polo Club» халықаралық додада да 1-ші орын жерлестерімізге бұйырды. Сонымен қатар биылғы 25-26 мамыр күндері «Astana Polo Club» командасы «Munich Polo Cup 2017» халықаралық турнирінде азуын айға білеген Голландия, Швейцария және Германияның ойыншыларынан оза шауып турнир жеңімпазы атанса, «Almaty Polo Club» командасының да жетістігі олқы болған жоқ. Бұл команда ойыншыларының шаңына Голландия, Германия және Швейцарияның өзі ілесе алмай қалды.

Полоның майын ішкен аргентиналықтарды артқа тастап жүрген қазақ жігіттерінің мұндай жеңістерінің сыры туралы сұрағанымызда Қазақстан Шөген федерациясының вице-президенті Сәрсен Құранбек мырза «Біздің шөгеншілердің ойынына аргентиналықтардың өздері қызығып жүр. Сондықтан да олар біздің командаларды турнирлерге жиі шақырады»-дейді. Қазақтың көкпарында ат ойнатып жүрген жігіттер шөгенге келгенде де қамшы салдырмай кетеді. Әрине ойынның өзіндік ерекшелігі мен техникасы басқа болғанмен, ат құлағында ойнап өскен қазақтар үшін шөгеннің таяқшасын меңгеру онша қиынға соқпайды. Ең бастысы – тақым мықты болу керек»

– Сәрсен Абайұлы, ат спорты болған соң шөгенге де тақымы мықты ойыншылар көптеп қажет болады. Бізде болашақ шөгеншілерді даярлау жұмысы қалай?

– Болашақ шөгеншілерді даярлау көзі – Алматы облысы Талғар ауданының аумағындағы «Ақбұлақ» ат спорты кешенінде орналасқан Балалар шөген академиясы. Бас демеушісі – «Қазмұнайгаз» акционерлік қоғамы. Ат-спорты кешенінде халықаралық турнирлерді, республикалық чемпионаттарды өткізу үшін халықаралық стандарттарға сай арнайы жабық манеж, сондай-ақ, қар үстіндегі шөген үшін арнайы алаң мен үлкен көгал бар.

Осы кешен жанындағы Қазақстан Шөген Федерациясының академиясында 9 бен 16 жас аралығындағы ұл және қыз балалар тегін оқытылады. Оқу барысында балалар атқа мінуді үйренеді және шөген ойынын меңгереді. Оларға халықаралық турнирлердің жеңімпаздары дәріс береді. Академия талаптарын жақсы меңгерген балалар өңірлік, республикалық және халықаралық жарыстарға қатысады. Ал, аталған академияға балалар тарту үшін біз «Ашық есік» күндерін өткізіп тұрамыз. Жалпы қазақ баласының атты жатырқайтыны жоқ. Жылқыға деген сүйіспеншілік қанымен келетіндіктен аттың жалына жабысқан баланың шеберлігімен бірге жігері де шыңдала түседі.Тағы бір тоқталатын мәселе – 2015 жылдан бастап шөген ойынынан ұйымдастырылатын іс-шаралар республикалық бұқаралық спорт күнтізбесіне енді. Соның аясында Федерацияның күшімен Мәскеу, Буэнес-Айрес қалаларында, Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл облыстарында оқу-жаттығу жиындары ұйымдастырылды. Еуропалықтар шөгенді қар үстінде ойнауға да шебер. Өйткені қысы ұзақ елдерде шөгенді жабық кешендерде де ойнайды. 2016 жылдың ақпан айында Тәуелсіз Қазақстан тарихында алғаш рет қар үстіндегі шөгеннен Республикалық турнир ұйымдастырылды.

img_4307

Шөгенді табыс көзіне айналдыруға болады

Әлімсақтан ат үстінде өмір сүрген бабаларымыздың жаны жылқымен бірге жаралғандай. Тіптен сақ сарбаздарының аттан түскенін көрмеген гректер оларды жартылай ат, жартылай адам деп қабылдағаны да аңыз. Осындай халықтың бүгінгі ұрпағы үшін ат спорты күрделі спорт түрі емес. Сондықтан да аргентиналықтар сияқты Қазақстан Республикасы аумағында шөгенді бұқаралық спорт ретінде дамытудың алғышарттары жасалуда. Қазақ ұлтының бай мәдениетін, өркениет үлгісін танытатын ойынның осы түріне бүгінде ерекше мән беріліп, «Көкпар», «Қыз қуу», «Теңге алу» сияқты жігіттің жігіті ғана шыдайтын ұлттық ойындар қатарына қосу қолға алынуда.

Ал, осы бір тарлан ойынды қалай табыс көзіне айналдыруға болады дегенде жоғарыда атап көрсеткеніміздей үлгіні аргентиналықтардан алу керек. Оларда поло ойынының дамығаны соншалықты бір ойынға 20-30 мың жанкүйер жиналады екен. Әрине, аргентиналықтарды ойынға ешкім тегін кіргізбесі анық. Екіншіден, Аргентинадағы 300-ден астам поло клубтар поло-пони деп аталатын ойынға үйретілген аттарды дүние жүзіне сатумен айналысады. Бір аттың құны 25-30 мың евроға бағаланатынын естігенде табыстың осы түрімен қазақтар айналысса еш ұтылмасы анық-ау деген сенім де зор. Үшіншіден бір атқа қажетті құрал-саймандардың құны да арзан емес. Ал, ат-әбзелдерін жасауда қазақ шеберлерінен асқан шеберлер некен-саяқ. Бір сөзбен айтқанда, шөген ойыны тұнып тұрған пайда көзі.

Әрине, жалпы жылқыларды спорттық ойындарға бейімдеу жеңіл жұмыс емес. Сонымен қатар кез-келген атты да ойынға бейімдей алмайсыз. Мысалы, көкпаршылардың айтуынша жан алып-жан берісетін көкпар ойынына белі мықты, шабысқа шыдамды аттар таңдалады. Ойынның сыртынан қарап тұрсаңыз, серкеге қолы жеткен иесінің тақым қағысынан-ақ топтан сытылып шығуға ұмтылатын аттардың ақылына таң қалмасқа болмайды. Қазақ көкпарға мінетін және бәйгеге шабатын тұлпарлардан кенде емес. Ал, мына шөгенге мінетін аттарды басында шетелден сатып алуға тура келді. Шөген федерациясы құрылып, алғаш қызметін бастаған сәтте Англиядан поло ойынына арнайы үйретілген сегіз поло-пони аттарын сатып алынған болатын. Алайда олар, еліміздің климаттық жағдайына бейімделе алған жоқ. 2014 жылы федерация басшысы болып А.Мамытбеков келген соң шетелден ат сатып алу тоқтатылып, керісінше қазақи жылқыларды шөген ойынына баптау қолға алынды. Ең бірінші кезекте федерация Қостанайдағы «Қазақ тұлпары» деп аталатын жылқы зауытынан жергілікті тұқымға жататын 60-қа жуық ат сатып алып, оларды үйрете бастаған болатын. Аттың тілін табатын мамандардың арқасында қазір осы аттар Қазақстан аумағындағы жарыстарға шығып жүр. Шөген ойыны мамандарының айтуынша тұрқы аласа қазақ жылқылары поно-пониге қатысты бекітілген халықаралық стандартқа толық жауап береді екен. Ендеше шөген спортын Қазақстанда дамытуға жан-жақты жағдай бар деген сөз. Тек федерацияның бастамаларын табандылықпен қолдау ғана қажет. Болашақта «патшалардың ойыны, ойынның патшасы» атанған шөгеннің біздің гольфке қаражат салғыш бай-манаптардың да мәртебелі ойынына айналары хақ.

Ұлы дала төсінде «тебінгісін терге шірітіп, терлігін майдай еріткен» ата-бабаларымыздың рухына суарылған шөген ойынының қазақ жерінде қайтадан атағы аспандайтынына деген сенім зор.

huanysh-polo

Қуаныш Мұсабеков – «Almaty Polo Club» командасының капитаны

Аяғы шықпай жатып, атқа отыратын ауыл баласының ат спортына деген сүйіспеншілігі әу баста бәйге мен көкпардан басталатыны белгілі. Жүйрік баптаумен бағы жанған аталары Қуанышты да атқа ерте отырғызыпты. Ердің басына жабысып өскен ол есейе келе тақымы мықты көкпаршыға айналады. Қызық-қуанышының артынан көкпар беруді мәртебе санайтын ауыл қазақтары сері көкпаршыларын да қатты құрметтейді. Жүйрігі мен жігіттері бәйге мен көкпардан жол бермейтін Жетісу жерінде туып-өскен Қуаныш шөгенді де шырқ үйірді. Оның үстіне жас күнінде ат спорты орталығында ат бағушы болып жұмыс істегені де Қуаныштың жылқының тілін түсінуіне көп көмектесті десе де болады. Тумысынан жылқыға жаны жақын жігіт үш жылдан соң осы орталықтың нұсқаушылық қызметіне көтеріледі. Елімізде ең алғаш шөген спорты қолға алынғанда ойыншы таңдаушылардың назары түскен Қуаныш Мұсабеков бүгінде нағыз шебер шөгенші. Ең алғаш Мәскеу қаласында өткен жаттығу кезінде ойынның тактикасын, ережелерін үйренген кезде де Қуанышқа көмекке келген ең алдымен – ат құлағында ойнай алатын қасиеті. Шөген ойынына небір атқұмар жігіттерді тартқан Қуаныштың командасында бауыры Ербол Мұсабеков те бар. Ақсүйектер ойынының арқасында әлемнің біраз елінің топырағын басу бақыты бұйырған жігіттер әрқашан шиыршық атқан бабында жүреді.

«Шөгенді – жігіттердің жігіті ойнайды. Мұнда ойын ережесі өте қатаң сақталады, егер ойыншыны аттан аударып алса, төреші айып санциясын салуға құқылы. Төрт адамнан тұратын екі командаға бөлініп ойнайтын ойынға ойыншылар шеберлік деңгейлерін сақтай отырып іріктеледі. Жеті минутқа созылатын матч арасында үзіліс жарияланады. Оны чаккер дейді. Әрбір чаккер сайын аттарды ауыстырып отырады. Ереже бойынша әр ойын барысында бір ат алаңға екі рет қана шығады»,-дейді Қуаныш Мұсабеков.

gulnarГүлнәр МАҒЗҰМОВА, argymaq.kz

2 comments

  1. Рахат 29 Қыркүйек, 2017 at 22:10 Ответить

    Ата-бабамыз ойнаған, әсіресе киносы арқылы барлығымыз білетіндей Бейбарыс сұлтан ойнаған керемет ойын ғой.

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.

error: Content is protected !!