Қарағандының құрғақ қымызы Гонконгқа экспортталады

saumal

Бие сүтінің құрғақ түрін өндіретін отандық жалғыз өнеркәсіп Қарағанды облысында орналасқан. Ашылғанына 3 жылдан астам уақыт өткен зауыттың өндіріс қуаты жылына 30 тоннаға жетіп, кәсіпорын енді Еуропа мен Азия нарығына шығуды көздеп отыр. Биенің жаңа сауылған сүтінен құрғату (сублимация) әдісімен алынатын «Саумал» өнімі Гонконгта сатылымға шығады.

Бие сүті мен одан жасалатын өнімдердің адам денсаулығына пайдалы екендігі, ал саумалдың ерекше шипалық қасиеті ежелден белгілі. Жаңа сауылған бие сүтінің бір кемшілігі – пайдалы қасиеттерін ұзақ уақыт сақтай алмауы. Саумал сауылғаннан кейін бірнеше сағаттың ішінде құнарсыз болады. Алайда саумалды сублимациялау (құрғату) саласындағы заманауи жетістіктер бұл кемшілікті жоюға тиімді көмектеседі. Бие сүтінің құнарлығын сақтау үшін саумалды құрғақ түрде дайындауды шетелдіктер әлдеқашан қолға алған еді. Қазақстанда құрғақ сүт өнімдерін өндіруді қалыпқа келтіру процестері бұған дейін де жүргізілгеніне қарамастан, сублимацияланған сүт өндіретін зауытты тұрғызу мен іске қосу тұңғыш рет осыдан 3 жыл бұрын ғана жүзеге асырылған.

Әлем бойынша алғашқы болып құрғақ саумал шығаратын немістік өнеркәсіптің негізін қалаушы Рудольф Шторх өткен ғасырда қазақ даласына әскери тұтқын болған уақытында туберкулезге шалдығып, саумалдың шипалы қасиетінің арқасында өлім аузынан қалады. Германияға оралған Рудольф Шторх бие сүті өндірісін қолға алып, оны Еуропаға танытады. Кейіннен істі күйеу баласы Ганс Цольманға табыстайды.

Қазақстанда алғашқы болып құрғақ саумал өнімін шығаруды қолға алған Қыдырбек Мейрамбеков немістердің саумалды құрғақ түрде шығаратындығын естіп, елімізде осындай зауыт ашуға бел буады. Оның ұлы Ғалымжан Мейрамбеков Ганс Цольманмен танысып, Қазақстанда кәсіпорын салуды қолға алады. Осылайша, елімізде алғаш рет тұрғызылған қазақстандық зауыт – неміс зауытының біршама кеңейтілген көшірмесі болып табылады.

«Барлық шаруашылық – орналасатын жерінен бастап жылқылар мен қызметкерлерді үйретуге дейін тікелей Ганс Цольманның бақылауымен жүргізілді. Қазақстандық зауыттағы барлық процестер Цольман мырзаның тікелей қатысуымен, яғни өзінің келуімен немесе бейнебайланыс орнату арқылы жүзеге асырылады. Осыған ұқсас өнімді шығаратын еуропалық өндірушілерге қарағанда біздің зауыттың айтарлықтай басымдығы бар және бұл салада дамудың әлеуеті өте зор. Мұны Қазақстанның географиясы да, климат жағдайы да, азық базасы да, түптің түбінде біздің даламызда өмір сүрген халықтардың барлық тарихы да дәлелдей түседі. Малды қорада бағумен шектелетін еуропалық жылқы зауыттарына қарағанда біздің жылқылар өзіне тән табиғи ортада мекендейді, бұл айқын басымдық және жылқы бағуға әрі бие сүтін өте жоғары сапада алуға зор септігін тигізетінін атап өткіміз келеді», — дейді зауыт директорының орынбасары Ғалымжан Мейрамбеков.

Жоба аясында компанияның үлесіне Қарағанды облысының 25 000 гектар жайлым жері тиесілі. Кәсіпорындағы 1 500-ден аса бие әрбір 2 минут сайын сауылып, тәулігіне 2,5 тонна сүт береді. Бүгінде жоғары сапалы сублимацияланған бие сүтінің бір жылдағы мөлшері 30 тоннаға дейін жетіп отыр. Неміс технологиясын енгізу өндіріс көлемінің жоғары көрсеткішіне жетуге ғана емес, сонымен қатар шығарылатын өнімнің жоғары сапасын бақылауда ұстауға да мүмкіндік береді.

«Саумал» өнімін еліміздің кез келген тұрғыны дәріханалардан, сауда орындарынан сатып ала алады. Ғаламтормен де тапсырыс беруге болады. Жалпы Қазақстан бойынша сатылым өте жақсы. Бір айдан кейін Ресей нарығына шығамыз. Қытай мен Тайванда да сатылып жатыр. Қытайлықтар бізден сатып алып, өз елдерінде сатады. Ал тікелей жеткізу мәселесі әзірге жолға қойылмай отыр. Осы уақытқа дейін Қазақстан Еуропа мен Қытайға бірде-бір сүт өнімін экспортқа шығарған емес. Осыған байланысты біршама қиындықтар туғаны рас. Дегенменде, Гонконг нарығына экспорттауға мүмкіндік туып отыр. Жақында сол жақта көрмеде болып қайттым, олар құрғақ саумал өніміне қызығушылықтарын білдірді. Гонконг қаласында дүкен ашамыз, қазіргі уақытта дайындық жұмыстары жүргізіліп жатыр», — деген зауыт директорының орынбасары Ғалымжан Қыдырбекұлы болашақтағы жоспарларымен бөлісті.

Компания басшысының айтуынша зауыттың ел нарығында жұмыс істеп келе жатқанынан 3 жыл болды. Қазіргі уақытта кәсіпорында 150-ден аса адам жұмыспен қамтылған. Зауытта шетелдік мамандармен қатар ауыл тұрғындары да еңбек етеді. Қалада өскен балаға қарағанда, ауылда қой мен жылқы бағып өскен бала жылқыны бағып-қағуға икемді, қыр-сырын біледі. Сондықтан, олардың еңбегі зор.

Жібек МҰҚАШЕВА, Baq.kz 

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Please Do the Math      
 

Можно использовать следующие HTML-теги и атрибуты: <a href="" title=""> <abbr title=""> <acronym title=""> <b> <blockquote cite=""> <cite> <code> <del datetime=""> <em> <i> <q cite=""> <strike> <strong>