Дархан ҚЫДЫРӘЛІ. Қызға бермес күреңтөбел

5447

Күллі қазаққа әйгілі Қаратаудың барқыт бел, балаусалы бауырын мекен еткен Аязбай деген атамыздың азамат шағында белдеуіне мал атаулыдан жалғыз күреңтөбел ат біткен екен. Сол күреңтөбел Аязбайдың атағын айнала жұртқа жайыпты. Көргеннің көзі сүрініп, көңілі өсердей көркем жаратылған жануар төрт аяғын тең басқан, екпінін бұзбай белді асқан, судай сырғып, құмдай сусып, жұлдыздай аққан жорға екен.

Жалғыз атты жарлының маңдайына біткен бұл баққа әркім қызыға қарайтыны айтпаса да түсінікті ғой. Күреңтөбелдің тізгінін өзі ұстағысы келіп адам жіберіп «құда» түскен бай мырза, сал-серілердің де қарасы көбейіпті. Қалауын тапса қар жанады деген қазақ емес пе, біреуі көп дүниені көлденең тартып, біреуі болыстығына, біреуі туыстығына салып Аязбайды қыспаққа ала түседі. Алғашында «сыпайының сипағаны – сұрағаны» деп қызыға қарап, үзіле үздіккен кейбіреулер енді бір-бірінен қызғанып, «күреңтөбел маған жоқ болса, саған да жоқ болады…» деп Аязбайдың үйінен ашумен аттанысып жататынды шығарған.

«Басыну ғой бұл…» дейтін де үнсіз қалады екен мұндайда атамыз. Үнсіз отырып күрсінетін. Күрсініп отырып күй тартатын. Күреңтөбелге арнап шығарған күйі шығар бәлкім. Бірде жазыққа шыққандай жайқалтып, бірде ойпаңға түскендей тайпалтып, енді бірде дүйім жұрттың алдында жұлдыздай ағып бара жатқанын, артындағы аттың жорғалап ілесе алмай шауып бара жатқанын тартатын… тартып-тартып алып, тағы да күрсінетін.

Шауып бара жатқан Ерғалы байдың аты еді-ау… Қаратаудың қапталын дүбірлеткен ұлы жиын, үлкен бір ас-тойда бәйгеден кейін жорға жарыс салған. Рас, онда ырғала басқан бай, болыс, мейманасы тасқан би мен бектер үшін жүйрігі – абырой да, жорғасы – салтанат еді-ау. Сол жорға жарысқа күреңтөбелін үкілеп Аязбай да барған.

Жорға жарыстың басты шарты – шауып кетпеу ғой, жүз қадамдай шауып кеткен жорғаны жарыстан шығарып тастайды. Бұл жолғы жорға жарыс өзгешерек болыпты.

Арнайы ұйымдастырлды ма, әлде, бәйге – аттың ғана жарысы емес, адамдардың да бәсекесі болған соң ерегесі болмай тұрмайтын секілді ғой, ас үстінде Аязбай мен Ерғалының атқосшысы сөз қағыстырып қалыпты. Атқосшының азу көрсете, тізе батыра айтқан сөзінің ыңғылы Аязбайдың аты Ерғалының атақты кержорғасының алдына түспеуі керек екен… Сонда Аязбай, бір жағы қыңырайып, қыжыртқаны болса керек, «сенің атың шапсын, менің атым жорғаласын, қайсысы алдымен келсе бәйге сонікі болсын, таласпаймын» деген екен.

Әй, сондағы күреңтөбелдің шабысқа бергісіз шапқын жорғасы! Алыс-жуықтан асқа келген жұрттың қаққан таңдай, тамсанған тілімен ел-елді кезіп аңыздай тарап ала жөнеліп еді-ау! Үш айналым бойында тізгінін жібермей, артқы аттардан арқан бойы ғана оздырып жорғалатып келіп, соңғы айналымда азуына басқан ауыздықты бос тастағанда, жануар, күреңтөбелдің төрт аяғы Аязбайдың астында таудан құлаған тасқындай топырлап, алдыңғы екі табаны төсіне тартқан бұқаның мойынтерісін кезек-кезек сартылдата соққылап, жөңкіп, жүйткіп жалғыз ағып барады…

Жолдан шығарып жіберсе дегені ме, немесе қалай болса да алдына ат түсірмейін деді ме екен, шыдамаған Ерғалының атқосшысы шабысқа салыпты. Ертегідегі шалқұйрық секілді алдына арқан кермесе арыны басылмастай ағып бара жатқан күреңтөбел енді жеткізсін бе, шаппақ түгілі ұшса да адырнадан атылған жебеге жету жоқ емес пе!?.

Бәсекелес жорғасы шауып жете алмаған күреңтөбелдің үстінде жұрт алдынан өтіп бара жатып сондағы Аязбайдың шалқая түсіп сегіз қабат үзеңгіні шірегені! Ер болып дүнияға келіп, ел алдында еңсесі енді түспестей көк тіреген керемет бір сәті еді-ау!..

Міне, содан бері жыл айналған. Күреңтөбелді берсе қолынан, бермесе жолынан алғысы келетінін, жөнін білсе жоралғысымен келетінін айтқан бай, мырзалардың сәлемі әлі толастар емес. «Жорға – бардың сәні, жоқтың – малы. Кедейге сәні келіскеннен, малы көбейген артық» деп үйірлі жылқы айдатып жіберіпті Ерғалы бай.

—  Ерғалыға сәлем айт! Жалт еткен жалған дүнияда еркек болып туылып, ел алдында еңсе көтеріп жүрерлік жалғыз серігім еді, тартып алған күні алар, бойымда жаным тұрғанда Күреңтөбелдің шылбырын өз қолыммен ешкімге ұстатпаспын!, — деп қатуланады Аязбай.

—  Осы бір сырты түк, іші боқ қылқұйрық сорымызға бітпесе жарар еді-ау! Берші айналайын, кіміне болса да берші, — деп көзінің жасын сүртіпті сонда Аязбайдың жары жалғыз ұлының жыртық тонын жамап отырып.

Өз жылқысын ұрлап мінгендей жұрт көзінен тасалап әлек болған тағы бір жыл аунаған.

Бір күні елден ауаша жалғыз үй отырған Аязбайдың шаңырағына жас жігіт келіп түседі. Тағы да сәлем ала келіпті. Бірақ бұл жолғы қалауы күреңтөбел емес екен, ішінде Ерғалы бай бар, осы өңірдің би, болыс, ауылнай, атқа мінерлері, кіл шонжар, кілең сыйлы кісілері сиезден келе жатып қонаға Аязбайдың үйіне түспекші екен. Мына жігіт алдын ала сол сәлемді алып келіпті.

Аязбайдың әйелі әрине, шоқ басып алғандай шоршып түседі. Жүзі бір қызарып, бір бозарып «мынау елден қонатын басқа үй таппады ма, ысырып салар сырмақ жоқ, ыдыс толар тамақ жоқ, бұ кісілердің мұнысы не қылғаны?» деп есіктен бір кіріп, бір шығып есі шығады. Не мәнісі болса да әдейілеп істеген іс екені белгілі. Аязбай сәл ойланып отырыпты да, «жарайды» депті. «Қарсы аламын!» деген хабарды алып жас жігіт те аттанып кете барады.

Ертесі ақшамға қарай сән салтанаты жарасқан салиқалы топ қалтылдаған қараша үйге қарай тартып келе жатады. Аязбай аттылардың алдынан баласын шығарып сәлем бергізіп, өзі тізгін ұстап бәйек болады. өздері сиезден шығып буы бұрқырап келе жатқан бай мырзалар сықырлап бір-бірінен соң бірі ырғала басып, ыңырана дем алып үйге кіреді.

Әне-міне дегенше қас қарайып, сыйлы қонақтар бітіккөз білте шамның жарығында бір-біріне сығырая қарап «енді не болар екен?» деп ым қағысып отырғанда иығына сүлгі салып құман көтерген баласы қонақтарға жағалата су құяды. Артынша Аязбай үш бөлек болып қораланып отырған меймандардың алдына астаудан аса төңкерілген үш табақ етті әкеліп, «әумин» дейді.

Бет сыйпалғаннан кейін етке еңкейген қонақтардың қолы тартынақтай береді. Табақтағы еті түйдек-түйдек сіңір екен. Сыпыра жеуге келмейтін қалың сіңірдің арасына саусақ қыдыртып отырған Ерғалы бай басын көтеріп, «жылқы баласы да осынша ұзақ жасайды ә, бұл жануар қайсымызбен жасты болды екен?» деп айналасына қарапты. Сонда төргі табақтан жілік алып жатқан Аязбай ауыр күрсініп, «сондай кәрі емес, биыл оннан он екіге шығатын жылы еді, өзіңіздің кержорғамен түйдей жасты. Айып етпессіздер, жорғаның еті осындай болады екен…» депті.

Отырғандар табақтан бастарын жұлып-жұлып алысады. Күреңтөбел…

Содан кейін бір адам табаққа қол сала алмапты. Үдірейісіп, шегіне беріпті. Ерғалы байдың жалпақ жүзі отқа салған күректей қызарыпты. Қасындағы ақсақал сол жерде бата қайырыпты. Жәй бата емес, жан жүрегін суырып, жанарынан төгілген жас жүзін жуып отырып Жаратқаннан Аязбайға, үрім-бұтақ, ұрпағына жақсылық сұрапты, бақыт, байлық тілепті…

Өздерінің ісіне қатты опынып, ыңғайсызданған қонақтар Аязбайдың үйінен жерге жарық түсе бере аттанып кеткен екен. Ертесі Ерғалы бай Аязбайға үйірлі жылқы айдатыпты…

Шын тілеген бата дарып, бақ қонған Аязбайдың ұрпағы кейін жалпақ жұртқа белгілі бай болыпты. Үйір-үйір жылқы, қора-қора қой, келе-келе түйе, табын-табын сыйыры қаратауды қапталдай өрген кен…

darkhan-khДархан Қыдырәлі, «Қазақ әдебиеті» газеті

Басты сурет Жеңіс Ысқабайдың қорынан

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.

error: Content is protected !!