Берік ЖҮСІПОВ. Күліктің көз жасы

zhylkyshy-bala

Сағымға оранып, әлдеқашан сары бел асып кеткен күндеріне көз жіберсе болды алп-алп бастырып, алшаңдатып арғымақ мінген қазақтың жанарына жас тұнады.

Адамнан зият жылқы жануары туралы сан ғасырларды соңына тастап, сараланып жеткен бейнелі теңеулер аз емес. Әттең, қанатты тұлпарлар туралы жазылған Беленицкий, Толстов, Снесарев, Липец сияқты орыс ғалымдарының еңбектерімен иық тіресетін қабырғалы дүниелердің біздің буын тарапынан жазылмай келе жатқаны өкінішті.

Қыран құсты қанатсыз елестету мүмкін емес. Сол сияқты түркі-монғол халықтарындағы батырлық жырлардың басты кейіпкері – қаһарман батыр бейнесін жауға мінетін жүйрік тұлпарынсыз көз алдымызға көлденең тарта алмайтынымыз да сахаралықтар үшін жазылмаған заң.

Жер жүзіндегі екі жүз елуге тарта жылқы тұқымының елуге жуығын өсірген қазақ – біздің ата-бабаларымыз жүйрік атты бар асылына, арман-аңсарының асқар шыңына теңеп, бауырындағы баласындай өбектеп, алдындағы ағасындай ұлық тұтқан. Өнерді өмірсалт еткен сері көңіл халық жүйрік жылқыға қаншама ән арнады, күй шығарды, жыр жазды десеңізші. Ғафу сияқты арда ақынның жылқыны қазақ даласының екінші есіміне теңеуі, Ахмет ағамыздың ер қанатын сән-салтанаттың, сұлулық пен көркемдіктің идеалына балауы, Сәуірбектің атты ердің тербелген бесігі деуі ел аралаған арда ерлердің сағымға орана бастаған даланы дүбірлеткен шашасына жел жұқпас жүйріктерге деген сағыныш сазы болатын.

Иә, жүйрік ат десе делебесі қозып, қиялы қиянды шарлап кететін нағыз қасқа қазақ бүгін де баршылық. Қанын сорғалатып қанша жазғанда да көзге көрінбейтін, есесіне шиырып айтқан бір ауыз сөзі ғұмырлық азық болатын жазира да жүйрік ат жайындағы тақырып ғой. Қайран жүйріктер, ел қорғаған бағзы ерлерден ажырап, басынан бағы тайып, базары тарқай бастаған замандарда жәудір көздері жасаурап, тілерсектері майысып кеңес колхозының көк арбасының тертесіне жегілді. Ол аз болғандай, кеңестік азық-түлік бағдарламасын іске асыру жолында арамтер боламыз деп талай пысықайлар даланы қан сасытып, етке көмді. Ат болатын жануарды шаң жұттырып қара қойдың соңына салды. Жүйрік атқа жасалған қиянат – ұлттық рухқа жасалған қастандық екенін ол күнде біреу білсе, біреу білмеген де болар…

Еуразия кеңістігіндегі түркі-монғол эпостарында ер қанаты – жүйрік ат пен халық қамқоры болған баһадүр-батыр тең дәрежелі, бастас тұлғалар ретінде тел суреттеледі. Көне эпос кейіпкерлері – бас қаһарманның аты өзімен бірге тізе біріктіріп жүріп ерлік жасайды. Бір ғажабы, эпосты жасап, халық санасын қалыптастырушы жыршы-жыраулар бұл мәселеге ерекше назар аударып, айырықша көңіл бөлді. Өйткені, жүйрік ат – батырдың жебеушісі, жол бастаушысы, досы әрі ақылшысы. Қанатты тұлпарының айтқанына құлақ аспаудың ақыры эпоста батырды сансыз сәтсіздіктерге ұрындырып отырады. Содан да болар, қаһармандық эпостарымыздағы батырдың жауға мінетін атының бейнесі көпқабатты және сан қырлы.

Якут-саха халқының әйгілі «Олонхо» жырында батырды байтал-Құдайдың баласы деп те суреттейтін мотивтер кездеседі. Мұндай мотив башқұрттардың «Бұзаншы батыр» жырында да сол қалпы ұшырасатындығы еріксіз таңқалдырады. Көптеген эпостарда арғымақ-құлын мен бала-батыр жас күнінен бірге өседі. Мысалы, қырғыз эпосында Алмамбет пен Сарыала, Алтай халқының «Маадай Қара» эпосында Көгудей мерген төрт құлақты биеден туған құлынмен бірге өсіп, кейін мергеннің жауға мінетін атына айналады. «Көрұғлы» жырының көптеген нұсқаларында түркімендердің Көрұғлы батыры да Ғират атпен бір енені тел емеді делінеді.

Сойылған аттың жалы, сүйегі мен терісі де табиғат-анамен тілдесіп, көшпенді өмірсалт тізгінін ұстанған халықтардың нақты культтерінен берік орын алған. Мұндай культтік және мифологиялық жұрнақтар эпостарда да тамаша бейнеленген. Якут халқында жүйрік аттың құйрығын бақсы алқа-қотан зікір кезінде пайдаланады екен. Біздің қазақта қасиетті қара қобызға ең жүйрік деген жылқының құйрығынан ішек тағатын рәсім-жоралғы болған. Бұл да батыр-бақсының ілкідегі тұтас тұлға кезінен қалған атрибуттар екені байқалады.

Түркі-монғол халықтары эпосының архаикалық сипатын қанықтыра түсетін басты элементтердің және бірі – батырдың астына мінген атының кәдуілгі адамша сөйлеуі. Ғалым Р. С. Липец аттың сөйлеуі – жауының өзіне жомарт жүректі көшпенділердің идеалды әскери ар заңына қатысты туған мотив дегенді айтады. Мұндай жағдайларда батырдың аты өз иесіне соғыс жүргізудің дәстүрлі заңдылықтарын аттамауды қатаң ескертіп отырады. Қазақ эпостарында Ер Тарғын мен Сайын батырлар астына мінген аты түгілі, қарына ілген қару-жарағымен де сырласады. Қалмақтың «Жаңғар» эпосында ат бала батырды әскери ұрыс тәсіліне баулиды, соның арқасында батыр жеңіске жетіп отырады. Түркі-монғол эпостарында батыр да жүйрік атына адамнан зият: «аға», «анда» деп құрмет көрсетіп, көтермелей сөйлейді.

Түркі-монғол халықтарындағы эпостық шығармаларда жүйрік ат пен батырдың бейнесі барынша қанық бояумен, жан-жақты, толық әрі мінсіз суреттеледі. Әсіресе, эпос сюжеті өрби келе, жүйрік аттың жүрісіне келгенде батырдың атының тап өзі сияқты көз алдыңда адам танымастай болып құлпырады. Жүйрік аттың жүрісіндегі әрбір детальдар суреттелгенде орындаушы-жыршы қиялының жемісі арқылы қаһарлы боранға, найзағайдың жарқылына, аққан жұлдыз бен жанған оттың сәулесіне, таудан құлаған тасқынға, атылған оққа теңеледі. Бұл бейнелердің барлығы да эпосты тыңдап отырған тыңдаушының қиял әлемін қияларға сүйрейтін, саналарына елдік пен ерліктің қанына суарылған сансыз сурет салып, аңсарларын ата-бабаларының байтағына аударатын отқа оранған өр рухты оятып, адам санасында намысын арға жаныған ассоциациялар тудырмақ.

Қазақ поэзиясының арғы-бергі тарихында, оның қалыптасуы мен даму барысында Өлең деп аталатын ерекше әлемнің қол жеткізген биік белдері мен шырқау шыңдарының ішінде «Қобыланды батыр» қаһармандық эпосындағы Тайбурыл аттың бейнесіндей кемел образ өте сирек екеніне ешкімнің де шүбәсі бола қоймас. Тайбурыл образы – бұл ұлттық рухтың ауыз әдебиеті, халық поэзиясындағы қоладан құйылған ен-таңбалы ескерткіші. Мұндай эстетикалық талғам, эпитет-теңеудің түркі-монғол эпостарында ағыл-тегіл кездесуі некен-саяқ. Тайбурыл бейнесі – жүйрік ат бейнесін сомдауда қазақ поэзиясындағы өзіне дейінгі үлгі-жобаның озығы, өзінен кейінгі барша баянның бағдаршамы болды. Аршындап шапқан аттың желдей гулеп тау менен тасты көрмеуі, табаны жерге тимей, көлденең жатқан көк тасты тұлпар тұяғының саз балшықтай илеуі сияқты оралымдар ұлт бойындағы ұлы рух пен отансүйгіштік сезімді оятудың тегершігі мен кілті деуге болады.

Туғалы күн көрсетпей Құртқа сұлу алты жыл баққан Тайбурыл тұлпар түнектен шыққанда түлкідей көзі жайнайды, қазандай болып қайнайды, көлденең жатқан көк тасты сулығым деп шайнайды. Ауыздықпен алысып қыз Құртқаны көкке алып екі ұшады… Осы бір қайталанбас айшықты, айырық бейнелерде байтақ даланың сән-салтанаты, қазақ секілді ер халықтың бар болмыс-бітімі, ұлттық қасиеттері мен асыл рухы сақталған.

Түркі-монғол эпосының берік қағидасының бірі – батырдың астына мінген атына деген шексіз құрметінде. Мұнда ұлттық тәрбие мен таным, тазалық пен тектің негізгі пастулаты салынып, болашақ ұрпақтың санасына өршіл рух тәрбиесінің алғашқы дәні егіледі. Батыр өзінің жан серік тұлпары мен жауға мінетін атын ешқашан жасқамайды, ұрмайды, қайта оның қамқорын шегумен болады. Жау жайлаған жапан-түзде жалғыз қалмауы үшін де батыр жан серік атын сақтауы тиіс. «Қазақтың қаһармандық эпосы «Қобыланды батыр» жырында асығыс, суыт келе жатқан батырдың қамшысы сауырына қатты тигенде Тайбурылдың тілі алғаш рет сонда шықпаушы ма еді. Эпос бас қаһарман батырды бес қаруын асынған, мұздай қаруланған деп әспеттесе, батырдың жан серігі – жүйрік тұлпардың алтынмен апталған, күміспен күптелген ат-әбзелге малшынған бейнесіне де тұғырды ерекше биіктен береді.

Эпоста жауға мінетін батырдың аты мен батырдың өз тағдыры тұтас суреттеледі. Демек, батырдың бейнесі мен аттың бейнесі көзге көрінбейтін мәңгілік тін арқылы маталған деуге болады. Эпоста батырдың өзі жаумен алысып жатқанда батыр мінген аттың жау жылқыларын жер жастандырып жүретіні де сондықтан. Олай болса, жүйрік аттың тағдыры – қаһарман батырдың тағдыры, батырдың тағдыры – халықтың тағдыры! Мұны аспандағы Ай мен Жұлдыздай мәңгілік тұтас өрілген егіз енші, бір-бірінен балталаса да ажырамайтын қасиеттер жиынтығы деп қарастырған абзал. Түркі-монғол халықтарының қаһармандық эпосы батыр мен оның жан серігі – жүйрік атының тұлғасына байланысты айтылатын әрбір сөзді адам санасына сіңіру жолында мүмкін болған жеріне дейін жеткізіп, қырлап, ойып айтқандықтан батыр-бақсы, батыр-елшінің халық қамын жеп, түн жорытқан барша жорық сапарлары мен оның өмір жолында тұлпар аттың бейнесі қанық суреттеліп отырады.

Біздің рух деп жүргеніміз – жан! Ал, жан дегеніміз – өлімнен пәк, әрі тыс, мәңгі жасай беретін ерекше ару дүние. Рухтың әлсіреуі немесе бұйығы күйге түсуі мүмкін. Бірақ рухтың ешқашан да азып-тозғандықтан мүлдем жоғалып кетуі немесе тарих табанында таптанды болып қалуы мүмкін емес. Жүйрік ат – қазақтың жаны! Дүрбелең тарихтың талайында тақымы терлік пен тоқымнан кеуіп, үзеңгіден бір сәт босап көрмеген қазақ-сейістің дүние дидарынан өткен соң да мәңгі жасай беретін өлмес жаны осы – жүйрік ат!

Ел арасында төрт тұяғын тең басқан жүйріктігімен төрткүл дүниені таңқалдырған Абсент туралы аңыз-әңгіме көп. Сол атағы даңды күлік ақтық демі бітіп, фәни дүниенің дидарынан озарында ұзақ күндер бойы азаланып, бота көздері жасаурап, жылап жатыпты деген сөз қалған. Желден жүйрік жануар, бүтін бір ұлттың асқақ рухына, асыл қасиеті мен иман-арына баланған сәйгүліктердің болашақ тағдырларына алаңдап жылады ма екен?! Әлде…

Berik ZH.Берік ЖҮСІПОВ, фольклортанушы

argymaq.kz

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Please Do the Math      
 

Можно использовать следующие HTML-теги и атрибуты: <a href="" title=""> <abbr title=""> <acronym title=""> <b> <blockquote cite=""> <cite> <code> <del datetime=""> <em> <i> <q cite=""> <strike> <strong>