Бернард ФАЙЕ: Қазақстанда жылқы — ет жеу, қымыз ішу, бәйге ұйымдастыру деңгейінде ғана

7252

Қазақстандық шаруаларды кә­сіп­ке оқыту және үйрету ісімен шұ­­ғыл­данатын «Атамекен» ұлт­тық кәсіпкерлер палатасының Бі­ліктілік орталығы шетелдік са­рапшыларды шақыра отырып, кә­сіпкерлік субьектілердің жұ­мы­сын тереңдей талдау, жетістігі мен кемшілігін анықтап, нақтылай ке­ңестер беру ісімен де айналыса бас­тады. Жуықта осы орталықтың шақыруымен келіп, елімізде жұ­мыс істеп жүрген француз сарап­шы­сы Бернард ФАЙЕМЕН әңгі­ме­­лесудің сәті түскен еді.

– Бернард мырза, сіз Қазақстанда нақты қандай мәселемен шұғылданып жүрсіз?

– Мен жалпы түйе және жылқы ша­руашылықтарын дамыту ісімен шұ­ғылданамын. Осы бағыт бойынша әле­м­нің бірқатар елдерінде жұмыс іс­те­­­дім. Дәл қазір Қазақстанда жылқы ш­а­­­руа­шылығын дамыту мәселесімен ай­налысу­дамын.

– Сіз Қазақстанмен, мұндағы жыл­қы шаруашылығының жағдайымен жә­не оны жүргізудің әдіс-тәсілдерімен, өзін­дік ерекшеліктерімен жақсы таныссыз ба?

– Таныспын деп айтуыма болады. Өйткені мен Қазақстанмен 19 жыл бойы тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеп келемін. Былайша айтқанда, жиі келіп-кетіп жүремін.

– Осы уақыт аралығында Қазақ­стан­дағы жылқы шаруа­шылығынан қан­дай өзгерістерді байқадыңыз?

– Мен ең алғаш мұнда 1998 жылы келдім. Сол кезде тек жылқы шаруа­шы­лығының ғана емес, жалпы ауыл ша­руа­шылығының жағдайы өте нашар еді. 2000 жылдардың басында жағдай біршама жақсара түскенімен көптеген фермерлердің жылқы өсіруден бас тартқандығын көрдім. Қазір енді бұл салада жағдай біршама оңала бастаған секілді. Өйткені жылқы өсіретін ірі шаруашылықтар да пайда бола бастапты. Дегенмен жылқы өсірумен әлі де жеке үй шаруашылықтары мен ұсақ фермерлер шұғылдануда. Менің ойымша, ұсағы да, ірісі де қатар өмір сүруге тиісті. Өйткені ірі ша­руа­шылыққа жағдай туғызу қажет бол­са, ұсақ шаруашылықтар кез келген жағдайда өмір сүре алады. Сондықтан шаруашылықтарды ірілендіреміз деп ұсақтарының ісіне тежеу салмаған жөн. Даму эволюциялық жолмен жүруі тиіс. Тағы бір байқағаным, бұрынғыға қарағанда жылқы өнімдерінің сан а­лу­андығы да арта түскен. Мәселен, бір қымыздың өзінің бірнеше түрін кез­дестіруге болады. Міне, осы жылқы өнім­дерін түрлендіруге әркез мән беріп оты­ру керек. Нарықтың өзі осыны талап ете­ді. Өнімдер әртүрлілігі арқылы өтімді бола түседі.

– Ал біздің жылқы бағу әдіс-тәсіл­де­ріміз туралы не айтасыз? Қандай кемшіліктерді байқадыңыз?

– Бұл өте қиын сұрақ екен. Өйткені мыңдаған жыл бойы жылқы бағып келе жатқан қазақтарға мен бұл жайында қандай ақыл айта аламын?! Айтарым тек шаруашылық жүргізу тәсілдерін интенсивтендіру жайында болмақ. Мәселен, жылқының күтімін жақсарту үшін оларды қатаң қыста ұстайтын жылы қоралар салып, ондағы жұмыстарды, сондай-ақ бие саууды механикаландырса, жылқыны азықтандыру мәселесін жақсартса жөн болады демекпін. Әрине, жылқы тұқымын асылдандыру ісімен шұғылдану қажет.  Кеңес өкіметі кезінде жоғарыдағы мәселелермен арнайы ғылыми-зерттеу инс­титуттары, ұжымшар, кеңшарлар нақ­тылы шұғылданған. Мал басының есептілігі күшті болған. Сондықтан Қазақстанда жылқы шаруашылығының да­муы басқа елдерден көш ілгері жағ­дайда болды. Енді меншіктің алуан түрлі формасын сақтай отырып, осы жағ­дайға қайта қол жеткізу керек.

– Қазақ та, француз да жылқы етін жейді. Осы мәселеде екі елде айырма бар ма?

– Әр қазақ әр французға қарағанда, жылқы етін он есе көп жейді дер едім. Содан кейін тағы бір айырма – француздар жылқы етін стейк түрінде жейді. Оны асханаларда шыж-быж еткізіп, тез дайындай салуға болады. Ал қазақтар ұлттық тағам болған соң оны барынша баптап әзірлейді. Мәселен, қазы айналдырудың өзі үлкен еңбек қой.  Тағы бір айырма, қазақтар жылқы етін шикізат күйінде алып тұтынса, фран­цуздар оны жартылай дайын өнім күй­інде алады. Қазақтың бір артықшылығы, жылқы етінің барлық мүшесін те­гіс тұтынады. Сондықтан одан қалдық қалмайды. Францияға жылқы еті Латын Аме­рикасы елдерінен және Моңғолиядан әке­лінеді. Әрине, бұл француздар жыл­қы өсірмейді деген сөз емес. Біз өзіміз өсір­ген тірі малды Италияға сатамыз. Бұл – біздің рыногымыздың өзіндік бір ерек­шелігі.

– Жылқы өнімдерін іске жарату мә­селесінде қандай ақыл-кеңес берген болар едіңіз?

– Бұл мәселеде ойланатын жайттар бар. Бүкіл әлемде жылқы өсірумен шұғылданатын елдер тым аз. Санасақ он саусаққа да жетпейді. Міне, осы аздың бірі – Қазақстан. Менің ойымша, қазақтар осы істі атакәсіптеріне балағанымен қазіргі нарық жағдайында оның игілігін дұрыстап көре алмай келеді. Неге? Себебі ет жеу, қымыз ішу, жылқыны көлік ретінде пайдалану және бәйге ұйымдастыру деңгейінде ға­на қалып отыр. Ал бұлардың барлығы ата­м­за­маннан бері келе жатқан дүниелер ғой. Неге қазіргі технологияларды пай­далана отырып жылқы өнімдерінің өтім­ді­лігін арттыру, ол үшін оның пайдалану ая­сын кеңейту мәселесін тереңнен ой­лас­тырмасқа? Мәселен, косметика өндірісінің кө­шбасшысы болып табылатын фран­цуз­­­дың «L’ORÉAL» компания­сы бие сү­тін пайдалана отырып, одан не­ше­ түрлі косметикалық өнімдер шыға­ра­ды және оларды өте қымбат бағаға сата­ды. Табатын пайдасы шаш-етек­тен. Сондай-ақ, Франция мен Гер­ма­нияның бие сауатын фирмалары да өз беттерімен косметикалық өнімдер шы­ға­рады. Ендеше, осындай істі неге жыл­қыға бай ел Қазақстанның өзінде ұйымдас­тыр­масқа?! Тіпті алысқа бармай-ақ, бие сү­тін кептіру технологиясын меңгеріп, оны ваннаға қолдануға да болады. Бие сүті – ана сүтіне ең жақын сүт­тердің бірі. Демек, нәрестелерге бері­ле­тін тағамдар әзірлеуге де бие сүтін қол­дануға болады. Қысқасы, жылқы өнімдерінің қолдану аясын кеңейту ісін ойластырғанда осындай қаперге алатын мәселелер көп-ақ. Тек бұл мәселеде қазақстандық кәсіпкерлердің ілкімділігі мен іскерлігі жетіспей тұрған секілді.

– Әңгімеңізге рахмет. 

Sungat A.Сұңғат ӘЛІПБАЙ, «Егемен Қазақстан» 

Сурет: atameken.kz

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.

error: Content is protected !!