Бір суреттің сыры

5010

Болат Омарәлиев өзінің Қы­зыл­ордасында жатып-ақ бір сирек фотоны жалт еткізіп көр­сете қояды. Сосын суреттің тақы­ры­бын да өзі қоя қояды. Бұл фо­то­ны «Қойшының бәйгеден келген аты» депті. Электронды пош­тамен лып етіп келе қалған суретке қарап отырып, көкіректе тол­қынысты сәт лықси жөнелді.

Дәурен-ай!  Бүкіл бала-шағасымен қуаны­шы қойнына сыймаған қойшының бейнеттен көзі бір ашылмаған басқа өмірі де суреттің артынан сығалап тұрғандай бола бергені…

bolat-omaraliev

Фотограф Болат Омарәлиев

Сонымен бұл суреттің сыры қан­дай?

– Байырғыда Қызылорда об­лысы Сырдария ауданы қой­шыларының жайылымдары Жез­қазған өңіріндегі Ұлытауға, одан кейін Оңтүстік Қазақстан об­лысының Созақ аудандарымен шектесіп жатушы еді. Сырдария ауданы Сарысудағы мал жайылымынан ерте көктемде жайлауға шығып, қойды төлдетіп, күзге қарай семіртіп, қыстауға Сырға қайта құлайды. Осы үрдіс 1960 жылдан бастап 1990 жылдарға дейін жалғасты. Сол заманда мамыр айының аяғына таман қой төлдеп болғасын, екі күн қатарынан шопандар тойы өтеді. Малшылар да осы кезде бір сергіп қалушы еді.  Құда келгендей қызықты ду­ман­ның алғашқы күні озат шопандар марапатталады. Екінші күні ат бәйгесі болады. Ол кезде шопандар тойынан басқа жерде ат бәйгесі өтпейтін. Мен де сол 1970 жылдан 1980 жылға дейін фотокамераларымды арқалап, шопандардың тойларына аттанамын. Газет тапсырмасымен осындай бәйгенің талайы­на қатыстым. 1975 жылғы аламан бәй­геге Шымкент, Тараз жақтан не­бір жүйрік аттар қосылды. 40-50 ша­қырым шапқан аламан бәйгеде ан­да-санда қойға мініп жүрген қойшының аты бірінші келіп, күт­пеген қуаныштан халық дабырлап кетті. Дүрмектің дүбірінен той­дың аспаны жерге айналып түс­кендей болды ғой. Аламан бәй­геге жылқының жүйрігі ғана шыдас береді.  Әкелерінің аты басқалардан оза шауып, мәреге келе жат­қан­да шопанның он баласы он жақтан жүгіріп жетіп, жылап құшақтасқанын көргенде жұрт толқып кетті. Бұл өңірде бұрын болмаған оқиға болды. Небір атбегілер баптаған, кіл таза қан­ды жүйріктер далада қа­лып, қойшының аты озып кел­гені елге де қатты әсер етті. Ол кезде бас бәйгеге кілем, самаурын сияқты тұрмыстық заттар бері­летін. Қазіргідей бас бәйгеге берілетін «джип» түгілі, арба да жоқ. Шопанның жүлдеге алған самаурынын бір жеңгесі қалап алып кетті. Кілемді басқа жеңгесі қалап алмақшы болып жатыр еді, қойшының әйелі ойбайлап бермеді, – дейді осы сәтке куә бол­ған фототілші.

«Суретті үлкейтіп қараңызшы. Қойшының атының құлағының ұшында тілік бар, бәйгеге бапталатын жылқылардың құлағы тілінбейді. Бір атбегілер осы фотоны көріп, нағыз қойға мінетін ат қой, қалай болғаны?» деп қатты таң қалды дейді суреттің авторы.

Басты суреттегі сол Болат Омарәлиевтің түсірген бәйге аты.

ainash-esaliАйнаш ЕСАЛИ, «Егемен Қазақстан»

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.

error: Content is protected !!