Әділбек ЫБЫРАЙЫМҰЛЫ. Тұрманына тұлпардың телміремін

5511

Сал күреңнің тұрманы

Сал күреңнің тұрманы төрге ілінген,
Белгі беріп тұратын өр күнімнен.
Анда-санда тер сіңген ат әбзелін,
Бір иіскеп-ақ,
Шаршасам сергідім мен.

Мөлт-мөлт етіп көзіме жас келеді,
Сағыныштың таусылмас әсте легі.
«Шаншар қасқа», «Ақкекіл», «Бозжорғалар»,
Жіберетін көтеріп пәсте мені.

Пай-пай шіркін күліктер құлын мүсін,
Екпініңмен тапап ем зұлым мысын.
Талай-талай шапқанмын…
Бір бәйгеге,
Шаптырмай-ақ кетем бе ұлымды шын?

Тұрманына тұлпардың телміремін,
Пырақтардың тәңірім бер біреуін.
Өзім ерттеп берер ем сайлап бәрін,
Ұлым шықса жетелеп тел күреңін.

Қоздырады қазақы ер делебемді,
Жылқы мінез, тарпаң жан көне ме енді?
Шырт-шырт сынған қымызды сапыра алмай,
Бос қаңқайтып қоям ба тегенемді?

Ер-тұрманы тым жетім сәйгүліктің,
Төрде ілініп қаншама бәйгі күттің.
Тақымыма бір тимей,
Сауран сойы,
Ортасында кетем бе қайғы, үміттің?

Аттың буы

Жерге тиіп бауыры көсілгенде,
Арынынан танарсың есіңнен де.
Аттың буы – кетерсің айбаттанып,
Жұрттың мысын басасың сесіңмен де.

«Жатып алып» жануар жайқалады,
Жорғасына жаның бір жай табады.
Төрт аяғың тең басар аман тұрса,
Көздің құртын алармыз пай-пай әлі.

Тізгініңді сүзесің ессізденіп,
Аршындайсың, боз жорға, көзсізденіп.
Қаңтар айы, алдыңда қою мұнар.
Көріне сап қалыңға тез сіңбелік.

Шұлғып тастап, ілгері екпіндедің,
Танауыңнан атқиды көкшіл демің.
Емшек таға басады қарш-қарш мұзды.
Тауын шақтың екпіндеп тепсінгеннің.

Қырау шалған жоныңды, алқымыңды,
Түзің – шерлі, ақ боз ат, шалқы мұңлы.
Ақ далада әппақ боп ағызасың.
Алты-ақ аттап өтесің алты қырды.

Әбзелдерің тұрқыңды айбынды еткен,
Көңілімді көтерші әй, бір кепкен.
Айналайын жалыңнан қасиетті,
Жүруші еді сейілмей қайғым көптен.

Құйысқаның күмбезді, шатыралы…
Біздің алда қанша бел жатыр әлі.
Кезеңдерге кідірмей көсілте бер,
Бірін ассақ, бір биік шақырады.

Жолымызда көп еді төбе неткен,
Өмілдірік кеудеңді кереді еппен.
Асау арын апарар «құс жолына»,
Табысармыз сол жақта кереметпен.

Үйрек бас ер күптелген күміспенен,
Ғажап-ақ тым, белгісіз кім істеген?
Үзеңгісі бедерлі, зерленіпті,
Көмкерілген тоқымы пүлішпенен.

Жүген қандай, тамақта шашағы бар,
Тақым жазып ұзаймын баса құмар.
Төрт аяғың тайпалған, күлігім-ай,
Тұяқтарың тынымсыз шашады қар.

Ұрымталда естілсе жанай суыл,
Тұтқиылдан саған сын – қалай шығу.
Одан бетер басарсың…
Жарасымды-ақ,
Шылбырың бар оралған талай сұлу.

…Әлем де әппақ, ат та әппақ, аспан да әппақ,
Жолым әппақ көрінді басқанда аттап.
Ақ боз атқа мінген бір әулиемін,
Шындап қонсаң, бақ-дәулет, аспандап бақ.

Жорға

Сүмбідей көк ат күмістей жалы желбіреп,
Тізгінді сүзіп, көсіліп салды демде үдеп.
Үзіліп түсті жалт етіп өткен сынаптай,
Шашасын жуып, моншақтай тамшы мөлдіреп.

Шұлғыды келіп, ұлпадай кекіл үлбіреп,
Тамсана қалды көз тігіп мына күллі лек.
Төгіліп барад (ы), ғаламат жорға күй болып,
Болаттай тұяқ аяусыз жерді түйгілеп.

Қашаған

Шығаннан шығып, жеткізбей не бір саңлаққа,
Ілінбей кетті-ау…
Қашаған екен, қармаққа.
Соңынан салған қос жігіт лағып,
Қуғыншы,
Жете алмай қалды, шаң жұтып сона-а-ау аулақта.

Асау

Шыңғырып барып, шапшыды көкке шошына,
Тулады келіп,
– Зақорын қара, осына!
Сыртынан біздер сүйсініп тұрмыз асауға,
Көз тартып барад, «құлындай екен пошымы, ә-ә…»

Жүйрік

Қиқу да қиқу…
Соңынан дауыс естілді,
Үзіліп шыққан тұлпарың сонда кеш білді.
Өресін салып, бауырын жазды кеңінен,
Болаттай тұяқ аңырап келіп, төске ұрды.

Қазақи

Ұзағынан сілтейді сілтегенде,
Тұра алмайды құйқылжып күн төбеде.
Қазақиым – қазақтың қолтумасы,
Ойнамады зорлықпен кім төбеңде?

Қуғын-сүргін аздырды ұрпағыңды,
Мен білемін әлі де шырқарыңды.
Қолдың кірін емген кіл, сипап тұрмын,
Алтын жалды, апайтөс тұлпарымды.

…Жылқы зауыт бұл күнде көбейген-ді,
Ондағылар өз қағын елей ме енді?
Таза қанды ағылшын, шотлан ба?..
Қазақилар соғым боп көмейге енді.

Әкем бірақ келіспей оларменен:
– Қасқыр қудым: жетпедім, сонарда мен.
Бір кезеңнен аса алмас «асылыңның»,
Керегі жоқ. Әй, достым, доғар! – деген.

Ақалтеке болдырды адыр аспай,
Күздің күні-ақ жүдеді қар ұласпай.
Аты мықты болмаса бұрындары,
Дүниеге ешқашан жарымас бай.

Қазақилар көрсетер бар өнерін,
Олар үшін ет болу – арам өлім.
…Сондықтан да «форма» іздеп жатпаймын мен,
Ала салам қазақтың қара өлеңін.

***

Ақ дала.
Баран атты андыздаған,
Барады бөрі қашып, шалғызбаған.
Күлікпен жирен қасқа құйғытамын,
Алдына бір де жылқы салғызбаған.

Оппаны жануарым елең етпей,
Даланы тұйяғымен төбелеп дөй.
Соңына түйдек-түйдек қар шашады,
Танаудан бу атқиды ебелектей.

Зытады бөрі түзде тас сағалап,
Араны жақындатып тастаған ат.
Әлде арлан бойын сала қашпайды ма,
Соңында қуғыншыны жасқа балап.

Қаракер ат

Қаракер ат астымда жайтаңдаған,
Нөпір халық сұқ қадап, «пай-пайлаған».
Делебемді қоздыртты дақбырт, мадақ,
Жазық болып көрінді қайқаң маған.

Жолдар қалды соңымда шиырланған,
Астым талай асудан, қиырлардан.
Тежемедім тізгінді, қоя бердім,
Көкейіме қиядан құйылды арман.

Көңіл өсті, өзім де шаттанғанмын,
Кенет, келіп жабысты қапталдан мұң.
Ермен қоса топ еттім қара жерге,
Мерт болмадым, жазымнан шақ қалғанмын.

Кісінеді қаракер кесек үнмен,
Атып тұрдым шыдамай төсегімнен!
…Түстің өзі осынша қобалжытты,
Сақтағайсың, о, Тәңір, кеселіңнен.

***

Салдыртып сандал керді сабыламын,
Шарқ ұрам жамалса егер жаныма мұң.
Кезбе бір планета секілденіп,
Кездейсоқ кедергіге шағыламын.

Құрысын бұла сезім құлыптанған,
Бұл әлем – қара ертінді тұнып қалған.
Әкелші сандал керді әбзелімен,
Түк шықпас байлай беріп, суытқаннан.

Көз салып қайтайыншы маңға мынау,
Түскенін жаратпаймын жанға қылау.
Ғарыштың кемесі екен, пырақ емес,
Мінетін ауыстырып алдағы лау.

Тимеші бұдан былай шамға, жаным,
Ат еді, темір емес таңдағаным.
Көрмей-ақ Ай ажарын қояйыншы,
Алмаңдар, шаужайынан шал-бабаның.

Желі

Таң сәріден байланды бие бүгін,
Желі деген әуелден киелі ұғым.
Құраулайды әлдекім биебаудан,
Жұмыр жонын құлынның сүйеді күн.

Ақ ордалар, ішінде текті кілең,
Дабыра көп, қонақ, үй шеткі, білем.
Сыртқа шықты біреулер…
Құлақ тұнды,
Шұрқырасқан жылқының көптігінен.

Желі басы қым-қуыт, қарбаласқан,
Жылқы қуып тер болды арда қасқам.
Дүлей күштен қыл арқан керіледі.
Күміс құйрық асау көп қарғыласқан.

Желі аралап қара шал тамсанады:
– Жүйрік екен мынауың – жанса бағы.
Дүлдүл ғой, – деп, біреуін нұсқап жатты,
Қарамады «жабы» деп қаншаманы.

Шынға айналса,
Абыздың жорамалы,
Күліктер де, жорға да оралады.
…Кісінейді кеудемде құлын-жырлар,
Белгісіздеу тұлпар-жыр бола алары.

***

Тор биеден туды құлын қасқа боп,
Ойнақтады, көңіліме тастады от.
Тым ұзамай желіге әкеп байлады,
Шыңғырады – тым жабайы – жасқап ек.

Тай болғанда бұғау салып, ерттедік,
Қиқар екен – тулады кеп, «өрт» дедік.
Тай жарыста алдыменен келді озып,
Ал біз болсақ, домбыра да шертпедік.

Құнан шықты: белді аттарға дес бермес,
Қапы қалып көрген емес көкпарда еш.
Біздер өстік, тоқтықтан ба, кім білсін?
Бос белбеулеу, ештеңені ескермес.

Қасқа дөнен елге атағы жайылған,
Бәйгені алып келесің сен тайыңнан.
Мен баяғы сол қалпымын, сол қалпы,
Сүйрете алмас құрықты да қайыңнан.

Бесті ат бүгін бет қаратпас шапқанда,
Шаңын қапты сан дүлдүлің қапталда.
Ал мына біз отызды да орадық,
Осалдаумыз, босаңдаумыз аттан да.

adilbek-ybyraymӘділбек Ыбырайымұлы, argymaq.kz

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.

error: Content is protected !!