«100 жаңа есім» қатарындағы жылқы жанашыры

11180

Ауылшаруашылығы экономиканың өзегі десек артық айтпаспыз. Бүгінде  осы ауылшаруашылығында атакәсіпті дамытып жүрген азаматтардың арасында – әйгілі Нәбидолла Ақанұлының орны ерекше. «100 жаңа есім» жобасы аясында сіздерді Қазақ жылқысын әлемге танытқан азаматпен таныс етеміз.
Көрнекті ғалым, профессор Нәбидолла  Ақанұлы Кикебаев өзінің сүйікті ісі, мамандығы, кәсібі бойынша ғылыми атақ-дәрежелердің бәрін алып, қазақ ауыл шаруашылық ғылымын дамытуға ұзақ жылдар бойы үздіксіз атсалысып келеді. Осыншама мол, игілікті еңбек қандай адамға болсын зор мәртебе саналары анық. Мұның үстіне ғалымның ғылыми-зерттеу институтындағы ғалымдығы, ғылыми-ұйымдастырушылық, ғылыми мамандар даярлау, басқару саласындағы қызметтерін қоссақ, еңбегінің сан қырлы екеніне көз жетеді. Ғалымның шығармашылық өсу, жетілу жолының зандылықтары арнаулы зерттеулер жазуға лайық.

kikebaev

Біз білетін Нәбидолла Ақанұлы – жылқы шаруашылығына жан дүниесімен берілген майталман маман, нағыз шебер, ауыл шаруашылық ғылымының «жылқы шаруашылығы» деген саласының бейнеті мен зейнетін қатар көріп келе жатқан көрнекті тұлға.

Орталық Азия, оның ішінде қазақ даласы – жылқының отаны, оған дәлел жүздеген мың жылқы сүйектері табылған энеолит дәуіріндегі – Ботай қонысы. Ботайлықтар – әлемдегі алғашқы жылқышылар, жылқыны қолға үйреткендер. Демек, XXI ғасырда егеменді ел атанғанда мемлекетіміздің басты шаруашылығы – жылқы өсіру, халқымыздың сүйіп ішетін сусыны – қымыз, ұлттық идеямыздың негізі – тұлпар болуға тиіс.

Осыдан 6 мың жылдай уақыт бұрын кіндігі қазақ жері болып саналатын, арғы тегі тарпаңдар мен керқұлаңдардан тараған қораш жылқылардан бүгінде көпке әйгілі қылқұйрық тұқымдары: ақалтекелер, араб жылқылары, арғымақтар, қазанаттар, ағылшынның таза қанды сәйгүліктері, мініс, жегіс аттары, ірі жүк жылқылары іріктеліп, сұрыпталып шықты.

Мамандар Сарыарқа жылқыларын орталық-қазақ жылқысы деп атап, Ақмола мен Торғай облыстарында, Қарқаралы мен Шыңғыстау аймағында тарағанын, бойының биіктігі 133,5 см, арқасы қысқа, қабырғалары жалпақ, омырауының кеңдігі қалыпты, сауыры салыстырмалы түрде қысқа екенін, қазақ жылқысының негізгі аборигенді өкілі екені тарихтан белгілі.

Ұмытылып құрып кеткен Сарыарқа тұқымдарының біріне 1902 жылдары мамандар назарына ілінген қазақи «сібір» понилерін – қазақтардың өздері домбай деп атайтын жылқыларды жатқызуға болады. Домбайлардың түрлері ерекше көз тартатын. Мәселен, зерттеу еңбектерде олардың ақшулан денелеріндегі қара дарақтар мен домалақ денелері сүйкімді көрінетіні көрсетілді.

1990 жылға дейін қазақ жылқысы не Одақтық реестрге, не дүниежүзілік жылқы тұқымдары тізіміне ресми тіркелмегені анықталды.

Бұған себеп болған Нәбидолла Ақанұлының жаңа шыққан «Сарыарқа» зауыттық түрі Мәскеуде тіркеуден өткізілуі керек еді. Алайда оны тіркеу тұрмақ, қазақтың ежелден келе жатқан жылқысының өзі еш жерде тіркелмегені анықталады. Бұл мәселе табанды еңбектің арқасында 1990 жылғы 28 желтоқсанында орындалады, яғни сол жылы №238 бұйрық бойынша қазақ жылқы тұқымы бар екені, оны шығарған қазақ халқы екені жазылады, сол арқылы «Сарыарқа» тұқымы дүниежүзінің жылқы тұқымдарының тізіміне енгізіледі.

Көп жылғы ғылыми-зерттеулердің нәтижелері негізінде 1998 жылы жаңа қазақтың мұғалжар жылқы тұқымы дүниеге келді. Етті-сүтті, жыл он екі ай жайылымда жүріп тебіндеп, өте жоғары өнім беретін дүниежүзінде баламасы жоқ жылқы тұқымы екендігін басқа елдерге Нәбидолла Ақанұлы танытты.

Еліміз бойынша жылқыны арнайы бағып-қағып, тұқымын асылдандырып өсіру 1888 жылдары Қостанайда зауыттық атқора ашылған кезден басталады. Қазақстанда шығарылған Қостанай тұқымы салт-жегінді болып 1951 жылдың 22 наурызында И.В. Сталин қолымен КСРО Министрлер Кеңесі қаулысы арқылы бекітілген еді. Бұл атқораның үздіксіз жұмыс істеп келе жатқанына биыл 127 жыл болды.

Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев Қостанай облысындағы осы жылқы зауытының жұпыны жағдайын өз көзімен көрді. Оның еліміздегі жылқы шаруашылығын жетілдірудегі маңызын ерекше бағалап, соның арқасында 2000 жылдың 10 қаңтарында Үкіметтің №37 қаулысымен «Қазақ тұлпары» РМҚМ жаңа мекеме дүниеге келді. 2001 жылы осы мекемеге басшы болып, өмір бойы жылқыны зерттеп, әсіресе Қостанай жылқысының қадір-қасиетін жетік білетін Нәбидолла Кикебаев тағайындалады.

Нәбидолла Ақанұлы қазақ жылқысын зерттеуге арналған ғылыми диссертациясын  еліміз бойынша бірінші болып Бүкілодақтық жылқы зерттеу институтында (Рязань қаласында) өте жоғары деңгейде қорғайды. Диссертациялық жұмыс мән-мазмұны жағынан да, ғылыми нәтижелері жағынан да өте терең еді. Ол зерттеу жүргізу барысында әр бұлшық еттің (400-дей), әр сүйектің құлын кезінен бастап, 3 жасқа дейінгі динамикасын анықтап, қазақ жылқысының өсу заңдылықтарын ашады.

Еліміздің көптеген жылқы шаруашылықтары бүгінгі таңда дүниежүзінің жылқы өсіретін елдерінен бапталып дайындалған аттарды бағасына қарамай, жыл сайын мыңдап әкеп бәйгелерге қосып жүр. Ал «Қазақ тұлпары» асыл тұқымды жылқы зауыты, негізінен, қазақстандық тұқымды өсіріп жетілдірумен айналысып келеді. Осы шаруашылық өсіретін Қостанай жылқылары ғана шетелдік асыл тұқымды жылқылармен бәсекелесе алады. Бұған дәлел ретінде 2004-2014 жылдар аралығында «Қазақ тұлпары» командасы таза қанды импортты жылқылармен қатал бәсекелестік жағдайларында 369 жүлделі орынға ие болғанын айтуға болады. Сол жүлделі орындардың 147-сі бірінші орын, 125-сі екінші орын және 87-сі үшінші орын. Олардың 19-на автокөлік берілді.

«Тайбурыл – 2004» мамандандырылған жылқы көрмесіне 11 түрлі тұқымның жылқыларынан 70 жылқы қатысып, «Қазақ тұлпары» жылқы зауытының Бота (Аргон-Бандуристка) атты биесі «Абсолюттік чемпион» деген атаққа ие болып, Бас жүлденің иегері атанды.

Мұндай жетістікке жету гендік қордың сақталуы мен тектілікті қадағалау арқасында болып отыр. Қазақстанда ашылған айғыр шәуетін сақтайтын биотехнологиялық жалғыз зертхана да «Қазақ тұлпарының» иелігінде, сонымен бірге тектілікті анықтайтын ДНК генетикалық зертханасы да осында. «Қазақ тұлпарында» қазақы мініс жаңа тұқымын шығару мақсатында 2003-2010 жылдары туылған 50 бас көлемінде төлдер іріктелініп алынды. Іріктеу талабы таза қандылығы, жұмысқа қабілеттілігі, үйлесімді дене бітімі және ата-тегі бойынша жүргізілді. «Қазақ тұлпары» жаңа тұқымын шығару кестесі селекциялық тұқым қуалауы бойынша үш тұқымның (қостанай, таза қанды мініс, араб)  бойынша қосылу жолымен жүргізілді. Жаңа тұқым алу – өсу көрсеткіштері, жүйріктігі және пайдалы шаруашылық белгілеріне байланысты таңдалды.

Бүгінгі күні «Қазақ тұлпары» жылқы зауытында қазақ-мініс жылқысы деп  аталатын жаңа арнайы спорттық жылқы тұқымын шығару үшін және мініс-жегілетін жылқы тұқымын сақтау үшін жағдайлар жасалынған: мініс-жегілетін және Қостанай жылқы тұқымын асылдандырумен айналысатын зауыттың ғылыми-иппологиялық ұжымы нәтижелі жұмыс жүргізуде, зауытта тұқым асылдандыруға қажетті бағалы таза қанды мініс (батыс-еуропалық селекция) жылқылары, араб тұқымды айғырлар бар және зауыт қазіргі заманға сай иммуногенетикалық, биотехнологиялық зертханалармен толықтай жабдықталған. Бұл зертханалар табысты ғылыми нәтижелерге қол жеткізуде.

Осындай  ауыз толтырып айтуға болатындай құнды нәтижелерге жетудің бірден-бір себепкері  – Нәбидолла Ақанұлы. Ол өзінің арнайы маманданған кәсібіне нәсіптің көзі ретінде ғана қарамай, өзінің өмірлік мақсат-мүддесі ретінде Қазақстан ауыл шаруашылығын, оның ішінде жылқы шаруашылығын дамытып өркендету үшін аянбай еңбек етіп, тер төкті. Ауыл шаруашылығы ғылымының қара шаңырағы – К. Мыңбаев атындағы Ғылыми-зерттеу мал шаруашылығы институтының аға буын ғалымдарының тәрбиесін көріп, ғылымның тезінен өтіп, солардай болуға талпынып шыңдалды. Нәтижесінде өзі де атақ-абыройға ие болды, қазақстандық жылқы шаруашылығын дамытуға сүбелі үлес қосты. Демек, отандық жылқы шаруашылығының өзіндік жетістіктері мол десек, соның бірталайы Кикебаев Нәбидолла Ақанұлының еңбегінің арқасында болды деп сеніммен айта аламыз.

Өмір қажеттілігі туғызған мәселелердің ғылыми тұғырнамасын, заңдылығын іздеп, көкейтесті мәселелерін шешуде де өзі сүрлеу салған ғалым-жылқышы  бүгінгі таңда өзінің 60 жылдық мерейтойын атап өткелі отыр. Осындай ерекше қадір-қасиеті жоғары тұлғаны бағалау керек.Нәкең ірі ғалым болумен қатар кісілігі зор, адамгершілігі мол, азаматтық тұғыры берік жан. Ол – жарға адал жан болумен қатар, ұрпақ тәрбиелеуде де көпке өнеге боларлық қадірлі әке.

Ойымызды түйіндей келе айтарымыз, ғалым-ұстаз ағамыздың бір қанаты – жас ұрпаққа білім мен тәлім-тәрбие беру болса, екіншісі – ғылыми зерттеулері арқылы көрінетін маңызды еңбегі деп білеміз. Бұл оның туа біткен кісілік болмысының арқауы. Осындай білім-ғылым ісіндегі, әсіресе ұлттық білімі саласындағы іргелі ізденісі, осы бағыттағы еңбектері оның ғалымдық қырын айқындаумен қатар, кісілік болмысын да биіктете түседі.

Қалай болғанда да қажымай-талмай жеткен Нәбидолла Ақанұлының қалыпты жұмыс ырғағы – оның келешекте де ғылыми ізденісі мен әдеби шығармашылығы жоғары деңгейде болатынын анық байқатады. Өз тарапымыздан Қазақ тұлпарының жанашыры «100 жаңа есім» жобасына әбден лайық деп білеміз.

Естеріңізде болса, жақында ғана Argymaq.kz порталы Нәбидолла Кикебаев ағамыздан сұқбат алған болатын.

Дерек көзі: 365info.kz

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.

error: Content is protected !!