Айдын ЖӘКЕЖАНОВ: Қазақстандық шөген аттарына еуропалықтар қызығушылық танытып отыр

6640

Ұлттық ат спорты түрлерінің қатарында тарихы әріден басталса да, кенжелеп дамып келе жатқан ойындардың бірі – шөген ойыны. Елімізде Шөген федерациясы құрылғалы да санаулы ғана жыл болды. Дегенмен бүгінгі таңда бұл ойын түріне қызығушылық танытатындардың саны көп.

Осы орайда еліміздегі шөген ойынының жай-күйі, қазіргі таңдағы дамуы, шөген аттарын баптау, шөген ойыншысына қойылатын талаптар туралы Астана шөген клубының атқарушы директоры Айдын Жәкежановпен әңгімелескен едік. Соны назарларыңызға ұсынуды жөн көрдік.

— Шөген ойынының ерекшелігі не?

— Қазір барлығымыз шөген ойынын ата-бабамыздан қалған ойындардың бірі дегенді көп айтамыз. Бұл рас та. Өйткені Халықаралық шөген федерациясының өзі бұл ойынның тарихы туралы «Шығысы – ұлы Қытай қорғаны мен батысы – Каспий теңізі аралығында мекен еткен көшпенділер ойнаған ойын» — деп жазады. Мұнан бөлек, өзіміздің де көптеген ғалымдарымыз бұл ойынның тарихын зерттеген. Біз оның барлығын қозғамай-ақ қояйық, тек шөген ойынын не үшін ойнайтынына тоқталсақ.

polo

Иә, қарап отырсаңыз бұл да өзге спорт түрі сияқты жігітті жауынгерлік өнерге баулудан бастау алады. Мысалы, жамбы ату – мергендікке, көкпар мен теңге ілу – ептілікке, аударыспақ – қоянқолтық ұрыс пен күштілікке тәрбиелесе, шөген ойыны – ат үстіндегі семсерлесу немесе қылыштасу өнеріне баулиды. Олай дейтініміз, шөген ойыны кезінде таяқты сермеу төрт түрлі қимылдан тұрады. Екеуі аттың мінер жағынан алдыға-артқа соғылса, екеуі аттың қамшылар жағынан алға-артқа соғылады. Осы таяқты соғатын кезде ойыншы өз атын, не қарсыласының атын жарақаттап алмауы керек. Және ат үстінде қанжарды немесе қылышты (таяқ) шебер сілтей білуі керек. Себебі ат үстінде қылыш сермеу мен шөген ойынының таяқшасын сермеудің қимылы бірдей.

Оның сыртында шөген ойынын ойнау мен бассейнге шомылу кезіндегі қимыл-қозғалыс бірдей, екеуінде де адамның барлық бұлшықеттері қозғалысқа түседі. Сонымен қатар аттың дене температурасы да адам ағзасына оң әсерін тигізеді. Яғни, адам денсаулығына өте пайдалы деуге болады.

Демек ата-бабаларымыз шөгенді жетік меңгерген жігіттен жаугершілік заманда мықты қылышкер шығатынын білген. Ал осы өнердің, осы ойынның неге ұмыт болып кеткенін айтпасақ та түсінікті. Қазақтың қолынан қаруын, астынан атын тартып алған соң, шөгенді кім қызықтап ойнасын? Дегенмен еліміз тәуелсіздігін алған соң, қайта оралған құндылықтарымызбен бірге шөген ойыны да ортамызға қайта оралды. 2012 жылы федерация болып құрылды. Өмірзақ Шөкеев басқарды, сосын Асылжан Мамытбеков федерация президенті болып отыр.

— Жақсы, жалпы мәліметтер алдық. Енді осыны тарқата түссек. Мысалы шөгеннің аттары өзге аттарға ұқсамайды. Оның бағым-күтімі де, баптап-жаратуы да өзгеше. Сіздер шөген аттарын қайдан аласыздар?

— 2014 жылға дейін жылқыны шетелден, Англиядан, Еуропадан әкелген. Ол жылқылар жергілікті жердің жағдайына бейімделе алмай, көбі өліп қалды. Бірнешеуі аяқтан қалды. Қомақты қаржыға әкелінген аттардың пайдасын көрмеген кездер болды. Онымен қоса ойын да айтарлықтай дамып кеткен жоқ.

polo1

2014 жылдан бастап федерацияда жұмыс жанданды. Жаңадан тұжырымдама жасалып, жаңа жоспармен іске кірістік. «Көрпеңе қарай көсіл» дегендей, өз мүмкіндіктерімізді ескере отырып, осы спорт түріне өз еліміздің аттарын алып, үйретіп көрсек қалай болар екен деген ойға келіп, басында мал базарларынан жылқыларды қарап көрдік.

— Осы жерде шөген атына қойылатын басты талапқа тоқтала кетіңізші?

— Шөгендегі басты талаптардың бірі – жылқының бойы биік болмауы керек. Басы жұмсақ болуы керек. Яғни, басы елпек, қалай бұрсаңыз да лезде бұрылуы керек, тартқан кезде дереу тоқтап, шапқанда ұшқыр, қозғалғанда жылдам болуы керек.

polo2

Біз негізінде базардан осындай жылқыларды іздедік. Өте сирек кездеседі мұндай аттар. Жәрмеңкелерден сатып алдық бірнешеуін. Кейіннен еліміздегі жылқы зауыттарынан барып көрдік. Қазақстан шөген федерациясының вице-президенті Сәрсен Абайұлы Қостанайдағы «Қазақ тұлпары» жылқы зауытына барып, сөйлесіп көрді. Және аттардың да бірнешеуін сынақтан өткізген едік, біздің талаптарға сай келеді екен. Әрине, үйретуді талап ететіні белгілі нәрсе ғой.

polo9

Содан бастап біз шөген аттарын Қостанайдан ала бастадық. 1,5 жасар кезінен алып келіп үйреттік. Негізінен құнанынан бастап шөген ойынына үйрете бастаймыз. Қазір шөген спортындағы аттардың 80 пайыздайы сол «Қазақ тұлпарының» тумалары. Бұл зауыттың аттары осы шөген ойынына өте жақсы бейімделеді.

— Шөген аттарын баптаудың өз ерекшеліктері бар шығар?

— Мен өзім бәйге аттарын қалай баптайтынын білмеймін. Бірақ шөген аттарын баптаудың да өз ерекшелігі бар. Мысалы бәйге аттарын баптағанда уақытымен тамақ беріп, уақытымен шапқызып, суытады ғой. Шөген аттарын баптау да тура сондай. Тек бір айырмашылығы – бәйгеде ат тіке шабады, ең қиын дегенде шеңбермен шабады. Ал шөгенде ат шауып келе жатып оңға немесе солға бұрылады, кілт тоқтайды. Бір сөзбен айтқанда шөген добы қалай ұшса солай бағытталуы керек. Бұл деген сөз атты баптаумен бірге допқа үйрету керек деген сөз. Сонымен бірге, басқа ат спорты түрлері төзімділікке, күшке көбірек қатысты болса, шөген аттары жылдамдық пен елпектік, шапшаң бұрылыстар мен кілт тоқтауға үйренуі керек.

polo3

Мысалы, жаңа айтқанымыздай, ат пен ойыншы бірін-бірі сезіну керек деп. Ал шөген ойынында аттың сезім жүйесі толықтай жалында деп саналады. Сондықтан да шөген атының жүгенінде төрт тізгін болады. Сол төрт тізгінді бір қолыңызбен ұстайсыз да, екінші қолыңызға шөген таяқшасын аласыз. Ойын барысында атты сіз бір қолмен ғана басқаруыңыз керек. Кейбір жақсы үйренген аттар иесінің тақымымен бұрылып, тақымымен жұмыс істейді. Негізі шөген аты осылай болуы керек. Бұл – ат пен адамның бірін-бірі айтқызбай түсінісетінін көрсетеді. Екінші бір аттар болады, шөген добы қалай ұшса, солай қарай бейімделетін. Бұл да ұзақ жаттығудың нәтижесінде келетін жетістік. Негізі шөген ойынында ойыншыдан гөрі ат көбірек ойнайды. Яғни аттар доптың соңынан қуалайды.

— Ал ойыншыларға қандай талап қойылады?

— Бірінші талап – атқа еркін мініп, ерде мығым отыра білуі керек. Қалғанының барлығын біз өз методикамыз арқылы ойыншыға үйретеміз. Дегенмен басқа ойыншыға, басқа аттарға зақым келтірмеуі керек. Ойын тәртібіне бағыну, ойын кезінде арнайы киім кию т.б. талаптары бар.

— Шөген ойыны біздің ата-бабамыздан қалған ойын десек те, Еуропада жақсы дамыған ғой. Қазақстандық аттарға, яғни «Қазақ тұлпары» зауытының аттарына сырт елдердің берген бағасы қандай?

— Өте жоғары деуге болады. Осы жылдың басында Алматыда «Қар үстіндегі шөгеннен» халықаралық турнир өткен болатын. Сол турнирге Швейцариядан, Германиядан, Аргентинадан командалар келіп қатысқан еді. Сол құрамдағы ойыншылар мен бапкерлер біздің аттарға қатты қызықты. Біздің аттардың жылдамдығы, ойын кезіндегі өз-өзін ұстауы оларды таңырқатты. Ал оларға ең басты ұнағаны – аттың бағасы болды. Тіпті олар болашақта бізден шөген аттарын сатып алуға ниетті екендерін айтты.

— Қазақстандық шөген шеберлері шетелдерде өтетін турнирлерге барып қатысып тұратын болар?

— Иә, басында бізді менсінбегенін жасырудың қажеті жоқ. Қазіргі таңда Астана мен Алматыдағы шөген клубтары бірнеше халықаралық турнирге қатысып, солардың жеңімпазы болып үлгерді. Мысалы, Аргентинада өткен 4, Мюнхенде өткен 2, Лондонда, Дубайда өткен халықаралық турнирлерге қатысты.

polo4

Бүгінгі таңда әлемдегі шөген жанкүйерлері, осы спортты жақсы көретін жандар Қазақстанда да шөген спорты барын, оның жыл сайын дамып келе жатқанын біледі. Сонымен қатар біздің спортшылар қай елге, қай мемлекетке барып ойнаса да, сол елдің адамдарының бірінші айтатындары біздің спортшылардың атқа отыру ерекшелігі: «Қазақстандық спортшылар ат үстінде жақсы отырады екен» — деген сөзді жиі айтады.

— Қазақстанда шөген ойынын дамытуда қандай мәселелер бар?

— Біз бірден «мынау жоқ, анау жоқ» деуден аулақпыз. Қазір барлығы да жүйеге түсіп, мүмкіндігінше дамып келеді. Қызығушылары да, жанкүйерлері де бар. Дегенмен барлығы сақадай-сай деуге де келмейді. Бір шөген алаңы 6 футбол алаңына пара-пар, яғни 5,5-6 га болуы керек. Демек бір шөген алаңын салғаннан гөрі, 6 футбол алаңын салған тиімдірек. Ал шөгенді дамытамыз десек әр өңірге кемінде 2-3 шөген алаңы керек. Енді біз үшін ненің қолбайлау болып отырғанын түсінген боларсыз? Бұл – бірінші.

polo6

Екінші – шөгенде бір ат екі чаккерге, яғни екі таймға ғана пайдаланылады. Бұл дегеніміз бір ойында бір ат алғашқы чаккерге және соңғы чаккерге ғана шыға алады деген сөз. Ал әлемде бір ат бір чаккерге ғана ойнатылады. Бір чаккер – 7 минут. 7 минуттан кейін ат ауыстыруыңыз керек. Ал бүкіл ойын барысында бір ойыншыға 4 ат, бір командаға 16 ат керек болады. Енді есептей беріңіз, бір өңірде 20 ойыншы болса, 80-100 ат керек. Себебі қандай бір жағдай бола қалса, қосымша ат дайын тұруы қажет. Ал осы аттарды табу бір бөлек, сатып алу бір бөлек, оларды шөген ойынына бейімдеп, тәрбиелеу керек. Екінші не керек екенін түсінген боларсыз?

Ал жыл сайын әр өңірде шөген ойынымен айналысушылар саны артып келеді.

polo8

Иә, ең әуелі жер керек, сосын ат керек. Бұл екеуі де табылар болса, атты бағатын, жерді баптап ұстайтын жұмыс күші керек болады.

— Бір ат неге бір ғана чаккерде ойнайды?

— Ойын өте жылдам әрі атқа ауыр тиетін ойын. Себебі басқа спорт түрлерінен гөрі ат жылдам шабады, тез тоқтап, оңға, солға жылдам бұрылады. Бір чаккер – 7 минут ойнаған аттың өзі өте болдырып қалады. Сондықтан да атты бір чаккерде ғана ойнатады. Бұл әлемдік деңгейде қолданылып келе жатқан ойын ережесі.

— Алдағы жоспарларыңыз қандай? Жетістікке жеткен қандай клубтарды айта аласыз?

— «Astana polo club» шөген командасы қазір жоғары деңгейде дамып келе жатқан клубтардың бірі. «Almaty polo club» командасы да өзгелерден суырылып шықты. Осы екі команда қазіргі кезде ұлттық спорт түрі ретінде кез келген елде өтетін әлемдік шөген турнирлеріне апаруға болатын командалар. Бұлардан бөлек алғашқылардың бірі болып ашылған «Әулиеата» командасы, Жамбыл облысынан шыққан «Аққия» командасы, Жамбыл облысының өз командасы, Ақмола облысының шөген командасы қатарлы командаларды атауға болады. Осылардан бөлек, ең үздіктерден құралған Ұлттық құрама командасы бар. Жалпы саны 10-нан астам шөген клубы еліміз бойынша жасақталып, ел біріншілігін, облыстық турнирлерді өткізіп келеді.

polo7

Ал 2018 жылы Ұлттық құраманы Еуропа чемпионатына қатыстыруды көздеп отырмыз. Соған орай команданы жаттықтырып жатырмыз.

Мұнан бөлек «Қазақстан шөген федерациясы» биыл сәуір айынан бастап «Балалар шөген академиясын» ашқан болатын. Қазір сол балалармен жұмыс істеу үстіндеміз. 35-тей бала келіп аптасына екі рет 100 минуттан тегін үйреніп жүр. Олар алғашқы өзара шөген ойынынан жарысын өткізіп те үлгерді. Нәтижесі жаман емес. Ертеңгі күні Қазақстан шөгенін дамытуға өз үлестерін қосатын жастар өсіп келеді.

— Әңгімеңізге рахмет!

erzhan-zhaubaiЕржан Жаубай, argymaq.kz

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.

error: Content is protected !!