Зейнолла Сәніктің ат сынау үлгісі

6837

Атбегі – бәйге атын тани білетін, шебер баптайтын, бапкер, сыншы адам. Ежелгі түркі халықтарының жазба ескерткіштерінде бек – «ұлық», «көсем», «әкім» деген ұғымдарды білдірсе, бертін келе істі жетік білетін кісіні де солай атаған. Содан барып «атбегі», «құсбегі» деген сөздер келіп шыққан. Жетік атбегілер мен сұңғыла сыншылардың бәйгеге қоятын сыны мынадай:

Сыртқы бітімі.

Ойқы-шойқы, сүйегі алқа-салқа, сала сүйек, көк еті кедір-бұдыр, бөлшек-бөлшек, төрт аяғы денесіне дөп біткен. Құлан тұяқ, жазық бауыр, қоян жон, құлан жалды, сымпыс құйрық, түсі бірыңғай, өркеші жоқ нардай жуан тұғырлы, жалпы бітімі құп жарасқан, көрген көздің жауын аларлықтай.

Бас бітімі.

Тәует бас, етсіз (қу бас десе де болады), кең маңдайлы, кекілді, қамыс құлақ, көз аясы шығыңқы, бота көзді, жанарлы, бөкен қабақ, қоян жақты, үңгір сағақ, теке мұрын, салпы ерін, талыс танау (танауында 5-7-ге дейін иненің көзіндей тесігі болады, мұны «жел танау» деп те атайды), ауыз омыртқа шығыңқы, саңлақты, кең тынысты, келеді. Мұның өзі – өрен жүйрікке бітетін бітім.

Кеудесі.

Шоқтығы томардай, ұзын, кең жауырын, омыраулы, салқы төс, құс топшы, қуыс қолтық, қабырғалы. Бұл – күші алдына біткен, кең тынысты бәйгенің бітім белгісі. Мұндай аттар күштілігімен ұзаққа мойымайтын, өршіл, талмас шабыскер болады.

Бөксесі.

Бауыры жазық, қарынсаулау, қоян жонды, қалбағайлы, қақпан бел (кейбір бәйгенің белдемесі жаямен біте қайнасқан, әрі жіксіз бітеу болады, мұны «қақпан бел» деп атайды. Бітеу белдемелі қақпан бел бәйге төтен жүйрік болады), жел қанатты, сүбе-сербегі алапты, жазық жая, сауыры жалпақ келеді. Құймышағынан шоқтығына дейінгі арқа-белі бір түзу сызықтың бойында жатады. Мұндай аттар алысқа жортса – талмайтын, күдірге шапса – самғайтын, аламан бәйгелерде алдына қара салмайтын ұзақшыл болады.

Қанаты.

Қарыс сүйем немесе сынық сүйем келеді. Порымы сүбе қабырға тәрізді, одан гөрі жіңішке, әрі жұқа болады. Әдетте жылқыда 18 жұп қабырға болады. Ал жүйрікте – 19 жұп, қос қанат болғанда 20 жұп қабырға болады. Мұны «жел қанат» деп атайды.

Алдыңғы аяғы.

Алдыңғы аяқтың қойылысы қалыпты, ұзын, кең, қу жауырынды (етсіз), тоқпан жілігі қысқа, ит жіліншік, сіңірлі, жерсоғарлы, қысқа бақай, құлан тұяқ (тұяғы тік, табаны қуыс, қалың, шымыр), болат тұяқ деп те атайды. Қолдың ойынды еті бөлек-бөлек, кедір-бұдыр болып бұлтиып тұрады. Тоқтаған жері шоқтық пен табанның дәл ортасында жатады. Алдыңғы аяқтағы мұндай бітім кеуденің кескініне дөп келіп, жүйріктің тұлғасын қиюына түсіріп, сымбатын әрлеп тұрады.

Артқы аяғы.

Қылыш жіліншік, арасынан ел көшкендей кең, артынан қарағанда төс сүйегі көрініп тұрады. Шақпақ етті, аласа ұршық, жамбастың басы делдек, серке сан, өр шідерлі, шідерлігі жуан, бота тірсек болады. Артқы аяқтағы мұндай бітім бөксе бітіміне құйып қойғандай жарасып тұрады.

Сымбаты.

Шапсаң жел, мінсең жайсаң, тұрса селқос, кейкиіп көзге қораш көрінеді. Салбырап тұрғанына қарап ат сынын білмейтін жан онша назар аудармайтын күйде болады. Ал жылқы танитындарға көз тоймас сұлу сымбат байқалады.

Мінезі.

Селт етпес жуас, қыз мінезді, ерке, жайдары, салаң бойкүйез, байлауға сергек, көлденеңдеп тұрады. Қарауылшыл, алысты көргіш, отшаң, сонырқалағыш, шөп талдағыш, оттағанда көк құрақты қомағайлана қарбытып, дәл түптен тауысып отырады. Суарғанда ағысқа қарсы өрлей, тұнығын таңдап жұтады. Желісті, жетекшіл, қосарға алғанда алды-артыңды орап елпілдеп отырады. Мінсең тақымыңнан көңіл күйіңді танып, лыпып тұрады. Сүрініп, қабынып тапырақтамайды. Елбеңдеген нәрсеге селт етіп сыр бермейтін, қорқа білмейтін өжет келеді. Сонымен бірге, суытқанда артқы аяғына кезек салмақ салып, тұяғының ұшын жерге демеп, атағаш не киіз үйге иегін артып, бойын суытқыш келеді.

Жүйріктің тегі.

Құлын немесе ат тұқымының арғы тегі оған қатысты жылқы тұқымдарының тарихын қозғау арқылы анықталады. Осы әдіспен талғайтын сыншылар сарапқа салынған құлын, тай, құнандардың дене бітіміне, сүйегіне қарап, көрген жерден «бәлен айғырдың құлыны», «бәлендей биеден туған» деп арғы тегін таратып айтып бере алады. Бапталған бәйгені көргенде дене бітімінен, сүйегінен оның әке-шешесін, жасын, жарауын, бапталуын, жүгіру жер шегін, нешінші болып келетінін шаппай тұрып танып, дөп басып айтатын көреген сыншылар бар.

Жүйріктің өлшемі.

Оны құйырығын қайырып сербегіне жеткізіп өлшейді. Құйрық тұғылы сербегіне жетсе немесе асса, шаша тұтамға толса, май өкше төрт еліге жетсе, қасқа тісі күректей, оның үстіне қасқа тіс қатары мен азу тіс қатарының арасындағы кетік алшақ болса, құндыздығы құйырығына дөп біткен болса, құйырығы қылта түптен басталып, ұшына қарай сүйірлене бітсе, сонымен қатар үстінгі ерінінен тастөбеге дейінгі бас ұзындығын тастөбеден құймышаққа дейін үш еселеп өлшегенде бір сүйем жетпей қалса, т.б. Міне осындай нақты өлшемдерге де қарап, шын жүйрікті сынап шығуға болады.

Осы өлшемдерді негіз етіп, әрі жер-жердегі атбегілері мен сыншылардың тәжірибелерін пайдаланып, ат сыны және ат бабы зейін жарысын өткізуге де болады. Мұның өзі болашақ атбегілерін тәрбиелеудің тамаша үлгісі.

zeinolla-sanikЗейнолла Сәнік, «Қазақ этнографиясы» кітабы

argymaq.kz

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.

error: Content is protected !!