Кеңес үкіметі кезіндегі Қазақстандағы жылқы шаруашылығы

7328

Қазақстан Ұлттық ғылым академиясының корреспендент мүшесі, Қазақстан республикасының Еңбек сіңірген қайраткері, ауыл шаруалығы ғылымдарының докторы, профессор Игорь Нечаевтің 1999 жылғы «Маңмаңкер» журналына шыққан «Жылқы шаруашылығын өркендетуді ғылыми жолға қоятын кез келді» атты мақаласы Кеңес үкіметі тұсында қазақ жылқысына жасалған аяусыз қырғынның нақ бейнесін көрсете білген екен. Құрметті оқырман, Argymaq.kz порталы ғалымның қазақ жылқысын дамытуда келтірген мысалдары мен терең ізденістерін назарларыңызға ұсынуды жөн көрді.

Жел қанатты, болат тұяқты жануар – жылқыны күтіп-баптаудың ежелгі далалық дәстүрінен артық қандай мүмкіндік бар деп ойлайсыз? Рас, солайы-солай болғанмен осы күні ғылымның озық жетістігі қамтымаған шаруашылық қалды ма?

Сәл шегініс жасап, тарихына үңілсек, 1933 жылы құрылған малшаруашылығының ғылыми-зерттеу институтының құрамында жылқы бөлімінің ашылғанын көрер едік. Ол кезде Қазақстанды социалистік тұрмысқа бейімдеу деген саяси науқан жүріп жатты. Күштеп коллективтендіру, адамдарды табиғи қарекетінен айырып, еріксіз кедейлендіру – ақырында мал басының да күрт кеміп кетуіне әкеп ұрындырды.

Назар аударыңыз!

Мысалы, 1916 жылы қазақ жерінде 4 млн 640 мың бас жылқы түлігі болса, 1934 жылы әлгі күрделі саннан 440 мың ғана қалған. Көшпенділер өмірінде ерекше зор рөл атқарған қыл кұйрықтар Кеңес үкіметінің де мақсатты кәдесіне жарап тұрған-ды. Анықтап айтқанда, сол уақытта жылқы көлік құралы болды, ауылшаруашылығының барша ауыр жұмысына жегілді, қызыл Армияның жорықтарына қатысты. Шын мәнісінде жылқыны үйірлеп өсіру, стратегиялық мәні бар, аса маңызды сала еді. Бірақ оның қажеттілігін іс жүзіне асыратын ішкі ілігі табылмай қала берді.

Алайда сондайлық қилы шақта ғалымдар жылқы тұқымын жетілдірудің түрлі тәсілдерін қарастырды. Алдымен тұяғы тізіліп есепке алынған жылқының қаны, тегі, өрісі, алуан түрлі қыры зерттеуге түсіпті. А.В.Мишарев басқарған жылқытанушылардың жұмысы осылай басталды.

Жыл бойына созылған іссапардан соң ғалымдар жиған-терген деректі ортаға сала келіп, төмендегідей байламның төңірегіне тоқайласады. Яғни, қазақ жылқысының бірнеше тұқымы бар: олар – мініске жайлы, жоталы, оңтүстік батыстағы адай тұқымы; орталық аймақтағы келте, жұмыр жабы тұқымы; ұзақ шабысқа шыдамды, таулы өлкеде өсіп-өнген шығыстағы найман тұқымы; дон тұқымымен будандар және батыс пен солтүстігімізді жайлаған желісті жылқылар. Бірақ будан жылқылар дала мінезіне үйлесіп өмір сүруге бейім емес еді.

Соның бәрін зерттей келіп жылқы өсірудің технологиясын өзгертпей, тұқымды асылдандыра алмайтынын түсінді. Жатаған (ені мен бойы 135-137 см), салмағы жеңіл (340-370 кг) қазақы жылқыны ірілендіру заманында ешкімді таңқалдырған жоқ. Мұндай түлікті ауыр жұмысқа жегу немесе салт атты әскердің тақымына беру мүмкін емес-ті. Алайда далалық өскіндер тебінді өріске бейімделген, үдере жортуға аса ыңғайлы, жыл бойғы жайылыммен күнелтуге төзімділігімен әйгілі-тұғын. Міне сондайлық қасиетін сақтай отырып, ғалымдар қазақ жылқысының дене тұрпаты мен салмағын жетілдіруді қолға алды. Бұл тәжірибені шұғыл арада іске асыруға міндеттелген ғалымдар қазақ жерінің түкпір-түкпірінде аталған шараны қолға алып жатты. Тәжірибе аз уақытта нәтиже беруі тиіс еді, бірақ жағдай мүлде кері сипатқа көшті.

Тебіндеп өсер түліктен таза зауыттық тұқым өсіру мүмкін болмай шықты. Желісті жылқылар мен дон жылқы тұқымының күтімі жаңа технологиямен сәйкеспеді де, олардың аз тұқымының өзі сарқыла бастады. Ғалымдар дала тумасы қазақы жылқылардың – биелерін зауыттық айғырлармен шағылыстырып та байқаған. Нәтижесі – әлгідей. Содан барып ғалымдарымыз тай, құлындардың бабын өзгертуге жұмыла кірісті. Осы арада айта кетелік, «Қазақстандағы жылқы өсімін ғылыми тәсілдермен жетілдіру» атты Одақтық маңызы бар шаруа басына ол кезде профессор Г.Г.Хитенков, Ю.Н.Барминцев сияқты ғалымдар келген еді. Жылқы жануары тебінді өріспен табиғи жалғасын қайта тапты. Мұндай сәтті істің оңтайлы бағыт табуы Одақ көлемінде ғылыми-зерттеу жұмысын жүргізген Л.В.Каштанов басшылығының жемісі еді.

Сонымен құлындайтын мама биелер, тұмса байталдар тек қақаған қыста ғана қолдан жемделгені болмаса, жылдың өзге мезгілінде өрістеп жайылатын болды. Тай-құлындарды да тебіндетудің тиімді екенін түсінген ғалымдар оларды қажет кезінде ғана азықтандырды. Алты айлық жабағы енесінен бөлініп, қыс айларында қорада қалатын.

Жабағы, тай кезінен шыңдалған, көндіккен аттар ауыр жұмысқа да, Қызыл армияның әскери мақсатында да мейілінше жарамды болып шықты.

Ғалымдар Қазақстанда жылқы тұқымын жетілдіретін жұмыстарды жалғастыра берді. Оның үстіне мініске жайлы, желісті және дон тұқымдарынан жасақталған жылқы зауыттарын құру туралы КСРО үкіметінің қаулысы болды да, аталған шаруаның ілгерлеуіне ықпал етті. 1941 жылға дейін 9 жылқы зауыты қабырға көтеріп үлгерді. Зауыт армияны кілең жүйріктермен қамтамасыз етуге міндеттенеді.

Ғылыми жұмыстардан бастау алған будандастыру науқаны колхоз, совхоздарда тіпті өрттей қаулап, қазақы жылқы тұқымын тұздай құртуға дейін жетті. Келеңсіз оқиғаға ел іші қатты алаңдаулы еді. Бұл мәселе ғалымдарды да бей-жай қалдырмаған көрінеді. Олар; «Енді не істеу керек?» деген сауал төңірегінде шындап ойлана бастайды.

1930 жылдары Ақтөбе облысында жергілікті қазақтардан сатып алынған 160 бие, 8 құлыннан жасақталған Ембі жылқы зауыты болды. Бұлар кәдімгі жабы тұқымды жылқылар еді. Ғалымдар осы тұқымның басқалармен қан алмастырмай өсуіне көңіл бөлді. Сөйтіп, жер бетінен жойылып кетудің қаупі төнген қазақ жабысы аман қалды. Осындай ойлы шешімнің авторы – Ембі жылқы зауытының тұңғыш директоры К.Ф.Плотнинников болып есте қалды.

Сонау қиын-қыстау заманның тағы бір күрделі тұсы былайша сомдалады. Қазақтарға қазы кертіп, қымыз ішуге тыйым салынып, көкпар, аламан бәйге сияқты ат өнері ескіліктің сарқыншағы ретінде танылды. Алайда, жылқы түлігін өсіру күн тәртібінен түскен жоқ. 1939 жылы Л.П.Давыдовтың «Жылқы шаруашылығын дала жайылымында ұйымдастыру» («Организация пастбищного хозяйства в степном табунном коневодстве») атты кітабы жарық көрді. Автор бұл еңбегінде жылқы малына тебінді өрістің аса қажет екенін әңгімелеп берді. Жан-жақты зерттеліп жазылған дүние, түз түлектерінің жыл бойы далада жайылуына игі ықпал етті.

Сол 1930 жылдары ғалымдар жылқы тұяғының көбеюін үнемі назарда ұстады. 1931 мен 1934 жылдары аралығында жылқы саны 896 мыңға жетті. Ұлы Отан соғысында атты әскерге мініске берілгеннің өзінде Қазақстандағы жылқы саны 5 пайыз көлемінде қысқарды. 1946 мен 1954 жылдары 852 мың тұяқтан 1 млн 669 мыңға жетіп үлгерген жылқы жануар қайтадан үдеп, өсе бастаған-ды. Бірақ 1954 жылы билік мінберіне көтерілген Н.С.Хрущев жылқы баласына жаудай тиді. Жүз мыңдаған қыл құйырық – құлынды биесімен ет комбинаттарына айдалып кете барды. Қазақстанда жылқы 559 мың басқа кеміп, бұл сан 1962 жылы 1 млн 100 мыңды ғана көрсетті.

Кеңес Армиясы әскери техникалармен жабдықталып, жылқы тұяғы дүбірлеткен даланы шынжыр табан тракторлар жайлады. Содан келіп жылқы ет өнімінің шикізат көзіне айналды. Ендігі кезекте жылқының еттілігін арттыру қажет болды. Бұл мәселе алдымен Қазақстаннан басталды. 1961 жылы Қазақстан Компартиясы орталық комитеті мен Қазақ КСР Министрлер Кеңесі ет пен сүт өнімдерін арттыру мақсатында «Жылқы шаруашылығын ұлғайту және жылқы түлігін жетілдіру» деп аталатын арнайы қаулы қабылдап, оны ғалымдар қызу қуаттады. Осы қаулы шыққанға дейін профессор Ю.Н.Барминцевтің жетекшілік етуімен ғалымдар жылқының ет-сүтіне қатысты ғылыми-зерттеу жұмысын жүргізіп келген еді. Олардың іс-тәжірибелері малшаруашылығы институтының жоспарына еніп, мемлекет бюджетінен қаржыландырылды. Ақтөбе облысында, Бетпақдалада жылқы өсірумен айналысатын бекеттер құрылып, мемлекеттік бағдарлама іс жүзіне аса бастады. Алматы малдәрігерлік институтыенда (жылқы шаруашылығы кафедрасы) доцент П.А.Федотовтың меңгерушілігімен, Семей малдәрігерлік институтында Б.Х.Садықовтың ьасшылығымен жылқытанудың ғылыми оқу жүйесі қалыптасты. Аспирантурада оқыту арқылы мамандардың біліктілігін арттыру жолға қойылды. Институттарда мама биелерді арнайы аппараттармен сауу тәжірибеден өтті. Бұл жетістіктің әлемдік деңгейден алып қарағанда ерекше орын алатыны даусыз. Ю.Н.Бармицев пен В.П.Черепанова әлгі кереметті дүниеге әкелген адамдар екенін осы арада қаперлеріңізге сала кетейін. Сол жылдары зауыттан шыққан тұқымды ипподромда сынау басталды.

igorИгорь Нечаев, («Маңмаңкер» журналы 1999 ж.)

argymaq.kz

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.

error: Content is protected !!