Жас кәсіпкер өз ауылында атқа мінуге үйрететін үйірме ашты

7817

Бүгінде Жоламан Есетовпен қазталовтықтар «күнде жүздеседі». Неге дейсіздер ғой? Ауданымыздың ауылдарындағы көшелерде ілініп тұрған барлық баннерлер Жоламанның қолынан шыққан. Сонымен қатар түрлі буклеттер де Жоламанның қолымен жасалып жатыр. Осыларды ескерсек, Жоламан замандасымызбен аудан тұрғындары күнде жүздесіп тұрған жоқ па? Өйткені Жоламан ауданымыздағы ең алғашқы полиграфия кәсібімен айналысып отырған бірден бір жас кәсіпкер. Осындай еңбегінің нәтижесінде ол осыдан 2 жыл бұрын облыстық «Үздік жас кәсіпкер» атағын жеңіп алған.

Енді Жоламан тағы бір қырынан таныла білді. Жастайынан жылқы малын қадір тұтқан ол сәйгүліктер ұстап, баптап күтеді. Бәйге аттарын жаратады. Жоламанның жүйріктері аламан бәйгелерде топ жарып жүр. Осындай кәсібін өзі ғана біліп қоймай, жасөспірімдерге үйретуді қолға алды. Баптауындағы 7 сәйгүлікпен (ағылшын, қолтума тұқымдары) мектеп оқушыларына атқа мінуді, жылқыны бағып-күтуді үйрету үшін тегін үйірме ашты. Жылқы десе қандары қозатын қазақтың балалары емес пе? Үйірмеге үйіріліп қарадомалақтар көптеп келе бастады. Олардың ішінде бірнеше қыз бала да бар. Бүгінде сол балалар бос уақыттарында Жоламанның қасынан табылып жүр. Олар атқа мініп үйренумен қатар бәйгеге шабу, теңге алу, қыз қуу, жамбы ату қатарлы ұлттық ойындарын да үйренетін болады. Сонымен қатар, Жоламан оларға жылқы тарихы туралы дәріс те оқып береді.

Біз барғанда қарадомалақтар атқа мініп-түсіп, мәз болып жүр екен. Оларды әңгімеге тартып едік, «Атқа мінсек бәйгеге шапқымыз келеді», — дейді. Міне, олардың бойында ұлттық рухтың оянғаны емей немене?! Былайша айтқанда, «қазақ тарихын айтсақ жылқы тарихын айтамыз, жылқы тарихын айтсақ қазақ тарихын айтамыз» деген даналық сөз ойға оралады.

«Алдағы уақытта тай жарысын ұйымдастырамын. Сонымен қатар, түрлі ұлттық ат спорты ойындарын да өткізу жоспарымда бар», -дейді Жоламан Есетов.

Міне, осындай ұлттық қадір-қасиетімізді ұлықтайтын, оны жасөспірімдерге үйретіп жүрген ісін байқаған, әркезде де жаңашылдық бастамаларға қолдау көрсететін аудан әкімі Абат Абайұлы Жоламанға жаңадан құрылып жатқан «Айбын» спорт клубы арқылы үйірме ашуға қолдау көрсететінін білдірді.

Сондықтан алдағы уақытта ауданымызда қасиетті жануар жылқы малын дәріптейтін «Жоламан мектебі» қалыптассын деген тілегімізді жеткіземіз.

Әр сенбі, жексенбі күндері Жоламанның сәйгүліктеріне мініп, отбасылық серуенге шығуларыңызға болады.

Мөлдір Әнуәрбекқызы, БҚО, Қазталов ауданы

argymaq.kz

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.

error: Content is protected !!