Шығыс Қазақстан өңірінде керқұлан өсіру қолға алына ма?

5527

Алтайдан Алатауға дейінгі ұлан-ғайыр атырапта атам қазақ Керқұлан атаған Пржевальский жылқыларының сан ғасыр үйірлеп мекендегенін сіз білесіз бе? ХХ ғасырдың 70-ші жылдарына дейін Тұранда тұяғымен тас илеген тарпаңның осы түрі соңғы жарты ғасыр көлемінде түгелдей дерлік құртылып кеткені белгілі. Бүгінде Еуропа елдеріндегі арнайы орындарда өсіріліп жатқан керқұланды қазақ даласына қайтару әлі де кенжелеп тұр. Оған бірде қаражат жетіспесе, енді бірде орын жоқ. Саны саусақпен санарлықтай ғана қалған жабайы жылқының жай-күйі туралы жазайық деген ниетпен осы мәселенің төңірегінде жүрген мамандардың пікірлеріне құлақ түрдік…

 Қолда бардың қадірін білмедік

Ширек ғасыр бұрын шығыс өңірінде осы мәселені қолға алып, қаржы бөлу жоспарланған. Тіпті оның іске асуына қолұшын созып, көмек бермек болған шетелдік ұйымдар да болған. Қыруар қаржы бөлініп, қаншама адамды жұмыспен қамтитын жоба өкінішке орай, өзіміздің енжарлығымыздан көрші моңғол жеріне кетіп қалған екен.sherbakov

– Кеңес Одағының соңғы жылдары болатын. Бүкілодақтық Экология және жануарлар морфологиясы институтының экспедициясы Алматы қаласына атбасын тірейді. Олардың басты мақсаты – қазақтар керқұлан атаған, ал тарихқа Пржевальский жылқысы атауымен енген жабайы жылқыларды Зайсан өңіріне жіберіп, жерсіндіру еді. Кезінде бұл аумақта керқұлан, жабайы түйе, киік сынды жабайы жануарлар өмір сүрген болатын. Бұл жөнінде ХІХ-шы ғасырда осы өңірді басып өткен саяхатшылар мен зерттеушілер көптеген жазбалар қалдырған. Жаңағы экспедиция сонау Шығыс Сібірдегі Байкал көлінен бастап Жетісудың Іле атырабына дейінгі 23 қоныстың жем-шөп қорын, жыртқыш аңдарының санын, үй жануарларынан тарайтын вирустардың бар-жоғын зерделеп шыққан екен. Мені жандарына қосып алған ғалымдармен біз бірінші болып Майқапшағай маңындағы «Ақсиыр» шатқалын бағдарладық. Жері жайлы, шөбі шүйгін болғанымен, шатқал маңайын қоршайтын қиынға түсетінін байқадық — дейді белгілі зерттеуші ғалым, орнитолог Борис Щербаков.

Келесі кезекте Маңыраққа тізгін тартқан ғалымдар Сарбұлақтан сәл жоғары жерді жабайы жылқы өсіруге жайлы деп табады. Байкалдан Ілеге дейінгі зерттелген 23 қоныстың ішіндегі ең жайлысы деп танылған Маңырақтың күнгейінде жатқан Шілікті жазығына керқұлан жылқысын жіберу ұйғарылады.

– Сол кезде Бүкіләлемдік Пржевальский жылқыларын көбейту және қорғау қорының негізін қалаушы голландық Инга және Ян Баумандар қолдарында бар жиырма керқұланды Қазақстанға беруге әзір екендіктерін білдірді. Сонымен қатар, жылқылар басқа жаққа босып кетпес үшін шатқалды айналдыра қоршайтын 12 вольттық электр қоршауларын да бірге табыстамақ болды. Бұл ненің белгісі дейтін шығарсыз? Біріншіден, миллиондаған шетелдік қаржының құйылуы, екіншіден, жергілікті халыққа деген жұмыс орындары, үшіншіден, туристер мен ғалымдардың тартылуы. Бірақ жергілікті тұрғындардың жайылымдық жері тарылып кетеді деген қарсылығына бола Шығыс өңіріндегі жоба іске аспай қалды. Екі жылдан соң көрші моңғол елі өзінің Хустайн-Нуру ұлттық паркіне керқұлан жіберуге келісімін білдіреді. Бір жылдан соң осы жобаны жүрексінбей қолған алған Монғолияға халықаралық ұйым 800 миллион доллар көлемінде қаржы құяды. Осылайша қолда бар алтыннан айырылып қалдық, – деп өкінішін білдірді Борис Щербаков.

 Жоба жоқ емес

Бізге осы мәселе жөнінде ресми жауап берген мемлекеттік органдар аталмыш жоба туралы естімегендерін алға тартады. Шығыс Қазақстан облыстық Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының хабарлауынша, бүгінгі таңда Чехия және Украина мемлекеттерінің елшіліктерімен Пржевальский жылқыларын ел аумағына жіберуге көмек көрсету жөніндегі келіссөздер жүргізіліп жатқан көрінеді. Инспекция бүгінгі таңда керқұландарды өсіру Алматы облысының аумағында орналасқан «Алтынемел» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінде сәтті жүргізіліп жатқанын айтады.

Ал сирек кездесетін және құрып кету қаупі төнген жануарлар түрлерін интродукциялау және реинтродукциялау, оларды ел аумағына әкелуге және одан тысқары жерлерге әкетуге биологиялық негіздеме мен мемлекеттік экологиялық сараптаманың оң қорытындысына сәйкес, құзырлы органның шешімі бойынша ғана жол берілетінін айтқан Шығыс Қазақстан облыстық Табиғи ресурстар мен табиғат пайдалануды реттеу басқармасы бүгінгі таңда өңірімізде Пржевальский жылқысын өсіруге бағытталған жобаның жоқ екенін хабарлайды.

Оқ ататын қарудың пайда болуы, бірнеше жыл қатарынан қалыптасқан қытымыр қыс пен жайылымдық жерлердің тарылуы керқұланның құрып кетуіне түрткі болғанын айтқан Шығыс Қазақстан облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасының мамандары жабайы жылқылардың құландардан жүз жыл ерте құрығанын алға тартады.

– Облысымызда 2014-2016 жылдары Пржевальский жылқысын өсіру жөнінде жоба қарастырылған. Бұл жобаның жетекшісі тарихшы, этнолог, тарих ғылымдарының докторы, Шоқан Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының қызметкері Ахмет Тоқтабай болды. Жобаның жалпы құны 10 миллион теңгеге межеленген. Дегенмен, бұл жоба бүгінгі таңда толықтай қолға алынбай отыр, – дейді ШҚО Ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Ернар Рахметулин.

***

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйініне келсек, қазақ жеріне қайтарып жерсіндіретін жануарлары көп-ақ. Монғолия үстіртінен бастап Алтай, Қалба, Тарбағатай өңірлерін мекендеген қос өркешті бактриан түйесін, Балқаш көлінің қалың қамысын саялаған тұран жолбарысын қайта өсірсек еліміздің туристік әлеуеті арта түспесе, кемімейтіні анық. Кезінде пролетариат көсемі Владимир Лениннің бір ғана жарлығымен қорғауға алынған киік саны бір ғасырда екі миллионға жеткені рас. Енді сондай кезекті шешім қабылдаудың кезі жеткен сыңайлы. Мәселеге сыни көзбен қарап, салиқалы шешім шығарсақ сапалы нәтижеге қол жеткізеріміз анық.

loshad-przhevalskogo

Керқұлан – тақтұяқты сүтқоректілердің жылқылар тұқымдасына жататын жабайы жылқы түрі. Денесінің ұзындығы 230 сантиметр, шоқтығына дейін бойының биіктігі – 130 сантиметр, салмағы 300 келідей. Биелері айғырларынан кіші. Денесін бозғылт қызыл сары түк басқан, жон арқасында созылған жіңішке түкті белдік тәрізді қарақошқыл жолағы болады. Керқұланды 1878 жылы Орталық Азияға жасаған саяхаты кезінде Николай Пржевальский Қытайдағы Жоңғарияның шөлді аймағынан кездестіріп, терісі мен бас сүйегін Ресейге алып келген. Оны зерттеген орыс ғалымдары мұның жабайы жылқының жеке түрі екенін анықтап, Пржевальскийдің құрметіне «Пржевальский жылқысы» деп атаған. Табиғатынан қағылез сақ жануар ХІХ-шы ғасырға дейін Қазақстанның Шығысы, Қытай мен Монғолияның батыс аймағында кеңінен таралған болатын.

azamat-t Азамат Темірбеков, «Менің өлкем» газеті

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.

error: Content is protected !!