Сейіт КЕНЖЕАХМЕТҰЛЫ. Ботай шұбар

6205

Мал баласы болса да, аузымен құс тістеген әйгілі жүйрік Ботай шұбардың аты мен ол жайындағы аңыздар әлі күнге дейін айтылып келе жатыр. Мұны кезінде палуан Қоқас, аңшы Конка, молда Қапыштар жыр қылып айтып отыратын еді де, бір сәт үнсіз қалатын. Сонан соң:

— Қазақтың малы 1928 жылы кәмпескеге ұшырап, талан-таражға түсті. 1931-1932 жылдардағы аштықта тігерге тұяқ қалмады. Анан-мұнан құралған қылқұйрықтардан енді Ботай шұбар, Жауқашардың Күреңіндей жүйріктер туар ма екен? – десетін еді сол зұлмат жылдарды көзбен көрген, қам көңіл қариялар.

Қошалақ, Сарысу бойын мекен ететін арғын Міржақып деген сыншы, атсейіс әрі шабандоз Дәуітбай Шеген бидің немересі Қазыбек биден: «Түбінде бәйге бермейтін тұлпар болайын деп тұр екен», — деп, бір жүдеубас көк жабағыны қалап алады. Қошалақтың шүйгін отына, құдықтың мөлдір суына қанған көк жабағы еркін өсіп, малға көп қосылмай, ауылдың ойын балаларына араласып ойнайтын өнер шығарыпты. Балалар да оны мәпелеп, сылап сипап «Жат! Тұр! Жүр! Тізеңді бүк!» — деп үйретіп, дағдыландырады. Өріске кеткенде, қыста тебінге барып оралғанда ауылға кісінеп, шауып келетін әдеті болыпты. Мұны көрген тәжірибелі қарттар, «Адам жылқы мінезді дейтін еді, осы жануар адам мінезді болады-ау», — деп топшылайды екен. Малдың осы мінезін ерте байқаған иесі де оны қақпай өсіріп, қыста таза әрі жылы қорада, құнарлы шөп, жылы су берген.

— Ең бір ғажабы – тай кезінде үйрету үшін үстіне бала мінгізгенде бұрыннан мінгі аттай желе шоқытып жүре беріпті, — деп таңданады әңгімеші қарттар.

— Оны айтасың, бұл жануарда тістеу, тебу, мөңку сияқты әдеттер де болмаған көрінеді ғой, — деді олардың бірі жылқы қасиетін асыра түсіп.

— Шұбар деп аталған осы жүйріктің қалай Ботай шұбар атанғанын айтайын, — дейді белгілі әңгімеші Шешенғараның Ермағамбеті құндыз бөрікті алшысынан жібере киіп. – Сарыкөл деген жерде бүкіл Орта жүзге мәлім таз Шоқай бидің асы болып, оған жер-жерден жүздеген жүйрік келген дейді. Осы асқа Міржақып Шұбарды желге, күнге тигізбей, еш адамның көзіне түсірмей, баптап алып барған екен. Атқа Шұбардың мінез-құлқын жақсы білетін Ботай деген баланы мінгізіп, батасын беріп, жарысқа қосыпты. Ол кезде бәйге аттары 50-60 шақырымнан жіберіледі екен. Атшабарлар мен атқа шапқан әдісқой балалардың назары бұрын аты белгілі жүйріктерге ауады да, әп дегенде кейінірек қалған Шұбарға көңіл аудара қоймайды.

Ат десе делебесі қозбай, сөз қоспай бір орында отыра алатын қазақ бар ма?! Осы жерде басқа тыңдаушылар да қосыла кетеді.

— Иә, шын жүйріктердің мұндайда артта қалатын әдеті емес пе!

— Балаға үйрету де солай емес пе!

— Шу дегенде, әрине, алға шыға бермейді ғой, — десіп, шалдар да қауқылдасып қалды.

— Ей, қойыңдаршы, әңгіме тыңдайық.

— Иә, содан, әрі қарай?..

— Содан, көп сөз не керек, жол ортасынан асқан кезде Шұбарың сілтемей ме көсіліп…

— Пай, пай, жануарым-ай…

— Ағызып алдындағы бір топтан өтеді. Құстай ұшып, екінші бір топ жүйріктен де өтеді. Мұның алдындағы сәйгүліктердің де қатары сиреп, алдынан көрінетін қаралардың да саны азая бастайды. Енді Міржақып үйреткендей Шұбардың басын шын жіберетін кез де келеді. Тізгін босатып, «Ал, кеттік!» деген бала ыңғайын сезген тұлпар бауыры енді кең жазыла бергенде жалғыз қазыққа тап болып, ат та, бала да мұрттай ұшады!

— Қап!

— Алда жануар-ай! – деді бір шал көзі жасаурап.

— Аман ба екен? – деді бірі шыдамсыздана.

— Жығылған орнынан щұрқырай көтерілген Шұбар сол бетімен ілгері тарта береді де, бала қала береді. Ет қызуымен шапқан аттарға қосылған Шұбар кенет келген ізімен қайта шауып, балаға келеді. Әбден бабына келген жүйрік тоқтай алмай, баланың жанына әрі-бері өтсе де, баладан қимыл болмайды.

— Қайтсін-ай, жануар-ай! – деп жылап жіберді бір қария.

— Есті мал ғой, — деді бірі дауысы дірілдеп.

— Әттеген-ай!

— Бұл кезде тұсынан тағы бір-екі жүйрік құйрық тістесіп өте береді. Шұбар баланы тағы бір-екі айналып, шұрқырай кісінейді де, шапқан аттарға араласып, тартып кетеді…

Бұл кезде балуандар күресі де аяқталып, небір жауырыны жерге тимеген алыптардың бәрін тымақша ұрған Әйдерке Сейітқас палуан бас бәйгені алып, ел тамашаға бөленіп тұрған кезде көз ұшынан бұлдыраған аттың қарасы да көріне қалады.

Осы жерге тойға жиналған мыңдаған ел бұрын-соңды құлақ естімеген, көз көрмеген ғажайып оқиғаның куәсі болады.

Қарақшыдан қалың жұртты қақ жарып, арқа-басын тер жауып кеткен, үстінде бала жоқ Шұбар ат кісінеп жеке дара өтеді.

— Міне, жүйрік!

— Жүйрік болса, осындай-ақ болсын!

— Мұндай жануарды адамнан кем емес десе болады ғой, — десті отырғандар.

— Бұл аста алдымен келген 10 атқа бәйге тігілген екен.

Аты екінші-үшінші келгендер күмән келтіріп, «Жолдан қосылған, үстінде шабандоз баласы жоқ» — деп дау шығаруға айналады. Міржақып ат айдаған атшабарлар мен жолдағы оқиғаны көрген балаларды куәға тартқанымен, даугерлер басыла қоймайды. Сонда Міржақып алқалы топ, арқалы ақсақалдарға қарап:

— Атымның келгеніне аруақ айтып, құран ұстауға да бармын. Жүйрігім жолдан қосылған жоқ, озып алды. Мен бәйгеге қызығып тұрғаным жоқ. Құдайдан қорықпасаңдар, Шұбарымның озғанын халыққа жариялаңдар да, бәйгесін өздерің алыңдар. Бірақ «ерді намыс өлтіреді», әділдікке жеткенше әділ би, әділетті азаматтардың алдына барамын. Әлгінде бір сөзінде дауласушылар дауыс көтеріп жатыр. Күш көрсетпек сыңайда. Бірақ, азаматтар, ас шырқын бұзбайық, аруақты тебірентпейік. Ей, Қожық, сен дойырыңды білемдей берме! Алыспақ болсаң атанды арқалап кеткен дәу Төлебайым бар! Жұлыспақ болсаң, сенің Жұрын қарақшыңның жұлынын үзген Жұмабайым бар! Айтыспақ болсаң, ауыздыға сөз бермеген, аяқтыға жол бермеген шешен Қозғанбегім бар! Тіреспек болсаң, тірсегіңді үзер апайтөс Ақмырзам бар! Күреспек болсаң, қырық палуанды Қырда жыққан, елу палуанды Сырда сұлатқан Сейітқасым жанымда тұр! Әділдікке тоқтасаң жөніңді айт! Тоқтамасаң, тұрысатын жеріңді айт! – дегенде әлгінде аттары аталған алыптар қабақтары қатып, Міржақыптың қатарына тұра қалған екен.

Бірақ той басқарушы Қарпық болыс дау түйінін бір ауыз сөзбен шешіп, ат бәйгесін Міржақыпқа алып береді. Шұбардың бұл жолғы бәйгесі 100 жылқы, ақ отау, қара нар, қалы кілем және тайтұяқ алтын жамбы болды дейді көзбен көргендер.

— Бұрынғылардың тойы осылай болады ғой, әрине.

— Ал бала не болған екен?

— Ботай бала мәңгілікке көз жұмған екен. Мұны көрген Міржақып: «Бұдан былай жүйрік осы баланың атымен аталсын! Ботай шұбар болсын», — деп, аттың барлық бәйгесін баланың әкесіне бергізіпті. Кейін талай бәйгеде алдына қара салмаған жүйрік осы Ботай шұбар деген атпен көпке мәлім болып қалады, — деп аяқтады әңгімесін Ермағамбет ақсақал.

— Осы әңгіменің аяғын мен жалғастырайын. Сол Ботай шұбардың өлгенін баяндап берейін, — деп сөз кезегін алған Мырзағұл Күдері сөзін жалғады.

— Мен сол Міржақыпты да, Ботай шұбарды да көрген адаммын.

— Әңгіменің қызығы сізде болды ғой, — деді Ермағамбет ақсақал өзінен екі мүшелдей үлкен ақынға пейілдене қарап.

— Біздің атамекеніміз Сарымсақтың бойындағы Майқарау, Құлақтал деген жер болды. Біздің жігіт кезімізде бір жылы жазда сол Міржақып ақсақал біздің ауылға көшіп келіп, қоңсы отырды. Ұзын бойлы, шоқша сақалды, таза киінетін, шырайлы кісі екен. Ботай шұбарды ноқталап, жетектеп ала келді. Ауылдың үлкен-кішісі атағы жер жарған жүйрікті көреміз деп жиналды. Шұбардың әбден қартайып, аяғынан қалған кезі екен. Жануар түгі ұйпалақтанып, көзі былшықтанып, аяғын сылти басып келді. Кейін өзге жылқыға ере алмай, ауыл сыртындағы көз көрім жердегі төбеде жатып қала беретін. Міржақып ақсақал: «Мал болса да бүкіл Арқа, Торғай елінің атағын шығарған жануар еді, сойып алуға қимадым. Жүйріктің етін жеп тойынбай-ақ қояйын, өз ажалынан өлсін деп бағып жүрмін», — деуші еді.

Бір күні ауылдың бір адамы Міржақыпқа: «Шұбар өлгелі жатыр, барып көріп едім, аяғынан тұра алмады», — деп келді. Сонда ат сырын білетін кәнігі сыншы: «Балалар, Шұбардың жанынан 5-6 жылқыны қуып, айқайлап өтіңдерші, жануарым сол кезде шын тұлпардың бір белгісін берер», — деген екен. Айтқандай-ақ, қасынан дүбірлеп жылқы өткенде орнынан қозғала алмай жатқан қас жүйрік атып тұрып, жылқыға қосылып, ауылға жеткенде жығылып өлгенін көзіміз көрді.

Міржақып қарт тұлпарының жанына келіп, мойынынан құшақтап, маңдайынан иіскеп, көзіне жас алды. Кекілінен, жалынан, құйырығынан бір уыс қыл кесіп алды да, ит-құс жемесін деп, денесін терең қазып көмдірді. Шуақбай деген жерде ешкім біле бермейтін ескі қорым бар еді, сол жерге апарып адам секілді жерледі. Басында белгі ретінде қойылған үлкен қызыл тас болушы еді. Қазір бар-жоғын білмедім, — деп сөзін тамамдады ақын қарт.

sejit-kenzheahmetuly Сейіт Кенжеахметұлыargymaq.kz

Басты сурет: Chicken Smoothie

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.

error: Content is protected !!