Қолда ұстайтын жылқыларды азықтандыру

tory-aigyr

Ескерту: Бұл қолға ұстайтын, тебінге шығарылмайтын асыл тұқымды және басқа да түрлі мақсатта малданатын бірлі-жарым жылқыға негізделіп жасалған. Сонымен қатар бұл деректердің ғаламтордағы мәлімметтер негізінде жасалғанын естеріңізге саламын.

Argymaq.kz

Жылқыға қандай азық беру керектігі туралы дұрыс білмей тұрып, ат баптау, мал басын көбейту мүмкін емес. Шаруашылыққа қажетті ат, серуен-шеруге мінетін сүйікті сәйгүлік, бәйгеге қосар бәденді жүйрік болсын, кез келгені жақсы азықты қажет етеді. Қамбар ата түлігінің түгі жылтырап, бабында болуы үшін оған беретін жем-шөп түрін дұрыс таңдау үшін тиісті мамандардың ақыл-кеңесіне жүгініп, күн сайын қанша көлемде азық беру керектігі көрсетілген анықтамалық әдебиетке жүгіну артықтық етпейді.

Бір қарағанда, жылқыға шөп берумен жұмыс біткен сияқты көрінуі мүмкін. Өмір бойы табын-табын болып тұмса табиғат аясында жүріп, жазда еркін жайылып, қыста тебіндейтін жабайы жылқылар қазір де аз емес. Алайда, қолға үйретілген жылқылардың жем-шөпті қорытуы, олардың талғамы жабайы жылқылардан ерекшеленеді. Сол үшін оларға қажетті азықты өлшеп, есептеп беруге тура келеді.

Жылқы азығы үшке бөлінеді: шырыны мол, қатқыл және нәрлендірілген.

Олардың құрамындағы құнары, пайдалы элементтері әр түрлі болып келеді. Әр жылқының жасына, тұрқына және пайдалану ерекшелігіне қарай көлемі де түрліше болуға тиіс.

Мамандар мынадай порцияға бөлуді ұсынады:

60-80 % – шырынды және қатқыл азық;

40 %-дан аспайтын нәрлендірілген азық.

Бұл жылқының физиологиялық ерекшелігіне байланысты. Қамбар ата түлігінің ас қорыту жүйесі «аз-аздан жиі беру» принципіне негізделген. Нәрлендірілген азықты тым көп берген жағдайда жылқының бойындағы зат алмасу процесін бұзып, иммунитетінің төмендеуіне және жағдайының нашарлауына әкеліп соқтыруы мүмкін.

zhaiylym

Жылқыға қажетті ең табиғи азық – шырынды азық, яғни, шөп. Жайылым болса тіпті тамаша. Жаңа орылған шөп беруге де болады. Алайда, табиғат аясындағы жайқалған шөпке еркін жайылту арнайы дайындалған шөп пен біраз уақыт сақталған шөптен әлдеқайда жақсы. Қорада сақталған шөптің сапасының аз да болса бұзылуы аттың ас қорыту жүйесіне кері әсерін тигізеді.

Шырынды азықтың тағы бір түрі – пішен. Пішен іс жүзінде консервіленген шөпке жатады. Оның құрамындағы ылғал мөлшері 55 % шамасында ғана сақталады.

Шөп тамырлары мен көкөніс те шырынды азық. Ол шірімеген, бұзылмаған болуға тиіс. Мәселен, азық қызылша, асқабақ, сәбіз… Тәтті көкөністерді жеңсік ас ретінде аздап беруге болады. Жылқыға ішті кептіретін азық беруге болмайды, шикі картоп беруге де тыйым салынады.

Қатқыл азық

Қатқыл азық пен шырынды азықтың түп-төркіні бір деуге болады. Жылқы малының негізгі қорегі осы екеуіне негізделген.

Қатқыл азыққа жататындар:

Жақсылап кептірілген (ылғал мөлшері 17 %-ға дейін) пішенді балғын шөп бар болған кезде де беріп тұрған жөн. Ең дұрысы қоңырбас, бозот, кәдімгі тарғақшөп, қылтықсыз арпабас сынды шөп түрлерін кептіріп әзірлеу. Осы аталған шөптерді өсімдіктер қурамай тұрып орып, жинап алса, оның құнары жақсы сақталады.

Шөп пен мүк түйіршіктері. Бұл екеуінің пішеннен айырмашылығы дайындау әдісіне байланысты. Шөп пен мүк түйірлері жоғары температурада кептіріледі, үгітіледі және престеледі (тығыздалады). Оның құрамындағы ылғал мөлшері өте төмен, құнары өте жоғары, сол себепті мұндай азық нәрлендірілген азық түріне жақындау.

Қатқыл азықтарды әзірлеуде оны дайындау уақыты ғана емес, дайындау сапасы мен сақтау сапасы да маңызды. Шіріп кетпеуіне көңіл бөлуді қажет етеді.

Нәрлендірілген азық

Нәрлендірілген азық жылқы малы үшін «жанармайдың» қызметін атқарады. Көп жағдайда бордақылауға, не болмаса аттың сыртқы бітімін жақсартуға пайдаланады. Ауыр жұмысқа, күн сайынғы мініске арналған атты нәрлендірілген жемсіз күтіп ұстау қиын. Соғым жылқысын да осы нәрлендірілген азықпен азықтандыруға болады.

Нәрсендірілген азықтың бірнеше түрі бар: бүтін астық, үгітілген астық және қоспа жем (комбикорм).

Ең жиі қолданылатындары:

Сұлы. Жылқы малы үшін классикалық рацион. Сұлы жылқыға қосымша күш-қуат береді. Оның құрамында крахмал көп (50 %-ға дейін). Мамандар оның құрамында қорытылатын кальций мөлшері фосформен салыстырғанда аздау деп санаса да, атқа сұлу беруге бұл кедергі емес. Және ат сүйегінің жетілуіне де сұлының тигізер әсері жоғары.

Арпа. Сұлыға қарағанда құнарлылығы жоғары, бірақ ақұлпасы аздау. Сол себепті тым жиі беруге болмайды. Бұқтырылған күйде берген дұрыс, сонда оңай қортылады.

Жүгері. Крахмал заттардың көптігімен ерекшеленеді – 70 %-ға дейін. Аз уақытта қосымша қуат беруге көмектеседі. Аз көлемде, ауыр жұмыс алдында берген жөн.

Кебек. Құрамында крахмал жоққа тән, есесіне ақұлпа мол. Кебектің кемшілігі – минералды заттар, дәрумендер, ақуаздар өте шектеулі. Көп жағдайда кебекті жүйрік атқа беруге болмайды дейді атбегі мамандар. Себебі (әсіресе құрғақтай беру) жылқының өкпесін алып қояды деген болжам бар.

Қоспа жем (комбикорм). Түрлі астық түрлерінен, мүктен, кебектен, минералды қоспалардан әзірленеді. Жылқының түрлі физиологиялық қызметіне қарай өлшеп беріледі. Үй жағдайында оған тұз, ұсақталған қызылша және басқаларын қосуға болады.

Күндік норма

Жылқыға жем-шөп беруді өз алдына бір ғылым деуге болады. Малдың тұқымын, салмағын және физиологиялық жағдайын назарға алу керек.

Бәйге аттарының, басқа да спорт жарыстарына арналған аттардың рационын понидің жем-шөбімен салыстыра алмайсыз, асыл тұқымды айғырлар мен биелердің жем-шөбі ауру немесе әлсіз аттардың азығымен бірдей болмайды. Дегенмен, бір жылқы бір жылда орта есеппен қанша азық жейтіні туралы пікір бар. Сонымен,

Сұлы – 1 тонна, шөп – 5 тонна, кебек- 1,5 тонна, шырынды азық – 1 тонна.

Оның сыртында, оған міндетті түрде қоспа қосылуға тиіс. Мәселен, бір жылқыға берілетін тұз жылына шамамен 13 килограмм болады.

Салмағы 500-600 келі тартатын жылқының тәуліктік азығы шамамен мынадай:

10-15 келі – қатқыл азық (шөп), 2-3 келі – шырынды азық, 4-6 келі – нәрлендірілген азық, 1-2 келі – кебек.

Жылқының күн сайынғы мінісі, басқа да жұмысы есепке алынып, осы норма өзгертіліп отыруға тиіс.

Жұмыс аттарына нәрлендірілген азық көбірек берілгені жөн. Жем-шөптің жалпы салмағы күн сайын мына мөлшерде:

7 келі – шөп, 5 келі – сұлы мен сүрленген шөп. Қосымша: тұз – 40 грамм, 50 грамм шамасында биологиялық қоспа.

Спорт жылқыларының азығында шөп пен нәрлі азықтардың болуы міндетті. Олардың мөлшері сайыстардың кестесіне, аттың физикалық өлшемдеріне, салмағы мен жасына қарай әртүрлі болады.

Құлынды биелер мен буаз биелерге көбірек жем-шөп керек. Құлынның жақсы ат болуы енесінің азығына да байланысты.

Сол үшін оған күн сайын биенің салмағының әрбір жүз келісіне кемінде 4 келіден шөп берілуіге тиіс. Тәулік ішінде 6 келі көкөніс, 1 келідей күнбағыс жомы, 4 келі – сүрленген пішен жейді. Нәрленген азық құрамында жүгері, сұлы болғаны жөн.

Құлынға алғашқы 8 айда берілетін азық оның салмағына байланысты. Әлсіз құлындарға нәрлі азық көбірек берілсе, басқаларына қатқыл азық түрлері көбірек беріледі.

zheli-basynda

Құлындарға жем-шөпті жегенінше мол беру керек. Әсіресе, енесінен ажыратылған уақытта. Жалпы алғанда құлын үлкен жылқылардың жеген жем-шөбін жей береді. Дегенмен, оларға сәбіз, балғын астық түрлерін беріп тұруға болады.

Жем-шөп беру ережесі

Жылқы мықты болуы үшін жем-шөптің берілетін уақытына да көңіл бөлген дұрыс. Оның негізгі ережелері:

Суды қалаған уақытында ішуі.

Азықтың көлемі мен құрамын жылқының сипаттамаларына қарай есептеу.

Азықты жылқы ауыр жұмыс немесе ұзақ шабыстан келгеннен кейін бірден бермеу.

Күн сайын бір мезгілде беру. Олар азық режіміне әдеттеніп алады және ағзалары соған бейім болады.

Күн сайынғы нормасын аз-аздан бірақ жиі беру.

Жем-шөп сапалы болуға тиіс.

Суару

Жем-шөп құрамы, көлемі, оны беру уақыты егжей-тегжейлі қарастырылса, суару өте қарапайым. Жылқы малы суды көп ішеді. Ересек жылқыға тәулігіне 60 литрге дейін су керек.

Судың тазалығына ерекше мән беріледі. Қыс кезінде температурасын да ескеру керек. Мұздай суық су беру қауіпті, ауырып қалуы мүмкін.

argymaq.kz

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Please Do the Math      
 

Можно использовать следующие HTML-теги и атрибуты: <a href="" title=""> <abbr title=""> <acronym title=""> <b> <blockquote cite=""> <cite> <code> <del datetime=""> <em> <i> <q cite=""> <strike> <strong>