Жанқабыл Сатпаев: Қазақтың жабы тұқымды жылқысын жетілдіре түссем деймін

6851

БҚО Ақжайық ауданы, Ақсуат ауылында орналасқан бірнеше жылқы шаруашылығын аралап көрудің сәті түскен еді. Сол сапарда «Ернұр-Ж» шаруа қожалығына ат басын тіреген едік.  Жол бойы жылқы иесі — Сатпаев Жанқабыл Құбайдолдаұлымен әңгімеміз жылқы жайлы болды.

Әкем 80-нен асты. Жастайынан жылқы баққан. 41 жасында үйленді, біз жас болдық. Содан әкеме көмектессін деп нағашы атамыз Болат нағашымды біздің үйге жіберді. Содан бастап әкем мен нағашым біздің ақылшымыз болып, өсіп-жетілдік — дейді Жанқабыл.

Қазір үш баланың әкесі, мыңға тарта жылқысы бар 1983 жылғы жас жігіттің біткен дәулетке мастанып, пендешілікке салынбай, қарапайым ғана қатардағы жанның бірі болып қалғаны мені қуантты.

Қазір қолымда мыңнан аса жылқы бар. Болат нағашымыз біз оқып жүргенде осы жылқыға жалғыз өзі ие болып, 3 мыңға жеткізді. Біз оқу бітірген соң қасына шақырып алып, еншімізді бөліп беріп, жеке шығарды. Әлі күнге әкеміз қасымызда болса да, сол нағашымыз ақыл-кеңесін айтып, бір кезде әкеміздің өзіне үйреткен тәжірибесін бүгін бізге ұқтырып келеді — дейді Жанқабыл жол қысқарту үшін әңгімесін одан әрі сабақтап.

Қолында тек қана қазақтың жабы тұқымды жылқысын ұстайтын Жанқабыл Сатпаев бәйге атын баптауды да жаны сүйеді.

Ұшқыр машина мініп, жердің шетіне барсаң да, ат мінгенге жетпейді. Менде де қымбат сәйгүліктер бар. Оны дәулетім асып, дүниемнің көптігін көрсету үшін ұстап отырғам жоқ. Үш ұлым бар, алды – 14-ке келді. Бір жолы ат бәйгесін тамашаладық. Содан үлкен ұлым, «маған да жүйрік ат алып беріңізші» деді. Мен өз қолымдағы тәуір деген жабыларды жаратып көрдім. Бірақ, өзіңіз білесіз, таза қанды ағылшын аттарымен жабыны жарыстыру мүмкін емес. Артта қалып қойды. Ұлымның сағын сындырғым келмей, қымбат аттар сатып алдым. Қазір Құдайға шүкір, жүлделі орыннан көрініп жүрміз — дейді «Ернұр-Ж» шаруа қожалығының директоры.

Біз келгенде жылқының бойлағы қорада қамаулы тұр екен. Қарасын бір бөлек, торысы мен жиренін бір бөлек етіп бөліп қойыпты. Еркек құнан-дөнендер айғыр болып, жан-жаққа бытырап кетпес үшін әдей қамалған.

Жылқының басқасы өрісте, қазір барып оларды да көреміз. Мыналар бойлақтары ғой. Әдейі қамап отырмыз. Сәуірік болып, айдалаға кетпесін деп — дейді Ернұр есімді үлкен ұлына ат еріттеп беріп жатқан Жанқабыл.

Мемлекеттен берілетін субсидия мәселесі тұрақты жолға қойылмай тұр. Бірде бар, бірде жоқ болып қалады.

Бұрын жылқы басына әжептәуір ақша берілетін. Соңғы кезде тоқырап қалды. Дегенмен мемлекетке алақан жайып отырудан аулақпыз. Жайылымдық жерді 49 жылға жалға алып отырмыз. Өзімізге жететін жер бар, Құдайға шүкір. Осы жылқының арқасында 10-15 адамды жұмыспен қамтып отырмыз. Жабы тұқымы жалпы ет пен сүт бағытында ғой. Енді осының пайдасын көретін уақыт жетті. Экспортқа шығаруды ойлап жүрмін — дейді шаруа қожалығының басшысы.

Жанқабыл Сатпаевтың жылқы жайылымына барған кезімізде нағыз байлықтың куәсі болдық. Жан-жақтан құйылған жылқы, қазақтың байлығын шын танытатын жер осы екен.

Сіздерде мынадай байлық бар екен. Бұл деген адам айтса нанғысыз дәулет қой. Осыны ұқсатып бағып, тұқымға сұрыптап, сапалық сараптама жасап отырғандарыңыз қуантады. Жанқабылдың жабы тұқымды жылқысынан қазақы жылқының нағыз келбетін таныдым — дейді конференцияға Қытайдан келген жылқытанушы ғалым Гымыңгүл Мұқантайқызы.

Айтса айтқандай, қазақ халқының ежелгі жылқы тұқымдарының бірі – жабыны жаңа сапаға көтеріп, елге ұсынып отырған Жанқабылдың шаруа қожалығы жылқымен ғана шектеліп қалмаған. Оның қолында қазақтың тағы бір асылы – ақбас сиыры да бар.

Жылқыдан бөлек 500 бас ақбас сиыр ұстап отырмын. Сиырдың жылқыдан бір артықшылығы – торпағында сатуды бастап кетуге болады. Ал жылқыны болмағанда құнан-дөнен болғанша бағуға тура келеді. Содан кейін ғана сатыла бастайды. Сонда жылқы үшін кемі үш жыл тер төгу керек — дейді жылқышы.

Біз жылқы өрісінен Жанқабылдың сиыр ұстауға дайындап жатқан жаңа қора-жайымен танысуға бет алдық. Бір жолда 250-300 сиырды қамауға арналған үлкен қора болашақта бие сауатын цехқа айналады.

Бұл жер Орал-Атырау күре жолына жақын. Біріншіден сататын малды сонау жайлаудан іздеп жүрмейді, екіншіден – бұл орынды болашақта бие сауатын цех жасаймын ба деген жоспарым бар. Алла амандық берсе, алдағы бірнеше жылда бұл жерде 100 бие сауыла бастайды. Әзірге сиыр ұстауға бекініп отырмын — дейді Жанқабыл Сатпаев.

Жылқы ұстайтындардың бір ерекшелігі әрқайсысында ақыл-кеңесін айтып, бағыт-бағдар беріп отыратын тікелей осы салаға қатысты бір ғалымы бар. Жанқабылдың жылқы шаруашылығы бойынша жетекші-ғалымы – Алтай Зиннуллин. Батыс өңірге танымал жылқы зерттеуші ғалым Жанқабыл Сатпаевтың жылқысының асылдануына, жылқы сапасының жетілуіне барлық мүмкіндігін жасап келеді.

Бұл жоспар ұзақ уақытты алатыны белгілі. Тіпті менің балаларым айналысатын шығар, бірақ менің мақсатым – жабы тұқымы ішінен «Ақжайық» деген түр (тип) шығарсам деймін. Ол үшін ұзақ уақыт кететінін де білемін. Осы бойынша Алтай Зиннуллин ағамен ақылдаспақпын — дейді ірі қара ұстайтын қорасынан қайтқанымызда Жанқабыл.

Қазақтың дарқан даласын емін-еркін жайлап, қазақтың өзіндей қарапайым жабы жылқысын өсіріп отырған Жанқабыл Сатпаевтың ісіне береке тілеп, біз де Оралға қарай бет түзедік.

erzhan-zhaubaiЕржан Жаубай, argymaq.kz

2 comments

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.

error: Content is protected !!