20 жылда жылқы санын үш мыңға жеткізген кәсіпкер

img_5727

Біз мінген көлік Оралдың оңтүстік-батысын бетке алып қозғалған кезде сағат әлі таңғы 6 болған жоқ еді. Алда Ақжайық ауданы, Ақсуат ауылына қарасты жайылымда жатқан қазақтың көшім жылқысы. «Жамбыл» шаруа қожалығына қарасты 1,5 мың жылқы – қазақтың ет-сүт өнімі бағытындағы тұқым. Шаруа қожалығының басшысы – Болат Әткеев. Жол талғамайтын 4-5 көлікпен жолға шықтық.

«Мен жылқы бағумен айналысқалы бері 40 жылға таяу уақыт болды. 21 жасымда әке-шешем қолғанат бол деп жездем Құбайдолланың қолына тапсырды. Содан бері жылқы бағудың қыр-сырын, жайылымды сақтау, 4 мезгілдегі жайылымды бөлу, іреттеу – барлығын меңгердім десем болады. Қазір қолымда, Құдайға шүкір, 1700-ге тарта жылқы бар» – дейді Болат Әткеев Чапаевка кентінде салдырған өзінің «Құлагер» кафесінде таңғы ас ішіп отырып.

Жылқы жайылымына жеткенше әлі 50-60 шақырым дала жолы бар, біз тағы да алға қарай жылжыдық.

Қазақтың кең байтақ даласы көз сүріндірер бұдыр жоқ, шетсіз-шексіз мұхит үстінде келе жатқандайсың. Керіліп жатқан кең дала еркін көсіліп, бостандықтың символындай болған жылқы үшін ғана жаратылған секілді. Маң далада маңып, еркін самғау үшін жылқыға осындай дала керек шығар, бәлкім.

Біздің қатарымызда Қазақстанның бетке ұстар жылқытанушылары – кеше ғана 80 жасын атап өткен Серікбай Рзабаев, «Қазақ тұлпары» ЖШС-нің директоры Нәбиолла Кикебаев, Қытайда қазақ жылқысын зерттеп жүрген ғалым, жылқытанушы, «Тарым» университетінің профессоры Гымыңгүл Мұқантайқызы, Қазақ ұлттық аграрлық университетінің профессоры, жылқытанушы ғалым Қайрат Исхан, ҚР АШМ «Мал шаруашылығы және ветеринария ғылыми инновациялық орталығы» ЖШС Бас директоры Әлжан Шәмшідін, Ақтөбе облысынан «Жансая» ШҚ директоры Әлібек Базарғалиев және Болат Әткеевтің жиені әрі көрші «Ернұр-Ж» шаруа қожалығының директоры Жанқабыл Сатпаев, Жәңгір хан атындағы АТУ доценті Әлия Болатқызы бар.

«Жамбыл» ШҚ-ның қора-жайына жеткен кезде алдымыздан НИВА көлігімен шығып, екі жылқышы қарсы алды. Мен Жанқабыл Сатпаевтың көлігінде едім, ол: «Қазір жылқыны машинамен қарауылдайтын болдық. Жылқышылар үшін осыдан қолайлы көлік болмай тұр. Әрі жер де жазық, машинаның жүргеніне ыңғайлы» – деді.

Жылқылар кәдімгі тарпаң боп кеткен. Машинамен ғана аралауға мүмкіндік бар. Көліктен түсе қалсаңыз жан-жаққа бытырай қашады.

Жоғарыда айтқанымыздай, бұл қоста тек көшім жылқысы ғана өсіріледі.

«Қазір жылқыны сұрыптап, сорттап, элиталық тұқымды шығардық. Тауарлық деңгейде ғана сатып отырмыз. 15-16 адамға жұмыс беріп, отбасын асырауға жәрдеміміз тиіп отыр. Жылқыны өң-түсімен сұрыптадық. Яғни жиренін бір бөлек, құласын, күреңін, торысын, қарасын бір бөлек дегендей. Бұл – жылқының тұқым ретінде дамуына ерекше ықпал жасайды» – дейді осы шаруа қожалығының зоотехнигі Самат.

Біз жылқы отарының ортасына келіп тоқтағанда жан-жақта үйір-үйірімен жүрген жануарлар үдірейісе қарады. Қытайдан келген ғалым шаруашылық басшысына өз тәжірибесін айтып, ой бөлісіп жатты.

«Қазір Қытайда жылқының барлық өнімін пайдалану қолға алынды. Буаз биенің несебінен бастап, құлындағаннан кейін шуының өзін пайдаға асырып жатыр. Сіздерде осынша көп жылқы бола тұрып, оның еті мен сүтін ғана игереді екенсіздер. Тұяғы, терісі, сүйегі мүлде пайдаға аспайды екен. Осыдан-ақ қаншама байлық далаға кетіп жатқанын байқауға болады. Дегенмен, Қытай үшін Қазақстан әрқашан жылқы шаруашылығының отаны болып қала береді» – дейді Гымыңгүл Мұқантайқызы.

«ҚР Ет және сүт өнімі бағытындағы жергілікті жылқы тұқымдарының Республикалық палатасының» құрамындағы бұл шаруа қожалығының ғылыми жетекшісі – Алтай Зейнуллин. Осы салада айтарлықтай еңбек етіп келе жатқан Алтай Зейнуллин батыс өңірдегі жылқы шаруашылығымен айналысатындардың барлығына таныс.

Болат Әткеевтің жылқысы қысы-жазы тебінде, қазіргі кезде биелер құлындап, бойлақтарды бөлу жұмыстары жүріліп жатыр.

«Қазіргі кезде мемлекеттен жылқы өсіргеніміз үшін берілетін ешқандай көмек жоқ. 49 жылға жерді жалға алып, өз шаруашылығымызды дамытып отырмыз. Ғалымдардың айтуына қарағанда көшім жылқысы Семей өңірінен басқа барлық жерде өсіруге болады екен. Қазір көшім тұқымын көкпарға алып жатыр. Бойы биік, осы ұлттық спортымызға бейімдесе тез үйренеді» – дейді Самат.

Иә, ҚР АШМ «Мал шаруашылығы және ветеринария ғылыми инновациялық орталығы» ЖШС Бас директоры Әлжан Шәмшідіннің айтуына қарағанда, соңғы 25 жылдан бері мемлекетен бір тиын субсидия алмай, өз күштерімен дамып келе жатқан сала осы жылқы шаруашылығы екен. Бұл мәселе Оралда өткен қазақ жылқысына қатысты халықаралық конференцияда да қаралды.

«1997 жылы елдің бәрі жаппай жекешелендіруге бет алған сәтте жиенімнің есімімен «Жамбыл» деген шаруа қожалығын құрдық. Құбайдолла жездем екеумізге үкіметтен 1 трактор ғана тиді. Соған қарамастан ата кәсібіміз жылқыдан қол үзбей, 20 жылдың ішінде жылқы басын 3 мыңға жеткіздік. Қазіргі кезде мемлекеттен бір тиын субсидия алмай-ақ жылқы өсіріп отырған шаруашылықтар көп. Құбайдолла жездемнің балалары Жамбыл мен Жанқабылды жеке шығарып, қазір ол екеуі де екі үлкен шаруа қожалығын ұстап отыр. Көшім жылқысы көкпарға келеді, бірақ әзірге өз басым көкпаршыларға бере қойған жоқпын. Тұқым ретінде әлі де жетілдіріп, дамыта түссем деймін» – дейді Болат Әткеев.

Даланы думанға, қазанды етке, сабаны қымызға толтырған қазақтың төл тумасы, қазақтың өз жылқысы көшім жылқысын артқа тастап, біз келесі шаруа қожалығына бет алдық.

erzhan-zhaubaiЕржан Жаубай, argymaq.kz

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Please Do the Math      
 

Можно использовать следующие HTML-теги и атрибуты: <a href="" title=""> <abbr title=""> <acronym title=""> <b> <blockquote cite=""> <cite> <code> <del datetime=""> <em> <i> <q cite=""> <strike> <strong>