Зұлпыхар Тайырбеков. Көкпарды иесіне тісімен алып беретін ат

8854

Оңтүстік  өңірде атағы шыққан қарт көкпаршылардың бірі – Зұлпыхар Тайырбеков. Кеңес одағы тұсында Қазақ көкпар құрамасы сапында өнер көрсетіп, 1982 жылы Ресейдің Краснодар қаласында өткен КСРО чемпионатында жеңімпаз  атанған ақсақал күні кешеге дейін көкпар додасының бел ортасында жүрді. Зұлпыхар қарияның әңгімелерін кезінде өз аузынан да сан рет тыңдадық, баспасөзде жарияланғандарын да құмарта оқыдық. Бүгін қарт көкпаршының сол әңгімелерінің ең қызықты тұстарын оқырмандарымызға ықшамдап ұсындық. Әйгілі көкпаршының баласы  Жұлдызхан Зұлпыхарұлы Тайырбеков көп жыл «Әулиеата» көкпар командасының белді ойыншысы болды. 

— Кеңес одағы кезінде көкпарды сай-сайға тығылып шабатынбыз. Ол заманда көкпардың да, көкпаршылардың да жөні бөлек еді ғой. Дода десе елеңдеп жүреміз. Бірде «Қаратөбеде көкпар бар» дегенді естіп, Түлкібастан жалғыз тартып кеттім. Дәл Л.Брежнев өлген күн. Сонша жерден ат терлетіп келсем, тап-тал түсте көкпар тарап жатыр. Сұрастырып білсем, тойбасы «Брежнев қайтыс болды, көкпарды тоқтатыңдар» депті. Дереу, тойбасыны іздеп тауып «Ау, айналайын, мен сонау Түлкібастан осы сенің көкпарың үшін келдім ғой. Өлсе  Мәскеудегі бір орыс өлді. Қазақтың көкпары өлмесін. Мәскеу қайда, Қаратөбенің мына сайы қайда? Кім  біліп жатыр? Ең болмаса бір-екі тартайық та» деп жата жабыстым. Ақыры келісті. Сөйтіп, енді тарағалы тұрған көкпар қайта басталып кетті. Қара кешке дейін бір рахаттанып шаптық-ау.

Көкпарда шауып жүрiп аяқты да сындырдық, қолды да сындырдық. Екi рет естен танып қалып ауруханада ес жидым. Бiрақ астымдағы атым сүрiнiп кетiп құлағаным болмаса, өздiгiмнен ер үстiнен ауып қалған кезiм жоқ. Жас күнiмде қазақ, қырғыз, өзбектiң мықты көкпаршылары тақымымнан серкенi жұлып алған емес. Қолыма серкенiң сирағы iлiнсе, менiң тақымыма басылатын. Жұрттың мені «Түлкiбастың бiр тартары», «Тақымы құлып» атап кеткенi сондықтан.

Көкпарда бастан кешкен, көзбен көрген оқиға көп қой. Бірде балам Жұлдызхан көкпар ойыны үстінде серкенi тақымына басқан бойда жүйткiп келе жатып, аты кiлт бұрған сәтте ерден ауып түсiп қалды да, айғыры маған қарай тұра шапты. Мен сол атқа қарғып мiндiм де, жерде жатқан серкенi iлiп алып қазандыққа салып қайттым. Бұл расында таңданыс тудыратын жағдай едi. Сол сәтте аттың ақылдылығы мен жасым жетпiске жақындап қалған маған көрсеткен жиналғандардың қошеметi ерекше болды. Бұдан бөлек, көкпар аттарының iшiнде Төлен замандасымның сары қасқа атына ризамын. Жануардың ақылдылығы соншалық, кез келген мықты көкпаршының тақымындағы серкенi тiстеп тұрып тартқанда жұлып алатын да, иесiне беретiн.

Серке тістейді демекші, ертеде Пухан көкпаршының да адамнан зият есті аты болды. Айтсам, қазіргі жастар ертегідей көреді. Осы Төлеби ауданында өткен көкпар-ау деймін. Пухан, Қалмахан, Сайрамбай бар, төртеуміз бір-бірімізге серкені ілдіртпей тұрмыз. Серкенің өзі бір шұңқырлау жерде, іліп алуға өте ыңғайсыз жатыр. Оның үстіне Сайрамбай  серкеге еңкейсе, мен барып соғып жіберем, Қалмахан ұмтылса Пухан барып қағып жібереді. Несін айтасың, жарты сағаттан астам уақыт жан алып, жан беріскендей жанталастық. Өзіміз де, мінген аттарымыз да қара терге баттық. Бір кезде Пухан шамырқанып өзінің қаракөгін дырау қамшымен осып-осып жіберіп тағы да тұра ұмтылған. Сол кезде қаракөктің де ашуы қайнап кетті-ау деймін, кеуделеген қалпы  серкенің үстіне тұра қалды. Сөйтіп,  Пухан еңкейе бергенде шұңққырда жатқан серкені қарш еткізе тістеп көтеріп, иесінің қолына іліктіріп жібергені. Жалма-жан серкені тақымына тарс басқан Пухан  көкпаршы мәреге қарай тұра шапты. Қаракөктің адам сияқты естілігіне таң қалып, риза болған біздер оның соңынан жанаса шапқанымызбен, серкеге таласуға дәтіміз бармай қалды…

tolegen-zhakitai1Төлеген ЖӘКІТАЙ, Ұлттық спорт

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.

error: Content is protected !!